АҢСАРЫМА КУӘ – ЖАЛҒЫЗ ҚАЛАМ-ҚҰТ…
23.09.2025
390
0

Толқын ҚАБЫЛША

***
Дейсің бе, әлде,
ұғына алсаң, ғаламды ұқ?
Мұнша сұлу болармысың, адалдық?!
Неге біздер ғарышта емес, жердеміз,
Неге біздер қанатсыз боп жаралдық?

Жанарыма жазықсыз бір жас тұнды,
Жан-тәнімде бір сағыныш асқынды.
Іңкәрлікте болмайды екен басқа жол,
Нәзіктікте болмайды екен басқа үлгі!

Жер менен көк қайталамас сәт дедім,
Жаратқаным, сен осынша пәк пе едің?
Періштенің сезіндірген шын халін,
Күнәһардың сезіндірген әттеңін.

Қандай қуат жаратты екен жан, арды?
Қандай қуат жалт еткізді жанарды.
Қандай тұнық біздің осы сағыныш!
Қандай сұлу біздің осы адалдық!

Сені жырлау болсын енді маған құт!

ЖҮРЕКСІЗ…
Селт етпейтіндер жүрексіз келер,
Жүрексіз келер бәрінен,
Қорқатын болсаң, шын қорқу керек,
Жүрексіздердің кәрінен.
Кеудесіндегі жұмыр етінде
Сезім болмаған жандардың,
Тозақтың оты жылтыңдап қарар,
Жанары, жүзі, әрінен.
Сыртқы кескіні адам секілді,
Ішінде – бірақ жануар.
Таң менен кештің, жүрексіз кешкен
Тірліктің қандай мәні бар?
Гүлдерді жұлып, гүлзарды жұлып,
Жау болып нәзік мейірге…
Жүрексіз кешкен ғұмырдың кейпі
Ұқсайды бекер сейілге.
Тікенектері…
онсыз да мынау көп болған мінсіз заманың,
Сүйе алмайтындар мен сенбейтіндерден
құрылған құнсыз қоғамың,
Арман да жырақ, аңсар да алыс,
Жүрексіз жанға бәрібір.
Жаныңмен өртеп сүймейтін болсаң,
Өтінем, менен әрі жүр!
Көз жасымменен қайта маздатып,
сенімнің сөнбес шырағын…
Жүрексіздерді көзіммен жасқап,
қасқайып қарап тұрамын.

***
Қарашы, әне!
Өлеңнің періштесі,
Аңғалдығын ғаламның сеніп кешіп,
Адалдықты сүюден жалықпайды.
Қанатымен қауырсын қалықтайды.
Алданбаған арманның иесіндей,
Мөлдір таза бір мұңның киесіндей,
Жараланып жатса да нәзіктігі,
Іздемейді ол кінәлі, жазықтыны.
Сатқындықты сезінсе жылап қалып,
Тағдырының әр сәтін сұраққа алып,
Сол періште күйімен кешірімді,
Өлең болып тербейді бесігіңді.
Өмір болып оятып сәби күнді,
Өмір болып жұбатып фәни мұңды.
Саф ауасы секілді ғаламыңның,
Тұнықтығы секілді жанарыңның.
Аңғырттығы күн кешіп бала шақта,
Үміт сыйлап барады болашаққа.
Көзің салшы, періште жыр құсына…

***
Жүз жыл уақыт,
Болсаң да көзден жырақ,
Бойымда әлі, сол бір күн сезген қуат.
Өмір сүрдің жүректің түкпірінде,
100 жыл уақыт,
дәл бұлай күтті кімдер?!
Құрсақтағы сәбидей ең кінәсіз,
Кеудемдегі сенімдей ең шүбәсіз,
Өмір сүрдің жазықсыз өлеңімде,
Саған сенген риясыз әлемімде.
Мен ұнатқан аяулы таң шығында,
Жанарымнан сырғыған тамшы мұңда.
Мезеттерде алғаусыз ғашық болған,
Сәттерімде бақыттан тасып, толған.
Үміт артқан кезім боп елжіреген,
Қарашықта сезім боп мөлдіреген.
100 жыл уақыт – өлмеген ғасырымдай,
100 жыл бойы аңсаған асылымдай…
Сыр сандықта жасырған алтынымдай,
Жанардағы сөнбеген жарқылымдай.
Өмір сүрдің мәңгілік арман болып,
Мені алдаған ең сұлу талғам болып,
Мен өзіңе серт берген сағыныштай,
Қалай жүргем, сонша жыл алып-ұшпай?
100 жыл уақыт,
Аз емес тағдырыма,
Жасынына, жүректің жаңбырына.
Сен мәңгілік екенсің, Құдайым-ау,
Мен тағы да тәнтімін жарлығыңа!

***
Жанарым неге жасаурай берді?
Жанарым, саған ұқсаған…
Жазмыштан тағы аса алмай келдім,
Жасқанып жарық нұсқадан.

Жанымды бір мұң қапсыра құшты,
Қапсыра құшты сағыныш.
Сол сезім тағы асқына түсті,
Жан менен тәнім жарылыс.

Жаңбырға шаққан жалқы бір мұңын,
Жанына сауға сұраған.
Жүректің мына жарқылы – жырым,
Аршып алатын күнәдан.

Жасаурап қалған қарашығыңдай,
Көрмеген әр күн жазалы.
Жаратқан менің жанашырымдай,
Жаныма өлең жазады.

Жүректің мынау күйін түсінбей,
Атады сосын таңдарым.
Сен келер күннің сүйіншісіндей,
Тағдырдан тостым қалғанын.

***
Адалдық жайлы айтылса бір сөз,
Келесің көздің алдына.
Келеді бейнең, келеді көзің,
Болады оған жан куә.
Алдамас аппақ аңсар үміттей,
Тұрады сенің шық бейнең.
Арылып сосын күллі күдіктен,
Алдарқата алмай көп күйбең,
Ақжелкен мұңның жалауын құшып,
Арзу айтқым кеп аспанға…
Адалдық жайлы ешкім жазбаған,
Жазғым келетін дастанға.
Қайталап айтып сенің атыңды,
Күбірлеп іштей Тәңірге…
Мінәжат етем, мінәжат етем,
Сен туған көктем, сәуірге.
Алғыс айтамын ғаламға, сосын
Өзің боп құшқан мезгілге.
Адалдық жайлы жыр жазып жүріп,
Өзіңді таптым, сездің бе?
Алладан басқа құдірет жоғын,
Тәу етіп тағы мойындап,
Сен туған күнді, өлкені, жылды,
Сүйген сәт, уайым жойылған.

***
Cағыныш дейтін алапат мұңның
Шарпыса бір сәт жалыны…
Тағы да сенің көздерің тұрады
Қиылып қарап, сағынып.
Көздерің тұрады – соншалық сұлу,
Соншалық таза, күнәсіз.
Сол қарашықтың ішінде қалған…
Сезім де сұлу, шүбәсіз.
Өзгенің бәрін тәрк еткім келер
Сол арман, сол күй, аңсарға.
Көзіңде сенің жалт еткім келер,
Жалт еткен әр күн, жан сауға.
Тұп-тұнық ардың ұстынындай боп,
Тұрады сенің кескінің.
Жалғыз-ақ сені құшқым келеді,
Ақ сезім жырды кешқұрым.
***
Иесі болмасаң да бесігімнің,
Киесі болмасаң да есігімнің,
Адалдықтың еншісі секілденген
Әр әрпі ізгілік қой есіміңнің!
Көкжиектен қарайтын Күн көзіндей,
Сен тағы күліп тұрсың, кешірімдім!

Сен тағы күліп тұрсың, жан-жүрегім!
Жан-жүрегім!
Сен неткен тағдыр едің?!
Мені мұңаймасын деп күн кешетін,
Сенің нәркестігіңде бар тілегім.
Мен өзіңмен биікпін, аспан тектес,
Сен жаңбырсың,
сүйетін жанды керім.
Ұғындырған ең сұлу ар қадірін,
Ұғындырған ең тұнық жан қадірін,
Жаратқаным секілді тым кінәсіз,
Сен өлеңсің,
сыйлайтын жанға тыным.
Арманымның алауы секілденген,
Сен бар жерде үміт бар,
Жап-жарығым!

***
Сені көрсем,
рухым түлеп,
жан күліп,
Күйкі мұңды қыр астына қалдырып,
Жадырайды мына мендік бар болмыс,
Рауандайды таң күліп.
Ғұмыр күннің жалғыз сендей иесі,
Қарашыққа сіңіп қалған таңғы үміт.

Қанатыңды көк аспанда талдырып,
Қияларды шалдырып,
Сен келген сәт –
Мен ғаламға айналам,
Жер-жаһанды махаббатым таң қылып…
Өзің болып өлең құшар кеудемді,
Ғайып болып бар күдік.

Хақ Тәңірдің қабыл алып жарлығын,
Елеместен дүниенің тарлығын,
Тәрк етемін тіршіліктің бодауын,
Тәрк етемін бар мұңын.
Сені көрсем, алаулайды бір арман,
Жанарымды шырағдандай жандырып.

Жыр-қанатым!
Алқаракөк жолдаған,
Бақытым сен,
базарымсың болмаған.
Мәңгі көктем, жүрегімсің сен менің!
Жан гүлісің солмаған.
Жаратқанның шуағысың, білемін,
Мені мәңгі қолдаған,
Мені мәңгі қорғаған.

ӨЗ ҚОЛЫММЕН СЕЗІМ ГҮЛІН ӨЛТІРДІМ…
Мен өзіме жылауға ерік бермедім,
Мықты болғым келді мүмкін тағдырдан.
Жан мұңымды жалғыздықпен емдедім,
Көздің жасын айырғым кеп жаңбырдан.

Сезім гүлін өз қолыммен өлтірдім,
Сенсіз мұңның ішкім келді шарабын.
Жан-тәнімнің өшіргендей өртін мың,
Мақпал түнге маңғаздана қарадым.

Сосын, сосын… сағыныштан жеріндім,
Сол сезім ғой, құрбан қылған жолыңда.
Мұңмен жалғыз егескендей көріндім,
Серт еткендей сенсіз бақытты болуға.

Өн бойымнан сені солай тәрк еттім,
Жан гүлімнің үздім нәзік сабағын,
Сені мүлде ойламауға ант еттім,
Қарсы алдым да, қатыгез күн қабағын.

Ант еттім мен
Анау зеңгір аспанға,
Аңсарыма куә жалғыз қалам құт.
Өзің жайлы жазылмаған дастандай –
Соңғы гүлде
Жылап тұрды адалдық.

Адалдықты қиын екен өлтіру,
Қия алмадым оның нәркес жанарын.
Соңғы раушан қолымда тұр, ол тірі…
Сенсіз гүлдің қайтсем ұғам бағамын?

***
Ештеңе жоқ,
ішімде тек бұрқасын,
Жан бұрқасын, тән бұрқасын, бұрқасын.
Жылы жаққа ұшпай қалған құспын мен,
Мекендейтін жаз бен қыстың ортасын.
Жүректе тек Тәңір қалды, тілекте,
Жалғыздықтан дейсің бе сен қорқасың?

Күн қабағын керсін мейлі, түн қасын,
Елеместен, жанның шерін, көз жасын…
Тәрк еткенмін сағыныштың күйін мен,
Шанағына құйып тастап қорғасын.
Шертілмеген қобыз сарын ішімде,
Жалғыздықтан дейсің бе сен қорқасың?

Соқсын дауыл,
Соқсын боран, жел мейлі,
Деуші едім мен,
«Мендік жалын сөнбейді».
«Сол сертіңнен қалай ғана тандың?» – деп,
Жалғыздығым күні-түні тергейді.
Селт етпеймін, бұрқасыным ішімде,
Уіліне уіл қосқым келмейді.

Сағыныш па?
Тәрк етілген аңсар ма?
Сол аңсарға болушы еді жан сауға.
Астаң-кестең арманымдай айыпты,
Жүрек енді бата алмай жүр аңсауға.
Жан мен тәнім дат айтатын жалқы күн,
Болар ма екен,
бақыт дәмін тамсауға?..

***
Сен бе,
Мен бе?
Жарығың ба сөнбеген?
Көзімізде – оқылмаған соңғы өлең.
Жасырынбақ ойнап тұрмыз,
Екеуміз…
Ағыл-тегіл, астаң-кестең кеудемен.
Екі ерінде дірілдейді бір үміт,
Жансебілдей жазмышына көнбеген.

Жансебіл ме?
Жазмышқа шын көнбеген,
Жан менен тән.
Сағыныш қой шөлдеген.
Әлдене деп үкім айтпақ боламыз,
Тағдыр жайлы…
бізді тосқан көлденең.
Уақыт дейміз,
Бізді мұңнан емдеген.
Адалдықты қайтсек екен, өлмеген?

Сені ешкімге,
мені ешкімге бермеген,
Адалдықты,
Қайтсек екен, өлмеген?
Жазылмаған ғұмыр-дастан секілді,
Жырларымыз жасырынған кеудемен.
Бір мысқалын қия алмайтын өзгеге,
Біздер, сірә, секілдіміз
Соңғы өлең.
Ендеше, әлі екеумізде ғасыр бар,
Ғаламатын ешкім сүріп көрмеген.  

***
Сенің мені қызғанғаның ұнайды,
Сыйланбаған қызғалдағың ұнайды!
Ғұмырымда өзің болған әр мезет,
Жақындатар көгімдегі құдайды!

Айналғандай аспан жерді, күн айды,
Менің сен деп сабылғаным ұнайды.
Күллі әлемнің қағидасын тәрк етіп,
Сенің мені сағынғаның ұнайды!

Тағдыр бізді солай,
бәлкім, сынайды,
Кейде сені қызғанған сәт ұнайды.
Білесің бе, саған ғұмыр, бақ тілеп,
Мына жүрек
таңда қалай жылайды…

Сені адал деп сенген әр күн ұнайды,
Адалдық қой жақындатар құдайды.
Бәз біреулер баз кешетін бұл ғұмыр,
Сенген, сүйген сәтте ғана шырайлы!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір