ЗӘКЕҢНІҢ соңғы сұхбаты
1998 жылдың қоңыр емес, қыңыр күзі еді. «Жас Алаштың» әдеттегідей күркіреп басталатын жұмыс күні. Кабинетте қаламымды қайрап, ширығып отырғанмын. Сол тұста жазуымен жасын ойнатып жүрген жас жолбарыс, бала шәкірт Абылай Сабдалин екеуміз бір кабинеттеміз. «Жас Алаштың» Зәкеңсіз таңы атып, күні шықпайтын кезі. Қара телефон шар ете қалды. Алматы облысы әкімдігінің қабылдау бөлмесінен екен.
– Сізге әкім тез келіп кетсін деп жатыр, – деді.
Сауалына қарай жауабын жалп еткізетін жалаңаш батыр, ақмылтық шағымыз.
– Әкімде менің не шатағым бар? Бұл Алматы облысының газеті емес қой,–дегенше болған жоқ, трубканы тастай салды. Ақыры бірнеше өтініштен соң баруға тура келді. Таяуда архивімді ақтарып отырсам, сол күндерде жазылып, түрлі себептермен жария көрмеген, мәшінкеге де басылмай, қайта сүзгіден өткізбеген күйінде қалып қойған шала-жансар қолжазба көзіме оттай басылды. Тақырыпқа тұздық ретінде қаз қалпында ықшамдап ұсынып отырмын. 
«КАКОЕ ТВОЕ СОБАЧЬЕ ДЕЛО?»
«Ең алдымен әкімнің баспасөз хатшысы Жетпісбай Бекболатұлы телефон шалды. Әкімнің бізбен кездесіп, сөйлескісі келетінін айтты. Артынша өзі де келді. Сәлден соң қабылдау бөлмесінен хатшы қыз хабарласты.
– Күтіп отыр, – деді. Бардым.
* * *
Алматы облысының әкімі Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділов «Жас Алаштың» «Ырғақ» қосымшасында жарияланған С.Сыбанбайдың «Талғамға талас жоқ. Ал талғамсыздыққа ше?» (15 қыркүйек, 1998 жыл) атты мақаласындағы зайыбы Мақпал Жүнісова жөніндегі пікірге аса әбіржулі екен.
Жас жігіт жастыққа тән албырт мінезге салып, жеңгесіне қайыншылап қағытпа сөз айтқан екен, онысы ағамыздың қытығына тиіпті. Түсінуге болады. Бірақ соншалықты дүние дүрлігетіндей ме? Қазақтың маңдайалды әншісінің беделіне, арына нұқсан келді десе, ағамыздың өзі білсін. Біздің ниетіміз түзу. Жақсы болғанның үстіне бола түссін деген ғана ой. Өлетін жерімізді біз де білеміз.
Қайнысының жеңгесіне әрі базына, әрі ескерту ретінде айтқан ойын көтеріп алуға талай қиямет-қайымды көрген, мәдениетіміздің үлкен жанашыры, мәрт мінезді Зәкеңнің зайырлығы жетсе керек еді. Біз бұл мәселені әрі қарай жалғастыруға пейілсіз болатынбыз. Зәкеңнің жан дүниесіндегі арпалысты түсінгендей едік. Бірақ редакциямызға осы мәселеге аса қызығушылық білдіріп, Зәкеңе арағайын болғысы келген бір белгілі ағамыздың жанашырлығы отқа май құя түскендей болды.
«Семьямызбен неофициально араласатынымыз бар еді. Ол кісі бұл әңгіменің әрі қарай ушықпай-ақ қоюын қалайды» деді ағамыз.
…Қалай болғанда да осы бір сәтсіз сұхбаттың кей тұсынан қаз қалпында бірді-екілі штрихтар жариялағанды жөн көрдік.
–…Құдай берген дене бітім, бітіс… Какое твое собачье дело?.. Ана жолы орысша өлең айтты деп жаздыңдар осы «Ырғақта». Немене тиісе алмай жүрсіңдер ме? Кім анау Сыбанбай деген. Жазып отырған адам какой-то заказ получил… Әлде бірдеңесі өтіп кетті ме?
– Газетте басқалар да сыналып жатады. Сіздіңше соның бәрі заказбен жазылған болып шыға ма?
– Е, мен қайдан білейін. Мен туралы жазып жатсыңдар, үндеген жоқпын.
– Мысалы…
– Мен бесінде келдім қызметке. Сендер «Нұрқаділов поздравление қабылдаумен отыр. Облыс жайына қалды» деп екі рет жаздыңдар. «Сен тойдан басқаны білмейсің бе?» деп Нұрекең звондайды маған.
– Сіз бұл мақаланы менің әйелімнің жеке басына нұқсан келтірді, беделін түсірді деп ойлайсыз ба? Мақаланың басында Мақпалды бетке ұстап сөйледік қой.
– Әрине.
– Неге?
– Очень просто. Ну хорошо, егер сотқа берсем не істейсің? Сот выиграет. «Жас Алаш» та сотқа берсін. Я уверен, выиграю. Не істейсің?
– Сіз енді (Зәкең бастырмалатып кетті)…
– Ну, хорошо, ал сотқа бердік. Что ты можешь сделать? Я выиграю этот суд. Даю гарантию. Не істейсің?
– Не істейміз? Маңдайға жазғанды көреміз.
– Сотқа бер деп отырсың ба? Ты мне обьявляешь войну. (Дауыс өте қатты шықты, үстел тоқпақталды).
– Сізді бұлай қатты кетеді деп ойлаған жоқ едім.
– Анауыңды өшір, я тебе не давал разрешение, выключи.
Сонымен диктофон өшірілді. Бұдан кейін де айқайға толы біраз жайсыз әңгіме болды. Оны айтсам, диктофонға жазылмаған соң, өтірікші боламын.
Еліне елеулі ісімен жағып, «батыр» атанып жүрген Зәкең осы бір мәселені елең қылмағанда тағы бір «үлкен жеңіске» жеткен болатын ба еді, қайтер еді?..
Шіркін, тайлы-таяғымен күнде сыналып жатқан Ресей шенеуніктерінің шықпай жүрген жанын айтсайшы».
«ӨЗІҢНІҢ ПӘТЕРІҢДІ БЕР»
Екеуара әңгіменің қағазға түскен ықшам нұсқасы – осы. Қабылдау бөлмесінде отырған «Тамашаның» артистерінің де обалына қалдым-ау деймін. Бәрі тым-тырақай қашты. Зәкең бұрынғы Димекеңнің кабинетінде отырады екен. Емен есік. Өте ауыр. Жұлқи ашып едім, «әй, немене есікті қиратайын деп пе едің?» – деді. Төрде жүзі қып-қызыл болып отыр.
О, мінезді айтсаңызшы! Бұған дейінгі бірлі-жарым әкімнің кабинетінен есепке құрылған епті, аяр әңгімемен, өтірік сөйлеп, өтірік күліп шығып үйреніп қалған адамға мынау бір тосын жай болды. Зәкең тура «Жас Алаштың» өзі. Мәймөңкелемейді. Бірден атқа мінді. «Менімен бәрі де санасады, даже», – деп сұқ саусағын жоғары нұсқады. Қазір пайымдасам, кейінгі кетісулер, шарпысулардың негізі сол кезде-ақ пісіп-жетіліп жатқан екен ғой.
«Жас Алаш» Зәкеңе ғана емес, басқа әкімқараларға да қырғидай тиіп, бір шыбықпен айдап, «асығы алшысынан» түскен күндер еді. Нұртөре газетті оқытты ғой. Бар буындағы басшылар таң атысымен жұмыс күнін «Жас Алашты» парақтаумен бастайтын. Тіпті Құдай өзі кешсін, «Көкте – Күн, жерде – «Жас Алаш» деп те асқақтадық. Мұның өзі бір қарағанда жастық максимализмге жарасатын мінез көрінетін. Жұрт та «Жас Алаш» бір үйдің кенже баласындай, бір тентек жүруі керек қой» деп те қарайтындай еді. Тіпті журналистика – жуандарды жуасытып алу екен ғой деген балаң түсініктің де болғаны рас. Сөйте тұра ақиқаттан да аса алыстай қойған жоқпыз. Бірақ соның ішінде Зәкеңдей сын садағына ілінгендер көп те емес. Қазір ойлаймын ғой. Не деген жүйке? Тіпті қап-қара күйде суретінің силуэтін беріппіз. Қазір ғой, жел тұрмаса да, шөп басы қимылдай береді. Ол кезде желсіз қимылдамайтын. Қимылдататын кісілер болатын. Зәкеңнің тағдырының тал түсте ту талақайға түсуіне де ынталы адамдар болған шығар. Кімнің аяғын басып кеткенін уақыт өзі екшей жатар, бұл менің миссияма жатпайды.
Тұлғалардың өмірі ешқашан жайма-шуақ болған емес. Қарама-қайшылық, өз-өзіне көңілі толмау, жедел шешім қабылдап, кейде онысына қарадай опынып, айналасын түтіп жіберу, ашуға тез беріліп, тез тарқау, тосын көзқарас, тосын пікір, өз ұстанымынан айнымау, т.т. толып жатқан қасиет, мінез жұмыс істеймін деген адамда, елі үшін «Едігедей ел қамын жеген» ердің бойында кездеспей тұрмайды. Қазір мінсіздіктен емес, осы мінезсіздіктен құрып жатырмыз ғой. Жарықтық Зәкеңнің бойында сол бар еді. Қалай болғанда да оның елге еңіреп жүріп жасаған қызметі адами, пәндәуи қылықтарының тасасында қалып қойып жатты. Оның өзгелерді, өзін өктем санағандарды орнына қойып, аңқаулыққа жеңдіретін батырлығы да, менменсінгендерді мүйіздеген мінезі де ұлтқа қызмет етті.
Басы ашық ақиқат: ол халқын өлердей жақсы көрді, халқы да оны жақсы көрді. Көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділов тұлғасын даралауға қазіргі жаңа көзқарастар тұрғысынан келсек, әңгімеге қамшы салудың қажеті жоқ. Көңілдегі көрікті ойға өз-өзінен қанат бітіп жүре береріне кәмілміз.
Біреулер Зәкеңнің өнер адамдарына жақын болғанын Мақпалмен байланыстырғысы келер. Оны да жоққа шығаруға болмайды. Дейтұрғанмен де оның бойындағы өзге шенеуніктерден көп байқала бермейтін биік рухани өре, адами даралық талантты адамдарға деген құрметін күшейте түскені сөзсіз. Айталық.
Шәмші Қалдаяқов «Қазақстанның халық артисі» атағын ажалына алпыс күн қалғанда алды. Президенттің қыр соңынан қалмай жүрiп алып берді. Жарықтық Шәкеңнің өзі «осы немесін ертерек берсе, өкіметтің темірі таусылып қалар ма еді» депті кеудесі сырылдап отырып. Республика сарайында жеке концертін өткізді. Бүгінде сол концерт болмағанда Шәмшінің жанды бейнесінен жарытып белгі қалмағандай екен. Композиторлар одағының жарғысында жоғары білімі болмаса мүшелікке қабылданбайды деген талап бар. Зәкең бұл баррельді де бұзды. Билігін әділеттің орнауына жұмсады. Әсет те, Шәмші де Композиторлар одағының мүшесі болды. Бұл шешімді одақтың басшысы Базарбай Жұманиязов Әсеттің 60 жылдығында жұрттың көз алдында оқыды.
Аруақ аттап кетпейін, тағы бір талантты қазақтың тағдыры қалай шешілгенін айтайын. Қандай қазақ десеңші! Аманкелді Сембин. Атағы жер жарған «Ла-Скаладан» тағылымдамадан өткен тұңғыш қазақ. «Кезінде бір жұлдыз туған. Сол жұлдызды бәріміз жабылып жүріп өшіргенбіз» деп Шерағаң айтатын қазақ. Тағдырдан аяу көрмеген ол жөнінде «Егемен Қазақстанда» «Қарғаш» деген эссе жаздым. Бас редактор – Шерхан Мұртаза. Жоғары Кеңестің депутаты. Аманкелдінің жағдайын сұрады. Пәтер азабын тартып жүргенін айттым. «Менің атыма арыз жазсын» деді. Шерағаң арыздың төбесіне қолын қойып, «мынаны алып Заманбекке барсын, өзім де сөйлесемін» деді. Не болды дейсіз ғой? Зәкең құрақ ұшып қарсы алады. «Тірі екенсің ғой» деп толқыпты. Пәтер бөлумен айналысатын бір кәріс көмекшісін шақырып, «дұрыс жерден төрт бөлмелі пәтер тауып кел» дейді. Әлгі басы салбырап, біраз уақыт күтуге тура келетінін айтады. «Онда өзіңнің пәтеріңді бер» дейді. Сонымен бұл мәселе де шешіледі. «Мифический фондтан» (ойдан жасалған қор), Зәкеңнің талантты адамдар үшін ашқан қорынан Мамыр ықшам ауданынан Әбекеңе төрт бөлмелі пәтер беріліп, оны редакцияда Асқар Сүлейменовтің қатысуымен жуғанымыз бар.
Біз білгенде Зәкеңнің аты шықпаған кезі жоқ. Ел үшін туған есіл ердің «ерлігін» айта беруге дерек те, дәйек те жетеді. Жарайды, қолында билік болған соң неге жасамасқа дерсіз. Болып тұрып жасамағандар да бар ғой. Мейлің, осы ойдың ығына да жығыла салайық. Ал енді ұлттық намыс аяққа тапталып жатқанда әлгі «ұлттық кемсітушілікке жол берілмесін» делінетін биліктің псевдопатриотизміне де пысқырмай, қызметті ойлау қаперіне де кірмей атқа мінді ғой. Қазаққа қарсы ашық шабуылға шыққан бір белгілі орыс басылымын бесігінде тұншықтыруда да Зәкеңнің еңбегі еш болған жоқ. Талтүсте қазақты билеп-төстегісі келген Тё деген таусоғарды қаңғытып жіберді. Желтоқсаннан кейін адымымызды аштырмауға айналған процентомания деген бәлемен күресті ашық бастады. Қалаға әкім болып келгенде Алматыда ресми тіркеу бойынша қазақтың саны 12-ақ пайыз болды. Зәкең қаладағы тіркеусіз қазақ баласының бәрін жатақханалар, тағы басқа жерге тіркеуге пәрмен беріп, жергілікті ұлт санын 40 пайызға жеткізді. Бүгінде Алатау ауданына шоғырланып, өсіп-өніп отырған халықтың кемінде 80 пайызы Зәкеңе қарыздар. Сөйтіп, ер Зәкең ұлт басына үйірілген процентоманияны осылай шешкен.
«ТЕК МАХАББАТ АЛҒАНЫМ, ҚЫЛМЫС ДЕЙМІН ҚАЛҒАНЫН»
2005 жылы «Алматы ақшамына» қызметке келдім. «Тұлғатану», «Алматы антологиясы», «Алматы айымдары», «Қала құндылықтары», «Шаһар шежіресі» тәрізді жаңа жобалар бастадық. Соның бірі – «Алматыны басқарғандар». Сонау Зенков заманынан бермен қарай Верныйдан бастап басшылық жасағандардың тізімін түзіп, жұмысқа кірістік. Бұл шаруамыз «Ақшамға» жаңа толқын – жас күштердің келіп қосылуымен қатар басталды. Олар: Ержан Байтілес, Думан Анаш, Әсия Бағдәулетқызы, Мәншүк Бекбосын, Роза Әрен, Өркен Жоямерген, Жандос Байділда, Әйгерім Сауытбекқызы, Азамат Қасым, Динара Мәлікова. Осы жастар архивке отырып, жанкешті жұмыс жасады. Бұл ісіміздің өз ауыртпалығы да болмай қалған жоқ. Ол енді басқа әңгіме.
Түрлі тағдырлар. Тұлғалар. Тегіні жоқ. Мақсатымыз – Алматыны басқарған азаматтың атқарған жұмысы жөнінде ғана емес, ол кім, қандай тұлға, тағдыры, жеке өмірі туралы егжей-тегжейлі, бүкпесіз жазу жайлы талап қойылды. Расында да архив материалдарымен танысу барысында көп қызықты жайға, оқыс оқиғаларға тап болдық. Қызық, қиын тағдырларға кезіктік. Мәселен, Алматыны соғыс жылдарында басқарып, кейін Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы болған, Ахаңнан дәріс алған, Б.Момышұлы окопта жатып мемлекеттік тілдің тағдырына алаңдап хат жазатын, жүзге толып өмірден озған М.Әбдіхалықов, бүгінде қаладағы ең ұзын даңғылға С.Сейфуллиннің атын беруде шыңғырған шовинистерді жер жастандырған, ақынның аты-жөнін білмеген мәдениетті басқаратын еврей әйелін жұрттың көз алдында қызметтен алып тастаған, жазушылардың әсіресе Сәбеңнің жақын досы болған Е.Дүйсенов, Абай ескерткішінің тұғырын биіктету үшін тартысқан, театр премьерасы, концерттерден қалмайтын А.Әділов, Қонаевтың жездесі, Жандосовтың жан досы А.Түркебаев, Республика сарайын салған, көпқабатты үй салдыруға жан-тәнімен қарсы болған Р.Ильяшев, өмірден озған соң жинақ кітапшасында 50 доллар қалған А.Қойшыманов, тағы басқалар туралы жарияланымдар көпшілік қызығушылығын туғызып, газет оқырмандары көбейе бастады. Сонымен қатар жобаның әрі қарай жалғасуына да қауіп төніп, алаңдаушылық та болмай қалған жоқ. Ол кезде Храпуновтың жағымпаздық шыңына шыққан, әр сөзін «Елбасының арқасында» деп бастайтын, әлі түлен түрте қоймаған кезі. «Қиналған Жамбыл жері осы» дегендей, Заманбек ағамызға келгенде әрі-сәрі күй кештік. Тез шешім қабылдау керек. Жоба аяқталуға жақын. Кітап шығару да жоспарда тұр. Білек сыбанып отырғандар көп. Зәкеңді аттап кету – тарихқа қиянат. Содан телефон шалдым.
Зәкеңнің бет қаратпай тұрған кезі ғой.Шыны керек, кәдімгідей қобалжыдым. Сол баяғы Зәкең, телефонды көтерген бетте бір дүр етіп басылды.
– Апыр-ай, сендер де хабарласады екенсіңдер ғой, – деді.
– Хабарласқанда былай, аға, «Алматы ақшамы» кезінде өзіңіз бір кісідей қамқорлық жасаған өз газетіңіз ғой, – деп өзімше көпшік қойған болдым.
– Допустим.
– Сол газетіңізде біраз уақыттан бері «Алматыны басқарғандар» деген жоба жүріп жатыр.
– Естуім бар.
– Ендеше, Алматыны басқарғаныңыз рас қой. Өзіңізді осы жоба аясында көргіміз келеді, – деп әңгімеге тез нүкте қоюға асыққансыдым.
– Жақсы, – деді.
– Бірақ аға саясатта шаруамыз жоқ. Бізге Алматы туралы әңгіме керек, – деп ойымды өзімше тағы бір мәрте пысықтағандай болдым.
– Жақсы. Айтқан күнде де алып тастайсыңдар ғой, – деп қарқ-қарқ күлді.
Сонымен келістік. Әрі-бері ойланып, бөлім басшысы Думан Анашты жұмсадым.
Сұхбат алынды. Өте мағыналы, мазмұнды болып шықты. Зәкең ағынан жарылып сөйлепті. Бар болмысымен, мінезімен ашылған. Жаңа шыққан кітабына редакцияға, Думанға қолтаңба беріпті. Өкінішке қарай сұхбат нөмірге дайындалып жатқанда ол кісіні атып кетті. Содан сүргін басталды. Тілшіміз бейнекамераға түсіп қалған. Қалалық Ішкі істер департаменті шақырып, диктофонды бірнеше мәрте тыңдады. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов те тыңдап, қырқына қарай беріңдер деді. Содан сұхбат «Алматыдағы қазақтардың үлесін 40 пайызға көтердім» («Алматы ақшамы», 17 қараша, 2005 жыл) деген тақырыппен қырқына жетпей жарық көрді. Бұл Зәкеңнің билік басылымына берген соңғы сұхбаты, ақтық сөзі еді.
Кейіннен бұл сұхбаты «Алматыны басқарғандар» («ARNA-B», 2008) кітабында жарық көрді. Кітаптың алғысөзін Ахметжан Есімов жазды.
Мендегі түйсік, сезіну былай дер еді: Зәкең өмірінің соңғы жылдарында дүр сілкініп, мүлдем басқа кеңістікке кілт бұрылды. Қонар өрісін әбден елеп, екшеп, «үлкен қызметте болу деген – өзіңді-өзің осы елден, туыстардан, достардан алыстату деген сөз» деп бір кесімді байламға тоқтап, шенеуніктің шинелін сыпырып тастап, табиғатында, жан дүниесінде бар болмыспен бетпе-бет қалып, сонымен ғана тыныстағы келген сыңайлы. Әсіресе сол ойының хабаршысы, я бастауы деді ме, өнер адамдарына қамқорлыққа бұрынғыдан да бетер жаныға кірісіп, бюрократиялық заңдылықтарды бұзып, жарды. Өмірдің бар мәнін жатпай-тұрмай махаббаттан іздеді. Шығыс шайырлары шабандоз шабыттың қайнар көзіне айналды. Бар шаттықты, шәрбатты содан алды. «Шығыстың жеті жұлдызының ең нашары болсам, сол да маған жетеді» деген ұлы Гетенің соқпағына түсті. Өмірден іздеген махаббатының ұлы мағынасын, өмірдің бар үйлесімін, рухани қанағатты, кемелдікті ғазалдардан тапты. Луи Арагонның Хафизді оқып шығып, «Воспевайте только любовь, остальное преступление» деген сөзін біздің Зәкең «тек махаббат алғаным, қылмыс деймін қалғанын» деп кәсіби тәржімешіден артық тәпсірледі.
ӨЗ БИІГІНДЕ ҚАЛДЫ
«Батырлық, байлық кімде жоқ, ғашықтық жөні бір басқа». Ұлы эпостағы ескіден қалған есті сөзді ұстаным етті. «Қол батыры да, ой батыры» (М.Әуезов) да болды. Осы аурамен ауырды да, махаббат майданына кіріп бара жатты. Махаббатты тек екі кісінің сүйіспеншілігі көретін түсінікпен шектелмей, ендігі қалған ғұмырын адамдарды сүюге, халқының жолына арнауға алаңсыз кірісті. Өзімен біріккісі келетіндердің көкейін де, биліктің енді тазармайтынын да түсінді. Жан, ар тазалығын сақтап, сол биігінде қалуды ойлады. Ел есінде солай болып қалды.
Байлық дегенге пысқырмады. Ол ойын «Мен егер байлыққа қызығатын болсам, қаланың әкімі болып тұрған кезде Алматының жартысын, облысты басқарып тұрған кезде облыстың жартысын Құралай мен Қайратқа бөліп берер едім. Сол кезде 1991 жылы жекешелендіру басталды емес пе, мен бірақ мұның ешқайсысын пайдаланған жоқпын. Не жер, не үй алмаппыз, не бір магазин салмаппыз. Міне, осы сен көріп отырған екі үй – Мақпал екеуміздің бар байлығымыз» («Алматыны басқарғандар», 151-б) деп растайды. Соңғы сұхбаты оның бар жан дүниесін халқының алдында айқара ашқан, адамгершілік ұстанымын айқын аңғартқан ақырғы аққу әні болды. Өмір бойы қызметтің құлы болудан қашып, тек қана ұлтының ұлы, құлы болуды көксеп, енді сол жолға толайым түсемін бе дегенде тағдыр оған жеткізбеді. Батыраштар мен қотыраштардың атқан оғы мүлт кетпеді.
P.S. Әбді-Жамил Нұрпейісовтің Зәкеңді екі рет қызметте алып қалған жағдайы бар екен. «Неге олай істедіңіз?» дегенімде, жарықтық: «Билікте мінез жоқ, қазақ үшін мұндай жігіттерді, әсіресе Алматыда ұстап тұру керек» деп еді. Өмірден озған соң бес жылдан кейін ғана аты ұлықталады делінетін жаны сірі шектеудің Зәкеңе келгенде жиырма жылға жуықтаса да иілетін түрі байқалмайды.
Қали СӘРСЕНБАЙ