ДӘСТҮРЛІ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ мен ЖАҢҒЫРУ ҮРДІСТЕРІ
02.08.2024
245
0

Отбасы саясаты – мемлекеттегі әлеуметтік саланың маңызды құрамдас бөлігі. Отбасы институтын нығайту, дәстүрлі отбасы құндылықтарын дәріптеу еліміздің 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасындағы басымдықтың бірі болып отыр.

Отбасы – адамның әлеуметтік ортаға алғаш бейімделіп, тұлға ретінде қалыптасатын, қоғамның іргетасын құрайтын маңызды институт. Адамға эмоционалды-психологиялық, әлеуметтік және экономикалық қолдау дәл осы отбасында көрсетіледі. Баланың өзіндік бірегей тұлға болып қалыптасуының алғашқы баспалдағы отбасындағы тәрбие, бүлдіршіннің арман-қиялын ұштар ата-ана дүниетанымы, олардың әлеуметтік рөліне қарай орнығады. Сол себепті әрбір мемлекет отбасына, ондағы құндылықтар мен қарым-қатынасқа ерекше назар аударады.
Еліміздің 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында отбасы институтын және отбасы құндылықтарын нығайту басым міндет деп атап көрсетілген. Осы орайда отбасы институтын нығайту және оның даму бағыттарын айқындайтын жан-жақты зерттеулер жүргізу мақсатында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ құрылымында Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығы құрылды. Орталық сарапшылары жүргізген зерттеулер қазіргі қазақстандық қоғам өміріндегі ең маңызды құндылық не деген сұраққа жауап іздеді.
Осы тұрғыда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен 2023 жылы жүргізген «Қазақстандық қоғамдағы дәстүрлерді жаңғырту: жаңа мінез-құлық нормалары» әлеуметтанулық зерттеулер нәтижесі қазақстандықтар үшін «отбасының қауіпсіздігі мен әл-ауқаты» ең маңызды құндылық болып табылатынын көрсетті (сауалнамаға қатысушылардың 83,3%-ы осы жауап нұсқасын таңдаған).
Сондай-ақ «Қазақстан отбасылары – 2022» ұлттық баяндамасын әзірлеу аясында жүргізілген әлеуметтанулық зерттеу нәтижелеріне сәйкес, еліміздің азаматтары үшін ең басты отбасы құндылықтары «бір-біріне қамқорлықпен қарау, өзара сыйластық, қолдау көрсету» екенін көреміз. «Махаббат» және «балалар» да осы қатардан орын алды.

1-сурет. Қазақстандықтардың отбасы
құндылықтары пайыздық үлесте


«Қазақстан отбасылары – 2022» аясындағы зерттеулер нәтижесі ел азаматтарының отбасы құндылықтары жалпыадамзаттық моральға, сонымен қатар тұлғаралық мазмұнды қарым-қатынастар ұстанымына сәйкес келетінін көрсетті. Дегенмен, қазақстандықтар үшін ең маңызды болып табылған отбасы құндылықтарының үштігіне дәстүрлі неке-отбасы қатынастарын сипаттайтын құндылықтар кірмеді. Мәселен, «ата-анаға, үлкен адамдарға көмектесу», «жақын туысқандармен араласу, отбасылық мерекелер, мерейтойларды атап өту» және «ұрпақтар сабақтастығы» сияқты жауап нұсқаларының үлес салмағы таңдау барысында соңғы көрсеткіштерді құрады. Бұл қазақстандық отбасы институтындағы құндылықтар трансформациясын көрсетеді. Яғни дәстүрлі-патриархалды ұстанымдардан заманауи қоғам талап ететін құндылықтар мен көзқарастар жүйесіне бетбұрыс жасалуда.
Сондай-ақ «Қазақстан отбасылары – 2022» барысында алынған әлеуметтік деректерден қазақстандықтар өмірінде неке-отбасы қатынастарына қатысты жаңа ұстанымдар қалыптаса бастағанын байқауға болады. Мәселен, зерттеуге қатысушылар арасында қазіргі уақытта кең таралған «азаматтық некеге» қатысты толерантты көзқарастағылар баршылық болып шықты. Керісінше, респонденттер (әлеуметтанулық сұрау немесе басқа да сауалнамаларға қатысушы) дәстүрлі-патриархалды неке-отбасы қатынастарындағы «көп әйел алу» феноменіне теріс көзқараста екенін көрсетті (2-сурет).

2-сурет. Қазақстандықтардың «азаматтық неке» және «көп әйел алу» феномендеріне қатысты көзқарастары пайыздық үлесте

Осы зерттеулердің тағы бір нәтижесіне сүйене отырып, еліміздегі отбасылар балаларының бойынан бірінші кезекте адамгершілік қасиеттерді көргісі келеді, оларды «еңбекқорлық», «өзіне құрметпен қарау» және «адалдық, әділдік» сияқты құндылықтар негізінде тәрбиелеуге тырысады деп айта аламыз. Осы тақырыпта 2020 жылы жүргізілген зерттеумен салыстыратын болсақ, қазақстандықтардың баланың бойына сіңіретін құндылықтарға қатысты көзқарасы өзгергенін байқаймыз. Яғни қазақстандықтардың келесідей құндылықтар бойынша жауап үлестері төмендеген:
«еңбекқорлық» (2020 жылы 64,1%-дан 2022 жылы 33,8%-ға дейін);
«үлкенге құрмет көрсету» (2020 жылы 54,9-дан 2022 жылы 25,3%-ға дейін);
«отанға деген сүйіспеншілік» (2020 жылы 16,4%-дан 2022 жылы 7,1%-ға дейін);
«өзін-өзі дамыту» (2020 жылы 13,7%-дан 2022 жылы 7,6%-ға дейін).
Бұл ретте 2020 жылмен салыстырғанда «жауапкершілік» нұсқасы бойынша жауаптардың үлесі 0,2%-дан 11%-ға дейін және «парасаттылық» нұсқасы бойынша 0,4%-дан 8,8%-ға дейін өскен (1-кесте).

1-кесте. Қазақстандық отбасылар балалардың бойына сіңіретін құндылықтар пайыздық үлесте

Ақпарат көзі: ҚҚДИ әлеуметтанулық зерттеулері, 2020-2022 жж.

Дүниежүзілік құндылықтар шолуының деректері бойынша, Қазақстанда ата-аналардың едәуір бөлігі балаларды еңбекқорлыққа дағдыландыру маңызды деп санайды (78,3%). Бірқатар дамыған елдермен салыстырар болсақ, мәселен, Данияда мұндай ұстанымдағы азаматтар тек 9,9%, Норвегияда 18,9%, Жапонияда 25,1%, Германияда 41%, Ұлыбританияда 46,6% екен (2-кесте).
Сонымен қатар, қазақстандықтардың 42,6%-ы балаларға ақша мен дүниені тиімді пайдалануды үйреткен дұрыс деп санайды. Бұл тұрғыда Жапония (43,7%) мен Германия (44,8%) азаматтары да осындай пікірде (2-кесте).
Сондай-ақ балалардың бойында жауапкершілік сезімін дамыту керек пе деген сұраққа қазақстандықтардың 66,1%-ы оң жауап берген. Ал, әлемнің дамыған мемлекеттері, оның ішінде Ұлыбританияда бұл көзқарасты 44,2%, АҚШ-та – 59,3%, Грузияда – 70,9%, Жапонияда – 75,3%, Данияда – 77,8%, Германияда-81,6%, Норвегияда – 82,8% азамат қолдайды (2-кесте).

2-кесте. «Еңбекқорлық – бұл балаларды тәрбиелеу кезінде ескеретін бірден-бір қасиет» сұрағына алынған жауаптарды бөлу, (%)


Ақпарат көзі: Дүниежүзілік құндылықтар шолуы, 2020 ж.

Бүгінде Қазақстандағы отбасы институты жаһандық үдерістер мен трендтерге байланысты өзгеріске ұшырап, жаңғыру сатысында екені белгілі. Ел азаматтарының неке-отбасы қарым-қатынастарына қатысты көзқарастары мен ұстанымдары да біршама өзгеріске ұшырады. Алайда, Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген бірқатар әлеуметтанулық зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, қазақстандықтар әлі де отбасын ең маңызды өмірлік құндылық деп санайды және балаларының бойында жоғары адамгершілік қасиеттерді, сондай-ақ «үлкенге құрмет көрсету» сияқты дәстүрлі отбасы институтында қалыптасқан ұстанымда тәрбиелеу қажет деген пікірді ұстанады. Осы әлеуметтік деректерді 2020 жылғы Дүниежүзілік құндылықтар шолуы да дәлелдейді.
Отбасы өскелең ұрпақтың бойында алғаш құндылықтар жүйесі қалыптасатын орта екенін ескере отырып, Қазақстандағы неке-отбасы қатынастарындағы жағымды үрдістер мен үлгілерді сақтап қана қоймай, әрі қарай дамытудың маңыздылығын атап өтпекпіз. Сондықтан дәстүрлі отбасы құндылықтарын дамыту және насихаттау жұмыстарын жүргізу барысында жаһандық өзгерістердің ықпалын ескерген жөн. Халықтың пікірін айқындайтын әлеуметтік деректер мен қазіргі заманғы зерттеу мәліметтерін ескере келіп, дәстүрлі отбасы құндылықтары мен жаңғыру үрдістерінің үйлесімді үндесуін қамтамасыз ету бүгінгі қоғамға қажет екені сөзсіз.

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ,
Қазақстандық қоғамдық даму институты
Басқарма төрағасының орынбасары
Ақнұр ИМАНҚҰЛ,
Қазақстандық қоғамдық даму институты
Отбасы және гендер саласындағы
зерттеулер орталығының сарапшысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір