Жайлы демалыс, әсерлі жүздесу
Жақында Қазақстан Жазушылар одағының үш мүшесі Батыс Қазақстан облысында тұратын жазушы Алпамыс Бектұрғанов және ақындар Махмет Қажиахметов пен Сағынтай Бисенғалиев «Нұрберген» шипажайында әрі демалып, әрі ем-дом алып, денсаулығын нығайтып қайтты.
– Шипажай басшылығының демалушыларға жасаған тұрмыстық жағдайы, сондай-ақ ем-домы мен ұжым қызметкерлерінің қызмет көрсету мәдениеті көңілімізден шықты. Еліміздің өзге өңірлерінен келген демалушылар да шипайжайдың басшы-қосшысына бек разы, – дейді Алпамыс Мыңды-Қазиұлы.
«Ел құлағы елу» дегендей, «Нұрбергенге» ақын-жазушылар демалуға келгенін бірінен-бірі естіген демалушылар шипажай басшылығына қаламгерлермен кездесу өткізу жөнінде ұсыныс айтады. Мұндай орынды ұсынысты шипажай әкімшілігі, әрине, құп алады. Оқырмандармен жүздесу кешін «Жарқанат операциясы», «Сен кімсің?», «Тұрыңыздар, сот келеді!», «Топырағыңды таны» кітаптарының авторы, жазушы Алпамыс Бектұрғанов ашып жүргізді. Екі сағатқа созылған әсерлі кеште детектив жанрындағы әңгіме-романдарымен танылған жазушы Алпамыс Мыңды-Қазиұлының қаламгерліктің қыр-сырына қатысты шұрайлы әңгімесіне, ақын әрі журналист, суретші, қолөнер шебері, аңшы һәм балықшы Махмет Қажиахметов пен Қазақстан Жазушылар одағына қоса, Қазақстан Жыршы-термешілер одағының мүшесі, айтыскер әрі жазба ақын Сағындық (Сағынтай) Бисенғалиев оқыған өлең-жырға жиналған жұрттың ықыласы ерекше болды. Сонымен қатар демалушылар тарапынан қойылған сұрақтарға да шынайы жауап беріліп, оқырман қауым мен қаламгерлер арасындағы әңгіме-дүкен әдемі өрбіді. Сондай-ақ оқырман қауыммен осы жүздесу барысында «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Простор» сықылды әдеби бағыттағы газет-журналдарға жүйелі жазылу мәселесі де сөз болды. Осылайша, «Қазақ әдебиетінің» 90 жылдығы аясында ерке сылқым Ақ Жайықтың жағасындағы «Нұрберген» шипажайында мазмұнды да тағылымды іс-шара жүзеге асты.
– Біз өз тарапымыздан ем-дом қабылдап, денсаулығымызды нығайтып әрі ой сергітіп демалуға қоса, ел-жұртпен әлгіндей әсерлі жүздесуге жағдай жасап, ықпал еткен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев мырзаға, сондай-ақ осындай игі іске ұйытқы болған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының басшылығы мен «Нұрберген» шипажайының басшысы Мұрадымова Меңсұлу ханымға рақмет айтып, ризашылығымызды білдіреміз, – деп ағынан жарылды Махмет ақын мен Сағынтай шайыр.
Бақытжан ҒАБДУЛЛИН