Қалам мен ар. Қуандық Түменбаймен жүздесу
22.09.2025
298
0

Алматының шағын ғана №32 кітапханасында жүрекке жылы, сырлы бір әңгіме өрбіді. Бұл жолы біздің кітапханамыздың оқырманы, белгілі жазушы, ҚЖО Проза кеңесінің төрағасы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қуандық Түменбай оқырман қауыммен жүздесті.

Қарапайым жүрісінен, салмақты үні мен ойлы көзқарасынан-ақ оның жан дүниесін парақтап оқығандай күйге енесіз. Қарасаңыз, көз жанарында үнсіз сыр бар. Кейде жымиып, кейде ойға шомып отырып сөйлейді. Әрбір сөзі – өмірдің өзінен сүзілген даналық. Ар туралы айтқанда, дауысы ерекше бәсең тартып, бірақ тереңнен жеткен үн секілді тыңдарманды баурап алады. Жазушының кейіпкерлері де өзі сияқты: даңғаза емес, қарапайым. Бірақ сол қарапайым бейнелердің тағдырынан тұтас бір қоғамның айнасын көруге болады.

«Қалам – ардың таразысы. Қалам ұстаған адамның жүрегі таза болуы керек, әйтпесе жазғаны – бояу, ал бояулы сөз ешқашан жанға жетпейді», – деген ойлы сөзі залдағы әр жанды толқытты. Сол сәтте біз жазушыны емес, өз ішкі әлемін тыңдап отырғандай күй кештік. Өйткені Қуандық Түменбай ағаның сөзі – оқулықтан емес, жүректен шыққан сөз.

Әдеби кештің арнайы қонағы – қоғам қайраткері, жазушының қарт оқырманы, бұрынғы Балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржанов болды. Ол Қуандық ағаға биік баға беріп, әсерлі ойымен бөлісті:

«Қуандық аға Дананың дансымен кездескен жан. Қонаевтің сенімді серігі Есенов Шахмарданды білесіңдер ме? – соған іні болған адам. Әлемдік классик, шығармалары 35 елге тараған «Арал» авторы Ә.Нұрпейісов Қуандық ағаның жазушылық қабілетін ерекше жоғары бағалаған. Ал өзі болса, ПЕН-клубтың мүшесі», – деді Саржанов аға.

Саржанов ағаның осы сөздері Қуандық ағаның біз білмейтін қырларын ашып, шығармашылығының бағасын тағы бір мәрте айқындап берді. Ол сөзінің соңында: «Бұл дегеніміз – тарих. Тарихты біз өз қолымызбен жасауымыз керек», – деп түйіндеді.

Филология маманы, Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосының дикторы, қазақ авторларының аудиокітап жобаларын жүзеге асырған Шахсана Елғонды да Қуандық ағаның шығармасынан үзінді оқып, әсерімен бөлісті. Әлем әдебиетін терең талдап жүрген қаламгер Гүлнар Ізтаева да пікір қосып, кештің мазмұнын байытты.

Кешке Шоқан Уәлиханов атындағы 12 мамандандырылған гимназияның 10 «д» сынып оқушылары мен кітапханашысы Садуова Айнаш қатысып, жазушыға сұрақтарын қойды. Әңгіме-сұхбат әсерлі жалғасып, оқушылардың қызығушылығы байқалды.

Жазушы қойылған сұрақтар арқылы тыңдарманын бірде балалық шаққа жетелеп, бірде тарихтың қатпарлы тұстарына саяхат жасатты. Желтоқсан оқиғасы, Мұстафа Шоқай, атасы Ыбырай Жақаев, әсіресе анасы туралы айтқанда жүректен шыққан шынайы сырды сезіндік.

Әсерлі сәтті консерватория студенті, Айгүл Үлкенбаеваның шәкірті Назира Омардың орындауындағы күй одан сайын айшықтап, кештің рухын көтерді.

Кітапхана төрінде өткен шағын басқосу үлкен рухани мерекеге айналды.

Кеште жазушы өзінің «Қайын сапты кетпен», «Сотталған домбыра», «Жүрдек пойыз» сияқты шығармаларына да тоқталып өтті. Әр туындысындағы өмір шындығы мен ұлттық болмысқа қатысты ойлары тыңдарманға жаңа әсер сыйлады.

Қуандық Түменбай ағаның шығармалары – қоғам айнасы, адам жүрегінің шындығы. Сол туындылардағыдай адалдық пен тазалық әр оқырманның жүрегіне жетсін! «Сотталған домбырадағы» үн ешқашан жоғалмай, халқымыздың рухын асқақтатсын! «Қайын сапты кетпендегі» еңбек пен табандылық кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала берсін!
«Каникулды күткен қыздай» алдағы күндеріңіз қуанышқа толы болсын.
«Жігіттің Көктөбесіндей» асқақ абыройыңыз биіктей берсін.
«Қанаты күйген қызғыш құстай» қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қаламыңыз талмасын.
«Біздің үйдің солдаттарындай» рухы мықты, елге адал ұрпақ тәрбиелеу жолында еңбегіңіз жана берсін.
«Тұңғиықтай» ойыңыз терең, сөзіңіз парасатты бола берсін.
«Тіршілік планетасының тентектерімен» арпалыссаңыз да, әділет пен шындық жолынан айнымайтын қалпыңыздан танбаңыз.
«Қой мен қойшыдай» қарапайымдылық пен еңбекқорлық бойыңыздан ажырап көрмесін.
«Ар мен дарды» биік қойған жүрегіңіз әрдайым ақиқат пен әділеттіліктің шырақшысы болып қала берсін.
Өміріңіз — «Саябақтағы классикалық әуендей» әсем, сазды, мәңгілік әуенге айналсын!
Қаламыңыздан туған әрбір жаңа шығармаңыз халқымыздың рухани байлығына айнала берсін, Қуандық аға!

Айжамал Жолдасқызы,
қаламгер

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір