ҚАЙРАН ӘКЕ…
(Марқұм әкем Рахманқұл Сарыбасұлын еске алу)
Біздің жақтың қысы ұзақ, қары қалың, ақырған аязды, үскірген боранды. Ал маужыр көктемі жайбарақат жай шықса, жадыраған жазы жайдары, күзі қара суықты, жаңбырлы болады. Қылышын сүйреткен қыс ерте түседі.
1979 жылдың қара күзі еді. Әке-шешем ол кезде қазіргі Абай облысы Ақсуат ауданының Кіндікті ауылына қарайтын Мыңбұлақ деген күзекте отырған. Жылдағы қыстауы Уақитқа ерте көшуге қам жасаған-ды. Бірақ өкіметтің үйді көшіретін машинасы уақытында босамай, қазан айының қара суығы басталған кезде ғана бір трактор келді. Мен ол кезде 12 жастамын. Өзімнен үлкен апайым Гүлзия және қарындасым Нүрзия үшеуміз ауыл орталығы – Кіндіктідегі Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте оқитынбыз. Гүлзия апайым интернатта жатса, қарындасым Нүрзия екеуміз нағашыларымыздың үйінде тұрдық. Сонау ит өлген жердегі Жарма ауданының Қапанбұлақ ауылына ұзатылып кеткен апайым Мәрзия келіп, үй көшірісуге көмектесті. Түс ауа келген тракторға әкем абын-күбің екі киіз үйді жығып, жүктерін тең-тең ғып буып, тиеп, шешем мен Мәрзия апайым және алты жастағы кенже қарындасым Балқияны жүктердің арасына отырғызып, қыстауға жөнелтті. Облыс бойынша «қой семіртудің чемпионы» атанған әкем совхоздың 700 бас қойын жалғыз өзі айдап кете барған-ды. Күзек пен қыстаудың арасы шамамен 18 шақырымдай жер болатын.
Күн кешкіріп қалған екен. Әкем жол ортаға барғанда, күн қатты суытып, жаңбыр жауып, соңы қарға айналған. Қойлар мүлде айдауға көнбей, иіріліп тұрып алады. Бөліп айдау да, үркітіп айдау да мүмкін емес еді. Әбден дағдарып титықтаған әкем, атын бір қарағанның түбіне байлайды. Қатты жаурағандықтан бойын жылытуға қарекет ете бастады. От жағуға ыңғайланды. Жаңбыр мен қарға су болған, отын да бықсып жанбай қойды. Қанжығасына байланған қалың киімін жамылып, 32 мылтығын ит-құстан сақтану үшін оқтап қойып, бір бұтаның түбінде ықтап отырды. Ымырт үйіріліп, күн қарауытып кетті. Айнала біртіндеп көзге түртсе көргісіз тас қараңғылық құшағына енді.
Кенет аты пысқырынып, қойлар «дүр» етіп үркіп, жан-жаққа тоз-тозы шыға маңырай қашты. Әкем орнынан атып тұрып, түк көрінбейтін қараңғыда қойға қасқыр шапқанын сезіп, жалма-жан қолындағы мылтығын аспанға бірнеше рет атты. Атылған мылтықтан аты үркіп, байлаулы тұрған бұтаны түбімен жұлып алып қашты. Үріккен мал жан-жаққа бытырап, қайыру бермей әлекке салды. Суыққа тоңғанына да қарамай, қашқан малды жинаймын деп арпалысып, түк көрінбейтін қою қараңғыда әбден қалжырады. Атынан да айырылды. Меңіреу ызғарлы түн қойларды да жұтып кеткендей. Алла бұрын-соңды көрсетпеген қырсығын әкеме сол күні әдейі сыйлаған сияқты. Қатты суық сүйегінен өтті. Сонда да қасарысып, малды тауып алам деген үмітпен жанталасты. Өңменінен өткен суықтан, тұла бойы лапылдап қызып, ауыра бастады. Онан ары өзінің де не болғанын сезе алмай қалды.
Ертесінде қашқан ат қыстауға барыпты. Оны шешем көріп, бір сұмдықтың болғанын сезді. Қыстауда мал қораны лаймен сылап, жөндеп жүрген адамдарға хабарлап, көмек сұрады. Асып-сасқан олар жабыла іздеуге кірісті. Олармен бірге жүрген шешем мен Мәрзия апайымның алаңдауы ерекше еді. Жанталасқан іздеушілер ақыры әкемді тауып, малды жинап айдап келді. Әкем сол күнгі өткен суықтан қатты ауырып, ауыл орталығы – Кіндіктідегі ауруханаға жөнелтілді. Науқастығын аңғартпай жүрген әкем мені ертіп ауыл дүкеніне апарып үстіме киім, аяғыма етік алып беріп еді. Мен балалықпен әкемнің соншалықты науқас екеніне мән бермеппін. Жанында жүргеніне және киім-кешек алып бергеніне мәз болып, қуанышты күйге бөлендім. Өйткені әкем малды тастап, ауылға көп келе бермейтін. Сырқатынан түбегейлі сауыға қоймағандығын бізге мүлде сездірмеген әкем, мал-жанға алаңдап, қыстауға қайтып кетті.
Көп ұзамай, қараша айының басында біз мектептен демалысқа шығып, үйге келдік. Келген сайын құшақ жайып қарсы алатын әкеміз төсек тартып жатып қалыпты. Шешеміз бетімізден сүйіп, Нүрзия екеумізді әкем жатқан бөлмеге кіргізді. Бізді көріп қуанып қалған әкем қанша қиналып жатса да, бізге білдірмей күлімсіреп құшағына басып, маңдайымыздан сүйіп, сабағымызды, қал-жағдайымызды сұрады. Ертеңінде шешемнің жылап, әкеме сөйлеп, бірдемелерді айтып отырғанын естіп қап, құлағымды тоса түстім. Бөлмеге кірсем, шешем әкеме:
– Ауылға хабарласып, көлік шақырмасақ болмас. Аяқтарың ісіп, хәлің күннен-күнге нашарлап, ауруың асқынып барады. Ауданға барып қаралуың керек, бізге алаңдама, – деді.
Әкем мені көре сала үрейлендірмейін деген оймен:
– Мұратбек балам, маған бір ән айтып берші! – деп ақырын ғана қолымнан қысты. Мен ойланбастан «Алматым – жүрегімде» деген әнді шырқай жөнелдім. Әкем ризашылығын білдіріп:
– Менің ұлым Алматыға барып оқуға түсіп, бұйырса халыққа танымал үлкен әнші болады. Сонда екеуміз телевизордан көріп мәз боп отырамыз, – деп шешеме қарап жабыққан көңілін жұбатқандай болды. Мені еркелетіп, маңдайымнан сүйіп:
– Ештеңеге алаңдамай, сабағыңды жақсы оқы! – деді.
Әкемнің хәлінің нашарлап кеткенін сезген шешем, аудан орталығына жеткізуге көлік сұрап, ауылға хабар жібереді. Ол кезде ауылда жедел жәрдем машинасы жоқ еді. Әкемді аудан орталығы – Ақсуатқа апаруға су таситын водовоз келді. Аурудан тұра алмай жатқан адамды водовоздың тар кабинасына нығап отырғызып, 120 шақырым ойлы-шұңқыр жолмен солқылдатып апару, әрине, ауыр болды. Амал нешік, ол кездегі жағдай сондай-ақ еді…
– Менде бірге барайын, – деген шешеме әкем:
– Сен маған алаңдама, балалар демалысқа келіп жатқанда соларға көңіл бөл, мал-жанға бас-көз болып, үйде қал. Ол жақта дәрігерлер өздері қарайды, тағдырдың маңдайға жазғанын көреміз, – деп шешеме басу айтты. Әкемнің мүлде төсектен тұра алмайтын хәлін білетін Гүлзия апайым:
– Әкемді жалғыз жібермеймін, мен де барамын! – деп жылап, машинаға отырып алды. Әзер жеткен әкемді көрген дәрігерлер Гүлзия апайымның қалуына рұқсат беріп, әкем екеуін бір палатаға орналастырады. Ертеңінде әкем Гүлзия апайыма ақылын айтып:
– Биыл бұйырса мектепті бітіресің, 17-ге келдің, бойжеттің, үлкен ағаң Оралбек Алматыда, Мәрзия апайың тұрмыста. Енді сен сіңлілерің Қатипа, Нүрзия, Балқия мен бауырың Мұратбекке бас-көз болып жүр, – депті.
Гүлзия апайым әкемнің қолын уқалап, біраз жанында отырып, ұйықтағаннан кейін, шаршаған өзі де қалғып кетеді. Таңертең тұра сала әкемнің орнында жоқ екенін көріп, кезекші дәрігерден:
– Әкем қайда? – деп сұрайды. Дәрігердің бірі әкемнің таңға жуық қайтыс болғанын естірткен. Апайым қатты еңіреп жылап, емхананы басына көтерген.
Ал сол күні біз есіктің алдында жайбарақат ойнап жүрген едік. Ауыл жақтан бір топ адам келіп, үн-түнсіз үйге кіріп кетті. Аңырып біз қалдық. Біраздан кейін үйден айқайлап жылаған дауысты естіп, жүгіріп үйге кірдік. Шешемнің әкемді жоқтап, зарлап жылаған жоқтауларынан әкемнің қайтыс болғанын білдік те жылай бастадық. Қайғыдан өзегі өртеніп, жаны күйзелген шешем бізді бауырына басып, өкінішті өксігін баса алмады. Басу айтып тоқтатқан адамдарға: «Қасында болған қызым шошынды-ау!» деп зар еңіреді…
Сөйтіп, әкем 55 жасында дүниеден өткен еді. Мен шырқаған сол бір сәби дауысты әнімді соңғы рет тыңдап, балаша мәз болған әкемнің қайсар да мейірімді бейнесі көз алдымнан кетер емес. Әкемнің менен күткен ұлы армандары мен үкілі үміттерін бала жүрегіме өшпестей сақтаған едім. Сол әке үмітін арқалап, қайқаңы мен бұдыры мол өнер биігін талмай қанат қағып барамын!..
Мұратбек САРЫБАСОВ