АЛЫС АУЫЛДАҒЫ АБЫЗ
Әр өлкенің ойы орамды, сөзі салиқалы, көкірегі күмбір, пейілі сүмбіл қазына қарттары болады. Менің ұғымымда Құрманғазы ауданындағы Өмірзақ Қажымғалиев – осындай тұлға. Көргені мол, түйгені одан да терең ағаның сергек санасы, не нәрсеге де жедел үн қосқыштығы күні бүгін де оның байыпты да сарабдал келбетін одан әрі өркештендіре түседі. Анығын айтқанда, түрлі мерзімдік басылымдардағы селт еткізер жарияланымдарға деген өзіндік көзқарасын білдіретінін айтпағанда, өзі де қолына қалам алып, небір тарихи тұлғаларды қайта «тірілтіп» отырады.
Әңгіменің әлқиссасын бұлай бастауымның да мәнісі бар. Мені онымен рухани жақындастырған Өмірзақ-өлкетанушының Жәнібек баhадүр, Әбілхайыр, Бөкей, Жәңгір хандар, Мақаш әкім, тіпті одан берідегі ҚКСР Әділет Халық комиссары болған Шафхат Бекмұхамбетов туралы зерттеулері мен Өмірзақ-жазушының драма мен лирика араласа тұнған әдеби туындылары еді. «Оның несі таңсық, ғалым, қаламгер атаулы көп емес пе?» дерсіз. Алайда әңгіме – оның мамандығы ветеринар екендігінде және өмір бойы мал шаруашылығы саласында жауапты қызметтер атқарғандығында. Сонда бұл кісіні әмбебап дарын дейсіз бе, әлде туабітті қасиетті жанкешті еңбекпен астастырған дегдар дейсіз бе, өзіңіз пайымдай беріңіз.
Жалпы, Өмірзақ Қажымғалиев туралы сөз қозғау оңай да емес. Оның өзіндік себебі бар. Балалық шағын соғыс ұрлаған тұстастары сияқты, біздің кейіпкеріміз де бейбіт күннің қадірін бір кісідей біледі. Сол бір сұрапыл шайқасқа аттанған әкені күткен сәби-жүрек лүпілін түсіне алармыз ба?! Әскери киімдіні көрсе, «менің көкем емес пе екен?» деп елегізе қалатын қағылез балдырған ақыры үмітін үзді. Небәрі үш жаста асқар тауынан айырылған ол, Самияндай асыл анасымен жетім-жесір боп мұңды өмір кешті. Ерте есейді. Құлады. Тұрды. Жігерін жаныды…
Өмір бір орында тұрмайды ғой. Ганюшкин селосындағы Абай атындағы орта мектепті тамамдаған Өмірзақ Гурьев ауыл шаруашылығы техникумында оқыды. Мал дәрігері мамандығын алған ол, еңбек жолын «Сүйіндік» кеңшарында бастады. Тағдырының бетіне алғаш күліп қарағаны да сол шығар (өзі әлі күнге дейін солай ойлайды), елгезек те іскер жасты сол кездегі аудан басшыларының бірі С.Сүйінов қапысыз таныпты. Өйткені одан кейінгі өмірбаянында тек өрлеу ғана бар екен. Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданындағы «Правда» кеңшарының мал дәрігерлік учаскесінің меңгерушісі, Құрманғазы атындағы кеңшардың ферма басқарушысы, Балқұдық кеңшарының бас мал дәрігері, Калинин атындағы кеңшардың партия комитетінің хатшысы, кейіннен сол кеңшар директоры, аудандық агроөнеркәсіп кешенінің төрағасы, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, «Коммунизм жолы» кеңшарының директоры, «Мақаш» ұжымдық шаруашылығының төрағасы, «Мақаш» өндірістік кооперативінің төрағасы болып талай лауазымдық қызметтерді атқарды.
Ат үстіндегі ғұмыр. Бұл зейнет жасына жеткенше басында тұрды. Ылғи да басшылық қызметтерді атқара жүріп, ел мен жердің тарихын, өлке шежіресін мұқият жаттап, қара сөзбен қаттап жүргеніне іштей таңырқайсың. Бекзаттығына қарапайымдылығы қосылып, жер-су атауларына әбден қанықтығы, әдеби мұрамызға сұңғыла жетіктігі, бәрінен де ұлттық салт-дәстүрлерімізге деген риясыз іңкәрлігі мені ерекше тәнті еткен. Сол кезеңде коммунизмнің беймәлім елесіне елтіп, ұлттық дәстүр атаулыны дабыра интернационализмнің көлеңкесінде қалдырып, марксизм-ленинизм ілімдерін жаттап, таңдайы тақ-тақ ететін оның санасына бабалар үні көнеден жеткен күмбірдей еніп, кенеттен есін жидырғандай әсер еткенін қалай ұмытсын?! Тіпті өзі басқарған «Коммунизм жолы» кеңшарына еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардың өзінде сол жерде табан ізі мен маңдай тері қалған, халық аузында аты аңыз боп сақталған Мақаш әкімнің атын бергізгеніне не дерсіз! Мақаштай алып тұлғаның кесенесін де өзі бас болып тұрғызды.
Ал «Мақаш» ұжымдық шаруашылығына қарасты орта мектептен
К.Маркстың атын алдыртып, орнына теңіздей терең, Қиғаштай мөлдір жырларымен есте қалған Әбу ақынның есімін беруге де бел шеше жұмыстанды. Сол мектеп ғимаратының алдына Ә.Сәрсенбаевтың ескерткішін де өз қаражатына орнатты. Бұл үшін сонау Маңғыстаудан шебер жалдап, сол жақтан ұлутас, басқа да материалдар алдыртып, абыз Әбекеңнің асқақ мүсінін мәрмәр тастан қашатты. «Әбу Сәрсенбаев» қоғамдық қорын ашып, оны күні бүгінге дейін өзі басқарып отыр.
Бір бұл ғана емес, Өмірзақ аға өзі жүрген жерінде қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне ерен еңбегі сіңген ата-бабалардың есімін мәңгілікке ел жадында қалдыру үшін талай тер төкті. Ел аузындағы аңызда қара бақсы атанған Қарлығаш әулиеден басталатын сынықшылар әулетіне жасаған еңбегі де орасан зор. Қиналғанға дем, сырқатқа шипа берген Қарлығаш шөбересі, Қазбек немересі Серікбай Қабиұлының кесенесін салдырды. Серікбай ата атындағы қорды ашты. «Қарлығаш, Қазбек, Қаби аталардың елге жасаған жақсылығын ұрпақ ұмытпасын» деген оймен бірге, ұлттық рухты асқақтату хақында өрелі ой өрген шақ еді ғой ол!..
Мұсылманша хат танып, үлкендердің айтқанын көкірегінде тоқыған анасы Самияннан естігені мен білгенін кейіннен өзі де талай мұрағаттарды қопара отырып толықтырған, зерттеп көзін жеткізген. Өзі ауыл шаруашылығы маманы бола тұра, тарих пен шежіреге келгенде көсіле төгіліп, шешендік өнерімен таңдай қаққызатын сұңғылалығымен қайран қалдыратыны да бар.
Өзім етене араласып жүрген шақтан бері ол кісінің афоризмге айналар қанатты сөздерін көңілге түйіп жүремін. Мәселен, кейде болмашыға шыж-быж болып жатамыз, сенімді ақтамады деп қапаланамыз. Ал ол, «өсер жігіт өнбес дауды қумас болар» деп бір сөзбен бәріне нүкте қоя салады. Сенімнен шықпаған өресіз жандармен дауласып жатқанша, биіктікті танытып, үнсіз қалу да жөн ғой. Міне, өнеге! Өмірзақ шаруашылық басшысы қызметтерін атқара жүріп, «Биіктерге беталыс», «Жолдар-жылдар», «Нарынның нар ұлдары», «Мүслимат», «Дариға-дәурен», «Жанкешу», «Мақашпен қауышу», «Қиял…Үміт…», «Қыран қияда», «Самғау» атты кітаптарын жазды. Яғни ол басқа салада жүрсе де ұдайы қалам тербеп, кәнігі жазушының, зерделі зерттеушінің жұмысын да бір кісідей атқарды. Осының бәрі бір кісінің бойына аз ба, көп пе?
Биік адами қасиеттің ең бір риясыз көрінетін сәті – адамның өзге жан туралы ағынан жарыла, шырайын шығара өз ой-пкірін бүкпесіз, шын көңілден ақтарыла айтуында. Көп қуыс кеуде пендеде осы жағы жетісе бермейді. Өмекең осы тұрғыдан да замандастарына үнемі үлгі көрсетіп келеді. Осынау табиғаты қытымыр өлкеде қарапайым ғана тұрмыс кешіп, толағай іс тындырғандар хақында тамаша ой-толғамдарын әркез өріп отырады. Тағы бір ерекшелігі, біреу қиналып жатқанда, өзгелердей немқұрайлылықпен сырттан бақылап тұрмайды. Сол адамды құтқаруға білегін түріп кірісіп кетеді. Адам дегдар болып тәрбиеленбейді, ол туа бітеді, қанмен дариды. Шындығында да, әкесі Қажымғалидың ата-бабасы қаражаяу емес-ті. Оның үстіне нағашы жағы – Мақаш әкімнің бір бұтағы болса…
Көшкен селдей, ескен желдей боп өткен өмірде өзіндік қолтаңбаң, өзіндік ізің қалғанға не жетсін?! Біреудің шекесі шылқып, бақыттан басы айналса, біреулер тапқаны баққанына жетпей, нәпақасын іздеп аласұрып жүр. Осындай қоғамда өзін халыққа, оның рухани өміріне арнаған бір жан болса, ол – біздің кейіпкеріміз. Олай дейтініміз, өзі өмір сүрген қоғам, оның кескін-келбеті, сол қоғамда өмір сүрген замандастары туралы сағыныштан жүрек сыздататын «Дариға-дәурені» болса, «Мүслимат» хикаяты – өмірлік жан серігінен қапыда айырылған жанның аһ ұрған күрсінісі. Ал анасы Самиян – оның қиналғанда іштей сырласатын, мұңдасатын жан-ашыры, адасқанда жөн табуға көмектесетін бағдаршамы. Ана берген ақылды шамшырақтай жарқыратып қиында жол, болашаққа жететін мұрат тапты. «Жан кешу» кітабында анасының соғыс жылдарында көрген бейнеті мен шеккен азабын суреттей отырып, бүкіл қазақ әйелінің сол ауыр кезеңдегі типтік образын жасады.
Мен білетін Ө.Қажымғалиевтің көшелілігі, ірілігі мен кісілігі жүрекке жылу ұялатады. Аппақ нұрға шүпілдеп толған дүние дидарының үндестікте тұруы үшін де керек осындай тұлғалар. Бүгінде ол – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Атырау облысының Құрметті азаматы. Кешегі бір күндей күркіреп өткен кеңестік заманда іштен тынып жүрген ол, елдің қолы егемендікке жеткен шақтан бастап, қазақтың рухы саналатын абыздар мен билерді ел есіне қайта оралтуға білек сыбана кірісті. Әбілқайыр, Бөкей, Жәңгір сынды қазақ хандары туралы тарихи зерттеулері осының айғағы. Бұл тұрғыда әлі де алға қойған жоспары шаш етектен. Күнді түнге асырып, ойың мен сезіміңді сарқа жұмсап, тарихты таразылап, ізгілік пен ұлттық мүдде хақында қалам тербеу – патриоттықтың парқын танытар парыз.
Міне, алыстағы ауылдың абызынан алар тағылым мол. Өмірден көргені де, түйгені де көп ақсақалдың айтар ойының төркінін танып, дарқан болмысын бойға сіңірудің өзі неге тұрады десеңізші. Шіркін-ай, баяғының боямасыз көзіндей, бағзының қайталанбас өзіндей ұлтымыздың үлгі тұтар осындай тұлғалары көп болса ғой!..
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі