«Мәңгілік жастық жыршысы». Саттар Ерубаевтың туғанына – 110 жыл
30.01.2024
658
0

Биыл қазақ халқының аяулы ұлы, Қазақстанның алғашқы жазушылар съезіне қатысып, одаққа мүше болған, Қазақстан жастарының «Ленин комсомолы» сыйлығын алғаш иеленген ұлағатты тұлға, қазақ әдебиетінің аспанында жарқ етіп көтеріліп, бірақ лезде жалт етіп ағып түскен жұлдыздарының бірі, өмір дегенге өксігін баса алмай, өнердің барлық гүлін аша алмай арманда кеткен жас талант Саттар Асқарұлы Ерубаевтың туғанына 110 жыл толып отыр. Қазақтың маңдайына біткен марқасқа ұлы Саттар Ерубаев небәрі 23 жыл ғана ғұмыр кешті. Небәрі 20 жасында-ақ «Лениншіл жас» газетінде редакторлық қызмет атқарды. Әдебиет және өнер саласындағы тасы өрге домалап тұрған Саттар Асқарұлын арманына тұла бойын әбден меңдеп алған дерті жеткізбеді. Бірақ қазақ жазушысы аз ғана ғұмырында кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай даңғыл жол қалдырып үлгерді.

 Айтулы мерейтойға орай Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі Наурызбай ауданы Отбасылық оқу кітапханасының ұйымдастыруымен «Мәңгілік жастық жыршысы» атты  әдеби кеш өтті.

Салтанатты шараны Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Нысаналиев Мирас Нұрланұлы ашып беріп, қаламгердің өмірі мен әдебиеттегі атқарған істеріне біршама тоқталып өтті.  Сондай-ақ әдеби кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актері Болат Әбділманұлы; жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Балдырған» журналының бас редакторы Мағлұмов Дүйсен Мүсірәліұлы; Ақын Ернұр Сағатбек; дәстүрлі әнші Сәулетбай Бақтыбайұлы және аудан тұрғындары, мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысып, мерейтой иесі жайлы ой-толғаныстарын ортаға салды.

Болат Әбділманұлы қазақ жазушысы жайында өз пікірін білдіре отырып: «Әдебиет ардың ісі ғана емес, Алланың адам баласына тартқан сыйы. Оның басты мақсаты – адам жүрегіне терең бойлау, жанына сұлулық нәрін егу, рухын асқақтату. Сол ғибратты тағылымға адал болу кез келген суреткердің мұраты», – дей келе Саттар Ерубаевтың портреттік қырын ашып берді.

Кітапхана меңгерушісі Ләззат Нұрғалиқызы салтанатты шараға арнайы ұйымдастырылған «Мәңгілік жастық жыршысы» атты кітап көрмесіне шолу жасап, қаламгер жайлы кітаптар мен құнды деректер бойынша толық мәліметтер берді.

Шара барысында кітапхананың үздік оқырмандары қаламгер туындыларынан үзінділер оқыса, дәстүрлі әнші Сәулетбай Бақтыбайұлы домбырада жырдан шашу шашты.

Кеш соңында кітапхана меңгерушісі Ләззат Нұрғалиқызы әдеби шараға келген қонақтар мен  өнер көрсеткен жастарға ризашылығын білдіре отырып, Алматы кітапханаларының басшысы Бектембаев Мейрам Еркенұлының Алғыс хатын табыстады. Кітапхананың тұрақты оқырмандарына: «Өздері кіп-кішкентай болса да қаншама үлкен адамның назары ауған үлкен жиында мақтау қағазын алған баланың кеудесінде өз болашағына деген зор үміт пен сенім пайда болады деген ойдамын. Аға буынның сенімін ақтайтындай парасат, пайымы биік азамат, азаматшалар болыңдар», деп қаламгер шығармасынан үзінді оқыған әрбір баланың қолын қысып тұрып, мақтау қағазын ұсынды.

Саттар Ерубаев замандастары жадында жап-жас қалпы сақталып қалды. Оның туындылары, өлең-жырлары өзінің замандастарын да, біздің ағаларымыз бен қатарларымызды да толғантты. Жүрегімізді тебірентті. Оның «Менің құрдастарым» шығармасы аға ұрпақтың ғана емес, бергі буындардың да құрдасына айналды. Біз бұл сабақтастықтың жалғаса беруін тілейміз.

Ләззат ИСАБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір