Серік ҚИРАБАЕВ, ҚР ҰҒА академигі. АУЗЫНА ҚҰДАЙ СӨЗ САЛҒАН АҚЫН
29.04.2026
48
0

ХХ ғасырдың 70-жылдары ақындық өнерін бастап, бүгінге дейін белсенді еңбегімен көрініп келе жатқан қаламгерлердің бірі – Шөмішбай Сариев.

Ақындық деген – Тәңірдің талантқа берген сыйы. Ақынның әрбір үні, ақындық сыры биік пафос арқылы төгіліп, елеусіз қалмай, шын оқырманын жалт қарататын күйде танылуы керек. Ал пафосты ақындық мінез тудырады. Пафос биігіне көтеріліп алған ақын дүниеге өзгеше көзбен қарап, оны өзінше тануға тырысады, өзгеше көреді. Ақын сыры, ақын жұмбағы дегендердің бәрі осыдан туындайды. Пафоссыз жыр жоқ. Онсыз ақын сөзі қарапайым ұйқас құрастыру болып шығады. Абай жасаған «Қыранша қарап қырымға, Мұң мен зарды қолға алар, Кектеніп надан зұлымға, Шиыршық атар, толғанар» дейтін ақын бейнесі, сірә, таланттың осындай бір шабытты тұсында туған болуы керек.


Шөмішбай ақынның ең таңдаулы туындылары осы пафос биігінде отырған тұсында туғаны даусыз. Оның ақындық туралы ойлары – кең, шабытты шағындағы көңіл күйі – дарқан, қиялы – үлкен. Ол «Найзағайға темекісін тұтатып», «Көкірегіне бұлт жинап нөсерлетуді» ұнатады. «Қолын күнге созып», «жер қойны тамырынан мықтап ұстайды». Сөйтіп, өзін «дауыл соқса да елемей, тасып жатса толқын жырың телегей, ұлы мұхит қақ жарылып жол беріп, келе жатсаң алып атом кемедей» сезінеді.
«Бақ сыйлап маған Құдай бір, Олай да шаптым, былай бір. Мінгенім менің асау ой, Сымбатты сұлу – Құлаайғыр!» – дейді ақын. Құлаайғыр – асау ойдың, ақынның биік арманының, жүйрік қиялының бейнесі. Кең далада еркін көсілген асау айғыр арқылы ол өмірінің қызықты шақтарын, көңілін қиял көтерген тұсты, ұмытылмайтын балалығын еске алады.
Шөмішбай жырлаған өмірдің негізі – жарқын, нұрлы, сәнді. Ақын прогресшіл тенденцияны танытатын эстетикалық идеалға сүйенеді. Оның өмірге қызығуы, оған сүйсіне қарайтыны сондықтан. Өмірге деген махаббаты болмаса, ол жаза да алмас еді. Идеалдың бұлдыр, белгісіз болмай, анық болуы ақынның өмір сүрген заманымен, өз халқының бақыт жолындағы ізденістерімен байланысты. Оның қазақ даласы табиғаты мен өмірі шындығының қат-қабат сырларынан танылуы да орынды. Ол жасаған көркем образдар да – жарқын. Көңілі ашық, сәулеге, жарыққа құмар ақынның өмірдің бәйгесінен қалмай, ылғи да жүлделі орын иемденіп жүретінін де біз білеміз.
«Әр күнім менің – мүшәйра» дейді ол. Мүшәйра – жүйрік ақын көңілін уақытпен жарыстырған бәйге. Додалы топта намыс қоздырып, қиял көтеріп, арпалысқа салған ақынның еңбекшіл кейпін танисың одан.
Шөмішбайдың пайымдауынша, дүние­дегі ең жүйрік – өмірдің өзі. «Өмір деген өзі алып өз бәйгесін, Адамның ғұмырынан алға озады» дейді ол. Сонда да «терең иірім тіршілік бәйгесінен» үміт үзбейді («Өмір-жүйрік»). Өйткені ақын жүрегінің оты ешқашан сөнбек емес («От жанып жатыр»), жүрегі алып-ұшып, тыныштық таппайды («Жүрегіме сыр»). «Бара жатсың кеудемді бұзып-жарып, жүрегім-ау, мен сені қайда тығам?» деп қиналады. Ол «кеудеге сыймай, байыз таппай, асыққан» жүрекке: «арманыма жеткізбей құртамысың?!» деген қауіп те айтады. Мұның бәрі қиялы жүйрік, шабытты ақын сыры екені мәлім. Мағжан ақынның жүрегімен тілдесетін өлеңдерін еске түсіреді. Бірақ Шөмішбай өлеңі көшірме емес, өз сезімінің көрінісі, өз қайғысы мен көңіл күйін бейнелейді. Оны біз «Зулайды күндер», «Не нәрсе жұмбақ емес дүниеде?», «Миым менің», т.б. өлеңдерден де көреміз. Соңғы өлеңінде Шөмішбай қиялын алысқа жетелеп, мәңгілік қозғалыста жүретін миы туралы сөз қозғап, сол арқылы бүкіл дүние тіршілігін тану жолын суреттейді. «Ғасырлар қабат сыйған бұл басымда», «Күллі әлем бір басыма сыйып жатыр», «Миымда дариялар жатыр ағып», «Киіктер заулап аққан ылдиында», «Қиялым жетелейді көзді алысқа», «Миымда найзағайлар жарқыл қағып» сияқты тармақтар мен образдар ақын ойының кеңдігін танытқандай.
«Мен халқымыздың жүрегімен жырладым» дейді Шөмішбай. Ол жұмбақ әлемді қазақтың жанарымен танып, оның қуанышын өзінің бақыты санайды. Мұңымен маңызды. Қазақтың жанымен жыр жазып, арымен сөз алады. Қазақтың тауларымен тең тұрып, даласындай көсіледі, «тұнып тұрған көз-бұлақтай мөлдіреп», «өзен-дария ағысымен бірге ағады». Бабалар рухына табынады, Тәңірмен тілдеседі («Бабаларға табыну»), «Еркіме қояр емес өлең деген, Ағызып бара жатыр өзен мені», «Толқиды алай-дүлей толқын өмір, тіршілік теңізінің арнасында», «Өмірдің теңізіне сапар шегіп, өлеңнің толқындары, сені іздедім» – бәрі де бабалар аруағына сиынған ақынның арманы мен сезімі сияқты әсер қалдырады.
«Көңілім әлі жүйрік» депті Шөмішбай соңғы бір өлеңінде. Бұл оның әлі де жарыстарға қосылуға дайын тұлпар бейнесін сақтағанын көрсетеді. Айдай нұрлы, күншуақ көңілімен ол өмірдің әр сәтін қабылдауға дайындығын білдіреді. Жалпы, ақындарға тән мақтану сезімі болады. Ол Шөмішбайда да бар. Бірақ ол – мақтаншақтық емес, «ақындық мақтан» сезімі, ақынның өз менін танытуы. Ақынның пафос биігінде тұрып бүкіл дүниені құшағына алып, әлемге ие санауға құштарлығы, сол арқылы жаңа танымға көтерілуі. Оны түсіну ақынның жан жұмбағын «шешіп», жан сырын ұғынуға, ақын табиғаты мен талантының ерекшеліктерін сараптауға әкеледі.
Шөмішбай өлеңдері негізінен, адам туралы, оның ісі, еңбегі, ойы мен сезімі жайында. Ол адамды ұлы санайды, тоқтамайтын өмірдің мәңгілік иесі деп таниды. Ақын адам тағдырын пафосты патетикалық жырлармен де, қарапайым қазақы жұпыны тілмен де ашып суреттейді. «Адамнан адамның артығы жоқ»… Осы бір қарапа­йым ұғым философиялық ойға, сырға толы. Өлең мазмұны адамнан адам артық емес, тек «отсыз шоқтың жарқылы көбейіп, «жанының жылуынан салқыны» артып, «дариядай көңілі тасқандар» молайып, оларды сырт көзге дабырайтып көрсету көп. Ал шындығында, солардың бәрінің тағдыры бір сәтте өліммен аяқталады. Ақын ойын: «Адамнан адамның биігі жоқ, жатады адам біткен бір табытта» деген түйінге тірейді. Адамды жырлау – ақын үшін жалпы өмірді танудың жолы.
Адамды тану, онымен сыйласу – адамдықтың басты парызы. Өмір-керуеннің жолында арақатынасын «бұзып алып, қайта жөндеп», «жүктері ауып қалған» «атан-нарларын қайта теңдеп, артып» жүрген («Керуен сарай») адам – сол өмірдің иесі де. «Ажалды адам жеңбейді» өлеңінде ақын жалпы ажалдың жеңбейтін адамы болмайтынын ескере отырып, тек ұрпағы бар жандар мәңгі жасайтынын айтады. Ұрпақ жалғастығы – өлмейтін өмірдің белгісі. Тамырсыз әулет өспесе, бәйтерек дәнсіз өнбейді. Соғыста қаза тапқан батырларды да ол мәңгі өлмейтіндер қатарына қосады. Өйткені олардың ерлігі – мәңгілік. Олар – өз өмірін ұрпақ болашағына үзіп бергендер.
«Қиядан ажал күткен қырандардай,
Шыңынан адалдықтың самғап өлді.
Мәңгілік алынбайтын ұрандардай,
Бүгін мен болашақты жалғап өлді.
Ажалға қарсы барды, саспады да.
Елі үшін өлу деген ғұрып бар-ды. Бірақ олар елінің аспанында
Жұлдызы боп мәңгілік тұрып қалды.
Азаматқа елінің сенгені сын, Сол сенім жауды күл ғып жеңгені шын. Батыр олар – өлімнен қашып жүрмей, Ажалды қуып жүріп өлгені үшін»
(«Соғыста қаза тапқан батырлар туралы ой»)
Адам өмірін ауырлатып тұрған дүниенің арпалысы да ақын ойын бөлмей тұрмайды. Ол екі жақты тіршілік тартысын жақсылық пен жамандықтың, зұлымдық пен мейі­рімнің күресіне ұластырып, нақты суретке айналдырады. «Жақсылыққа бері тартқан», «жамандыққа кері тартқан» күштерді «бір тағдырдың беліне артқан қос шоқпары» күйінде бейнелеп, оның шешімін адамның өзіне қалдырады. Өмірдің бітіспес тартысын бір күштің пайдасына шешуге де тырыспайды, тек:
«Зұлымдық пен мейірім жеңісе алмас,
Жұмыр жер бара жатыр шыр айналып… …от тиген етігіне Анадайын, Жұмыр жер бара жатыр жан ұшырып», –
деген жолдармен әлемді мазасыздандырып отырған шындықтың төркініне меңзеу жасайды. «Жұмыр жердің шырқ айналуы», оның етегіне от тиген ана сияқты жанұшыруы бүгінгі екіге жіктелген дүние­нің сырын айғақтайды. Етегіне от тиген адамның ана болуы – ұрпақ тағдыры, оның қайғыға толы өміріне, алдымен, мазасызданатын адам – ана екенін аңдатады.
Шөмішбайдың «Үй», «Төр» деген өлеңдері адамның жылы мекенінің әдемі образын жасауға арналған. Адам туғаннан-ақ өзіне ұя іздейді, ошағына үйренеді. Отан да сол ошақтан басталады. Сапарың да үйден басталып, қайтып оралумен аяқталады. Ал өзіне лайық төрді адам өзі жасайды. Есік пен төрдің арасы – сол адамның өмірлік жолы. Адам төрге жетуді армандағанмен, төр кім көрінгенге бұйыра бермейді. «Өзің лайық бола алсаң, төр лайық, төрге лайық бола алсаң, шық төріме» дейді ақын. Төрге отыру адамдықтың, сый-құрметке ие болудың белгісіндей елестейді.
Адам көңілінің күрделілігін, бұралаң-қалтарыстарын Шөмішбай «Көңіл көшесі» өлеңінде әдемі аша білген. Ол адам көңілін көшеге теңейді. Кәдімгі өзі күнде жүріп өтетін көше. Екі қанаты – самсаған гүл. Ойларының бұтағы толы құс. Қиял кезіп жүрген кездесулер мен қоштасулар. Көңілдің бағдаршамы жол сілтеп, көңіл көшесінде зулап аққан машиналар. Осы тіршілік ортасында ой баққан, сыр аңдыған ақын жер үстіндегідей ала көңіл қалпында көрінеді.
Шөмішбайда бұл айтылғандардан басқа да жақсы өлеңдер көп. Олар оның ақындық сырын да, адамдық, кісілік бейнесін де таныта алады. Оның жаны жомарт («Менің жаным»), мейірімі мол («Мейірім»).
«Ақын – өз жерінің азаматы» деген ұғымға қарай ауыссақ, Шөмішбай жырының азаматтық өресін тану қиын емес. Одан біз сыршыл, лирик ақынның жері, Отаны, тәуел­сіз елі, халқы мен оның өткен жолы жайлы ойларымен, сезім сәттерімен ұшырасамыз. Бәрі де ақын көңілін аударады, бәрі де ойландырады. Қазақ халқының өткен өмірін Шөмішбай «Көш» бейнесінде алып, түркі тегін, Күлтегін – Білге қаған жолын еске түсіріп, Қорқыт ата қобызымен, Асан қайғы зарымен, Махамбеттің жырымен, Абайдың әнімен жалғасып өткен көш керуенін суреттейді. Солардан есін жинап, тәуелсіздік туын көтерген бүгінгі еліне құтты болсын айтады. «Жүректі жаралап өткен» ұзақ жолдың бейнетінен құтқарған тәуелсіздігін кейінгі ұрпағына аманат етіп тапсырады.
Тәуелсіздік тақырыбына Шөмішбай бірнеше рет оралып, «Тәуелсіздік», «Тәуелсіз ел – қазағым», «Толғау», «Ұлы жол», «Бұл Ақмола», «Есіл», «Тәуелсіздік монументі», «Тәуелсіздік сапары» т.б. өлеңдер жазған. Тәуелсіз ел бейнесін жаңарта, толықтыра ашуға ұмтылады. Жаңа образдар қолданады. Есілді еске алғанда «Су жағалап сан көшкен елдің» Есіл үшін жан қиған тарихына тоқтап: «Өзен емес, ағып жатқан тарих қой» дейді, есіл ерлердің атын сақтаған өзеннің қасиетіне бас иеді, астаналық ұлы өзенмен кездесу ғасырлармен сырласқандай әсер қалдырады.
Таудың ақ бас шыңдарының биіктеуі, ұлы даланың тынысы кеңіп, көсіле түсуі – тәуелсіздіктің образдары емес пе? Алматыда орнатылған Тәуелсіздік монументін ашу кезінде жазған өлеңінде ақын ескерткішті Алатаудың мойнына әкеп ілген азаттықтың бойтұмары ретінде таниды. Одан әрі «қорамсаққа қолды салсаң, үш жебе, қазағымның тұтастығын қорғайтын», «Алтын адам – ата-бабам көзі бұл, қанаттанып жауға шапқан барыстай», «мен сияқты Алатауым толғанып, ескерткішке тебіреніп тұр қарап», «тауым, далам, теңізім де толғатып, бар өнерін болашаққа жолдатып», «Ғасырлардың көзі келіп түйісті, ескерткіштің құдіреті осында» деген жолдар Тәуелсіздік монументінің бейнесін аша түсіп, образ есебінде толықтыратыны сөзсіз. Ақынның «Тәуелсіздік ескерткішке ант етем, мен – қазақпын, мен азатпын мәңгілік», «Тәуелсіздік монументі алдында қазақ болып туғаныма мақтанам» деген жүрек сөзі шын сендіреді және оның көңіл күйімен әркім-ақ бөліседі. Ақын жырлары Ұлттық рухты көтеріп, елге, жерге деген перзенттік сезімді паш етеді.
Тәуелсіз мемлекеттің бір белгісі ретінде Шөмішбай Кенесары ескерткішіне ерекше мән береді. Оны «Кенесары хан бүгін ат үстінде» деп атапты. Әлдеқашан атынан түскен, аты да аталмай қалған қазақ ханының қайтып оралуы және де Астанаға, Есілдің жағасына орнығуы – қазақ тарихында символдық мәні бар оқиға. Кеше ол орыс отаршылдарымен осы қала, осы өзен бойы үшін күрескен еді. Коммунистік идеология оның есімін ұлтшылдық деген ұғыммен теңестіріп, атын атағандарды қуғындап, соттап, жер аударып жібергені де белгілі. Енді Астананың төріне, Есілдің жағасына ескерткіш боп келген Кенесарыны ақын тұғырына қайта қонған қыранға ұқсата жырлаған. Есіл – тоқтаусыз ағып, өңірді жаңартып, өзгертіп жатқан өмір-өзен. Сол ағын бұрынғы ұғымды ағызып алып кетіп, дүниені қайта орнына қойды. Кенені де алып келді. Астананың заңғар биік үйлері тік тұрып ханын қарсы алғандай сезінеді. Сөйтіп хан халқымен қайта табысады. Бұған ақын «ел болғанның белгісі» ретінде қарайды.
Қазақ, қазақ мінезі, қазақ психологиясы – Шөмішбайдың ел, жер, Отансүйгіштік сезімінің жарқын бір белгісі. Ол қазақтығына, қазақ боп туғанына мақтанады. «Қазақ боп өлсем» деп армандайды. Кең көсілген дала, оның төсінде ойнаған ат, үстіндегі атқұмар қазақ – бәрі де ақын сезімінде ойнайды, оны еліктіреді, қанаттандырады.
«Оянар намыстың да қалғығаны,
Даланың шапқан ат-ау бар құмары.
Кең дүние ығысып кейін қалып,
Арманның алға асыққан арғымағы».
«Дала тұлпарын» ақын осылай суреттейді. Мұнда «Қалғыған қазақтың намысын оятып, кең дүниені бауырында дөңгелеткен» ат шабысының суреті, «Арғымақ бауырында дауыл есіп, құйын борағаны» дала табиғатының бөлінбес бір бөлігіндей сезіледі.
«Қазақтың қанаты ұшқыр қиялымен,
Өз даласын сақтаған зиялы кең. Білек күші, найзаның ұшыменен, Тұлпарлардың дүбірлі тұяғымен».
Қазақтың жерін қорғаған үш күштің (білектің күші, найзаның ұшы, тұлпардың тұяғы) бірі есебінде тұлпарларды қадірлейтінін, сүйетінін Шөмішбай «Атбегі» өлеңінде де осылай еске алады. Тұлпарлардай жүйрік деп онымен өлеңін ғана тең қояды. «Мен де осы сәйгүлігім жырды баптап, өлеңде өмір сүрген атбегімін», – дейді. Бірімен-бірі байланысып жатқан ақындық пен атбегілік өнердің ұқсас жақтары образды нақтылай түседі.
Қазақ мінезінің үлкен бір ұнамды қырын ақын «Туған жерге тұрақты» өлеңінде ашып көрсеткен. Дүниеде тұрақты ешнәрсе жоқ, көкте бұлт жөңкіледі, жел де мәңгі сапарда. Құстар ұясын тастап ұшады. Тұрақты тау мен туған жерге егілген тал ғана. Осы екеу­і­­не ұқсаған қазақ – тұрақты. «Туған жерге кіндік жіппен байланған». Ақын өміріндегі тұрақсыз, тұрақты құбылыстарды суреттей салыстырып келіп, өлеңін осылай аяқтайды. Қазақ философиясының «ит тойған жеріне, ер туған жеріне» мақалының мәнін нақты сурет арқылы ашады.
Үлкен бір патриоттық сезімге толы өлең «Мендей сүйсе» деп аталады. Ол – туған жерге деген ынтықтыққа талас. «Кім елін, Отанын мендей сүйеді» деген оймен өзін басқалармен салыстыруға құрылған туындыда ақын ойы биіктеп кетеді. Ол Қазақты сүйетіндер одағының тең төрағасы болуға, «қазақты сүйетіндер сенатына» қатысуға, қазақты сүйетіндер «партиясы» құрылса, оған да кіруге дайындығын білдіреді. Қазақты сүйетіндерге бәйге жарияланса, онда да «Президентпен тең тұруға» тырысады. Өлеңнің негізгі идеясы да, мазмұны да өлең атынан өрбіп, патриот қазақтың ішкі сырын ақтара ашады. Мәселе «Білмеймін, бар ма, жоқ па, бұл өмірде, қазақты сүйген шексіз мендей адам?!» деген таласта кімнің жеңуінде емес, ақынның «тауларым биіктер еді, дала кеңіп, әр қазақ мендей сүйсе өз қазағын» деген түйінді ойында жатыр. Ақын қазақ өзін-өзі сыйласа, өзін-өзі сүйіп, өз абыройын өзі ойласа, оның тауларын биіктетіп, даласын кеңейтуге әлі де мүмкіндігі молын еске сала жырлайды. Қазақтың ойланар мәселесі әлі де көп. Осыған меңзейді.
Шөмішбайдың туған жер, Отан туралы өлеңінің біразы өзі туған Арал теңізі тағдырымен байланысты. Ол туған жер туралы сөз қозғаса-ақ Аралын есіне түсіріп, оның кейінгі жағдайына өкініш білдіреді. Арал – оның арманы, мұңы, қайғысы, сағынышы. «Атамекен Аралым» өлеңінде онымен кездесуін өткен күндерді еске алумен өрбітеді. «Жер-ананың көгілдір жанарындай» Аралдың қуаныш, қайғысына ортақтығын білдіреді. «Тағдыр деген кемемді тербеп өзің, күйді құйдың кеудеме шолпылдаған» деген жолдар Аралдың ақын тағдырына ортақтығын бейнелейді. «Дем алсаң, дем аласың дауылыңмен, күрсінсең, күрсінесің ауыр үнмен» дегенде де теңіз мінезі, қайғысы сезіледі. Арал толқындары «ақ бантикті ерке қызға», көгіндегі үзік-үзік ақша бұлттарды «әжем түткен ақ бота түбітіне теңеу» де әдемі. Сол ақша бұлт, ақ желкен бүгін алыс арманға айналғаны – өлеңнің негізгі ойы. «Аралымның ақ шағала айдыны», «Аралымның ақ шағыл құм жағасы» дегенді ол жиі айтады. Оны балалық ыстық шағының желкеніндей көреді.
«Ақынның теңізбен қоштасуы» – тым әсерлі жазылған өлең. Оның «Қош бол, теңіз, қош, анам» деген сөзінде анасынан айрылған бала күйі аңғарылады. Көзінен жасы мөлтілдеп, ол теңіздің қайғысына бөленеді. Оның шағала күндерін еске алып, өз арманына жете алмағанына күйінеді. «Өзіңде жүрген кемеге айналсам деп ем, арман не?», «Көгіңнен жүзген ақ бұлтқа айналсам деп ем, арман не?» деген жолдарда сол арманның сағымға айналғаны бейнеленеді. «Көз жасымды көл етсем», «Жұдырықтай жүректің қанын құйсам», теңіз толар ма деп күйінеді.
Аралды айтқанда, ақын теңізден соққан жел лебін жиі еске алады. Оны «Теңіз демі» деп атайды. Жаныңды жібекпен желпігендей әсер қалдыратын, қозғалысы жапырақтың желбіреуіне ұқсаған, патша көңілді көтеріп, жаныңды жайлап сипау – бәрі теңіз демінің күші. Теңіз лебі ақын өлеңіне ауысып елді жырмен тербейді, жан толқыны оянса да, жырын уыстап шашса да, теңіз демін есіне алып, теңізден соққан желді қоса жырлайды.
Шөмішбай – қазақ табиғатының тамаша жыршысы. Оның өлеңдерінде табиғат пен оның құбылыстары ойлы әрі жанды қалпында суреттеліп, ақын мен оның тікелей тілдесуі, сырласуы күйінде көрінеді.
«Кестеленіп өрілген өрнегің боп,
Бауларың көп, табиғат, шөлдерің көп. Арманың көп, табиғат, іңкәрің көп, Сұңқарың көп, табиғат, тұлпарың көп. Асу-асу армандай белдерің көп. Кестелене өрілген өрнегің көп. Сол көптің ортасына, о, табиғат, Мен еркіммен өмірге келгенім жоқ», –
дейді ақын табиғатқа тіл қатып. Оны табиғат – Тәңір анасы «өмірдің шертілмеген күйін шерту» үшін, «табиғат жұмбағын шешу» үшін туады. Ол табиғат-анасынан өзіне лайық орын талап етіп (босағадан емес, төрден), талантына қуат берер көлін, биік тауын, сезімін тасытар селін сұрайды. «Тексіз етпе, табиғат, тегімді бер, аздық етпе, табиғат, көбіңді бер, өршілдік бер, табиғат, сенімді бер» дейді. Сөйтіп, өлең табиғаттан рухтанған ақын сырына айналады. Ол жыр нөсерімен суарып, табиғат көркін көркейтуге ұмтылады. Табиғатты анасы санаған ақынның оның сезіміне ортақтасар жайлары да көп.
Табиғатты Шөмішбай әр күйде көреді. Негізінен, оның әсем, көрікті жағдайларынан жылы әсерленген ақынның өмірдің қайғылы сәттерін еске алғанда («Жер-ана») әдемі көріністің ар жағында жатқан трагедия іздерін танитыны бар. Жұмбағы көп табиғат­тың көрер көзге қызғалдағын ұсынуына, қайғының ізін жуып бұлақ ағызғанына күдікпен қарайды. Қызғалдақты боздақтардың қаны ма деп қалса, бұлақ суынан адамның көз жасын көреді. «Мен аунап жатқан мынау жасыл белдер бабалар денесі ме деп қаламын» дейтіні де бар. Мұның бәрі – табиғат әсемдігіне тамсана бермей, оның бойындағы күрделі шындықты да көре, сол жайлы ойлана білетінін байқатады.
Табиғат деген – өмір, өмірдің символы. Дүниені оятып таң атқанын ақын Отанының тәуелсіздігімен байланыстырады. «Аспан ауып, ай ығысып, жұлдыздардың сөнгені, шыққан күннің сәулелері шаңырақты аралап жүргені, құстардың таңнан тұрып сөйлеуі», «Құстармен бірге сөйлеп», таңмен бірге өлең жазып отырған ақын сезімі – сол жаңа өмірдің белгілерін («Дүниені оятып таңым тұрды») елестетеді. Соған жалғас тағы бір өлеңде («Ояну») осы көрініс толығып, ақын сезімін ұлғайта түседі. Ол таңнан тұрып суретші табиғаттың дүниені сұлу ғып бояғанын», «Алатаудың терезе қағып» қонақ боп төрге озғанын, үйінің сәулеге шомылғанын көреді.
Бір әдемі өлең – «Бұл ойын». Оның мазмұны өздері бала боп бірге өскен екі жастың алғашқы кездесуі болса, түйіні – «бұл ойыннан үркіп қашты балалық» деген тармақ. Әрі тапқыр, әрі қысқа.
Жалпы, махаббат жайлы ақын ойлары «Өмір – сенің қызығың», «Сені іздедім көктемнен», «Қия шыңға тартты бастап жол енді», «Махаббат теоремасы», «Мендегі бір махаббат», т.б. өлеңдерге арқау болған. Оларда өмірдің таусылмайтын қызығы, жан байлығы махаббатта екені, ұнатқан қызына өлеңін оқып өзін бақытты сезінгені, махаббатты Тәңір сыйы деп түсіну туралы ойлары мол. Махаббатты ақын жердің тартылыс күшіне теңейді. Егер ондай тартылыс болмаса, космоста жүрген салмақтың жеңілдеп кететінін еске алады. Кейбір өлеңдер лирикалық үлгіде сарылып махаббатын іздеген сезім сырын жария етеді. Ол келген көктемнен сүйгенін күтеді, құстар ұшып келеді – ол жоқ, бақтар гүлдейді – ол жоқ. Әлі соны күтумен жүрген адамның сағыныш сезімі өлеңде әсерлі шыққан. Осының бәрі, түптеп келгенде, әсемдікті сүю, сағыну екені белгілі.
Әрине, бұл айтылғандар 40 жылдай жазған ақынның еңбектерін түгел қамтымайды. Оның шығармашылығы тақырыптық жағынан да, мазмұны мен көркемдік формалық ізденістері жағынан да бай, диапозоны кең. Шөмішбайдың Берлин, Украина, Рим, Кавказ сапарлары тұсында жазған өлеңдері ақын әсерлерінің молдығымен бірге, тарих сабағы жайлы ойларға жетелейді, бейтаныс өмірді ақын көзімен танып, образ арқылы бейнелеудің тың ізденістерін көрсетеді. Берлин қаласын аралап, Рейхстагта болғанда ол соғыс туралы ойлайды. Өз ұғымын көргендерімен салыстырады. Олар «Бір адамнан құдай жасау­дың халық қасіретіне айналуының» сырын ұғынуға көмектеседі. Украинада да ол соғыс ізін көріп, онда соғысқан қазақ жауынгерлері жүрген жерлерді көреді. Бірнеше жақсы өлеңнен құралған топтамада тарих та, сурет те, ой да бар. Кавказ жырларында Лермонтов жүрген жерлер мен жауынды күннің суреті тұтасып, ақындар сезімін қозғаған армандай елес береді.
Сол күндері Эльбруста Балқар ақыны Қайсын Күлиевтің қайтыс болғанын естіген Шөмішбайдың: «Мұнартып мұңды төңірек,
Ала алмай тыныс кеңірек, Еңсесін басып қара бұлт Қарт Кавказ тұрды еңіреп», –
дегені де әдемі, нанымды шыққан. Өлең жауынды күндерді бастан кешкен Кавказ табиғатын тұтас танытады.
Шөмішбайдың ақындық ізденістерінде тағы бір қызықты тақырып бар. Ол – «Ағалар айтқан асыл сөз» топтамасы. Бұл өлеңдерде ақын өзіне ұстаз болған атақты ағаларының әзіл-қалжыңын, тапқыр сөздерін, кейбір мінез ерекшеліктерін еске алып, өлең тіліне көшіреді. Оларды кейінгі оқырмандарға ғибрат ретінде ұсынады. Бұл өлеңдердің кейіп­керлері – М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, А.Жұбанов, Б.Момышұлы, Қ.Аманжолов, І.Омаров, Х.Ерғалиев, Ә.Сәрсенбаев, Н.Тілендиев, Ғ.Қайырбеков, т.б. Мысалы, «Ілияс Омаров және операция» атты өлеңде Мұхтар Әуезов Мәскеуде ота үстінде қайтыс болғаннан
кейін Ілияс Омаровтың тағы да сол мақсатпен Мәскеуге барғанын әңгімелейді:
«Әзер шыққан даусымен дос-жаранға
жылы үндеп, Самолетке мінерде әзілдеді күлімдеп. Жүрегі әлсіз қағуда,
Жанары бірақ жануда.
– Барамын, – деді Ілекең Мұхаңның өшін алуға!»
«Сағат Әшімбаев пен Төлен Әбдіков» атты өлеңде Сағаттың бір жиында саясат қуып кетіп, империализмді сынаудан аса алмағанын әзілге айналдырып:
«Жазушы Төлен Әбдіков қабағын қату түйіп алып,
Былай деді дауысын биік алып: – Адамды сөз ашады екен-ау», – деді. Сағат пен империализм арасы тіпті
нашар екен-ау! – деді», – дейді.
Топтама түгелдей осы сияқты ойлы әзілге, ойнақы тапқырлыққа құрылған. Өлең үлгісі жағынан ақ өлең түріне жақын жырлар оқырманын табатыны да даусыз.
Шөмішбайдың ел ішіне кең тараған өлеңдерінің ендігі бір тобы – оның әнге арналған өлеңдері. Ол – ән мәтінін көп жазып танылған ақындардың бірі. Оның өлеңдеріне ән жазған сазгерлер ішінде Е.Рахмадиев, К.Дүйсекеев, А.Қоразбаев, С.Бәйтереков, Т.Мұхамеджанов, Ә.Бейсеуов, Т.Қажығалиев, В.Питерцев, т.б. Қазақстанның белгілі композиторлары бар. Олармен Шөмішбай шығармашылық байланыста ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Ән текстін жазу оңай емес. Ол – өзіндік ерекшеліктері мол жанр. Өзгеше шеберлікті тілейді. Шөмішбай жырларының сазға, әуен­ге сұранып тұратыны онымен істес болған өнерпаздардың таңдауын байқатады. Олардың ішінде «Қарағым-ай», «Сәлем саған, туған ел», «Сағындым, сағым жылдар» сияқты халық ішінде кең тараған әндер мол.
Осылар Шөмішбай ақын есімін халық ішіне кең жайды. Қазір ол – республиканың ең танымал ақындарының бірі. Оның үстіне, біраз жылдан бері әдебиеттану ғылымы саласында еңбек етіп, қазақ поэзиясының тарихымен шұғылдануда. Құдай берген талантты жарыққа шығарып, өлең жазу бар да, сол өлеңнің арғы-бергі тарихын, шығу, жазылу жолдарын, ерекшеліктерін тануға ұмтылу бар. Бұл – ақынға үлкен міндет артатын білім, ғылым жолы. Оны білсең, «Көкірек көзің ашылады» деп Абай айтпақшы, ақын жолы кеңейе түседі.

«Қазақ әдебиеті» газеті 2012 жыл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір