ЖАЙЫҚ ЖҰРТЫМЕН ЖҮЗДЕСУ
24.11.2025
50
0

Осыдан бірер апта бұрын Орал қаласына танымал жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш келіп, Жайық жұртымен жүздесті.

Ақ Жайық атырабына табаны тиген күні қарымды қаламгер Батыс Қазақстан облысының орталығындағы абыз ақын Қадыр Мырза Әли атындағы өнер және мәдениет орталығында болып, Жайық жазба әдебиетінің өткені һәм бүгінімен танысты. Ертеңіне Нұрдәулет Ақыш Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында әдеби қарым-қабілеті бар жеткіншектерге қоса, олардың ата-аналары және мұғалімдерімен, сондай-ақ кітапханашы қауыммен жүздесті. Әуелі үшбу кітапхананың бай тарихымен, құрылымдық ерекшеліктерімен, елішілік және халықаралық байланыстарымен кітапхананың бөлім меңгерушісі Гүлназ Хамзина таныстырып өтті. Содан соң әдеби астанамыз Алматыдан келген мейман кітап оқу мәдениеті, көркем әдебиеттің адам өмірі мен адамзат қоғамы үшін рухани мән-маңызы жөнінде ғибратты әңгіме өрбітті. Сосын жазушы мен Жайық жұртының жүздесуі сұрақ-жауап сипатында өрбіді.
– Жақында «Афанасий Латута» атты жаңа романым жарық көреді. Бұл шығарманың басты кейіпкері Афанасий — Ақмоладағы ұлт-азаттық көтерілісін бастаған украин азаматы. Маған ол туралы роман жазуға танымал тарихшы Зиябек Қабылдинов ықпал етті, – деді оқырмандарының сауалына жауап беру барысында Нұрдәулет Бәбиханұлы. Емін-еркін әңгіме-дүкен түрінде өткен кездесу көпшілікке әдемі әсер сыйлады.

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір