Соңғы сұхбат
14.05.2023
300
0

1982 жылдың декабрь айында екі жылдық творчестволық демалыс алып, үйде ғылыми әдебиет­тер оқып жатқан кезім еді: бірде Евней Букетовтың хатшысы – машинка терушісі Гүлбану Артықбаева:
– Бақа! Сен Евекеңе неге кіріп шықпайсын?! Сыртынан сұрап қояды. Ректор кезінде келіп жүруші едін! – деді.
– Мен қазір демалыстамын ғой…
Айтарын айтсам да, ойланып қалдым. Ол кісі мені неге сұрады екен?! Кісі көңілін табуға менен «құдай атқан» кім бар еді?! Әлде, қандай да бір әдеби ойларына ортақтастырғысы келді ме екен? Еш қисын таба алмадым: жұмыс бабындағы «әңгіме» қашан бір арнаға тоғысып еді?! Қалай болғанда да, «тілдесу» керек… Ленин көшесі 5-ші үй, 2-ші қабат ҚарМУ-дың химфагы орналасқан ғимрат баспалдақтарын санамалап көтеріліп келемін. Ойым сан сақта: кірсем бе, кірмесем бе? Не айтпақпын?! Өзінің көңілі солғын, сырты интеллигент, іші өлермен емес, жаны нәзік, батыр тұлғалы болғанымен, «Есенин аудармашысын» андаусызда жүдетіп алсам қайтпекпін?! Бүгін оның иініне түскен ауыр жүкті «ауған түйені» демегендей жеңілдетуге менің күшім жетер ме екен! …Әлде ойы озық Аға менің болашақ «мүшкіл халіме» алаңдаулы ма?! Есігін қағуға жүрексініп, қабырғадағы стендтерді қарайланқырап тұр едім:
– Иә, Бақыт жәй жүрсін бе? – деген барқыт­тай жұмсақ үніннен сел ет­тім…
Ағаның жұмысқа енді келе жатқан беті екен. Есікті кілтпен бұрап өзі ашты. Жүрегім дір ет­ті: көңілім кірбің тарт­ты. Күні кеше ғана бүтін қазаққа атағы Абылайдай дүркіреген Евней Букетовтың отырған жері – аядай бөлме… 
Иә, бәрі де көзім алдында: 1972 жылы жас Шоқанның, ел ағасы Әлихан, елжанды Ермековтың – қазақ халқының досы Григорий Потанин: «Сарыарқа төсінде университет салынса, ұл-қыздары сонда оқыса, қазақ өзінің кім екенін әлемге танытар еді» деп, армандаған сол университеті Сарыарқа кіндігі – Қарағандыда алғаш бой көтеріп, Евней Букетов ректор болып сайланғанда, Сәбит Мұқанов өзі келіп сөз сөйлеген. Содан былайғы онжылдықта республика ғылым-білімі, әдебиет пен өнер саласы түгелге жуық Букетов төңірегінде топтасқан. Екінші рухани астанаға айналғандай еді-ау! Қазақ совет әдебиетінің жасамыстары Евнейді жағаласа, жастары ағалады. Ал бүгін ше?! Бір сәт­те ғайып болған Помпейше тып-типыл. Помпейді жер жұт­ты. Евнейді кім жұт­ты?!
Хан сарайындай кең, күн шуағына шомылған кешегі салтанат­ты қабылдау бөлмесі бетін желге, аяғын жерге тигізбеген нөкерлері қайда?! Сол «Ақсарайда» өзін Абылайша сезініп, бал-бұл жанған жұлдызды жүзі қайда?! Бірі де жоқ. Сөнген планетаға айналған. Киген киімі – бастағы көк караколь бөрігі, аяқтағы етігіне дейін қолпиып бос қалған, етжеңді денесі көп орта түсіпті. Әріптестері химфакта ұзын халат киген кісі көрсе, «с Букетова сняли что ли» деп әзілге, афоризмге айналдырған екі кез бойы ғана сорайып тұр. Жуырда емханадан шыққан, бәлкім содан да болар: мен өзімді осылайша алдауқарат­тым.
– Аға, денсаулығыңыз қалай?
Менің тілім келген бірінші сөз осы болды.
– Шүкір, жаман емес.
Жанары кірбиіңкіреп тұр: зорланып күлгенімен көзі күлмеді. Алпамсадай ағаның бұл жүдеулігі көңіл күйден бе, жоқ, науқастан ба?! – деген ой таблода жанып сөнген шамдай санамда кезек алмасты.
– Аға, сіз науқастанып емханаға түскеніңізде бүкіл қала абыржыды: шынайы тілектестікпен емханаға ағылып жатқан жұрт­ты көріп те, естіп те жүрдім. (Бұл сөзді ағаның көңіл күйін көтеру үшін басынқырап, «қосынқырап» айт­тым). Мен де сол көп­пен бірге тілекші болғаныммен, Сізге бара алмадым: кісі көп… Мазаңызды алудан қаймықтым.
– Оқасы жоқ. Өз жағдайын қалай? Докторантураға шықты деп естідім. Сен жаза аласын…
Ептеп қана жымиды. Ұзақтау пау­за орнады. Мен өзімді кінәлідей сезініп мына ыңғайсыз жағдайдан қалай шығудын жолын іздей бастадым. Мұндайда ойға оңтайлы дүние орала қояр ма?! Аға қашқақтаңқыраған «науқас» жәйіне қайта соқтықтым.
– Енді дәрігерлер не кеңес береді?
– Дәрігерлер тек дене жат­тығуын жалғыз амал көріп отыр. Бір құтқарса – сол дейді. Қызметке жаяу қатынасам. Ертенгілікте, кешкілікте ұзақ серуен, одан бильярд… Осылайша жүрек етін шынықтыру керек көрінеді.
Ағаның үлкен үмітпен сөйлеп кеткеніне қуанып қалдым. Әңгімені әрі қарай тағы үзіп алмау үшін:
– Жақсы екен. Тезірек сауығыңыз! Сізді өз басым емхана көйлегінде көргім келмейді. Мен сізді үнемі тұғырда көріп жүрмін ғой. Сол тұғырдағы күйіңізде ғана есімде ұстағым келеді.
Аға жәй ғана жымиды.
– Рақмет.
Дауысы әдет­тегідей мап-майда. «Өткен еске түсіп», еңсем түсінкіреген түрімді көріп, үлкен «психолог» мені жылы шыраймен сөзге тарт­ты:
– Иә, бұйымтайыңды айта отыр.
Мен күлдім.
– Тек «бұйымтаймен» келіп, соған Сізді мықтап қалыптастырып тастап­пын-ау! Бұл жолы бұйымтайсызбын. Өзіңізбен әдеби бір сұхбат­тасам деген едім. Көңіл күйіңіз, денсаулығыңыз көтерсе әрине.
Ағаның аздап еті тіріліп, елең ет­ті:
– Онда далаға шығайық! Мен саған бір керемет жол көрсетейін. Осыдан шығып отырып «орталық бақша» (Центральный парк) арқылы Зелентрест өтеміз. Біздің үйге дейін тура бір сағат.
Қол сағатына қарады.
– Міне, түскі асқа дейін молынан үлгіремін.
Совет көшесіне дейін оны-мұны сөзбен жете бергенде аға кілт тоқтап, жан қалтасын сипалай бастады. Өңі бозарыңқы.
– Аға, немене?
– Қазір…
Күлді.
– Мұндайдың талайын көріп жүрміз ғой…
Қалтасынан дәрі алып, тілінің астына салды. Ұшар басына шығу мүмкін еместей көрінетін таудай ағаның мынау жұқалтаң тартқан бейнесі, дәріге қараған дәрменсіздігі көңілімді тіпті жабырқатып, сөзімді тарғылдай берді. Әртүрлі қауесет от тиген қаудай қау­лай жөнелгенімен «діңгек» – діліне берік мықты болар деген сенімде болатынмын. Алайда Орталықтан тиген соққы оған оңайға соқпағандай: кезінде емендерді еңсерген «қара жел» қайта соқты ма?! Мүсіреповше айтсақ, «Сөз жоқ, соның іздері». Кенет Кененің Жетісу жерінде-ақ жеңіліс тапқан «көшін» Ілиястың (Жансүгіров): «От сөнді, отауы жоқ, жын басылды» тарихи бейнелі тілі санама сарт ет­ті. Оты сөніп, отауы құласа да Кене мойымаған, ал Евней мойыған, мойындаған. Мәселе қайда?! Ақылды аға қалай «амалдаса» да құтылмаған: тұтылған. Өзін емес «қызметін» сүйген «қауым» бүгін жер сипалатса, Иуданың «аяр сүйісі» сан соқтырған… Мағжаннан соң «мойымау» мүмкін бе?! Түрмеден қалжау оралған Мағжанды ыждаһатпен қарсы алып, ыстық ықыласпен қабылдаған Қызылжар өңірінің ауылдары «шабылып-шаншылып», адамдары атылып, айдалғанын көкірек көзімен көрген жалынды жас Евней Мағжандай «ақын» болу арманынан саналы түрде бас тартқан, мамандық таңдау үстінде ол Әуезов емес, Сәтпаевтың етегінен ұстаған, есесін Есениннен қайырған. Политехтің санаткер студенті ақындық елеспен Совет көшесіндегі КазГУ ғимаратына, Әуезов дәрісіне үзбей келіп музадан тың тындаған, КазГУ шәкірт­терінен озып кеткен. Сөйтіп, биосфера заңдылығын ғылыми меңгерген ол совет­тік қоғам «заңдылығына» төтеп бере алмаған, «шахмат» ойыны оған мат қойды. Өкініштісі, Тәуелсіздік айдары тағылған тұста «бөлтірік бөрік» астынан табылды. «Үйден шыққан жау жаман» кеше оң тізесінен түспеген, Евней неше бас жесе, сонша құлақ жеген «жақыны» жығып берген «жығылғанға жұдырық жұмсаған». Орыс-қазақ тілдері жүйесін Мағжанша терең меңгерген Евней сөз жоқ, өзге де түркі тілдері ғылымы мен тарихының Еуразия аумағындағы теңдессіз терең білгірі –жерлесі Мағжан ізін басуға тиісті тұлға екенін совет­тік әдебиет «қожалары» жақсы білді. Сол тарихи Евнейден соңғы сұхбат алу миссиясы маған ғайыптан келген «нұсқау» ма дерсің?! Мұндай оңтайлы сәт­ті ысырап жасамай тиімді пайдалана алармын ба?! Ширыққан сезімнен бойымды билей алар емеспін: танауым шерткілеп, буындарым босап пенделік сезім өз құрсауына алды. Тек іштен бір жіңішке дауыс: «сөйле!» дейді. «Айт! Қысыр ой «қымыранына» алданба! «Жыланның үш кессе де, шегірткедей қауһары бар» «Айт! Көкейінді тескен сауалдардан арыл!» деп, екі аяқты бір етікке тығардай апшымды қуырып, ойымды орынына түсірді.
– Аға, ректор кезіңізде кабинетке «Қасым салған қасқа жолмен» өзіңізге тура тартқан сізше максималистік пікірлерімді қайтып алмаймын. Бірақ кешіріңіз! Сіз үйткені, қазір ректор емессіз. Тәуелсіз, жаны жайсаң ағасыз. Соныңызбен маған қымбатсыз.
Аға әлденені жорамалдағандай рахат­тана күлді.
– Иә, айта бер. Құлағым сенде.
–Айта берсем, мына дала төсі: тылсым табиғат шабыт шақырып тұрғанда, өзіңіздей тындаушым жалқы рет кездесіп тұрғанда маған бір сөз беріңізші?! Мұндай «бақыт» енді қайтып алақаныма қонбасы анық.
– Бүгін бір жақсы күн болды-ау!
Аға балаша мәз болды: маған да керегі – мына жарық күндей жадырауы ғой…
Ол қуақы жымиып, бар кеудесімен бұрыла маған қарады.
– Асыра айтсам, мақтау сөзді көп естіген сізге әсері болмас. Алайда екі қазақтың, тіпті жүз қазақтың бірі Евней емес қой. Менің ондай «статистикаға» баратын себебім, қатардағы қазақ қазақ халқын «қатарға» қоса алмайды. Оны қатарға қосатын да, қатарынан кем қылатын да өздеріңіздей ақылы «ерен», бойы биік қазақ. Өйткені ол көп нәрсені елден бұрынрақ көреді. Сондықтан ол сіздің ойыңызға да, бойыңызға да тәуелді сенім артады. Оның киесі не қолдайды, не ұрады. Сол «сенімге» адал қызмет қылғандар ғана тарих жасай алады. Ер Махамбет­тің әр сөзі маған ап-айқын, күні бүгін санама тура жетеді. Мәселен, өз мойынына жүктелетін «қиындықты» Гераклдың «12 ерлігі» сынды санамалай келе: «алтын малта ас болмай, өзіңнен туған жас бала сақалы шығып жат болмай, ерлердің ісі бітер ме?!» деген сөзі кейде маған ақын бір жерде тірі жүргендей әсер қалдырады. Ал, бүгінгі «ақылды тұлғалардың» сөзін түсіну қиын.
– Өзің ағаларыңа өкпелі сияқтысың…
Сөз басқа арнаға ауыспасын деп, ойын аяқтатпай:
– Жоқ, аға, өкпелеу емес, түсінгім келеді. Тағы да түсінгім келеді. Бүгін – ертеңгі тарих. Тарихтың ертеңгі бетін түсінбей қалай ашпақпыз?! Осы тұрғыдан келсем, мен сіздің потенциа­лыңызбен университетке ректор болып тағайындалуыңызды бүгінгі қазақ ағарту тарихындағы құбылысқа балағам. Көп нәрсеге реформа жасалуына жорығам.
– Үмітіңді ақтамадым ба?
Ащы шындық – «уды» аңдаусыз ұрт­тап алдым.
– Неге ондай шұғыл сұрақ қоясыз, аға?! Оның төрешісі – халық, тергеушісі –тарих қой… Абайды, Шоқанды догмаға айналдырдық: ұрпаққа ұстаз – гуманитарлық пәндер емес пе? Рухани әке-шешесіз өскен ұрпақ кім? Ұстазсыз мектеп – тұл ма?! Өзіңіз Қаныш Сәтпаев жайлы кітап жазғанда, ол кісінің аңыз атағы емес жүрегіңізді қозғаған, ой-санаңызды оятқан тірі бейнесін сомдамақ ниет­те болған боларсыз.
– Сөз бар ма! Сол Қанекеңе менің 17 жыл өмірім кет­ті. Нансаң кілтін енді тапқандаймын. Көркем өнердің күрмеуі қиын нәрсе екен. Қанекеңді мен жақсы білген адаммын ғой. Әр сөзі, бет бейнесіне дейін әлі көз алдымда. Әлгі сен айтатын «айналайын деуге тұрмайтындар» турасында ол кісі: «Бұлар айнала­йын демесен, арыз жазады» деп күлетін.
Жүзі жайдарланып өзі де күлді…
– Аға, мені тағыда кешіріңіз. Қара басым Сізге риза. Жас «маманға» қамқор болдыңыз. Ұшарын жел, қонарын сай білген мені университетке тұрақтандырдыңыз. Кекілімнен сан сипадыңыз. Анам қайтыс болғанда академик басыңызбен үйіме көңіл айта келдіңіз, факультет деканы Иманбековке реніш білдіріп, газет арқылы маған көңіл айт­қыздыңыз. Менің әлеумет­тік жағдайымды менен бұрын сіз ойлап 28 шаршы метр баспана болашағы бар шығармашылық адамына тарлық етеді, түбі кеңейтеміз деп уәде ет­тіңіз. Ұстазыңыз – Қанекең де сөйткен. Осындай «кісілік» қай чиновниктің қолынан келмек? Алайда «менің айдарымнан жел есу» – жыртыққа жамау бола ала ма?! Сіз әлгінде «жазып жүрген ақындарыңнан бір үзінді айтып сергітші» деген тілегіңіздің орайы енді келіп қалды:
Кекіліңнен сипамас бұрын
Сонда мен сенің,
Сипап көрем қос шегін
Домбырамның, кеш ұлым.
Деген Жұмекен Нәжімеденовтың момақан ғана жолдарын оқығанда жұбана алмай жыладым. Өзегінен шыққан ұлға өзімшілдік көрсетпеу – ерлік әрі парасат үлгісі емес пе?
– Өзі жайлы де ұмытып, ел-жұртқа бір пайда тигізсем деген біраз адамдарды мен білемін. Солар жайлы бірдене жазсам ба деген ойым жоқ емес.
Бұл сөз маған онша әсер етер қоймады. Мұндай талай ақылды сөздерін ол кісінің мінберден, теледидардан сан тындап газет-журналдардан үзбей оқыған адаммын ғой. Алайда атақ-даңқтан, тіпті дипломатиядан тап-таза болған адами пәк бейнесін осы қазір көргенім анық еді. Бірде мынадай бір қызық оқиға болды: «Орталық Қазақ­стан» газетінің тілшісі Ақселеу Сейдімбековтың осы басылымда КарГУдың ректоры Евней Букетовпен жүргізген сауалнамасы жарық көрді. Тілші: «Жастардың бойынан қандай қасиет­ті көргіңіз келеді – жақсы көресіз?» деген әдет­тегі кезекші сауалға академик-ректор: «Жалынды, құштарлықты, принципшілдікті жақсы көремін. «Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды» деген жастар осындай табанды болу керек» деп, жауап беріпті. Мен: «Бұл – Евней Арыстановичтың ауызынан ғана шығатын сөз ғой» деп, үйде отырып шалқып тасыдым. Арада біраз уақыт өткенде жұмыс бабында әдебиет­ті оқудың өзекті бір мәселесін шұқшия дәлелдеп отыр едім, Евекең маған үнсіз ұзақ қарап отырды, отырды да: «Бұған кінәлі өзіңсің… Бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүрсең, сенен жақсы кісі болмас еді! Қарғам, сен сөйтші» деді де қабағын төмен түсірді. Сәлден соң маған жанарын тіктеп: «Мен академик болғанда, ешкіні апа, текені жезде деп академик болғам. Менен қалайсың?» деді. Мен еш күтпеген сөз: Евней біреуден қиянат көреді-ау, әлдекімге тәуелді екен-ау деген ойдан мүлде алыс едім.
– Сіздің қай сөзіңізге сену керек: газет­тегі ме, кабинет­тегі ме?
Лауазымды ресми тұлға тікелей бастығына субординацияны белден басып айтылған бұл сөзді ол кісі де менен еш күтпегені айқын. Ыңғайсыз үнсіздікті: Аға, мен академик болғым келмейді деп жаймашуақ бұзғым келді. Тағы да мен күтпеген тосын жай – аға қарқылдап күлді. Байқаймын, жасанды күлкі емес ләззат ала күлгені сонша, жан қалтасынан қол орамалын алып көзінің жасын сүрт­ті… Мен орнымнан көтеріліп кетуге ыңғай білдірдім. Аптығын басқан аға: «Дұрыс айтасын. Мен оларды «айналайын» деймін, иә, сен сияқты кісілерге көбірек ұрысқым келіп тұрады». Соңғы сөзін маған сұқ саусағын қадап, күліп айт­ты.
– Неге?
– Ақымақсың. Үлкен болашағыңды кішкене нәрселерге айырбастайсың. Қолынан іс келетін адамға мен қашанда ұрысамын. Қолынан ештеңе келмейтін адамның арқасынан қағамын.
Мен ойланып қалдым.
– Неге үндемей қалдың?! Келістің бе?
– Жоқ, аға, келісе алмаймын.
– Әй, қисықсың-ау, – басын шайқады. Келісе тұра келіспейсің.
Ол рахат­тана күлді тағыда. Айтпасыма болмады: сөз басталған соң аяқтау да керек, келіспейтін себебім, қолында қоғамдық іс халық тағдыры тұрған адамға либерал болуға болмайды. Аға да айылын жиып алды: «Ә, қоғамды өзгертуге сенің шамаң келмейді, әуре болма! Ең күлкілі бейне өмірде өз әлін білмеген адам. Чацкийлер бүгін әдебиет­те де мода емес, өміршеңдігін жоғалтқан».
– Аренада Чичиковтер! Соларға қол соғып, қолына су құю керек демексіз ғой.
– Сау болыңыз аға!
Мен орнымнан көтерілдім.
* * *
…Алпамсадай ағаммен қатар адымдап келемін: сөз жүйесі – «жүрек емі» көңіл хошы келді ме біз үнсізбіз. Тылсым тыныштық. Аға жүзі – жұмбақ. Менің де, манадан асқазан-ағзамды тобық жұтқандай түйнеген түйін шешіліп, бойды бүрген құрсау сөгілгендей: аяқ-қолым жеңіл, арқа-басым кеңіп қалғанын сезіндім. Әлденеге дән ризамын: кімге-неге білмеймін білгім де келмейді. Тек кең тыныстап, жан-жағыма қомағайлана көз тастадым: «Зелентрест» аталатын қалың жынысты орманға ұласып, Евнейді тура пәтеріне енгізетін бұл күнде көріп жүрген Орталық бақша дәл қазір маған басқаша қарайды. Мойнымды оңға бұрамын: анадайдан әлденеше гектар аумақты алып жатқан жасанды көлді көремін. Бір риза болсам, бәлкім, алыстан айдыны асқақ Бұрабай көлін, маңайын қарағай-шырша, самырсынға бөлеп, Көкшені елестететін «эскизі» үшін осы орталық бақша сәулетшісіне болар-ау… Медитацияны бастан кешемін: киелі Көкше баурайы, исі жұпар аңқыған «Сексен көлдемін». Аңқамды қабады: Біржан әнімен астасады: «Мөлт еткен көз жасындай күміс көлі» сұлулық суреті қана ма?! Кіршіксіз көз жасы – «қа­сиет» адам мен табиғат ассоциациясы «құдіретін» ерекше сезінген Біржан «үні» өнер отаны – Италияны дір еткізсе, аққуға «әнін қосқаны» рас болар. Көкше совет­тік Сәкенге де аққу сырын ашты… Осы замандық ақын Жұмекен: «Ақан – қазақ өнерінің Колумбысы ғой» деп тамсанады. Себебі Біржан өнер ошақ оты бір ғасыр лаулап жанды. Лейтмотиві – «Ту көтерген думанды елім!»: ән қайырмасы – Сарыарқа! Өнер коды дөп басылады: қиырдағы Құрманғазы күйінің құдірет­тісі – «Сарыарқа» осы лейтмотивке үн қосады.
30-шы жыл зобаланында туған жері Қызылорданы паналаған Иманжүсіп «Сарыарқа» – табиғат ананы осы «дәстүрде» туған анасы етіп жоқтайды: «Бүркіт алып басыңа бір шы­ғ­а­­йын, көзіме бір көріңші Ерейментау» деп «үздігеді». Сарыарқа «сауыры» ел шежіресін ол жақсы білген, өйткені:
Абылай аспас Арқаның сары белін,
Қуандық Сүйіндікпен жайлайды елім.
Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас,
Нияздың Аюлы мен Қаракөлі.

Қатар-қатар қаланған тастарың-ай!
Мұнарланып көрінген бастарың-ай!
Сен есіме түскенде қайран жерлер,
Көзімнен аға берген жастарым-ай.
Аққудың қанатында қалықтаған ән «қырық мың жылқы суарған» Қорғалжын қожасы кісілікті Кішкентаев Аққошқарды «Аққошқар – Сайдалы» заманын көкейіме қондырып, көрмеген «Қаракөлімді» көзіме көрсеткендей…
Ақ қайыңдар «елін» аңсаған Евней де, Есенин «кейпіне» енді ме, кім білсін, тылсым тыныштық үстінде. Бұл сәт-сағат­ты мен ғасырға балаймын: мына алақандай алаңқай маған тал-терек, шөп-шөңгесіне дейін бүтін дала, сол тағдырлы адам болып елес береді. Мына әр жерде мәуелеп боз биедей бусанған Нұра бойының құба талдары мұнда қалай келді?! Оның ойдым-ойдым қара суларын жиектей өсетін сәмбі талдары да осында тұр: соңғы шуағын төккен күн көзінің рахмет нұрына балқып мың бұралады. Қарағаннан басқа «тоғайы» жоқ Қарағандыны жасыл желекке бөлеген кім?! Қылқан жапырақтар, «жүрген жерлеріне шөп шығатын» адам боп сөйлейді: абзал ағалар ауыртпалығын бірге тартқан Карлаг тұтқыны Күлжамал (Бейімбет жары), Күләндәм (Сұлтанбек Ходжанов жары) аялы алақандары отырғызып, ащы терімен суарылған бұл ағаштар маған сол арулар жанары боп жәудірейді. Киіз үй артқан ат-арба үстінде белден құс төсек, мамық жастықта май айы дала жұпарына «мас» шырт ұйқыдан таңғы бозторғай шырылымен оянған мен Карлагты қақ жарып өтетін қара жол бойымен арба – «бесікте» тербеліп жатып тікенек сыммен қоршалған түрмелер төбесінен биікбиік қара діңдер басында қара құзғындай төніп, мылтық кезеген «үстірлекті» (стрелок) көретін едім. Бұл – тұлымшағы желбіреген «құртымдай» ғана кішкене қыздың болашақ тағдырым боларын кім болжаған?! Осы топырақта менің де ащы терім төгіліп, жүрек қаным тамшылап тамып тұрмаса, АЛЖИР адам санасынан мәңгі өшіп кетер ме еді, қайтер еді?!
Басымды сілкимін: жиірек адымдап, «ойдан жырақ» аға жанынан алысқа ұзаймын. Дала дауылына төтеп беріп: майысса да, сынбай, сынын бұзбай оқшау тұрған мына бір тал «шыбық» мені бәрібір ұстап алады: түп-түзу тұрқына таңырқаймын. «Кеткенше қиып әлдекім, шыбық де, мейлім тал дегін» деп Мұқағали өзінің «шарасыз халін» бейнелейтін «шыбығы» осы емес пе?! Ақын өзін «әлдекімнің» қиып кететіне еш шүбә келтірмейді: Хантәңірінен бастау алған бұлақ басында «қылтиған» жалғыз түп әлсіз тал шыбық – Мұқағалиді «бюрократ­тық машина» отап тастағанын кім жоққа шығарады?! Қарағандының қара желі өтінде тұрған мына «жалғыз талшыбық жапырақ жайып, өсіп-өнбекші ме?! Мен күлемін. Ал қазір өзім табиғат анаға айналамын: «Бұлбұлым деп, күн күлімдеп талдар жайған жапырағын» Мұқағали емес, менің қарабасымнан күй кешіп жатыр…
Мысал – тарихы терең, танымы «дана» жанр. Мұқағали дүниеге келген 1931 жыл – алып емендерді «құлатқан» жыл. Осы «түбіртектен» бүр жарған әлсіз «шыбықты» әлдекім «қиып кетуі» – заңдылық әрі тарихи шындық. Арыстар ақталған жылы телеарна арқылы Рымғали Нұрғалиев: «Мұқағали – тоталита­ризм құрбаны» деуі де – тарихи шындық.
Карлаг астанасына айналған Қарағандыдан ел үрікті: тау-тасқа, аспан асты қуыс-қуысына тығылды. Бұл үрей дүниені дір еткізді: большевиктік Россиядан қашып Парижді паналаған Одоевцева: «Бұл күнімізге шүкір, Қарағандыдан табылсақ қайтер едік» деп, жазады «Сена жағалауында» ат­ты мемуар­лық романында. Бір ғасыр топырағы жаңаланбаған Карлаг – Қарағандыда әдеби құндылық, өнер отанын орнатамын деп, аласұрған «ақ қарға» мен «Өзімді» ғана іздеп тауып­пын: әлдекім қиып кете алмауы содан, бәлкім… Қайта құру желі тарих тозаңын желпіген тұста Андрей Вознесенский арада 60 жыл өткенде Блок – Гумилев замандасы ортақол орыс ақыны Одоевцеваны туған қаласы Петербургқа Парижден алып келді. Қазақ­станда тәуелсіздік орныққан тұста мен Қарағандыдан жер ауып, этап­пен Алматыға жетпесем, кім білсін, Карлагтың халықаралық көп тұтқыны жерленген Спасск қорымында қалған болар ма едім?! Екі қоғам – екі тағдыр. Мүнәй себеп­пен, жел ұшырған қанбақ – мен Әуезов музей Үйі төрінен табылғанда, географиялық кеңістігім кеңейгенімен, қоғамдық кеңістігім тарыла түсіпті: Қарағандыда «ағашқа керілген» Ғайса (Иса пайғамбар – Б.К.) тіріліп кеткендей резонанс туды.
Менің «қожайымдарым» құлақтарына сенбей, сенімді «көздерін» жіберіп бұл «өрескелдікті» растады. Қарағандылық «ғұмырбаяным» барша тоталитарлық «заң» ережелерімен өз жалғасын тапты. Ал шығармашылығыма тың серпін туды: өзім өмір сүрген қоғамымды танып-білуіме мол мүмкіндік алдым.
Семинарияның алғашқы басқышында жазған Әуезовтің алғашқы мақаласы «Адамзат негізі – әйел» аталады. Тұрағұл арқылы Абайдан жеткен сөз мағынасын кей-кейде өз бойыма өлшеп көремін: өмірімнің өлшеуіші тәрізді. Ұлы бастау – Абайға бас қояр алдында ана – ана тілі жазушының анты іспет­ті: көзі жұмылғанша адал қызмет қылған ағарту идеясының алтын арқауы. Кезінде Ә.Мәмбетов қойылымындағы «Ана – жер ана» спектакльін әлденеше құмарта қарасам да, сырт­тай ғана тамашалап­пын. Өзің жер анаға айналмай, Айтматовты танып көр! Ана – Әуезов, Айтматов философиялық желісі әлемдік танымға құйылыс табады. Қарағандыда соңғы сағат, минутым соққанша табан тіреп ақтық сәт­ті – «прокуратор шешімін» (М.Булгаков) күткенде, мені Сарыарқа Кіндігі тартылыс Күші жібермей өз уысында ұстаған екен-ау… Өз болмысымнан өзім секіре алмап­пын.

Бақыт Кәрібаева,
жазушы, профессор, ф.ғ.д

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір