«Менің пірім — Сүйінбай» дәстүрлі VIII халықаралық жас ақындар айтысы
«Менің пірім — Сүйінбай» дәстүрлі VIII халықаралық жас ақындар айтысы өз мәресіне жетті.
2024 жылдың 22-23 ақпанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен «Менің пірім — Сүйінбай» дәстүрлі VIII халықаралық жас ақындар айтысы өтті.
Жас ақындар айтысының мақсаты — айтыс өнерін жастар арасында кеңінен насихаттау, ақындық дәстүрді жаңғырту, жас ақындардың қабілеттері мен шешендік өнерін шыңдау, олардың көпшілікке танылуына мүмкіндік жасау, төл өнерімізді дәріптеу.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін жыр додасына еліміздің ЖОО-ның жас жүйріктері мен Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан сынды шетелден келген жалпы саны 40-қа жуық ақындар қатысты.
Биыл қазақтың үш бәйтерегі Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына арналған аламан айтыстың бас жүлдесін (500 000 теңге) Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті Қайдаров Бексұлтан алды. Ал І орынды Моңғолия елінің жас жүйрігі Адилхан Іңкәрбек (400 000 теңге), ІІ орынды (300 000 теңге) Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Қонарбай Мұхтар мен Қорқыт ата атындағы Кызылорда университетінің студенті Ержігіт Дильназ иеленді. ІІІ орынды (200 000 теңге) Қырғызстанның жас ақыны Қалыбекұлы Ырыскелді мен Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Өмірбеков Нұрдаулет және Каспий өңірі «Болашақ» колледжінің студенті Алиев Жанболат қанжығасына байлады.
Одан бөлек, «Темірхан Тебегенов» атындағы арнайы жүлдені Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының студенті Ақылжанов Асет, «Оразалы Досбосынов» атындағы арнайы жүлдені Өзбекстанның жас жүйрігі Қожамұратов Ринат, «Есенқұл Жақыпбек» атындағы арнайы жүлдені Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Ергалиев Алихан, «Ерік Асқаров» атындағы арнайы жүлдені Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенті Сәуірхан Сұлтан, «Әселхан Қалыбекова» атындағы арнайы жүлде қорын Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Төленбек Нұртілеу, «Жарқынбек Наушабеков» атындағы арнайы жүлдені Шәкәрім университетінің студенті Еркінұлы Қуаныш, «Қонысбай Әбілов» атындағы арнайы жүлдені Ә.Марғұлан атындағы Педагогикалық университетінің студенті Тауекелов Нұрсерік, «Әзімбек Жанқұлиев» атындағы арнайы жүлдені М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Бәтей Аят, ҚР Мәдениет қайраткері, «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қорының жүлделерін Абай университетінің студенттері Даярбек Санжар мен Саулет Нұршапағат иеленсе, «Дара Дарын» жобасының арнайы жүлдесін Өзбекстанның ақыны Қожамұратов Ринат, «Өзбекәлі Жәнібеков» атындағы арнайы жүлдені Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Кәдірбай Батыржан алды.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының қолдауымен, «ASSYLTAS» қоғамдық қорының құрылтайшысы Дулат Тастекеевтің демеушілігімен өткен екі күндік шараға: ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Отан» орденінің иегері, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы» РҚБ басқарма төрағасы Жүрсін Ерман, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі айтыскер ақын Серік Қалиев, Алтын домбыра иегері, Айтыстың ақтаңгері Еркебұлан Қайназаров, Филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы қазылық етті. Ал сөз бәйгесін айтыскер ақын, О.Досбосынов атындағы ақындар мектебінің жетекшісі Шұғайып Сезімханұлы жүргізді.