Иесіз қалған қалам…
11.12.2024
348
0

Ойымды кешқұрым оңаша отырғанда, қою түннің әлдиіне қаламымды малып алып, қағазға асықпай түсіруші едім. Бұл түнді мазасыз кештім. Иығымнан біреу шап бергендей шошып оянсам, сағат тілі таңғы төртке жақындаған екен. Асығыс үстелге жақындап, қалам-қағазымды іздей бастадым. Кез­дейсоқ қолыма түсіп, екі-үш күндей қайта-қайта оқыған өлеңдер маза бермегені осы шығар. Таңның қысқа ғана тәт­тілігі, сұлулығы, көзден жас тамғанша ұстатпайтын бір сәті бар емес пе?! Екі-үш күн бойы көңілден көшпей қойған ақын Артығалидың өлеңдері де сондай бір күйге бөлегендей…

Заманынан оза туған ғазиз ақын Осип Мандельштамның өлеңдерінің бірінде өлшемі табылмас: «Мы живем, под собою не чуя страны» деген жол бар. Қай уақыт­та болмасын, ең алдымен, ақын образын ашатын дүние – оның азамат­тық позициясы. Адамзат­тық пен азамат­тық арасында дүниеге келген жолдар мәңгіліктің хатына айналса керек. Жоғарыда еске салған Мандельштамның жалған дүниені бір жолға сыйдырған шын сөзінен ке­йін келесі ақиқатқа сенбеу мүмкін емес: Ақынның мәңгілік махаббаты, сүйіп құшқан жары, сағынып табысқан сезімі, қанжылап айырылысқан музасы, алыстан аңсаған, жақыннан сүйіп қанбағаны – туған жер емес пе? «Одиссея Всюду кольцом окружали», «Желсіз түнде жарық ай…», «Сенің көзің түпсіз терең…», «Жүрегім, мен зарлымын жаралыға…», «Унылая пора! Очей очерованья!», «Дым табачный воздух выел», «Вы помните, вы все, конечно, помните», «О, капитан! Мой капитан!» деп жалғаса беретін мәңгілік жолдардың соқпағы да – туған жер, мақсаты да – туған жер һәм жүрегі де – сол туған топырақ. Поэзияның тұнық ауасынан топырақтың иісі аңқиды. Ғұмыры қыршын қиылған мәңгілік жас ақын Артығали Ыбыраевтың соңынан қалған бір топ өлеңін құмарымыз қанбай қайта-қайта оқығанда бір уыс топырақтың салмағы кеудемізден басып, белгісіз мұң өкініш пен махаббат арасындағы жазылмаған жолдардай ирелеңдеп, белгісіздікке әкете бергендей.
1953 жылы Жамбыл аймағындағы Байқадам ауылында дүние есігін ашқан ақын Артығалидың қысқа ғана шығармашылық дәурені қазақ даласындағы 1970 жылдарға дөп келген екен.
Артығали 1974 жылы Таразда бұзақылардың қолынан қаза тапқан. Оған де­йін жас ақынның басынан кешкен біршама келеңсіз оқиғалар туралы баспа бет­терінде де, халық арасында да түрлі әңгіме тарағандай. Жалпы, дәл сол уақыт­тың тамырын дөп басу үшін белгілі бір контекске қол созғымыз келетіні рас. Осы орайда ағартушы Ақселеу Сейдімбектің 70–80-жылдары қағазға түсірген күнделік жазбалары еске оралады. Бұл екі дүниенің арасындағы жіңішке байланысты бағамдау үшін һәм Артығалидың өлеңі мен өмірінің кілт үзілген шағының контексін қазіргі оқырман жадында жандандыру үшін А.Сейдімбектің келесі жазбаларына бір тоқтасақ:
«05.02.72 …ғасырларға созылған империялық құрсаудың зардаптары осындай. Ендігі жерде ұлт­тың есеңгіреген, контузияға ұшыраған санасына реанимация қажет, қазақ халқының рухани әлемі мен салт-дәстүріне қайта жаңғырту (реставрация) керек…»;
«30.05.72 …Яғни қара халықтың санасын шектеген бір ауыртпалық бар. Ол қандай ауыртпалық? Халық неге шын пейілімен қуанбайды? Неге төңірегіне немкет­ті қарап, ұнжырғасы түсе береді?..»;
«06.07.72 Ауылға барып қайт­тым. Балаларымды ауылға апарып тастағаныма екі айдай болған-ды. Тым болмаса тілі қазақша шықсыншы деген ой еді. Аздап қазақша былдырлап қалыпты. Қат­ты қуандым. Баласының өз ана тілінде сөйлегеніне қуантып қойған заман-ай десеңші!»;
«03.08.72 Ұзақ жылдар бойы өктемдік құрған жүйенің (системаның) өзімшіл идео­логиясы төлтума (самобытный) мәдениет атау­лыны мансұқтап, халықтың ғасырлар сынынан өткен салт-дәстүрін шет­тетіп отыр…»;
«14.10.74 …Тобырдың дәрменсіздігі пұшайман етеді…»
Шама келсе Ақселеудің күнделігін толық көшіріп қояр едік. Тарихты кейде оқулықтар мен құжат­тардан іздеуден шаршайсың және тарихтан бұрын тарихи көңіл күйді тек осындай жазбалардан табатындаймыз. Бұл мысалмен Артығалидың бозбала боп бой көтере бастаған, енді ғана үлкен өмірге қадам басқан заманның айнасына біз де бір қарасақ деп отырмыз. 70–80-жылдар әсіресе қазақ жастарына тым ауыр сынақ болды деп ойлауға негіз бар. 86-ның келер ызғары әбден бойды жайлап үлгерген. Бала Артығалидың балауыз өлеңдеріндегі күдік те сол жылдардың көңіл күйімен өлшенсе керек:
«Көремін сені түсімде,
Орының әсте бөлек қой.
Екеуміз жырлау үшін де,
Көңілге жағдай керек қой.

Қой емес,
Көңіл күй бағам,
Мінберім жақын дөңес-ті.
Ұғымына жұрт­тың сыймаған,
Екеуміз ғана емеспіз.

Өмірдің өзі жетпейді,
Олжаға оңай құныққан.
Қызуымен күннің көктейді –
Дүние біздің иықта.

Қамықпа, досым, қамықпа,
Көктеме күнін сыйлайды.
Адамдар сыяр табытқа,
Ақындар, бірақ сыймайды»
Артығалидың ең танымал мәтіндерінің бірі осы шығар. Соңғы екі жолын жатқа білетін жастардың қатары үзілген емес. Жоғарыда Ақселеудің естелігін естен шығармасақ, Артығалидай рухты азамат­тың өсуіне уақыт өз тұсауын қоятындай күдікке ілікпеу мүмкін емес. Алматыға арман қуып асыққан жас ақынның жолында ажал бартын-ды: өмірімен қоса кітап қылып басып шығарамын деген бір бума өлеңдері де сол түні ұрланып кеткен екен… Сөз басында тілге тиек еткен Мандельштамның: «Мы живем, под собою не чуя страны» жолдарын тағы еске алыңыз. Ақын Артығали өз заманының сынағы болған сияқты. Дәм-тұзы таусылды десеңіз де, Артығалидың сынағы, өкінішке қарай, бүгінде де таусылмай келе жатқан сынақ сынды көрінеді…
Енді «Ақын» деген атаумен ел аузында кең таралған осы өлеңнің жас талант­тың тілімен көркемделген бірнеше дүниесіне назар салыңызшы: Артығалидың артынан қалған аз ғана өлеңде қазақ даласының көркем пейзажы бар. Мына бір қос тармаққа сыйған суретке қараңыз: «…Қой емес, Көңіл күй бағам/ Мінберім жақын дөңес-ті…» немесе «Күн нұрын қоймалжың бұлт ала қашып/ Жел есті жусан иісі араласып/ Жол үсті қара ноқат – мен келемін,/ Қарысқан тыныштықпен жағаласып»…
Көшпенді жұртына тән тіршіліктің сарқытын сарқып ішкен жас ақынның көркем дүниесінде дала философиясы метафоралар арқылы шебер тізілген. Жақсы өлеңнің «тілге жеңіл, жүрекке жылы» тиетін тұстарын қалың оқырман тарқатып бермесе де, жүрекпен сезеді. Белгілі әдебиет­танушы ғалым Юрий Лотманның «Поэзия – это особая форма мысли, в которой слово становится миром» деген тұжырымдамасы Артығалидың сөз саптауына жақсы иллюстрация болатын сияқты. Өлеңде әр сөздің орыны бар һәм шын өлеңде әр сөз – бір әлем. Ақынның поэтикасынан түртіп отырған жолдарға қарасаңыз, болмысқа ғана сиятын метафораларды көресіз; табаны тасқа тимеген ұрпақтың жасанды шумақтары той-томалақтың шуына айналса, сөздің тыныш салмағы уақыт­тың мәңгілік әжімдеріне үнсіз ғана өрнектеле береді емес пе?! Тағы қараңыз:
«Шүйкімдей дене шүмектей терге
малшына,
Шулы өзеннің үстінен өт­ті таң шыға.
Қара жер шетін таба алмай, талып келеді,
Қара жердің бетін көрместей болған қаршыға»…
Артығалидың тілінде даланың әр тасы – метафора, әр таңы – сөз бояуы. Том-том кітапқа ілікпеген бір топ өлеңнің кеңдігінде даланың ізі жатыр. Ары қарай табиғат пейзажы дәйім пәлсапалық ой-толғауларға ілесіп кете береді:
«Қанатын құстар қақпайды әсте бекерге,
Аңсары құштар ауды ғой басқа мекенге.
Дегбірін алды көк аспан тұтас қалпымен,
Дөңгелек дүние таусылмайды-ақ екен де».

* * *
«Аспанда, бәлкім, бір бейне болып қалады,
Жүрегін, мүмкін, жұлдызға соғып жарады?
Арманы үшін азапқа түскен осы құс,
Саған да ұқсап, маған да ұқсап барады…»
Қара жерден қаршыға құстың қанатын аңдаған бала ақынның көңілі көкке жетіп, жұлдыздарға ілігіп, соңында адамның кеу­десінің оң жақ тұсында ұясын салған қаршыға-жүрекке оралады. Артығали поэзиясында табиғат­тағы қарапайым сюжет­тер өзіндік лирикалық баяндауын тапқан. «Қаршыға» өлеңіндегі композицияға назар аударсаңыз, тыныштығы бұзылмаған сөз саптауда толқыны күшті градация қолданылған. Орыс поэзиясымен салыстырсақ, мұндай градация А.Пушкиннің «Я вас любил…», В.Маяковскийдің «Лиличка» өлеңдерінің поэтикасына арқау болған. Бірақ ескере кететін дүние, поэзия тілін жіліктеп шағатын әдебиет­тану құралдарын санап бітірмейміз, олардың қолданылуында емес бар әсер; мәселе – ақынның қаламынан шыққан дүние поэзияның ортақ тілімен таза, табиғи, стихиялық түрде үндестік табуында. Жасандылық дәйім өз жеңілдігін білдіріп қояды. Сонымен қатар осы «Қаршыға» өлеңінің элегиялық сарыны қазақ поэзиясындағы ерекше туындылардың бірі – Махамбет­тің «Қызғыш құс» образын еске салатындай. Қазақ поэзиясына да, әлем әдебиетіне де тән құстың поэтикалық бейнесі аңыз-әфсана, мифтік мәтіндерден бастап, Э.А.Поның «Қарға», М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда», Ф.Г.Лорканың «Печальная кансьона смерти», Дж. Китстің «Ода соловью» сынды үздік поэзия әлемінде Артығалидың да арман-құсына айналғандай:
«Мен ойлаймын,
Күйімді дара толғай,
Қасыма қойғаннан соң қара толмай,
Қайте­йін, қонбай кеткен Қараторғай!»
(Ақан сері өлеңінен).
Бала Артығалиды қатарынан бөлек, дана Артығали қылған өлең жолдары халық арасында насихат­тау рәсімдерінсіз-ақ өте танымал екенін атап өткен жөн болар. Сондықтан бір топ өлеңімен халыққа жақын ақын атанған аз есімдердің бірі осы Артығали болар деген ой келеді:
«Сен арғымақ,
Жүйріктейсің,
Шабытпен алыс кез енді.
Ұмытпа бірақ
Жақынға шапқан кезеңді…

Сен күн санап,
Биіктейсің,
Биіктеу саған тез енді.
Ұмытпа бірақ,
Төменде жүрген кезеңді…»;
«Мендегі өмір,
Биік өрден қараса,
Сендегіден болар, бәлкім, аласа.
Бала көңіл саған қарай бұлқынса,
Үлкендігің сұраушы еді араша»
(«Күту» өлеңі).
Зер салып оқысақ, көркемдік жағынан да, тереңдік өлшемімен де бұл өлеңдерді қазақ поэзиясы тарихында айналып өтуге қимайсың. Ақын Т.С.Элиот­тың «Дәстүр және жеке дарын» ат­ты эссесінде: «Поэзия эмоцияның шығуы емес, одан қашу һәм өлең тұлғаның көрінісі емес, сол көріністен алыстау» деген тезис бар. Элиот­тың ойын өзімізше бағамдасақ, поэзияда дәйім дуаль­ділік негіз бар. Ол кейде полифонияға, кейде үнсіздікке ұласса керек. Артығалидың өлеңдерінің астарында оқиға сезіледі. Айтылмайды, бірақ сезіледі. Рецептивті эстетика призмасымен де өлшенбейтін астарлы оқиға сезімін тек әр оқырманның билігіне бере алатын шығармыз. Мәселен, «Өмір» ат­ты өлеңінде былай толғайды:
«Әр нәрсеге құлақ түріп,
Әр нәрсені біл, түсін.
Кейбіреулер жылап тұрып,
Жасырады күлкісін.

Бұл өмірдің тұнық сырын
Біліп болар қай кісі?!
Кейбіреулер күліп тұрып,
Жасырады қайғысын».
Осы шағын өлеңнің екі шумағының да соңында қолданылған айшықты антитеза адамның сыртқы бейнесі мен ішкі дүниесінің арасындағы жұмбақ шатқалдан ат­тап өте алмайтын күйін бейнелейді. Батыс поэзиясындағы басты антитеза – Шекспирдің әйгілі «To be, or not to be» сауалы еске оралады осындайда. Поэзиядағы классикалық дүниелердің таңдамалылары ықшамдыққа бейімделгенін байқаймыз. Артығалидың алдыңғы толқын ағасы, қазақ поэзиясының классигі Мұқағалидың: «Поэзия, менімен егіз ба едің?», Мағжанның: «Сұм өмір абақты ғой саналыға», Блоктың: «Ночь, улица, фонарь, аптека…», сөз басында еске алған Мандельштамның: «Мы живем, под собою не чуя страны» сынды үздік романдарға татитындай тармақтарын еске алыңыз. Артығали поэзиясындағы кілт­тердің бірі, формалық жағынан саралайтын болсақ, сол ықшамдылықта. Ықшам қара өлең ұйқасының концентрациялық деңгейі де осындай болса керек.
Сөзіміздің тиегі Артығали Ыбыраевтың поэзиясы болған соң, ақынның барлық өлеңдерін алтынмен аптап, күміспен қаптап, тек мақтаудан аулақпыз. Әрине, қазақ әдебиетіндегі Артығали феномені, ең алдымен, трагедиялық феномен. Аз ғана өлеңнің көп бөлігінде балалық дәуреннің, тазалықтың жұпары ескен соң, оның соңына жете алмаған күйі күңіреніп кететініміз анық. Артығалидың жазары әлі алда болатын-ды және солай болған күнде қазақ поэзиясының бізге жұмбақ боп қалатын тағы қандай дүниелерін тудырар еді деп өкінетініміз бар…
Нәзік лиризмнің кейбір тұстары жалт еткен сатиралық ұйқастарға орын беретінін де көруге болады: «Бас киім дегеннің шешілсе біразы,/ Бос боп шығып жүр, несін айтайық» немесе «Екпініне ез, қордың,/ Ерке көңілім ықпады./ Ерегестім, жез болдым,/ Оны да ешкім ұқпады».
Поэтикалық позицияны, яғни композицияны өзіндік позицияға бағындыру арқылы ақынның болмысы да, мінезді де өлеңнен орын алғанын байқаймыз.
Жастар мемлекеті – дәйім поэзия мекені. Өмірге енді ғана қол созып, алғаш ғашықтықтың дәмін татқан жас қыз-жігіт­тер тарапынан әлемнің түкпір-түкпірінде талай сезім жолдары жазылды, жазылуда һәм жазыла береді. Дегенмен таңдамалысына адамзат тамсанған ақындардың жөні бөлек. Артығали – жазылмаған классиканың авторы. Бозбала соқпағынан алысқа көз тастаған, бір топ өлеңіне Әулиеатаның жазиралы дарқанын сыйдырып, кез келген сәт­те өз оқырманымен қауышқан өлеңдер, ғайып нұрмен қайта оралып, иесіз қалған қаламмен жалғасын тапса ғой деп үміт­тенеміз кейде…

Ақерке АСАН,
әдебиет­танушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір