ҚАЙРАН ЖАСТЫҚ, ҚАЙТА ОРАЛМАС ҚАЛДЫ АЛЫС…
02.09.2025
529
3

Мұхарбек ЖӘКЕЙҰЛЫ

Ардагер

Қазақы ауыл тарихы бар мың орам,
Көкалат­та тұрушы еді бір ағам.
Таңғаларлық тағдырынан тарқатсам,
Әй, бір қызық оқылмаған роман.

Қайталанбас қарапайым болмысы,
Қанағат­ты қадір тұт­ты сол кісі.
Абысынның шайын ішкен «шәй» деспей,
Жеңгеміз де – бұрымдының өңдісі.

Өмір дәмі бола бермес кермек кіл,
Ердің атын шығаратын еңбек – бұл!
Бағаласаң ол да бақыт – бұл күнде,
Жеңгей де аман, қыз бой жетіп,
ер жет­ті ұл!

Екеуіне немере енді алданыш,
Кейіпкерім кеудесінде бар намыс.
Егде жаста айып етпес еске алсақ,
Қайран жастық, қайта оралмас
қалды алыс…

…Ер жігіт­ті екі жылмен сынаған,
Армияға кеткен күні Роман.
Айлы түнге арзу айт­ты бір ару,
Қос бұрымы тірсегіне құлаған.

«Әскер өмір мектебі ғой. Ес кіріп,
Солдат бопты ел қорғайтын!» –
десті жұрт.
Алты айдан соң «Қарғыс атқыр Ауғанға,
Соғысқа алып кетіпті» деп естідік.

Өмір ылғи тұра бермес болжаудан,
Амал-айлаң артық болсын көп жаудан!
Шалыс бассаң, мүрдең – мырыш табыт­та,
Ауғанстан – қан сауғалап, оқ жауған!

Ауғанстан – қан сауғалап, оқ жауған,
Ешкім қашып құтылмас бұл ойраннан.
Таршылықта тағдыры бір талай дос,
Қайтпай қалды кешегі қан майданнан.

Атасы да қайтпапты қан майданнан,
(О, Құдай-ау, еске түсті ол қайдан?..)
«…Құлынымнан садаға!» деп әжесі,
Ауылдасқа дастарқанын мол жайған.

Жүрісінен жаңылған ба маңғаз күн?
Өз заңы бар әрбір көктем, әр жаздың.
Жұма сайын жеті күлше таратып,
Тілейді ана амандығын сарбаздың.

Баласының есейгенін хош көрген,
Әкесі де: «Қалма, – деді әскерден!».
Көңіл бірақ әлденеден үміт­ті,
Бір жаңалық күтетіндей Мәскеуден…

…Ауғанстан соғысынан Роман,
Келді әйтеуір, туған елге дін аман.
Әжесінің қабыл болды дұғасы,
Жаратқаннан жалбарынып сұраған.

Ардагер деп ұлықтады басшылық,
(Бірақ соған қызықпады бәс тігіп).
Медалін де салып тастап сандыққа,
Шопыр болып еңбек ет­ті жас жігіт.

Мінбелерге құмартпады сол кісі,
Ағайынға мін артпады сол кісі.
Ел көшкенде Көкалат­тан үдере,
Туған жерге тұрақтады сол кісі.

Еске салар жарылғанын минаға,
Соғыс жайлы қызықпайды киноға.
Жылына бір баратыны болмаса,
Мектептегі кез­десуге қинала.
Майдангері түгесілген ауылда,
(Күнә шығар шақырғаннан қалу да).
Марапатын сандығынан шығарды,
Алғаш рет кеудесіне тағуға.

Ер алғадай – бәйгеге бас тігерде,
Батыр аз ба, ел қорғаған бұл елде.
Қырық бірде аяқ-қолын жоғалтқан,
«Үш ақсақ» пен «бес шолақты»* түгенде!
Екі соғыс – бір ғасырдың қырғыны,
Сан ошақтың түрілмеді түндігі.
Жесір ана… жетім қозы тасбауыр…
Ақиқаты айтылар ма бір күні?

Өмір – кезек, жылдар баяу жылыстап,
Қырғы ауылда шалдар жатыр тыныстап.
Тоғызыншы мамыр күні сол кісі,
Мемориалға бара жат­ты гүл ұстап.

Агроном

Әлқиссаның әдебінен озбасаң,
Ауыл жайлы жалықтырар сөз қашан?
Жеңгелерім айып етпес әзірге,
Әңгімені ағалардан қозғасам.

Бір ағамыз бала оқытқан мұғалім.
(Оны ұмытсам, «таяқ жейтін»
шығармын).
Ал бір ағам шөп шабады күні-түн,
«Трактордың ұрайын деп құлағын».

Қарына іліп, қыдыр қонған құрығын,
Жылқышы ағам алмайды бір тынымын.
…Сосын, біздің құйт­ақандай ауылда,
Игерген көп Гиппократ ілімін.

Прораб пен ветеринар ол да көп,
(Мамандыққа тыйым салу заңда жоқ).
Мен білетін Көкалат­тың түбінде,
Коммунисі кетуші еді молда боп.

Бүгінгіден жігіт­тер аз ел кезбе,
Маман да көп, жұмыс та көп ол кез­де.
Бір ағамыз Алматыдан оралды…
(Әңгімені доғарайын енді өзге).

Ұқсамайтын мінезі бар басқаға,
Агроном маман екен жақсы аға.
Түрен салып жағасына Торғайдың,
Өзі иелік етпекші енді бақшаға.

…Бір жағынан орталықтан шеткірек,
Қолайлы жер – «Көпіртоғай»,
«Ақтүбек».
Кеңесші көп: «Кенелесің өнімге,
Бақшашы бір досың болса ептірек»…

Мектеп айтса, бұлтаруға жоқ шама,
Көктем туа әлгі біздің жақсы аға.
Қолымызға бір-бір күрек ұстатып,
Бәрімізді алып барды бақшаға.

Бізге солай артып қойды қоғам жүк,
Әрқайсымыз диқан бала боп алдық.
Сары маса жаудай екен далада,
Әй, бір оңбай таландық-ау, таландық.

Шабыт берсе, шаршау білмес бұла шақ,
Бір жетілік жұмыс екен шыдасақ.
Белді буып еңбек етіп күнімен,
Бел астына елеңдейміз тұра сап.

Қылығыңды кейде ақылға сыймаған,
Бұл неткен жан қиянатқа қимаған?
– Сәл шыдаңдар, күзге салым қарбызға,
Тойдырамын барлығыңды, – дейді ағам!

Көктем өт­ті, жаз ауысып, келді күз,
Бақша жаққа қарайлаймыз енді біз.
Кереметке келмесе де сенгіңіз,
Әй, сол жылы берекесін берді күз!

Ерте көктем қалған жер ғой дерегің,
Әңгелек пе, қарбыз ба, әні – керегің!
…Неткен құнар, неткен нәрлі жер едің,
Тюмень асты керуен-керуен мол өнім.

Еңбегіңді екі есе қып қайтарған,
Жасыл желек көз тартады жайқалған.
Ағам отыр қауын тіліп торлама,
Көңіліне көз тимесін марқайған!

Мың құбылып дүниенің дүрмегі,
Одан бері қанша бақша гүлдеді?
Ауыл аман – ажырамас діңгегі.
Мәңгі жасыл бақшасындай ағамның,
Шат­тық толы шаңырағы іргелі!

Көп тілегі – көсегесі көгерді,
(Осыменен аяқтар ем өлеңді).
Топырағы торқалы ғой Торғайдың,
Агроном шыға қойса, жөн енді!

Қозыбай

Кейде осыны келмесе де қош көргің,
Бояуына бояу қосып көшкен күн.
Бөгенайы бөлек туған Қозыбай,
Сеңгірінен асты бүгін сексеннің.

Жеті мүшел демесеңіз, ес бүтін,
Жездемізге керек емес көп күтім.
Әбішевтер әулетінің жемісі –
Қозекеңнің кіндігінен төрт түтін.

Сол төрт түтін бір аулада көктеді.
(Тағдырына айтқан емес өкпені).
Барға шүкір, жоққа сабыр күн кешсе,
Қозыбайдың қоңыртөбел мектебі.
Ал Қозекең – аға шопан орденді,
Айырқұмда төккен терін ел көрді.
Ерте өргізіп, кеш қоралап отарын,
Сақыманда егіздетіп төл берді.

Аламанда ат құлағы теңессе,
Шопан үшін зор жетістік емес пе?
Ақ таяғын айырбастап қаламға,
Депутат боп кірді талай кеңеске!

Қыс қыстауы –
Шиліқұдық, Сарбұлақ,
Нұралыда марқа пісер балбырап.
…Қой күзетке кететұғын түн ауа,
Құс ұйқылы батырларша қалғып ап.

Ит жүгіртіп, құс салатын жайменен,
Жігіт­тігін серілікке сай көрем.
Топ жиылып, Тойтөбеден шаң шықса,
Салторысы жүлде бермес бәйгеден.

Қайтем оны құпия қып, құлыптап,
Ондай кез­де тілін тапсаң дұрыстап.
Ақ көңіл ғой қайран, біздің Қозекең,
Ақ қайнардан жіберетін ұрыт­тап.

«Айнамкөз» деп бастайтұғын бір әнді,
Жастық енді бұрылмайды күмәнді.
Ақырет­тің қамын жейсің амалсыз,
Қирағат­тап оқығанда Құранды.

Ақ жүзіне әжім түспес қарт осы,
Аман жүрсе, апамыздың арқасы.
Қой, ауылға жиналайын ұзатпай,
Қозыбайдың піскен шығар марқасы?!

Қос кемпір

Бүгінгінің бұлданбасын келіншегі,
Сыйластықтың жоқ-ау мұндай өлшемі?!
Тату-тәт­ті ғұмыр кешкен «шай» деспей,
Қос кемпірдің үйі бізге көрші еді.

Төсегінде дөңбекшіген жиі аунап,
Қазіргі еркек қолы жетпес қиялдап.
Елден ерек екі әйелді құшса да,
Хасен әкей кетіпті ерте түйе айдап.

Көңіл шіркін, тұра ма ылғи күйі кеп,
Бірақ осы бір-біріне сыйы көп.
Екі әжеміз отын жаққан ошақты,
Атап кеткен «Қос кемпірдің үйі» деп.

Қос кемпірі күндестікті білместен,
Өле-өлгенше бір-біріне сіз дескен.
Аруақ қонған сынықшы әкем Айдархан,
Екі әжеммен ертегідей күн кешкен.

Әйел – көнбіс тағдыр басқа салғанға,
Қос кемпірлер көп еді онда, таңданба.
Қайран Күлшім, Күлдірайхан әжелер,
Құшақ жая қарсы алатын барғанда.

Бүгінгінің баласына ертегі,
Кешегінің бөлек еді еркегі.
Қос кемпірдің бабын тапқан ың-шыңсыз,
Ағзамиден, діні берік кәлпе еді.

Екі әйелдің білдірмейтін артығын,
Еркіндігі біздің дала салтының.
Менің Архат інімнің де есімде,
Елге сыйлы екі әжесі бар-тұғын.

Тірлігінде өткізбеген бекер күн,
Біздің шалдар елшісіндей екі елдің.
Дұғасына қосушы еді үйде әжем,
Бұрын қайтқан бәйбішесін әкемнің.

Осы хәлді біз қайтер ек… білмедім,
Біреуінен табамыз-ау кейде мін.
Қой әзірге бұл тақырып көп нүкте,
Бестің шайын бермей қояр үйдегім.

ПІКІРЛЕР3
Аноним 02.09.2025 | 19:03

Бір демде, бас алмай ішінде жүріп оқисың ғой. Киіпкерлермен бірге жүргендей боласың.

Аноним 03.09.2025 | 12:06

Мұхарбек бауырым өлеңдерің керемет екен әсерлі оқыдым
Жазарың көп болсын

Аноним 03.09.2025 | 14:51

Мұхарбек бауырым, замандасым керемет терең ой, ел азаматтарына құрмет,ұлттық рух аңғарылады. әрбір өлең жолында шынайылық бар

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір