«ЖАС ҚАЛАМ» ақ кеме сияқты алыс айдынға бет алды
05.02.2024
890
0

2002 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулет Бас редактор болып келді. Келе сап мені шақырып алды. «Маралтай, жаңа өлеңдеріңді әкел. «Қазақ әдебиетінің» айқара бетіне өлеңдеріңді, газеттің алғашқы бетіне дәу ғып суретіңді берейік» деді. Мен қуанып кеттім. Ағаның қамқор көңілі, жанашыр пейілі мені қатты толқытты. Алайда мен «Аға, ықыласыңызға көп рахмет! Мен шығып жүрмін ғой, мына артымыздан келе жатқан жастар шықса жөн болар еді» дедім. Ұлықбек аға сәл кідірді де «Оны да ойлап жүрмін. Олай болса саған бір ай уақыт беремін, ай сайын шығатын жастарға арналған екі беттік қосымшаға редактор боласың! Қосымшаның аты «Жас қалам» болады» деді.
Мен Ұлықбек ағаның алдынан қуанып, әрі толқып шықтым. Бұл маған жүктелген жауапкершілік еді. Бұрын бұл бағытта жұмыс жасап көрмеген мен үшін алғашқы қосымшаны дайындау әжептәуір ізденісті қажет етті. Алғашқы нөмірге шығатын материалдарды әбден сүзгіден өткіздім. Не айтам, неден бастау керек деп ойландым. Қатар-құралпы жігіттермен ақылдастым. Сол бір тұс қазақ баласының да, әдебиетке жаңадан келіп жатқан жас толқынның да жоқ іздеп тұрған кезі еді. «Жас қалам» қосымшасының алғашқы бетіне Жарас досымның із-түзсіз ғайып болған өте дарынды ақын досымыз Әділ Ботпановты жоқтаған «Қайдасың, Әділ?» деген мақаласын бердім. Қосымшаның маңдайшасын қандай қәріп түрімен жазу туралы да аз толғанғам жоқ. Қосымшада жарияланған материалдарға қатысы бар суреттің бәрін өз қолыммен салып шықтым. Әмірхан досым (марқұм) осы еңбегімді көріп таңғалып разы болып еді. «Жас қалам» қосымшасының алғашқы саны шыққан күні Ұлықбек аға маңдайымнан сүйіп, арқамнан қақты. «Бұл біздің еліміздегі жастардың шығармашылық мүмкіндігін көрсетер жалғыз мінбер. Сол есіңде болсын! Қосымшаға тек қана дарынды жастардың ғана шығармасын жарияла. Сырттан келіп жатқан жастарды да назарда ұста» деп өзінің ағалық ақылын айтты. Ай сайын бір мәрте «Қазақ әдебиетінің» қосымшасы ретінде жарық көретін «Жас қаламды» ел күтіп, іздеп оқитын болды. «Жас қалам» шын мәнінде жастардың мінберіне айналды. Тұтас бір буын осы «Жас қалам» қосымшасы арқылы танылды. Сол тұста қалт-құлт етіп суға түскен қағаз қайық сияқты жүрген жас қаламгерлер бұл күнде еліміздің белгілі қаламгерлеріне айналып, ақ кеме сияқты алыс айдынға бет алған… Олардың бәрінің атын атап, түсін түстеу қажет бола қоймас. Бұл туралы олардың өздері жазып, өздері айтқаны абзалырақ деп ойлаймын.
«Жас қалам» қосымшасының тұрақты жарық көруіне байланысты айтуға тиісті басты есімнің бірі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиеттің жанашыры Әлихан аға Бәйменов! Егер Ұлықбек аға бастамашы боп, Әлихан аға қаржылай сипатта қол ұшын созбағанда «Жас қалам» қосымшасының ғұмыры қысқа болған болар еді. Сондықтан да сол тұста әдебиетке келіп орнын айқындаған жастардың бәрі осы екі ағамызға алғыс айтса жарасымды.

Маралтай Райымбекұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір