Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі

Аяулым ТАЗАБЕК, ҚазХҚжӘТУ журналистика факультеті, 1-курс студенті
Елордада Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі аяқталды. Форумға 60 мемлекеттен келген 100-ден астам делегация қатысты. Олардың арасында әлемнің ең ірі конфессияларының рухани көшбасшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері болды.

Ауқымды жиында рухани құндылықтарды нығайту, конфессияаралық диалогты нығайту, конфессияаралық диалогты дамыту, экстремизм мен радикализмге қарсы іс-қимыл, сондай-ақ қоғамның тұрақты дамуына әйелдердің қосқан үлесі және басқа да мәселелер қарастырылды.
Әлемнің ең беделді рухани көшбасшылары бас қосқан съездің ашылу барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір жер жүзінде сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұр. Соның салдарынан түрлі қақтығыстар көбеюде. Алмағайып кезең ешкімге оңай болып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, соғыстың сипаты мен болмысы белең алуда. Дегенмен біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек. Мәмілеге балама жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі Съездің мән-маңызы айрықша. Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен Бейбітшілік елшілері деп айтуға болады. Сіздер ортақ мүдде үшін бірігіп, әлем жұртшылығын игі мақсат жолында жұмылдыруға ниет білдіріп отырсыздар. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – дей келе, – аталған құжат біздің бейбітшілікті сақтау, тату-тәтті өмір сүру және баршаға ортақ адамгершілік құндылықтарын берік орнықтыру секілді ортақ мақсатымызды айқындайды. Геосаяси шиеленіс ушыққан заманда мұның бәрі айрықша маңызды. Съездің қорытынды декларациясы ресми құжат ретінде БҰҰ Бас Ассамблеяларында таралады. Бұл – съезд жұмысына берілген жоғары баға. Алдағы мерейтойлық 80-сессияда да аталған үрдіс жалғасады деп үміттенемін.
Қазақ даласында әлемдегі ең негізгі діндер мен конфессиялардың барлығы дерлік тараған және бір-бірімен жарасым тапқан. Біз қазіргі Қазақстанда да осы игі дәстүрді сақтап, одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді саламыз. Еліміздің этносаралық және дінаралық келісімді нығайтуда тәжірибесі мол. Қазақстанның этностық әрі діни толеранттық моделі «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына сүйенеді. Бұл ұстаным тіпті әлемдік өлшем тұрғысынан бірегей саналатын Қазақстан халқы ассамблеясының қызметінде де көрініс тапқан. Тарихтың өзі қалыптастырған халқымыздың төзімі, ынтымақ-бірлігі мен кең дүниетанымы бүгінде еліміздің бейбітсүйгіш, теңгерімді сыртқы саясатынан анық аңғарылады. Бұл саясат сенімге, диалогқа және ынтымақтастыққа негізделген. Жалпыға ортақ осы құндылықтар мен қағидаттар барша халықтар мен мемлекеттер үшін де маңызды екеніне сенімім кәміл», – деп осы жиынның маңыздылығына тоқталды.
Елордаға келген мәртебелі меймандар қатарында Рим папасы Франциск, әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Феофил, Израильдің бас раввиндері және басқа да беделді дни көшбасшылар бар. Съездің екінші күнінде Діни жас көшбасшылардың II форумы және әлемнің жетекші университеттерінің ғалымдары қатысатын сараптамалық дөңгелек үстел өтті. Талқылау қорытындысы бойынша қоғамға қызмет ету және жаһандық өзара түсіністікті нығайту мақсатында ғылыми және діни білімді біріктіретін ұзақмерзімді платформа құру ұсынылды. Дамудың ықтимал бағыттарының бірі ретінде Oxford, Harvard, Yale, Georgetown, LSE, Tufts, Groningen, Bar-Ilan университеттерінің жанындағы дінаралық орталықтармен, сондай-ақ рухани дипломатияға маманданған жеке зерттеушілермен ынтымақтастық орнату мүмкіндігі қарастырылды.
Дөңгелек үстел Съездің ғылыми негізделген және практикалық тұрғыдан қолдануға болатын шешімдер арқылы диалог аясын кеңейтуге бағытталған жаңа мазмұндық бағытын дамыту жолындағы маңызды қадамға айналды.
Екі күнге созылған форум жұмысының қорытындысы бойынша «Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» қабылданды. Құжатта діндер мен мәдениеттер арасындағы диалогты тереңдетудің маңыздылығы ерекше атап өтілген. Сондай-ақ соғыстар, экстремизм мен терроризм қатаң айыпталып, экологиялық жағдай мен климаттың өзгеруіне алаңдаушылық білдірілді. Әділетті әрі бейбіт қоғам құру ісінде жастар мен әйелдердің рөліне айрықша назар аударылды.
Жабылу салтанатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұл кездесудің бүкіл адамзат үшін маңызын атап өтті: «Меймандарымыздың діні мен ділі бөлек болса да, тілегі мен ниеті бір екені сөзсіз. Съездің қорытынды Декларациясы – соның айқын дәлелі. Құжатта ортақ идеялар мен ұсыныстар көрініс тапты. Жалпы, форумның түпкі мәні де – осы. Біз құрмет пен сыйластыққа негізделген сындарлы диалогтың куәсі болдық. Ең бастысы, дінбасылар ортақ мүдде жолында күш біріктіруге дайын екенін көрсетті», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның барлық деңгейде өркениетаралық және дінаралық диалогты жан-жақты қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ ол: «Біз Съезд Хатшылығының БҰҰ институттарымен және басқа да құрылымдармен серіктестік желісін кеңейтуді жалғастырамыз. Съезд идеяларын ілгерілету үшін бірқатар іс-шара ұйымдастырылады. Оған халықаралық серіктестеріміз, жастар, сарапшылар, волонтерлік ұйымдар қатысады. Бейбітшілік – ең басты байлығымыз. Бұл – барша елдерге, халықтар мен діндерге ортақ аса маңызды құндылық», – деп, съездің жаһандық деңгейдегі диалог алаңы ретіндегі беделін арттыруға еліміздің белсенді түрде үлес қоса беретінін мәлімдеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IX съезі 2028 жылы Астанада өтеді деп жоспарлануда. Бұл Қазақстанның жаһандық деңгейдегі дінаралық және мәдениетаралық диалогтың жетекші орталығы ретіндегі мәртебесін айқын көрсетеді.
Президент барлық негізгі діни дәстүрлер мейірімділік, әділдік, жақыныңа жанашырлық, бейбітсүйгіш қасиет секілді жалпы гуманистік құндылықтарды дәріптейтініне назар аударып, Қазақстанның осы ұстанымға бейіл екенін атап өтті. Сондықтан еліміз зорлық-зомбылықты, экстремизмді және өшпенділікті ақтап алу үшін дінді пайдалануға үзілді-кесілді қарсы деп мәлімдеді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев форумның бір топ қатысушыларына мемлекеттік наградаларды, Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығын, Съездің құрмет медалін, сондай-ақ Ізгі ниет елшілерінің айрықша белгісін табыстады.