Байтақ Отанды сүю алыс ауылдан басталады…
Тұлғалық деңгейде патриотизм – адамның дүниетанымында, мақсат-мұратында, мінез-құлық нормаcында көрініс табатын маңызды, тұрақты сезім. Ал оның жоғарғы көрінісі – өз халқына, оның өмір салтына, тарихына, мәдениетіне, мемлекетіне, іргелі құндылықтар жүйесіне қатысты ұжымдық көңіл күйде, сезімде, оны бағалауда көрінетін қоғамдық сананың маңызды бөлігі, қарапайым сөзбен айтқанда, Отанға, тілге, салт-дәстүрге, мәдениетке деген сүйіспеншілік.
«Мен елімді, ұлтымды сүйемін!…» – деп ұрандатпай-ақ, күнделікті ісімен жұртына жанашырлық танытып, берекелі іс атқарып жүрген жандардың көп екені көңіл қуантады. Осы орайда Жетісу облысына қарасты Панфилов ауданы азаматтарының қайырлы қадамдары өзгелерге үлгі боларлық. Жаркенттік жігіттер турасында әңгіме қозғалғанда ауызға алдымен өңірдегі танымал кәсіпкер Серік Ақсубаевтың есімі оралады. Өз кәсібін тәуелсіздіктің бастауында жолға қойып үлгерген Серік Мұқашұлы білім мен спорт саласында жетістікке жеткен жастарға арнайы стипендия тағайындап, олардың білім алуына, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысуына қаржылай көмек көрсетуден жалыққан емес. Қарт адамдар мен ерекше күтімді қажет ететін балаларды «Жаркент-Арасан» шипажайына тегін жатқызып, аудандағы барлық қайырымдылық шарасына демеушілік жасап жүрген ол соңынан ерген інілерін де осындай игілікті істерге баулып келеді.
Аға буын бастамасын жалғастырған Сарыбел елді мекенінің тумасы, кәсіпкер Айдын Есенов өз қаражаты есебінен ауылына екі қабатты спорт кешенін тұрғызып беріпті. 200 балаға дейін жаттыға алатын ғимаратта жеткіншектер бокспен, күреспен, үстел теннисімен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік алған. Ауыл төріне биіктігі 200 метр болатын ту-тұғыр орнатып, жастардың бойында ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына, осылайша, өз үлесін қосуда. Айдын Кеңесбекұлының бастамасымен ауыл жұртшылығы еліміздің азаттығы жолында жоңғар басқыншыларымен шайқасқан Сатай батыр жайында кітап шығарып, даңқты тұлғаға арнап ескерткіш тұрғызуды қолға алған.
Негізінен, ауыл шарушылығы саласына маманданған кәсіпкер, Көктал ауылының азаматы Берік Оразбаев жуырда жүгері өңдеу зауытын іске қосып, көптеген ауылдасын жұмыспен қамтамасыз еткенін естігенбіз. Ол сонымен қатар имандылық үйі – мешіт құрылысына өз үлесін қосып, түрлі қайырымдылық шараларынан да шет қалмай келеді. Соның бір көрінісі ретінде Жаркент қаласының кіреберісіндегі күрежолға құны 35 млн теңге болатын арка орнатқанын айтуға болады.
Тұрпан ауылының тумасы, Жетісу облыстық мәслихатының депутаты, құрылыс саласында табысты еңбек етіп жүрген кәсіпкер Жалғас Алтынбеков – алғашқылардың бірі болып туған жерінде спорт мектебін салып, биіктігі 30 метр болатын ту-тұғырды орнатқандардың бірі. Ол Ұлыстың ұлы күніне арналған Наурызнама шараларына да белсене атсалысып, ұлттық ойындарды ұйымдастыру мен жеңімпаздарға арналған жүлде қорын қалыптастыруды қолға алып отырған көрінеді.
Жер жаннаты Жетісу өңірінде тойханалар мен дәмханалар жүйесін қалыптастырған Қуаныш Көншібаев аудандағы қоғамдық бірлестіктерге қол ұшын беруді дәстүрге айналдырған. Аудандағы ардагерлер кеңесі мен аналар алқасының шаруаларына демеушілік көрсетіп, ауылды жерлерде балабақшалар ашқан ол бүлдіршіндеріміздің заманға лайықты білім мен тәрбие алуына шама-шарқынша өз үлесін қосуда.
Алмалы ауылының азаматы Мирас Байтұрсынов та ағаларының ізгілікті істерінен қалысар емес. Негізінен, құрылыс материалдарын өндіріп, саудаға шығарып жүрген кәсіпкер өз ауылында төбесі жабық футбол алаңын салып, өңір жұртшылығының алғысына бөленген. Ол сонымен қатар ауылдан шыққан студенттердің білім алуына, ағылшын тілін меңгеруіне көңіл бөліп келеді. Осы орайда өз қаражатынан арнайы стипендия тағайындап, үздік оқушыларды ынталандыру мақсатында марапаттар табыстауы да, барша жұртшылыққа үлгі боларлық берекелі шаруа.
Кәсіпкер азаматтар үшін Отанды сүю мен патриоттық рух туған жерді аялап, туған елінің еңбекпен еңсе тіктеуіне жағдай жасаудан басталса, құба-құп болар еді. Міне, жаркенттік азаматтар еліне, ауылдастарына деген құрметін, Отанына деген махаббатын нақтылы істерімен осылайша дәлелдеуде.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ