Қауышар сәт алыс (Әңгіме)
12.04.2024
2720
33

 
Уильям Ф.Нолан

Уильям Френсис Нолан – американдық фантаст-жазушы, сценарист.
1928 жылы 6 наурызда Канзас-Ситиде (Миссури) дүниеге келіп,
2021 жылы 15 шілдеде Ванкуверде (Вашингтон) қайтыс болған.
«Логанның жансауғалауы» атты белгілі романның қосалқы авторы.

Бірқалыпты гуілдеген алып ғарыш кемесінің бір түкпірінде Мёрдок жалғыз отырып, өз өлімін күт­ті. Қара матаға қадалған күміс инедей жалтылдаған зымыран Жерге қарай зулап бара жатыр, ал ол болса сабырлы кейіппен соңғы демі шығар сәт­ті күтуде. Ол бұл үкімнің кесімді екенін де, енді ешқандай үміт­тің жоқ екенін де біледі.
Ғарышта өткен жиырма жылдан ке­йін Мёрдок үйіне ұшып барады.
Үй. Жер. Тайервилл. Канзас штатындағы шағын қала. Саф таза ауа, саялы көшелер, кварталдың аяқ жағында орналасқан екі қабат­ты шағын үй. Жиырма жыл бойы Жұлдыздар арасындағы ұзақ саяхат­тан ке­йін үйге апарар жол.
Зымыран ғарыштың түпсіз терең қараңғылығын қақ айырып зымырап барады, Роберт Мёрдок оның тарсыл­даған атом жүрегінен биіктеу тұста үнсіз отыр. Айналасын қоршаған тас түнекті байқамайтын сияқты. Ой үстінде.
Ол анасының аппақ жүзін, ұлының амандығын іштей тілеп, бар мұңын жанарына жасырған шарасыз кейпін есіне алды. Ұзын бойлы, сымбат­ты, жел қаққан жүзі қоңырқай тартқан әкесінің тұңғиық көздері, оның сәл жымиып қолын созғаны, сосын екеуінің қоштасар алдында соңғы рет қол алысқаны… арада жиырма жыл өтсе де, көз алдында сурет болып әлі тұр.
Ата-анасының самайына ақ түсіп, жүздерін әжім торлады, екеуінің ендігі сүйеніші таяқ қана дегенге көңілі сенгісі келмейді.
Ал өзі ше?
Өзі қырық бір жаста, ғарыш оны қатал сындардан өткізді. Мұнда оның басынан талай қиындық өт­ті. Ол да Канзас жазығында белі жазылмай еңбек еткен әкесінен кем қызмет жасамады. Адамзатқа беймағұлым алапат дауылдармен күресті, олар Жердегі кез келген дауылдардан күшті еді. Бөтен Күннің от­тай қарыған ыстығына күйіп, бөтен жазықтарда тынымсыз еңбек ет­ті. Бір сәт бет-әлпеті тастан қашалған мүсіндей боп көрінді. Шүңірейген көзі қарайып, салбыраған қабағының астына кіріп кеткендей кейіпте.
Роберт Мёрдок қалтасынан ата-анасының стереосуретін шығарды. Сәл күлімсіреген, ұлдарының үйге оралуын күткен, мейірімге толы жылы жүздер… Ол анасының жансыз бейнесін алақанымен сипады.
Анасы дауысының үзіліп кететінін, бет-әлпеті жоқ, жансыз машинаға сөзіңді айту, ойыңды жеткізу қиын екенін желеу етіп, таспа жібергісі келмейтін. Одан да өзінің үйреншікті әдетімен баласына деген сағынышын ақ қағаздың бетіне қаламмен жазғаны әлдеқайда артық еді. Мёрдок бұл хат­ты Жерге ұшар алдында алды.
«Құлыным! Біз қат­ты уайымдап жүрміз! Әкең екеуміз дауысыңды қайта-қайта тыңдаймыз. Жақында сен үйге қайтасың, сол үшін және сенің аман-сау болғаның үшін Тәңірімізге алғыс айтамыз. Біз сені сағындық! Сені көргіміз келеді! Соңғы кез­де біздің денсаулығымыздың сыр бере бастағанын өзің де білесің. Әкеңнің жүрегі нашар, оған көп қимылдауға болмайды; сенің үйге оралатыныңды естігенде қат­ты толқыды, содан ба сәл ауырыңқырап жүр. Менің де шамам кете бастады, соңғы кез­де бір әлсіздік пайда болды. Бірақ қорқатындай ештеме жоқ. Сен текке уайымдап қалып жүрме! Өйткені доктор Том маған: «Сен әлі мықтысың, ал әлсіздік деген – уақытша нәрсе», – дейді. Солай десе де өз-өзімді күтіп жүрмін, көбіне-көп жатып демаламын. Сен келгенше сауығып кетермін. Боб, балапаным, тезірек кел! Сен келеді деген ой дәтке қуат болып, Тәңірімізден тек сенің аман-есен оралуыңды сұрап, күн кешіп жатырмыз. Тезірек кел, Боб, тезірек!
Шынайы махаббатпен Анаң!».
Роберт Мёрдок хат­ты былай қарай алып қойды да, сіресіп қалған саусақтарын жазды. Кетуге санаулы ғана сағат­тар қалды, ал Жер әлі алыс еді. Кішкентай ғана Канзас қаласы қол жетпес армандай. Ол оған ешқашан тірі орала алмайтынын біледі.
Роберт Фростың соңғы кез­дері ойынан кетпей жүрген көне поэмасының соңғы екі жолын үнсіз қайталай берді:
Мен үйге оралам – уәде,
Қауышар сәт алыс тек мүлде…
Ол ата-анасына үйге ораламын деп уәде берген және сол уәдесінде тұра алады. Өліп кетсе де, ол Жерге оралады.
– Бұл мүмкін емес, – деді дәрігерлер. – Сен ешқашан Жерге оралмайсың, сен ғарышта мәңгіге қаласың…
Олар оған ғарыштағы соңғы күндерінің қалай өтетінін, қалай өлетінін көрсетіп берді. Жүрегінің соңғы соғысы соғар, кеудесінің соңғы демі шығар сәт­ті секундына де­йін есептеп қойған екен. Мёрдоктың өзге әлемнен жұқтырған дертінің дауасы жоқ еді.
Бірақ ол бәрібір үйіне қайт­қысы келетінін, сол үшін Жерге ұшуға ниет­ті екенін айт­ты. Өз ойымен, жоспарымен бөлісті. Олар келісті.
Енді, міне, өліміне жарты сағат­тан аз уақыт қалғанда, Мёрдок кеменің ұзын дәлізімен жүріп келеді. Мүлгіген тыныштық орнаған қараңғы, темір дәлізде оның әр басқан қадамынан біртүрлі сыңғыр естіледі. Ол өз уәдесінде тұруға дайын.
Мёрдок бір есіктің алдына келіп кішкене рычагты бұрады, осы кез­де камераның есігі бірқалыпты сырғи ашылды. Ұзын бойлы ер адам қараңғыда қимылсыз тұр екен. Мёрдок оны тез баптай қойды.
– Уақыт болды ма? – деп сұрады ер адам.
– Иә, – деді Роберт Мёрдок. – Уақыт келді.
Осы сәт­те ұзын бойлы ер адам дәлізге ақырын басып кірді, салбыраңқы қабақтарының астынан әрең көрінетін шүңірек көзінде болар-болмас жылулық пайда болғандай болды. Төртбұрышты иегі келбетін тастан қашалғандай етіп көрсетеді екен.
– Көрдіңіз бе, – деп күлді ол. – Мен – мінсізбін.
– Иә, солай, – деп жауап берді Мёрдок. «Бәрі де мінсіз болуы керек, бәрі де мінсіздікке байланысты, еш кемшін жері болмауы керек, ешқандай да» деген ой Мёрдоктың санасында тұрды.
– Менің атым – Роберт Мёрдок, – деді астронавт формасын киген ұзын бойлы, сымбат­ты адам. – Мен қырық бір жастамын, тәнім де, санам да сау. Мен ғарышта екі онжылдықты өткіздім, енді үйіме оралмақпын.
Мёрдок сәл күрсінді, дегенмен оның шаршаған жүзінен ырза кейіп байқалады.
– Енді қанша қалды? – деп сұрады ер адам.
– Он минут­тай, – деді Мёрдок сыбырлап. Мүмкін бірер секундқа көбірек. Маған олар еш қиналмайсың деді.
– Олай болса…
Әлгі адам үнсіз қалды да, біраздан соң: – Түсінемін, – деді.
Мёрдок жымиды. Қаншалықты мінсіз болса да, машинаның түсіне алмайтынын біледі, дегенмен бұл сөздер құлағына жылы естілді.
«Бәрі де ойдағыдай болады». Мёрдок өз-өзін жігерлендіргендей болды.
– Ол менің орныма барады, ал ата-анам өз ұлының енді ешқашан оралмайтынын білмей қалады, еш күмәні де болмайды. Бір ай өткен соң, шарт бойынша машина компанияның Жердегі өкілдерімен жолығады. Иә, бәрі де жақсы болады, – деп ойлады Мёрдок.
– Есіңде сақта, – деді ол. – Қайтар уақыт келгенде, олар сенің ғарышқа қайта ұшатыныңа сенуі керек.
– Әрине, – деп жауап берді машина. Мёрдок: – «Бір айдан соң, олар менің зымыранға көтеріліп, ғарышқа ұшып бара жатқанымды көреді және менің тағы бір жиырма жыл оралмайтынымды білетін болады. Олар ұлының кемеге қайтуы міндет­ті екеніне кәміл сенеді, өйткені ғарышкердің денсаулығы жақсы болса, алпыс жасқа де­йін қызмет­те болуы керек. Бәрі де өз қалауыңша болатынына сенімді бол», – деп өз-өзін іштей жұбат­ты.
– Иә, – деді Мёрдок, – Бәрі де ойдағыдай болуы керек, әрбір ұсақ-түйек ойластырылып, бәрі де ескерілді. Android-та менің естеліктерім, дауысым, әдет­терім бар. Олармен ғарыштан сөйлесуді бұрынғыдай жалғастыра беремін. Менің тірілердің қатарынан кеткенімді ата-анам өле-өлгенінше білмейтін болады.
– Ал енді дайынсың ба? – деп әлгі кісі ақырын сұрады.
– Иә, – деп басын изеді Мёрдок. – Мен дайынмын.
Олар ұзын дәлізбен ақырын басып жүріп келеді. Роберт Мёрдок өзін ғарыш қызметіне қабылдағанын алғаш естігенде, ата-анасының қалай қуанғанын, қалай мақтанғанын есіне алды. Бүкіл Тайервилл қаласынан олардың ұлын таңдап алғаны ата-ана жүрегін ерекше елжіреткен. О, бұл бір тамаша күн еді ғой! Қалада оркестр ойнап тұрды, кішкентай көзілдірігі үнемі төмен түсіп тұратын қарт мэр Харкнесс Тайервилдің елеулі ұлын ерекше мақтан тұтатынын айтып, сөз сөйледі… Анасының бетін қуаныш жасы жуып тұрды.
Түптеп келгенде, бұл – ең дұрыс әрі әділ шешім. Конкурс сынынан өтпей қалған өзге ұлдар бұл сияқты тек бір арман – ғарыш туралы арманмен өмір сүрмеген еді ғой. Күндердің күнінде өзінің ғарышкер болатынына, алыс жұлдыздарға сапар шегетініне ол сенімді еді. Бұл арман желтоқсанның ызғарлы бір күнінде Айдан келген зымыранның Жер бетін қақтап, күйдіріп жатқанын көрген сәт­тен пайда болып еді. Он екі жасар ойын баласы қара жердің күлге айналып күйіп жатқанын көріп, бұдан ке­йінгі өмірін тек түпсіз терең ғарышпен, шексіз көкжиектермен, таңғажайып құпиялармен байланыстыратынын біліп тұрды.
Ғарыш үшін өмірін құрбан ете алатындар аз. Жиырма жыл өтсе де, Джулияның: «Иә, сенің мені сүйетініңді білемін Боб, бірақ бұл арманыңнан бас тартуға себеп болмауы керек», – деп құлағына сыбырлағаны санасында дәл қазіргідей жаңғырып тұр. Өйткені оған ғарышта орын жоқ еді. Ол жақта тек түпсіз тұңғиық пен мәңгілік қараңғылық қана. Басқа ештеме… Сондықтан да Джулия мұнымен қоштасқан. Мәңгіге…
Ол жиырма жыл бұрын Жерде өткізген соңғы түнді есіне алды: төсекте жатқанда бүкіл ғаламның орасан зор салмағы оның айналасына шоғырланып тұрғандай сезінді. Таң атқанша көз ілмеді. Аядай ақ үйдің ішінде бойында біртіндеп өсіп бара жатқан қысымды сезінгендей болды. Таңсәріде сіркіреп жауған жаңбырдың тырсылы мен Канзас аспанын күркіреткен найзағайдың дауысын есіне алды. Неге екенін кім білсін, сол найзағай дауысы біртіндеп зымыранның атом қозғалтқышының гүріліне айналып, оны Жерден алысқа, Жұлдыздарға тоқтаусыз жетелей берді, жетелей берді…
Ғарышкердің киімін киген ұзын бойлы ер адам сыртқы люкті жауып, қараңғылыққа сіңіп бара жатқан өлі денеге қарап, біраз тұрды. Кеме мен андроид бір еді; олар – өз жұмысын мүлтіксіз орындайтын күрделі де мінсіз машиналар жұбы.
Роберт Мёрдок өмір сапарын осылай аяқтады. Енді ол сұп-суық ғарыштың құшағында мәңгі ұйқыда болмақ.
Шілденің шуақты таңында кеме жерге қонды. Канзас аспанынан жарқыраған Күн ғарышкердің есімін қуанышпен ұрандатып жатқан адамдардың төбесінен мейірімін төгіп тұр, салтанат­ты күй күмбірлеп, қала шенеуніктері дайындаған сөздерін қайталап, жас балалар қолындағы жалауларын желбіретеді. Бір кез­де халық сілтідей тына қалды. Атом қозғалтқыштары сөніп, люктің есігі баяу, сырғи ашылды.
Ұзын бойлы, ер тұлғалы, кеудесіне таққан жұлдыздары күнмен шағылысқан, ғарышкердің әсем формасын киген Роберт Мёрдок ортаға шықты. Ол көпшілікке қарап күлімсіреп, амандасқан кейіппен бір қолын көтерді. Халықтың оған деген қошеметі мен махаббаты аспан астын жаңғырт­ты.
Жиналғандардың бір шетінде елеусіз ғана екі адам оны күтіп тұрды: таяғына сүйенген, еңкіш тартқан қария мен ақ күміс шаштары желмен желбіреген, бетін әжім басқан егде әйел. Әйелдің көзі қуаныштан от шашып тұрғандай.
Ұзын бойлы жігіт өзін қошемет­теген адамдардың қалың шебін жарып өтіп, ақыры оларға жеткенде, олар оны бас салып құшақтаған күйде құшақтары ажырамай ұзақ тұрып қалды.
Сол қалыпында үйіне қарай аяңдады: ортада ғарышкер, қуаныштан күлімдеген көзі нұр шашып, ұлын екі жағынан құшақтап алған ата-ана.
Олардың сүйікті ұлы келді. Роберт Мёрдок ақыры алыс жұлдыздардан үйіне аман-есен қайта оралды.
– Міне, – деді алыста тұрған бір адам. – Міне, олар кетіп барады.
Қасындағы жолдасы күрсініп, басын шайқады.
– Сонда да бұл дұрыс емес деп ойлаймын.
– Олар мұны өздері қалады, солай емес пе? – деп қарсылық білдірді біріншісі. – Бұл шешімге олар өз еркімен барды. Ұлының иен үйге келгенін, ата-анасының жаманат хабарын естігенін қаламады. Бәрібір бір айдан соң ұлы жиырма жылға қайта ұшып кетеді. Әлгі кісі кідіріп, едәуір жерде кетіп бара жатқан екеуді нұсқады. Шынымен де олар – мінсіз. Ол ештеңе байқамайды.
– Мүмкін… сіздікі де дұрыс шығар, – деді екіншісі. – Ол шынымен де байқамай қалады.
Екеуі құшақтасып кетіп бара жатқандардың сұлбасы көзден таса болғанша бақылап тұрды.

Аударған –
Шолпан Сағатова

 

ПІКІРЛЕР33
Қонақ 22.04.2024 | 19:02

Керемет аударма,мазмұнды әңгіме!Құрметті Шолпан Сағатова қаламыңыз ешуақытта мұраларын!

Қонақ 22.04.2024 | 19:34

Оте тамаша аударма!!! Типти аударма емес, ангиме казак тилинде жазылгандай, оте асерли …! Енбегиниз жана берсин!

Қонақ 22.04.2024 | 20:19

Тамаша аудар ма ,осындай шығармаларың көп болсын !Еңбегің жаңа берсін!

Қонақ 22.04.2024 | 20:25

Жарайсың!Еңбегіңізге шығармашылық табыс тілеймін. 👍👍👍⚘⚘⚘😘😘😘

Қонақ 22.04.2024 | 20:34

Өте әсерлі,өте түсінікті шығарма.Сізге тек шығармашылық табыс тілейміз.Еңбегіңіздің жемісін көруіңізге тілектеспіз.

Қонақ 23.04.2024 | 11:50

Ғарыш. Әлем. Өмір.
Өмір. Әлем. Ғарыш.
Түс әлем, дүние.
Балалық. Жастық.
Сену ғажап дүние.
Адам табиғаты
Тұнған толық — фантазия.
Елес өмір,
Келер кетер ортақ дүние..

Қонақ 04.06.2024 | 13:02

Шолпан Бейсеновна, жасаған аудармаңызға көп рақмет! Еңбегіңіз жана берсін! Жазарыңыз таусылмасын✊

Қонақ 05.06.2024 | 10:03

Шолпан, аударма жақсы шыққан. Ісіңе сәттілік. Әсерлі әңгіме.

Қонақ 10.06.2024 | 21:37

Шолпан еңбегіңіз жана берсін. Қажымаи талмай шығармашылық жетістікке жетуіңізге тілек білдіремін.

Қонақ 12.06.2024 | 22:51

Өте тамаша әңгіме екен жақсы аудармаңыз шығармашылық табыс тілеймін сәттілік тілеймін

Қонақ 22.07.2024 | 17:09

Керемет аударма, шығармашылық табыс тілеймін, Американдықты қазақша ойлантып- толғандырып қойыпсыз, мінсіз жазылған! Алып-қосарым жоқ, рахмет.

Қонақ 04.09.2024 | 15:05

Керемет аударма,өте әсерлі,күшті оқиға.
Өте жақсы шығармашылық

Қонақ 04.09.2024 | 15:05

Басқа әңгімелерден ерекшеленген бұл шығарма бойымда жағымды әсер қалдырды

Қонақ 04.09.2024 | 15:06

Жадымда мәңгі қалар әңгіме болды. Көп нәрсені түйіп, жүрегімді желбіреткен сәттерде ата-ана мен бала арасындағы махаббатқа тамсандым.

Қонақ 04.09.2024 | 15:06

Аударма керемет,себебі қазіргі таңда аудармашылардың барлығы демеймін,бірақ көбісі сауатсыз.Ал егер шығармаға келетін болсам, Мёрдоктың арманы үшін барын қиғаны тәнті етті,менің қолымнан келмеген іс.

Қонақ 04.09.2024 | 15:07

Құрметті Шолпан Сағатова берілген әңгіме өте жақсы тұрғыда аударылған. Тиянақты жазылған және оқуға түсінікті.👍

Қонақ 04.09.2024 | 15:08

Құрметті Шолпан Сағатова мінсіз жасалған аудармаңыз үшін алғыс білдіремін.Өте сауатты,көркем жазылған.Жұмысыңызға шығармашылық табыстар тілеймін.

Қонақ 04.09.2024 | 15:08

Құрметті Шолпан Сағатова,осындай керемет шығарма таңдап біздің ана-тілімізге аударғаныңызға алғысымды білдіремін,сіздің қаламыңыздан туған әр сөзіңіз ұсталық!

Қонақ 04.09.2024 | 15:08

Шолпан Сағатова осы шығарманы мінсіз аударған деп есептеймін. Өнеріңіз өрге жүзсін, шығармашылық табыс тілеймін.

Қонақ 04.09.2024 | 15:09

Өте керемет және ерекше аударма! Орыс тілінен аударғанның өзі оңай зат емес деп ойлаймын. Әңгіменің соңы біз күтпегендей бітті. Сол үшін де қатты ұнап, мені таңғалдырды.

Қонақ 04.09.2024 | 15:09

Расында да, бұл шығарма мәдени, отбасылық, адами құндылықтарға толы. Шығармада адамның жан дүниесі, өмір мен өлім, арманға адалдық сынды тақырыптар терең қозғалады. Бұл шығарманың әрбір оқырманға берері көп.

Қонақ 04.09.2024 | 15:38

Әңгіме америкалық ақын қолынан шықса да,Бейсеновна Шолпан апай бізге көркем-әдеби тілде яғни,қазақи сөздермен мағынасын бізге жеткізе білген!

Қонақ 04.09.2024 | 15:38

Әдетте фантастика жанрын оқымайтынмын,бұл алғашқы шығармам болды.Тамаша құндылықтарға толы,әсерлі шығарма екен.

Қонақ 04.09.2024 | 15:39

Адамды беріктік,табандылық,арманға адалдық,тәуекел ету сияқты қасиеттер мақсатқа жетелейді. Сенің арманыңның қаншалықты маңызды екені құрбандыққа бара алуыңмен өлшенеді.

Қонақ 04.09.2024 | 15:40

Әңгіме өте көрнекті тамаша . Жақсы әсер қалдырды.

Қонақ 04.09.2024 | 15:40

Керемет әңгіме, тамаша аударма.Есте қаларлықтай ерекше туынды.

Қонақ 04.09.2024 | 15:40

Бұл әңгіме адамзаттың технологиялық дамуы мен оның салдары туралы ой салады. Әңгіме болашақта орын алатын, терең жалғыздық пен адам байланысының жойылуын сипаттайды. Бұл әңгіме қазіргі қоғамдағы әлеуметтік оқшаулануды және технологияның адам өміріне ықпалын бейнелейді. Әңгіме оқырманды адамдық құндылықтар мен қарым-қатынастар туралы терең ойлауға шақырады.

Қонақ 04.09.2024 | 15:41

Шығарма жақсы аударылған.Ата-ананың балаға,баланың ата-анаға деген махаббаты ерекше сипатталған.Сонымен қатар үлкен арманға жету үшін тәуекел ете білу керек екендігін түсіндім.

Қонақ 04.09.2024 | 15:41

аударма және әңгіме әлемнің жеті кереметі сияқты қызықты , эмоцианальды әсер алдым , тағыда аудармалар күтемін!

Қонақ 04.09.2024 | 15:44

Кішігірім, бірақ өте эмоционалды және жүрекке жылы тиетін оқиға. …Сезімталдық тұрғысынан керемет оқиға. Ата-аналарына шынайы перзенттік махаббат түрінде құрмет көрсетудің бір түрі

Қонақ 04.09.2024 | 15:45

Шығарма адамға бір терең ой салады екен. Арманға деген адалдық , оның сыртында ата-ана мен бала арасындағы махаббат мінсіз көрсетілген. Мені қатты тебіренткен дүние , Роберт арманының артынан үлкен құрбандыққа бара алғаны…

Қонақ 04.09.2024 | 16:09

Қауышар сәт алыс әңгімесі адамның өз шекарасынан тыс әлемді танып-білуі және рухани өсуі туралы терең ойларды қозғайды,

Қонақ 04.09.2024 | 18:28

Өте әдемі жазылған әңгіме, оқыған кезде ата ананың балаға деген қамқорлығы сезінеді.
Аудармасы өте керемет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір