СОҢҒЫ СӨЗ (әңгіме)
Тірі пендеге қылаудай зияны жоқ, бар болғаны аядай ауылда қандай жағымды жаңалық бар, кімнің баласы әскерден келіп, қай үйге келін түсетінін жұрттан бұрын естіп, хабарлап жүретініне қарап, «сымсыз телефон» атанып кеткен қалақтай ғана қара кемпір Күнипа туралы жүректі дір еткізетін жайсыздау хабар ауыздан-ауызға көшіп, лезде тарап үлгерген. «Байғұс үйінен шықпай қалыпты», – десті білетіндер. Ар жағында үлкен қауіп-қатері жатқан суық сөз бейне бір ажал антұрған ауылдың шетінен баса-көктеп кіріп келе жатқандай өз қызығы өзіндегі қамсыз пенделерін шошытып, әжептәуір қобалжытып тастады. «Е, бейшара көптен көрінбей кетіп еді, сөйтсек, науқас екен ғой», – десті Күнипаның сырқатынан бейхабарлар. «Алла тағала шипасын беріп, аяғымен жүріп кетсін», – деді күні кешеге дейін тыным таппай, домалаңдап жүгіріп жүретін қайыстай қара кемпірдің осы ауылға сызылып келін болып түскен сәтінен бастап, күні кеше ғана өлшеулі ғұмырдың алпыс жасын тойлап, ал бүгін аяғына тұсау салынып, төсекке таңылғанына дейінгі көзді ашып-жұмғанша шолтаң етіп, өте шыққан өмірдің қысқа сәттерін тамсанып еске алғандар. Солай бола тұрса да, Күнипаның жағдайына қабырғасы қайысқандай сыңай танытқандар жеме-жемге келгенде, бүгін-ертең жаратқаннан келетін қатал үкімді күтіп жатқан қара кемпірге қарағанда, өздерінің бақытты екендерін, сондықтан да мына қызығына тойдырмайтын жарық дүниеде әлі де жер басып, тірі жүретіндеріне тәубе айтысқан. Қауқылдасқан топ қанша жерден: «Алла тағала Күнипаға шипасын берсін!» – деп Тәңірден тілеп, бет сипасқанымен олардың көкірегіндегі тайталасқан ойдың қалтылдаған таразысының басын: «Әй, бір жабысқан дерт түбі алмай қоймайды-ау!» – деген өлімсіреген үмітті үрлеп өшіретін үрейдің батпандаған ауыр салмағы басып жатыр еді. Ағайын-туыс қамшының сабындай келте ғұмырдың қырық жылдан астам уақытын өзімен қоян-қолтық өткізген Күнипаның ендігі жерде о дүниелік адам екенін сезсе де, ажал шіркінге қарсы тұратындай қауқардың жоғын мойындап, қатпа қара кемпірдің ендігі тағдырын адамдық ақыл-ойдан тысқары құдіретті күштің қолына тапсырған.
Осыдан екі жыл бұрын ғана кіндігінен өрген екі қыз бен жалғыз ұлдан тараған үрім-бұтақтың ортасында үстіне зерлі камзолын киіп, басына аппақ орамалын салып, жасанып алған Күнипаның иегіндегі сойдақ тістерін көрсете күліп, алпыс жылдығын тойлағаны кеше ғана сияқты еді, енді мынау… Қағылез кейуананың өзі де өлім-қазаға барған сайын жұмырбасты пендесіне хақ осы бір ауыр сәттің күндердің күндерінде мұның да алдынан сопаң етіп шыға келіп, кебінге оралған тастай денесінің ағаш сәкінің үстінде жататынын ойлағанда, жүрегі тас төбесіне шығушы еді, Жаратқанның сол таңдауы алпыс екіге аяқ басқан тұста елу түтіні бар аядай ауылдағылардың ішінен мұны таңдап алса, бұл тағдырға не айтарсың?..
Күнипа төсек тартып жатып қалғалы бері сақалы шоштаңдаған шалы Жұмагелдіде тыным жоқ, басы қалталақтап, ауызғы үй мен Күнипа жатқан төргі бөлменің ортасын кезіп, әрлі-берлі сенделіп, шайқатылып жүргені… бір кіреді, бір шығады… «Жазғанға қайбір оңай дейсің». Күнипаның жүрегі сыздайды, бірақ өмір мен өлімнің ортасында жатқан мұның қолынан не келеді?
Қараша үйдің іші тым-тырыс. Қабырғадағы көне сағаттың ерсілі-қарсылы тербелген тасының тынымсыз тықылы ғана өлі тыныштықтың құшағындағы бөлмеде тіршіліктің бар екенін аңғартып тұрғандай. Кереует сықырлаған. Жұмагелдінің тұс-тұсқа алып қашқан көңілі орнына түскен. «Е, Алла, Күнипам тірі екен ғой. Жаратқан Ием, өзің жар бола көр…» – деп күбірлеп, түкпіргі жақтан естілген қозғалысты көңіліне медет тұтып, еті қашқан тарамыс саусақтарымен бетін сипады.
Жұмагелді төргі бөлмеге бір кіргенінде қабырғаны сипалап, қаракөлеңке қымтай бастаған үй ішіне жарық жаққысы келіп еді, төсек қайтадан сықырлаған. Бөлме ішіндегі қараңғылық көз байлай бастаса да, кемпірінің «керек емес» деп қолын ымдап көрсеткен сұлбасын байқап, жанына келіп жайғасты.
– Қалайсың? – деді бір уыс боп бүрісіп, кереуетте жатқан кемпірінің үстінен төне қарап, – Еркінбекке хабар береміз бе, қайтеміз?.. – Жұмагелдінің үні құмығып шықты. Шалының даусы дірілдеп, жанарының жасаурап тұрғанын Күнипа сезді.
– Үкіметтің жұмысындағы адамды қинап қайтесің, естісе уайымдап қалады ғой. Құдай алады дейсің бе, мені…
Жұмагелді әлсін әлі талықсып, есін жоғалтып, қиналып жатқан Күнипадан мына қалпында бүгін болмаса да, ертең айырылып қалатынын ойлағанда, демі тарылып, әжім торлаған жанарынан ыстық жастың қалай шығып кеткенін өзі де байқамай қалды. «Тірі жетім болып қалатын болдым ғой, Құдай-ау, Күнипаның алдында мені алатын ретің бар еді ғой». Көзінің жасын сүрткен Жұмагелді нәр сызбай, далаға шығудан қалып, төсекке таңылғанына он күннен асып, екі дүниенің ортасында жатса да меңдеп кеткен кеселмен арпалысқан кемпірінің жанының сірілігіне қайран қалды.
– Өліп қалатын сияқтымын, – деді Күнипа алқынып, – іші-бауырым өртеніп барады, – жәрдем күткендей езіліп отырған Жұмагелдіге қиыла қарады.
«Байғұс-ау, өзің сияқты Құдайдың құлы менің қолымда тұрған қандай күш бар».
– Түу-у сен де қай-қайдағыны айтады екенсің, – деді Жұмагелді, – е-е-еһ деп шиқылдап күлетін Жұмабай марқұмды білесің ғой.
Күнипа есімде дегендей, көзін ашып-жұмды.
– Сол Жұмабайды әні-міне үзіледі деп, бөлек киіз үйге шығарғанда, басында күзетіп отырған адамның бірі мен едім. Сөйткен Жұмабайың ғайыптан жазылып кетіп, одан кейін он-он бес жыл өмір сүріп, бертінде дүние салды ғой. Қайта Жұмекең «Жұмабайдың палауын жейміз» деп түкіріктерін жұтқан талай құрдастарын о дүниеге аттандырып барып, өзі солардың жаназаларына қатысып, соңынан кетті емес пе?
Алайда Жұмагелдінің жарымжан көңілді көтеру үшін айта салған бұл әңгімесін жаны қиналып жатқан Күнипа құлықсыздау қабылдады.
– Түс көріппін, – деді ол алқынғанын басып, – ауылда, Хантәңірінің етегінде жүр екенмін. Қол созым жердегі ауылда шыбынсыз жаз, ал мұнда сіресіп қар жатыр. Төбемнен төне қараған шыңға өрмелеп келеді екенмін деймін, кенет аяғым тайып кетіп, төмен қарай құлдилай жөнелдім. Енді өлдім-ау деген кезде бастырылып жатып оянып кеттім.
Жұмагелді Күнипаның «төмен қарай құлдилап кеттім» дегенін естігенде, бейне бір құзға өзі құлап бара жатқандай денесі мұздап, жүрегі солқ ете қалды. Күнипа «мына түсімді қалай жорыр екенсің» дегендей, өзіне тесіле қарап отыр екен.
– Биікте жүргенің жақсы, Құдай қаласа, енді мына науқастан құлан-таза айығып кетеді екенсің… – деді Жұмагелді. Алайда Күнипаның сенбегенін өзгеріссіз жүзінен байқады.
– Егер мен олай-бұлай болып кетсем, сүйегімді сақырлатып, сонау Нарынқолға тасып әурелемеңдер. О дүниелік болатын адамға қай топырақтың астында жатса да бәрібір емес пе? Еркінжанға айт, разымын… – Күнипаның даусы дірілдеді.
Арадағы едәуір үнсіздіктен кейін:
– Жұмагелді, екеуміздің алғаш танысқан кезіміз есіңде ме? – деді құдды баяғы жас күніндегідей. «Әй, Жұмагелді оны көзі тірісінде ұмыта қояр ма екен» оқтан да ұшқыр ой соңында сағым болып қалған қырық жылғы өмірді қас-қағым сәтте адақтап, аралап өтті. «Құдай-ау, оны қалай естен шығарады».
Күнипа – Оңтүстіктің тумасы емес, Нарынқол жақтың қызы. Жұмагелді әскерде жүргенінде танысып, теріскейге әкелген. Бәрі де күні кеше ғана сияқты еді, енді қарап отырса, қас пен көздің арасында жастық шағын ұрлаған қырық жыл әлдеқашан қыр асып кетіпті… Қайран өмір-ай… Мына жүзін әжім торлап, бір уыс болып жатқан шүйкедей кемпірдің бір кездері талайдың көз құртына айналған көзі мойылдай қап-қара тұнық, қолаң шашы иығына төгілген сұлу бойжеткен болғанына қазір кім сенеді?
Қарағайы таудың етегінен бастап, жоғары қарай өрлеп өсетін Нарынқолдың табиғаты шынында да, керемет еді. Төңірегіне тәкаппарлана қарайтын Хантәңірінің өзі неге тұрады. Бірақ өмірі ауылдан ұзап шықпаған Жұмагелдіге шаңы суырып, шілдесі кенезеңді кептіріп, қуырып жіберетін теріскейі бәрібір ыстық еді. Кейін Күнипаны ауылға алып келгенінде: «Жұма, мынандай табиғатта қалай өмір сүріп жатырсыңдар?» – деп таңғалғаны есінде.
Таныстық кездейсоқ басталған. Шекара маңайына орналасқан ауылға күн сайын қатынап, тексеру нүктесінің жанына дейін қою шаңын ілестіріп әкелетін жолаушылар автобусы бекеттің жанына жетіп, кілт тоқтағанда маңай көпке дейін өз суырған топырақтан көрінбей қалатын. Құжат тексеру онша қиын жұмыс емес, шекара маңындағы ауылда тұратындардың дені таныс. Бірде жолаушылардың құжатын тексеріп біткен кезде жұрттың соңын ала автобустан үстінде көгілдір көйлегі бар бойжеткен түскен. Оның жүзінен әлденеге қобалжып тұрғаны байқалған.
– Ағай, – деді ол Жұмагелдіге таяп келіп, – мен мына Қызылшекара ауылынан едім, асығып жүріп арнайы рұқсат қағазымды ұмытып кетіппін, –деді. Жұмагелді жалғыз өзі болса, өткізіп жіберер ме қайтер еді, дәл төбесінен қыдиып қарап тұрған қарнының жуандығынан үстіндегі кителінің түймелері бырт-бырт үзілуге шақ тұрған прапорщик Клименко бойжеткеннің құжатының дұрыс емес екенін оның абыржыған жүзінен байқап, басын шайқаған.
– Болмайды, кері қайтарыңдар! – деп өзі кішкентай үйшікке кіріп кеткен.
– Ағай, енді мен не істеймін? – деді бойжеткен сасқалақтап. Маңдайына түскен шашын сүйріктей саусақтарымен кейін қайырып, ептеп езу тартқанда ақша бетке ойнап шыға келген оймақтай шұңқыр бейтаныс қызды мүлде сұлуландырып жіберген. «Ағай, не айтасыз?» деген бейкүнә көзқарас Жұмагелдіні жіпсіз байлап тастады.
– Алматыға оқуға тапсыратын едім, қырсыққанда бір құжатымды ұмытып кетіппін, енді не істеймін…Үйге келіп тұрып, қайтқаным қалай болады?
Қарлығаштың қанатындай қастарының түйісіп, ренжігенінің өзі қандай сүйкімді.
– Атыңыз кім? – деді Жұмагелді.
– Күнипа, – деді бойжеткен.
Жұмагелді Клименко кіріп кеткен кішкентай үйшіктің есігін қаққан. Прапорщик қалайы кружкаға шай құйып жатыр екен. Жұмагелді:
– Александр Иванович, – дей беріп еді, ол:
– Түсіндім Алмабаев, түсіндім, әлгі қыздың шаруасымен келіп тұрсын ғой, мені алдай алмайсын, көзіңнен басқа нәрсені көріп тұрмын, жарайды рұқсат, тек кейін анықтамасын алып келіп көрсетсін, – деді.
Жұмагелді Күнипамен осылай танысқан. Енді жолдасы Оңғар қиылған.
– Жұма, мына қызға мен ғашық болып қалдым, сен маған қарағанда көріктісің ғой, серігіңді тауып аласың, ал мен сияқты табақтай бетіне жапсыра салғандай қоңқақ мұрыны бар өңсіз жігітке кім қарайды?
Жұмагелді екі оттың ортасында қалған. Оңғарды да, Күнипаны да қимайды. Бір күні демалыс алып, серуенге кеткен Оңғар салы суға кетіп оралған.
– Жолым болмады, – деді ол күрсініп, – Күнипа қайта-қайта сені сұрай береді. Әттеген-ай, сол күні құжатын жалғыз өзім тексергенде бәрі де басқаша болар ма еді, – деп өкінген.
Жұмагелді әскери міндетін өтеп, ауылға қайтар кезде Күнипа қатты қобалжыған:
– Жұма, мен не істеймін, сені қалай ұмытамын?..
– Мен сені қалдырмаймын, өзіммен бірге алып кетемін..
– Оңтүстіктің адамдары шетінен қу деп естимін, сол рас па?
Үркектеген сұлу бойжеткеннің көзінде үрей бар еді.
Жұмагелді езу тартқан. Сөйткен Күнипа теріскейге тез сіңіп кетті. Кейін:
– Құдай құртсын ауылға барсам, Оңтүстікті сағынып тұрамын дейтінді шығарған.
Темір керуеттің серіппесі қайта шиқылдаған.
– Шыныңды айтшы, сол жолы сен мені Оңғардан қызғандың ғой, ә?.. Жұмагелді заматында көмейіне лықсып келіп қалған осы сауалды Күнипаның оқып үлгергеніне таңғалды.
– Ал сен мені жақсы көрдің ғой, – деді Жұмагелді Күнипаның сауалын жауапсыз қалдырып, өзіне қарсы сұрақ қойып. Ауызғы үйден төргі бөлмеге себездеп түскен жарықтан Күнипаның езу тартқанын байқап қалды. Әлде ол Жұмагелдіге солай көрінді ме екен… Ол әлсіз саусақтарымен Жұмагелдінің қолын аялай сипады:
– Жұма, мен саған оны сәлден соң айтамын, қазір маған Абай бұлақтың тастай суынан әкеліп берші, іші-бауырым өртеніп, күйіп барады, – деді. Жұмагелді былай шыға бере өзін-өзі жерлеген. «Құдай-ау, неткен ақымақпын, сен мені жақсы көрдің ғой» деген не сөз. Жақсы көрмесе, қол ұстасып осында келер ме еді…
Дәл іргеден сүттей жарық ай сәулесімен Абай бұлақтың Жер-ананың төсін бұрғылап, бұрқылдап шығып жатқан мөлдір суы сылқ-сылқ күліп ағады.
– Күнипа, алып келдім, – деді Жұмагелді үйге ентігіп кіріп. Қараша үйдің ішін біртүрлі өлі тыныштық буып тұр еді. Темір кереует сықырламады. Бір жамандықты сезген Жұмагелді төсекте бір уыс болып жатқан кемпірінің тастай саусақтарын ұстап көріп:
– Әй, әй мұның не?!. – деп жанұшыра айқайлап жіберді, – Күнипа-ау, мен келдім ғой, Абай бұлағынан саған су алып келдім… – тарамыс саусақтары дірілдеп, Күнипаның бейнебір мына тіршіліктен шошынған адамдай тас төбеге тесіле қарап, қатып қалған жанарын жапты.
– Мүсәпірім-ау, бұл не істегенің?.. мені жалғыз қалдырып кеткенің не, енді сенсіз қалай өмір сүремін?.. Еркінбегіңе не деймін?.. Соңғы сөзіңді неге айтпай, іркіп қалғаныңды енді түсіндім. Тектім-ай, жантәсілім етер сәтіңдегі ақтық жан қиналысыңды көрсеткің келмеген екен ғой.
Сақалынан тарам-тарам болып жас аққан Жұмагелді тастай денені құшақтап, еңкілдеп жылады.
… Асау уақытта тыным жоқ, асығыс алға ағып барады…
ҚОС БЕЙБАҚТЫҢ МҰҢЫ
Алпысбай денесі тоңазып жатып оянып кетті. Айдала, маңайы ақ түтек, қасқыр боран ішін тартып ұлып тұр. Әдепкіде түсім бе деп ойлап еді, жоқ өңі екен. Қайда жүргенін де шамалай алмады. Жұқа пальто бетті сабалаған қар аралас қара суыққа қамсау болар емес, өңменінен өтіп, қалтыратып барады. Есепсіз ішкен арақтың уыты енді тарай бастады ма есіне әлденәрселерді еміс-еміс түсіре бастады. Бір купеде жанында қызы бар бөкселі келіншек пен басына тақия кигенімен әр сөзіне орысша қосып, тұздықтап сөйлейтін екі жағына пышақ жанып алғандай өңі жүдеу қасқабас көсе болды. Төртіншісі кім еді, есіне түсіре алмады. Беталды қаңғып бара жатқан Алпысбайдың жолға ала шыққан үш шөлмек арақтың бірін дәретханаға кіріп, қайта-қайта ішкеннен масайып, иегінде сақалы жоқ көсеге мұңын шағып, жылағаны есінде, әрі қарай не болды, бәрі бұлдыр. Осы таңертең ғана пойызда келе жатқан сияқты еді, енді мынау жынды адамдай жапан дүзде жалғыз жүр. О тоба! Төс қалтасын сипап қойды, әйтеуір төлқұжаты орнында екен. Көңілін орнықтырып алған Алпысбай мына қалпында үсіп өлетінін біліп, үрлеп тастаған қалың қарды омбылап, алға қарай жүре берді. Көз ұшынан әлдебір жарық өлімсіреп көрінгендей болған. Әлде мұнарланған аспанның ашық тұсынан оқта-текте жылт етіп көрініп қалатын жұлдыз ба екен… Қақаған қара суықтан аяғынан жан кетіп, былғары етіктің басы қайқайып қатып қалды. Көкжиектен көрінген жарық та көз алдап, бұл алға ұмтылған сайын жөңкіліп қашып бара жатқан сияқты, жеткізер емес. Алпысбайдың қанша жүргені белгісіз, бірте-бірте екі аяғынан әл кеткен. Есін бір жиғанында әупілдеген төбеттің үргенін естіген, екі адам өзін шанаға салып, сүйреп алып барады. Шананың сырылы ғана құлағының түбінен естіледі.
– Бұл біздің жақтың адамы емес, пойыздан түсіп қалған бір бейбақ болды-ау шамасы, – деді бейтаныс еркек, – полиция шақыртамыз ба қайтеміз?
– Обал емес пе? – деді әйел. Алпысбайға үстінен төне қараған әйелдің түрін жүзіне қарай төгілген қолаң шашы көрсетпеді. Ыстық шайды толғап жұтты. Енді бір қарағанында, тұттай жалаңаш денесін әлдекімнің ысқылап жатқанын сезді. Қимылына қарап, әйелдің қолы екенін байқады. Аузынан суы аққан Алпысбай әрі қарай мызғып кетіп, таң алакеуімде ғана оянды. Табалдырықтың тұсындағы етікті қоңылтаяқ кие салып, сыртқа шығып еді, аспан шайдай ашық екен, жылт-жылт еткен күміс қар көз қарықтырады.
– Қалыңыз қалай? – деді әлдекім ту сыртынан. Қарсы алдында елудің үстіндегі әйел тұр, – пойыздан қалып кеттіңіз-ау шамасы.
Алпысбай төмен қарап тұнжырады.
– Үйге кіріңіз, тамақ дайын…
Үйден пісте майдың иісі көңірсиді. Дастарқанның үстіне бес-алты шелпек қат-қатталып жиналып, бауырсақ тасталыпты. Алпысбай тамағын қырнай жөткірініп:
– Мақұл десеңіз, дұға оқып жіберейін, – деді.
– Қалауыңыз білсін, – деді бейтаныс әйел орамалын жөндеген болып. Алпысбай оқылған дұғаны аруақтарға бағыштар тұста сәл кідіріс жасап, әйелдің бетіне қараған. Ол әкесі мен шешесін, одан кейін тағы бір адамның атын атады.
– Күйеуім ғой, осыдан бес жыл бұрын пойыздың астына түсіп, мерт болды. Екі балам қызметте, оқта-текте келіп-кетіп тұрады, – деді, – сосын бір-біріміздің аты-жөнімізді білмегеніміз ыңғайсыз болар, Кенжегүл, – деді. Бейтаныс әйелдің бетінің ұшына қызыл жүгірген. Алпысбай атын айтқан. Әңгіме арасында бұл жерге қалай тап болғанын да айтты.
– Енді қайда барасын? – деді әйел сізден сенге көшіп.
Алпысбайды үрейлендіріп отырған да осы сауал еді. Ол білмеймін дегендей иығын қозғады. Расында да қайда барады?
– Жол қайда қашар дейсің, алдымен әлденіп ал, – деді Кенжегүл. Құдды марқұм әйелі тәрізді. Алпысбай қарап отырмай, бір бүйіріне қарай қисайған шкафты оңдап, сыртқы есікті киізбен қаптады.
– Енді уілдеп жел соқпайтын болады, – деп қойды. Алпысбай үй шаруасын бір ыңғайлап алғаннан кейін сырттағы жұмысқа кірісті. Мөңіреп тұрған екі сиырдың алдына шөп тастап, қораның астын тазалады. Кесілген дөңбектерді жарып, отынды да үйіп тастады. Қуаты қайта қоймаған бейтаныс еркектің сырт киімін шешіп тастап, жесір әйел Кенжегүлдің есігінің алдында құлаштап балта сермеп, құлшынып жұмыс жасап жатқанын көргендер таңырқап қарап өтіп жатты. Кенжегүл ыңғайсыздана ма деп еді, керісінше, оның жанарында әлдебір қуаныш бар еді. Алпысбай әні-міне кетемін деп қомпаңдап жолға жиналғанымен бойы үйреніп қалған бейтаныс ошақтан ұзап шыға алмай қалды. Кенжегүл де Алпысбайдың осында қалғанын қалайтын тәрізді. Түні бойы бір-біріне қол созымдай жерде жатқанымен төсекке бірге құлайтын ішкі шер екі мұңлыққа көкірегін тырналап, маза бермейтін тәрізді. Әркімнің өз уайымы бар. Алпысбай жамбасына тас батып жатқандай ұзақ дөңбекшіді, кірпігі айқасар емес. Тас қараңғы бөлменің қабырғасын жол жақтан түскен жарық кезіп өтті. Тепловоз-ау шамасы өтіп бара жатқан…
Баяғы әдетінше, қолын созып еді, арбиған саусақтары төсектен асып барып, жалаңаш еденге тиді, әрі қарай артық қимыл жасаса, қолындағы қымбат дүниесін абайсызда сындырып алатын адамдай абдырады. Айшагүлдің көзі тірі кезінде қолын кемпірінің денесіне тигізбесе елегізіп ұйықтай алмайтын. Ондай кезде кем иек кемпір бүйірінен түртіп, құлағына сыбырлар еді. «Не болды соншама Құдай-ау, көзіңнен ұшып барамын ба?» – дейтін. Шынында да Құдай сездіріпті, Айшагүл көзінен ұшып барады екен, былтыр ойда жоқ жерден домалаңдап тыным таппай жүгіріп жүрген қара кемпір «басымның сақинасы ұстап қалды» деп құлап еді, содан тұра алмай, ауруханада көз жұмды. Алпысбайдың тамағы жыбырлады, қу жөтел қысып барады, алақанымен аузын басып, тұншыға жөткірінді. Марқұм кемпірі ауруханаға кетіп бара жатып бойы ұстындай сорайып тұрған Алпысбайға нұры сөніп бара жатқан жанарын суарып ұзақ қараған, сонда бейшара қимағаны екен ғой. Әлде «байғұс мен кеткеннен кейінгі күнің не болар екен» деп уайым жегені ме? Енді ойлап қараса, анығында да қатпа қара кемпір бойы сорайғанымен не балаға, не келінге сөзі өтпейтін Алпысбайға кәдімгідей сес, сүйеу болған екен. Айшагүлдің көзі кетісімен қара шаңыраққа сумаңдап салқын леп еніп, бұрынғыдай емес, жалтақтап, келіннің қас-қабағына қарайтын болды. Жетім бала сияқты. Ұлы Арыстан оқта-текте келіншегіне қарап: «Осы көкемнің қарны ашып жүрген жоқ па?» – деп сұрағансиды. Алпысбай не десін, қатты айтса, баласы мен келіннің арасынан қара мысық жүгіріп өте ме деп қауіптеніп, тілін тістеп, үндемейді. Шалдың қауқарсыздығын сезгеннен кейін келіні Жазира да дандайсиын деген. Ықыласы түссе шайын беріп, көңіл хошы болмаса, кешке дейін дым татырмай жүре береді. Алпысбай бірте-бірте кезінде іргетасын өзі қалап, түтінін түтеткен қара шаңырақта басы артық жат адамға айналғанын сезбей де қалған. Бірақ қайда барады? Алыстан тарайтын аталас ағайын болмаса, бір әке-шешенің кіндігінен өзінен басқа өрген ешкім жоқ. Алпысбай атадан жалғыз. Келінінің сырт көзге сырын білдірмей, «ата» деп елпілдегенімен шалдың ішкен-жегенін есептеп, іштей түйіліп отыратынын Алпысбайдан басқа ешкім байқай бермейді. Есесіне келінінің төркіндеріне деген ықыласы бөлек. Олар келгенде аста-төк дастарқан жайылады. Арыстан үйде болса, жақсы, ал жоқ кезде түрлі сылтау тауып, атасын ас басына жақындата бермейді. «Айып етпеңіздер, атамыздың мазасы болмай отыр, сәл науқастанып қалыпты», – деп сылап-сипап, әңгіменің тігісін жатқызып жіберетін шеберлігі тағы бар.
Бүгінде үйлеріне бір топ адам сау ете қалған. Қазан көтеріліп, у-шу болып қалды. Құдағиы Алпысбайдың қолын сілкілеп:
– Құда қалайсыз, сырқаттанып қалды деп естідік, қалайсыз? – деп жалпылдап көңілін сұрап жатыр. Алпысбай дені сау, делбезесі бүтін өзін сыртынан кімнің ауру етіп төсекке таңдырып қойғанын, мұндай әңгіменің қайдан шыққанын іштей сезгенімен амалы құрып, айта алмады. Әшейінде атасын қақпайлап, дастарқанға жақындатпайтын келіні бұл жолы шешесінен сескенді ме екен, төрге озған құдағиының жанына жайғастырды. Туралған бес-алты тілік нанмен дүкеннің сары майынан өзге ешнәрсе қойылмайтын жүдеу дастарқан сүр мен қазы салынған ағаш табақтардан қайысып тұр. Жеңсік асқа тәбеті шауып, асап-асап жегісі келгенімен өзгелерге жайраңдай күліп: «Алыңдар, алыңдар!» – деп ақжарқын адамның кейпін танытып елпілдегенімен, мұның ішкен-жегенін көзінің қиығымен сырттай аңдып отыратын келінінен жасқанады. Абдырап отырып, шайын төгіп алса, келіні жақтырмағанын артық қимылы мен «и-и-и» деген ренішімен ұқтырады. Соңғы кездері баласы мен келінінің арасында ұрыс-керіс көбейген. Тіпті арадағы айқай мен жанжалдың басы да өзі екенін сезіп, мүжіліп те жүрді.
– Алпысбай ұйықтаған жоқсың ба? – деді Кенжегүл.
– Жоғә, – деді ол, – қай-қайдағы есіме түсіп жатқаны…
Кенжегүл Алпысбай жаққа қарай аударылып түскен.
– Құданың құдіреті қайбір күні түсіме Алпамыс кіріпті, марқұм күйеуімді айтамын да… «Тоңып жүрсің бе?» – деп, тонын менің иығыма жабады. «Жазған-ау өзің тоңасың ғой» – деймін… Ол үн-түнсіз соңына қарамастан, қыр асып жүре береді. «Алпамыс, Алпамыс…» деп жатып өз даусымнан өзім шошып, оянып кетсем бола ма…
– Марқұм бірнәрсені дәметіп жүрген шығар… – деді Алпысбай.
– Өлген адамға не керек? – деді Кенжегүл.
– Е, жеті шелпек пісіріп, Құран бағыштағаннан басқа не керек дейсің… – Алпысбай күрсінді…
– Бүгін екі шелек көмір салып едім, тоңып жатқан жоқсың ба, – деді Кенжегүл.
Алпысбай бір жамбастап жылжып, Кенжегүл жатқан тұсқа жақындайын деп ойлады да іле-шала бетімді қайтарып тастай ма деп тосылып қалды…
– Негізі мен он жетінші разезьден емеспін. Күршім ауданынанмын. Өскемен жақтағы ауылшаруашылығы техникумын бітіргеннен кейін осында жолдас қызыммен қыдырып келіп, ақырында қалып қойдым. Алпамысты құлай сүйіп ұнаттым ба, ол жағын да білмеймін, әйтеуір тұрмыс құру керек болған шығар… – Кенжегүлдің күрсінгені естілген, – марқұммен бір-біріміздің көңілімізді қалдырмай, жиырма бес жыл отасыппын. Екі бала өсірдік. Қазір екеуі де үйлі-жайлы. Келіндердің қолына қарағым келмейді. Алпамыс та осында жатыр… Егер олай-бұлай болып кетсем, көрші-қолаң өздері көмер… – Кенжегүл соңғы сөзді үрейсіз, тіпті жайбарақат айтты. Өлімді естігенде, Алпамыстың денесіне діріл жүгірді. Ал мұның арманы өзі туып-өскен Көлтоғанның бас жағындағы қорымға жерленген әке-шешесінің жанына жайғасып, етектегі тіршілікке төбеден көз салып, қарап жату еді. Енді туған жерден топырақ та бұйырмайтын секілді… Жаны ащымайтын жалғыз ұлдың мұның сүйегін саудыратып сонау ит арқасы қияңдағы Көлтоғанға апарып қоятынына да сенбейді. Әй, бірақ көзің жұмылғаннан кейін денеңе қай жерден топырақ бұйырса да бәрібір емес пе?
– Әйелің қай жақтыкі еді? – деді Кенжегүл. Үнінен қызғаныш сезілген. Алпысбай самарқау үн қатты:
– Оңтүстіктен,өзіміз жақтан…
– Осы сендер жақта жаңадан түскен келінді құлша жұмсайды деген рас па?
– Қайдағы… жұрттың айтып жүрген сандырағы ғой….
Келін болып түспей тұрғанда Айшагүл де осы сұрақты жиі қойып, бұртиятын.
– Алпыс, сиыр сауа алмаймын ғой…
Өмірінде Айшагүлдің бір рет ғана көңілін қатты қалдырыпты. Бір отырыста көршінің жігітімен билегені үшін Алпысбайдан таяқ жеген. Сонда Құдай-ау, не бүлінді десейші… Кейін ақымақтығы үшін кешірім сұраған… Айшагүл кінәсін кешіргенімен, қол көтергенін Алпысбайдың өзі кешіре алмай қойды. «Әй, тағдыр-ай», – деді күбірлеп.
– Бірдеңе дедің бе? – деді Кенжегүл.
– Жай, бір ақымақтығым есіме түсіп жатыр, – деді Алпысбай, – марқұм әйеліме жасаған қиянатымды әлі күнге дейін кешіре алмай-ақ қойдым. Қайтесің бәрі де қу арақ пен қызғаныштың кесірі ғой… Кім ойлаған мына бес күндік өмірді жалған деп…
– Таусылма, өтер іс өтті, енді өкінгенмен не пайда? – деді Кенжегүл жұбатып…
Сол бір қарғыс атқыр күні таңертең келінінің ащы айқайы оятқан.
– Әкеңнен басқа жау келген жоқ, ақшаны сол алды. Арыстан шабалаңдаған әйеліне еркектік мінез көрсетіп, «не оттап отырсын» деген сөзді айта ма деп үміттеніп еді, керісінше, дауысы жалынышты шықты:
– Қойшы, көкем не істейді сенің ақшаңды, өзің бір жерге қойып, ұмытып жүрген шығарсың, – деп ақталады. Алайда аталы сөзге тоқтайтын келіні жоқ:
– Арыстан, – деді даусын қатайтып, – есім орнында, ақшамды әкеңнен басқа ешкім алған жоқ.
Бұл жолы баласының үні шықпай қалды. Жүйкесі сыр бере бастаған ұлы бұл жатқан бөлменің есігін жұлқи ашқан.
– Әке, келініңіздің ақшасы жоғалып, айқай болып жатыр, алсаңыз қайтарыңыз, – деді. Жат адам сияқты.
– Балам-ау, ол ақшаны не істеймін, ішіп-жеміме зейнетақымның өзі жетпей ме? – деп еді, екі оттың ортасында қалған баласына жеме-жемге келгенде қойнындағы әйелі жақын болып шықты.
– Әке, сізден басқа ешкім жоқ ғой, – деді «сіз алдыңыз» деген сөзді анық айта алмай, – айтыңыз, ақшаны қай жерге жасырдыңыз?..
Жалған-ай туған баласы ұры санаса оған не айтарсың… Алпысбайдың жанарынан жас сырғыған. Жол сөмкесіне қолына іліккен киім-кешегін салып, вокзалға қарай тартқан. Ынжық ұл «әке қайда барасыз» деген сөзді айта алмай, тұтығып қалды. Қайда барады? «Мойныма бұршақ салып жүріп өсірген Арыстаным едің ғой». «Әй дүние-ай».
Жала мен жалғыздықтан жаны күйзелген қарт ағыл-тегіл жылап келеді. Билет сататын кассаға келген.
– Қызым, мына пойыз қайда жүреді? – деді. Бойжеткен жылы жымиды:
– Өскемен жаққа, ата.
Көрген қорлығы мен теперіші есіне түсіп езілген Алпысбай үнін шығармай қыстыға жылады. «Құдіретті күшті Құдай-ай көрсетейін дегенің көп екен-ау». «Жаратқан-ау, бұлай қинайтының бар екен, Айшагүлдің орнына неге мені алмадың?!.»
– Көңілің босап жатыр ма, – деді дәл жанынан Кенжегүл.
– Жай, – деді Алпысбай көзінің жасын сүртіп…
Пештің шытынаған қақпағының саңылауынан көрінген жалынның сәулесі қаракөлеңке үйдің төбесінде ойнайды. Алпысбай жамылған көрпенің етегі ашылған. Кенежгүл қасқырдан қорыққан көжектей бүрісіп, құшағына еніп барады.
– Алпыс, мен саған әбден бауыр басып қалыппын… Кетіп қалмайсың ғой… айтшы «кетпеймін» деп…
Алпысбайдың енді ғана батылы жетіп құшағындағы әйелдің шашынан иіскеді.
– Қайда барамын?..
Қос бейбақтың мұңын сырттағы уілдей соққан ақ түтек боран алысқа әкетіп жатқандай…
Елеусіз МҰРАТ