Соңғы парыз
11.11.2024
447
0

Жиендік жасады деп айыптай қоймассыздар, дегенмен «Соңғы парыз» деген тақырыпты мен Виктор Астафьевтің шығармаларынан еншілеген едім. Өйткені жазбақ болып отырған мақалама осы анықтама дөп келетіндей көрінді де тұрды.

Жалпы, Қалихан Ысқақов сынды қара сөзден қаймақ алған шебердің өз шығармаларын орыс тіліне аударуды маған жүктегені, бекер емес деп ойлаймын. Өзінің «Ақсу – жер жаннаты» деп аталатын соңғы романын аударуды маған сеніп тапсырғанда, екіұдай сезімде болғаным рас. Бір жағынан, үлкен қаламгердің мені таңдағанына қуансам, екінші бір түйсігіммен, бұл тапсырманың жауапкершілігі жоғары болатынын ұққандай едім.
Осы сенім үддесінен шығу үшін тәп-тәуір қызметімді, жайлы тірлігімді қалдырып, үш жылға дүниеден баз кешкендей өмір сүргенім бар. Үш жыл қозғалмастан жұмыс үстелінде отырдым. Виктор Бадиков айтқандай, прозашылар үшін, әсіресе аудармашыларға мұндайда болат­тан құйылған құйрық керек-ау. 1989, 1990, 1991-жылдар. Машинкамен терілгенде 905 бет болатын мәтінді орыстілді оқырманның құзырына ұсыну үшін маған осынша уақыт қажет болды.
Осы жылдары қалай тіршілік кешкеніме әлі де таңғаламын… Ол өзі бір қиын кезең еді ғой. Жан-жақтан ақшалы тапсырыстар түсіп жатса да, жасаған еңбегіме бір тиын да қаламақы алмастан еңбек еткен едім. Алайда қиыншылықтар уақыт өте келе ұмытылады, ең бастысы, мен аударманы аяқтап үлгергеніме ризамын. Мен бұл жұмысты 1991 жылдың қараша айында тамамдадым, ал желтоқсанда алып бәйтерек – Ұлы держава тамырынан шіріп құлады. Осыған дейінгі үйренген өмір салтымыз келмеске кет­ті. Соның ішінде баспа ісі де тоқтаған болатын.
Менің үш жыл бойы көз майымды тауысып, түрлі тұрмыс тапшылығын тарта жүріп жасаған аудармам, алдымен, баспалардың тартпаларында, кейіннен иесіз қоймаларда 30 жыл бойы қажетсіз жатып қалды. Тек былтыр ғана, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің, жазушы Бигелді Ғабдуллин мен Фархат Тамендаровтың қолдауының арқасында аудармам «Простор» журналының бес санында басылып, оқырмандармен қауышқан болатын. Айта кетерлігі, бұл жұмысым сол 1991 жылы-ақ Виктор Бадиковтің жоғары бағасын алып үлгерген болатын. Сонымен қатар романның аудармасын басуға әзірлеген «Простор» журналы редакторының орынбасары, халық жазушысы Любовь Шашкова да жақсы пікір білдіріп отыр.
Осылайша, ұзақ уақыт бойы қапаста қалған, кітапқа айналуы тиіс болған шығарма дүниенің жарығын көріп, нәресте үнін айдай әлемге паш ет­ті. Ол әлі кітап болып шыға қойған жоқ, ол міндет­ті түрде жеке туынды ретінде басылып шығуы керек. Бұл, өкінішке қарай, менің құзырымдағы шаруа емес, бұл – мына жарық дүниеде жер басып жүрген сіздердің үлестеріңе тиесілі. Себебі мен жұтар ауа мен татар дәмімнің таусылуға шақ қалғанын сеземін. Кітаптың басылып шығуын тағы да 30 жыл күтуге уақытымның жоқ екені айқын. Мына жарық дүниедегі күндерім санаулы. Бұл – өмір заңдылығы, пенденің қолынан келер қайран жоқ.
Өткен өміріме зер салсам, соңғы күніме дейін саптан шығып көрмеппін. Күні кеше ғана, 30 қазанда, өзімнің зейнетақыдан жинаған қаражатым мен Рафик Зиганшиннің демеушілігінің арқасында, Рубен Суренович жайлы жазылған кітабым оқырмандарға жол тарт­ты. Денсаулығымның нашарлап бара жатқанына қарамастан, мен бұл еңбегімнің баспа бетін көруіне күш салдым. Енді оны қолға ұстап көруге, бет­терін парақтап оқуға, онда айтылған ойлар мен жазылған жайларға зер сала қарауға мүмкіндік бар. Кітап – менің сенімімше, тағдырдың сыйы, кітап – көңіл мерекесі.
Мен бүгін жердің бір шетінде тұрған­дай­мын. Алайда құлауға емес, ұшуға бейілмін. Егер жаратушы күш-қуатымды ала қоймаса, ақыл-ойым анықтығын сақтап тұрған кезде, жазушы деген жоғары мәртебемді пайдалана отырып, Министр Аида Балаеваға өз үнімді, жанайқайымды жеткізгім келеді. Құрмет­ті ханым, Қалихан Ысқақовтың менің аудармамдағы «Легенда о земле Беловодье» ат­ты кітабын шығаруға мүмкіндік табуды өтінемін!
Қалихан мен мені қолдауға шақыра­мын!

Адольф Арцишевский,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір