Қарлығаш ұя салған білім ордасына 1 жыл
2022 жыл – қазақша жыл санауы бойынша Барыс жылы. Мемлекет басшысы Барыс жылын «Балалар жылы» деп жариялады. Президент «Өскелең ұрпақтың дамуы мен бақытты балалық шақ – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп атап өтті.
Болмысы Барыс бейнелі қазақтың келешегіне тұтқа болатын бүгінгі ұрпақтың білімді, парасатты болып өсуін мақсат тұтқан осы айтулы жыл — біз үшін ерекше жыл болды. Қазақтың бас қаласы – Алматыда заман талабына сай келетін, көрсе көз тоятын керемет ғимараттар – мектептер салынды. Солардың бірі Алатау ауданы, Ботакөз-2 ықшамауданында бой көтерді. Мектеп шатырын жауып жатқанда, құрылысшылар керемет көріністің куәсі болды. Мектеп босағасына қос қарлығаш ұя салған екен. Дана халқымыз қарлығашты мейірім мен берекенің символы деп санайтыны ертеден белгілі. Тынбай ұшып, балапандарына күніне 300 рет тамақ таситын, басқа құстар сияқты бұтаққа қонып отыруға уақыты жоқ еңбекқор құстың ішетін суының өзін ұшып бара жатып, тұмсығымен іліп алып ішетін қасиеті ғылымда дәлелденген. Атақты Төле биді «Қарлығаш әулие» атандырған киелі құстың ұясын бұзбай, балапан ашып, балапанының қанаты қатайып ұшып кеткенше күткен құрылысшылар осы көріністі жақсы ырымға балап, мектептің ерекше білім ордасы болатынына сенім артқандай.
Қос қарлығаш балапандарын баптап, қанатын қатайтып, жылы мекенге ұшып кеткен соң, №209 мектеп-гимназия өз шәкірттеріне айқара есік ашты. 2022 жылдың 25 қараша күні сыңғырлаған қоңырау үні бірінші сабақтың басталғанын білдірді. Мектептің ашылу тарихының алғашқы бетін ашқан күн–жаңадан ашылған білім ордасына шәкірт болып қабылданған әрбір бала үшін ерекше қуанышты күн, ұл-қызының жаңа мектеп қабырғасында білім алатынына қуанған ата-ана үшін ерекше тебіреніске толы күн, жаңа мектепке мұғалім болып қабылданған мұғалімдер үшін әр шәкірттің жанын білім нәрімен нұрландыруына жасаған алғашқы қадамның салмағын сезінген күн болды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы»-деген екен. Ендеше, қарлығыш ұя салған білім ордасында жұмыс жасайтын мұғалім жаңа технологияны жетік меңгерген ізденімпаз, қарлығаш құстай тынымсыз еңбек иесі, алдына келген әрбір шәкірттің жүрегіне ізгіліктің нұрын себетін мейірімнің үлгісі болғаны абзал. Ұрпағынан даналық күтетін халық ұстазынан даналықты талап етеді.
Ұрпағымен көтерілер шоқтығы,
Қазағымның қам ойламас жоқ күні.
Ортадағы Ұстаз – бейне бағбан,
Қаумалаған шәкірттері шоқ гүлі.
Көкірегінде жоқ көлеңке, күйесі,
Баланың да болады өз киесі.
Осылар ғой ертеңімнің егесі,
Елдің, жердің, тілдің, ділдің иесі.
Олай болса, ойлан, Ұстаз, көші ұлық,
Көпшілікпен іс қылайық қосылып.
Дәріскері дана болмаған халықтың,
Шәкірттері кемел болмас. Осыны ұқ!
Мектеп босағасынан аттаған әрбір баланы қанатымен су сепкен қарлығаштай бауырына басып, білім нәрімен сусындатып, мейіріммен мәпелеп, жаңа ортаны жатсынбай, тез үйреніп кетуіне жағдай жасап, мектеп ұжымы бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай еңбек етіп келеді. Шынында, мектепте өткен уақыт — адам өміріндегі шаттыққа толы кездер. Шығармашылық ізденіске толы күндердің жемісі — шәкірттерімізді баптап бейгеге қосқанымыз, ұстаздарды аламанға қосып, жүлделі орындарға ие болған қуаныштарымыз. Үміттеріміз бен сенімдерімізді үкілеп, армандар мен мақсаттар жетегінде жүріп, №209 мектеп-гимназия бірінші оқу жылын абыроймен аяқтады.
Алматы қаласы Алатау ауданы 209 мектеп-гимназиясы
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары
Сарсенбекова Жанар Абытқызы
ПІКІРЛЕР21