NIS-те «Кәсіби оқыту қоғамдастығын дамыту: сапа және тиімділігі» тақырыбында дәстүрлі тамыз конференциясы өтуде
21.08.2023
146
0

Тамыз кеңесінде «NIS-Programme» бағдарламасының жаңарған нұсқасы таныстырылды

Назарбаев Зияткерлік мектебінде дәстүрлі тамыз кеңесі өтуде. Қашықтан өткен алғашқы екі күні мыңға жуық педагогтар бір кәсіби платформада бас қосты. NIS педагогтарының басты назарында білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, сонымен қатар негізгі құзыреттілікті қалыптастыру, мұғалімдердің кәсіби дамуы, жаңа цифрлық платформаларды оқу процесінде қолдану арқылы NIS Programm білім беру бағдарламасын іске асыру және жетілдіру, тәрбиелік технологияларды дамыту жолдарын іздеу болмақ.

Конференция қатысушылары бес бағыт бойынша өзара пікір алмасып, баяндамалар жасады.

«Негізгі құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағытталған NIS-Programme білім беру бағдарламасын жүзеге асыру» атты тәжірибелік алаңда Білім беру бағдарламалары орталығы «NIS-Programme негізгі құзыреттілік шеңбері» жобасын ұсынды. Аталмыш жоба оқушыларға соңғы технологиялар мен заманауи білім беру тәсілдерін сабақ процессінде қолдануға мүмкіндік береді.

Жоба авторларының айтуынша, әрбір Зияткерлік мектептің базасында білім беру бағдарламаларын қайта қарау кезінде проактивті педагогтер мен мектеп әкімшілігі арасында жобалау топтары құрылған. Бұл өз кезегінде оқыту жүйесіндегі өзгерістерді тереңірек зерделеп, ортақ шешімге келудің жолы.

Бұған дейін Білім беру бағдарламалары орталығы жоба аясында барлық ұсыныстарды талқылап, мектептермен консультациялар өткізген. Осылайша тәжірибелік алаңда жан-жақты талданып, терең зерделенген жаңа жоба жиын қатысушыларына таныстырылды.

Сонымен бірге конференция аясында Білім беру бағдарламалары орталығының сарапшылары мен NIS педагогтері өздерінің жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Ал орталық эксперті Айғаным Сатылы қазақ тілі мен әдебиеті сабағында негізгі құзыреттіліктерді қалыптастырудың тың бағыттарын, сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-мәдени, ресми-іскерлік сынды тақырыптар алынып, орнына жаңасы ұсынылғанын хабарлады.

Мұнан бөлек 9-сынып оқушыларының деректермен жұмыс істеу дағдыларын арттыру мақсатында терминология, ғылыми деректерді пайдалану, сөйлеу мәдениетін арттыруға басымдық беріліп отыр. Медиа сауаттылықты арттыру бойынша ақпараттың өзектілігі, дәлдігі мен дұрыстығын ажыратып, бағалауға арналған дағдылармен толықтырылған.

Ал сөйлеу мәдениетін қалыптастыру сабағында бұрынғыдай тек ауызша қарым-қатынас әдістері ғана емес, қарым-қатынас формалары да енгізіліп отыр.

Практикалық алаңда экономика сабақтарында оқушыларды экономика бойынша олимпиадаларға дайындау әдістемесі қарастырылды.

Енді жаңа оқу жылынан бастап жаңартылған NIS-Programme бойынша 7 сынып оқушылары білім ала бастайды. Ал келер жылдары басқа сыныптар да жаңарған бағдарламамен оқитын болады.

Тақырыптық және пленарлық сессияларының тәжірибелік онлайн-алаңында Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы NIS-тің география пәнінің мұғалімі Назерке Жұмабаева, физикадан мұғалім — модератор Еррбол Сандыбаев негізгі құзыреттілікті қалыптастыру бағытында өз пәндерінде қолданып іске асырып жүрген замануи тәсілдерін ортаға салды.

Оқушылардың әл-ауқатын арттыру үшін мектеп қоғамдастығында тәрбие жұмысын дамыту бағыты арнайы сессияларда кеңінен талқыланды.

Конференция шеңберінде «Сәтті тәжірибелер панорамасы» көрмесі жұмысын бастады. Бұл алаңда мұғалімдер өздерінің үздік бейнекейстерін әріптестеріне ұсынады. Конференцияның соңғы күні онлайн дауыс беру арқылы NIS-тің ең үздік педагогикалық тәжірибелері анықталады.

Конференция офлайн-форматында Түркестанда жұмысын жалғастыруда.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір