«Жас қалам – жаңа роман»
29.12.2023
204
0

Биылғы жылдың қазан айында Қазақстан Жазушылар одағы мен «BELES» құрылыс компаниясы (директоры Махат Төреәлі, өкілі Мақсат Толықбай) бірігіп, «Жас қалам – жаңа роман» конкурсын жариялады.

Бүгінде қалам қарымымен танылған, болашағынан үміт күт­тіретін жас жазушылар баршылық. Олардың қаламынан туған әңгімелер мен шағын хикаят­тар әдеби орта мен оқырман қауым тарапынан лайықты бағасын алып үлгерген. Бірақ сол жастардың көбі роман жанрына бара қойған жоқ. Алды екі-үш кітаптың авторы атанса да роман жазған жастар кемде-кем. Роман жазуға жастардың қарым-қабілеті де, білім-білігі де жетеді. «Онда неге роман жазылмай жатыр?» деген сұрақты көлденең тартсаңыз, жастар тарапынан тіршілік қамытынан босай алмай жүргендері жиі айтылады.
Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағы мен «BELES» құрылыс компаниясы роман жазуға талапты жастарға мүмкіндік жасап, осы конкурсты жариялады. Роман жазуға үш ай уақыт берілді және әр айға 500 000 (бес жүз мың) теңгеден төленеді. Бас-аяғы бір романға 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың теңге) беріледі. Конкурсқа қырық жасқа дейінгі қаламгерлер ғана қатысты.
Романның тақырыбын жас қалам иесі өзі таңдайды. Бұрыннан жазбақ болып, санасында пісіріп, тек жазудың ретін тап­пай жүрген идеясын іске асырады. Ұйымдастырушы тарап қатысушыларға арнайы тапсырма беріп, бір тақырыптың аясына көгендеп қоймайды. Бірақ қатысушы тарап ұсынған тақырыптың өзектілігі ескерілді.
Конкурсқа қатысқысы келетін автор (аты-жөні, шығармашылық өмірбаяны) болашақ романының концепциясын (тақырыбын, өзектілігін, көлемін, көтеретін мәселесі мен айтар ойын, қысқаша сюжетін) жолдайды. Романның көлемі жүз бет­тен кем болмауы керек.
Үміткерлерден келген өтінімдерді комиссия мүшелері қарап, сараптап, үш авторды таңдап алды. Үш үміткерге көрнекті жазушылар Жүсіпбек Қорғасбек, Нұржан Қуантайұлы, Дәурен Қуат бақылаушы тәлімгер болып бекітілді. Осы үш жазушы үміткерлердің шығармашылық процесін бақылайды. Конкурсқа қатысушы қаламгер әр кезең бойынша бақылаушыға есеп беріп отырады. Бақылаушы шығарманың көркемдігін роман жанрының талаптарына сай қатаң бақылайды. Соңында бақылаушы қаламгерлер қатысушы автордың романы туралы рецензия жазады.
Романдар жазылып болғаннан кейін кітап болып жарық көріп, белгілі бір бөлігі авторға табыс етіледі және кітапханаларға таратылады. Романның авторлық құқығы толықтай автордың өз иелігінде болады. Қайда жарияласа да, қандай бәйгелерге қатысса да өз еркінде. Ақпан айында кітап болып жарық көріп, наурыз айының басында тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылады.
Конкурсқа тоғыз үміткер өтінім берген. Бақылаушы Тәлімгерлер ақылдаса отырып жас жазушылар Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл», Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам», Әлібек Байболдың «Мұтылған» романдарының концепцияларын лайық деп санады. Бүгінде жас қаламгерлер романдарын жазу үстінде. Көктем айларында қазақ әдебиеті үш романмен толығады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір