Соңғы соққы
05.10.2023
682
0

Жазушы Кемел Тоқаев өз уағындағы замандас-қаламдастарының салтымен күнделік жазып отырған екен. Күнделікте қаламгердің ой-толғамдары, жан баласына жария ете бермейтін сырлары, күрсіністері қағаз бетіне түсіп, көпшілікке беймәлім Кемелдің азамат­тық болмысын әйгілеп қалып қойған. Жазушы Көсемәлі Сәт­тібайұлы Кемел Тоқаевтың күнделігін парақтай келіп, «Ол «Соңғы соққы» деген романымен сол кез­дегі кеңестік-коммунистік қасаң идеологияға қарсы соңғы соққысын жасады деуге болады», – деп байлам жасайды.


Жазушы Кемел Тоқаев жайлы «ана жерде бүй деп еді, мына жерде сүй деп еді» дейтін ақиқаты мен аңызы аралас әңгімелер жоқтың қасы. Жазушылардың «деген екені» күн құрғатпай «қат­талып» жататын «Қаламгер» шаңырағының тұрақты «айт­қыштары» да өз араларындағы жалғыз детектившіге тән «бунтарлығы» жөнінде ештеңе демепті. Сондықтан «Неге бұлай?» деп індете іздестіріп, сұғына сұрастырмасаң, мардымды ештеңе таппайсың. Әдебиет майданында бір сапта тұрған, сапарлас та болған жора-жолдастарының естеліктерінде Кемеңді «салмақты, сабырлы, қақ-соқпен ісі жоқ, момын адам» деп қана сурет­теп жатады.
Кемеңнің қазынасына кез­дескенше мен де осылай ойлаушы ем. Сөйтсем, ағамыз билікке деген ашу-ызасын ішінде тұншықтырып жүріпті. «Батыр» атану үшін ресторандар мен барларда «барқырап» тұратын әріптестерінен бір ерекшелігі сол – билік үшін оғаш көрінетін ойларын қағазға түсіре беріпті. Кемеңнің бүгінге дейін жұмбақ болып келген сол телегей теңіз жазбаларына малтығып отырып, оның былайғы жұртқа жуас көрінгенімен, өр мінезді қазақ екенін ұқтым. Айт­қанынан қайтпайтын бірбеткейлігін таныдым. Жұмырбасты пенделерге тән жағымпаздық, қорқақтық, сатқындық, сұрамсақтық сияқты бейшаралықтардан биік тұра білген тектілігіне тәнті болдым. Сол тұстағы ақын-жазушыларды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған коммунистік идеология бишігінен именіп, бассыз басшылар мен ессіз қосшыларға ес-түссіз бас имей өмірден өткені де үлгі екен-ау деп ойладым.
Ендеше, бірге жүрген достары оның осы мінезін неге білмеді? Гәп неде? Ойланып отырсам, Кемкең айтатын ақиқатын айтатын адамына айтып салады екен де, оны екінші біреуге «мен анаған өстіп айтып ем» деп дабыра қылмай (өзін-өзі жарнамаламай), ішінде «өлтіре» береді екен. Детективінен қолы қалт ете қалса, әрине, қағазына түртіп қояды.
Мың тоғыз жүз жетпісінші жылдарың бас жағында ол былай депті.

«Сонда біздің коммунизміміз қайда?

«…Бүгін белгілі ғалым, доктор Сағындық Байсалов келді. Екеуміз ауруханада ұзақ уақыт бірге жатқан едік. Күй сұрай кепті. Москвада қайын ата-енесі тұрады. Әйелі орыс қой. Сол Москваның жаңа жыл аясындағы жағдайын айт­ты.
– Москвада ет атаулы жоқ. Әше­йінде толып тұратын шұжық-сосиска жоқ. Халық қат­ты наразы. Біздің Совет халқы жақсы ғой. Осындай сенгіш, момын халықпен коммунизм құра алмау – кешірілмес күнә, – деп күйінішті сөздерді біраз айтып кет­тік.
Мен қат­ты таңдандым. Отан астанасы коммунизмге қарай аяқ басқалы бергі бәленбай жылда халықты аш ұстау қылмыс емес пе?! Кінәлі кісілер неге жауапқа тартылмайды? Совет одағы бай ел. Оның сонша мол байлығын рәсуа етіп, халықты мұндай күйге душар ету – ауыр қылмыс деп ойлаймын. Халықтың кәзіргі тұрмысы 1952 жылдан да төмен деп есептеймін. Сонда біздің коммунизміміз қайда? Халықты үгіт­теу, жақсы жолға бастау үшін тұрмыс рахатын олардың өз көзімен көргені жөн ғой…».
Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің сұр түсті сұсты ғимаратында, оның көзі мен құлағы, тілі мен жағы саналатын «Жаршының» бас редакторы болып отырып, Кеңес өкіметіне қарсы мынандай сұрапыл сөз айту, айтып қана қоймай, онысын кабинетіндегі үстелінің суырмасында жататын қойын дәптеріне қаз-қалпында жазуының өзі ғазиз басын бәйгеге тіккен көзсіз батырлықпен бірдей емес пе?! «Осы жазғандарым күндердің күнінде біреу болмаса, біреудің қолына түсіп, үлкен қызметімнен айы­рылып қалам-ау, шиет­тей бала-шағама зияны тиеді-ау» деп қауіптенбеген. Қауіптенуді, сақтануды қаперіне де алмаған. Өйткені оның сол кездің саяси ұстанымы үшін бас жарып, көз шығаратын мұндай ойлары мен пікірлері, әзілдеп айтсақ, қағазына «регулярно», ал қазақша қалыпқа салып мәнзелдесек «тұрақты түрде» түсіп отырған.
Бірақ Кемкеңнің осындай да қырлары мен сырлары бар екенін кезінде ешкім білмеді. Өзі де жар салмады. Бар тапқан амалы «сол жылдары менің ішімде не өліп жатқанын өздерің оқып, біліп алыңдар» дегендей, жанын жегідей жеген ойларын бірде сия, бірде автоқаламымен ақ қағазға маржандай ғып жазып қалдыра бергені. Ал жазып қалдыра бермегенде, Кемкең – сол жұмбақ Кемкең күйін­де қалып, ішін қазандай қайнатқан жанайқайы жұртына жетпей қалар ма еді, кім білсін?!.

«Кісіге арнаған соң «жәмила»
секілді шығарма болғаны дұрыс қой…»

Зейнолла Қабдолов – қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар өте ірі тұлға. Оның көркем шығармаларының өзі бір төбе. Сөз өнерін ұсартудағы ұстаз ретіндегі ұлықтығы қандай! Ертеректе жазылған «Ұшқын» мен «Жалыны» – классика! Бала кезімде тіліне тұщынып, оқиғасына қызығып тұрып оқығаным есте. Оңтүстіктің бір қиян шетінде жүрген мен Доссор деген жердің бар екенін де сол кез­де Зекеңнің шығармасы арқылы білген ем.
Жазғандары мен айт­қандарына таңғалып, тамсанып өскен сол Зекеме Кемкең бірде бүй депті.

«Бір жолы ресторанда Зейнолламен бірге отыруға тура келді.
Оған:
– Шыңғыс Айтматовтың сізге арнаған «Қызыл алмасы» айтарлықтай шығарма емес, кісіге арнаған соң
«Жәмила» секілді шығарма болғаны дұрыс ғой, – дегенімде, ол:
– Соның керегі жоқ еді деп едім, өзі болмады, қайтем, – деді.
Басында «Қызыл алманы» өзіне арнағанын мақтаныш көрсе, кейін өкінетін секілді».

Сөйтеді де осы жазбасының астына:

«P.S. Кеше Мұхтардың туғанына 70 жыл толуына байланысты Қазақ ССР Ғылым Академиясында ғылыми сессия болып өт­ті. Мүсілімнің баян­дамасы бәрінен тәуір болды» деп қосып қояды.
Егер Кемкең детективін «дөңгелеткенін» көңіліне тоқ санап, ал қалған дүние күйіп кетсе де бәрібір деп жүрген біреу болса, онда осы шетін мәселені Зекеңмен ашық әңгіме қылар ма еді?!. Әрине, қылмас еді. Көзін бақырайтып қойып, пікірін бетіне айтар ма еді? Әрине, айтпас еді! Бұлай деп бір айтса, тек қана кесек мінезді, досқа шын жаны ашитын адам ғана айта алады.
Сол кез­дегі зиялы қауым арасындағы сақылық пен сыпалыққа да таңғаласың. Аға пікіріне Зекем шамданбаған, шамырқанбаған. Жасы үлкен адам алдындағы кінәлі баладай «Соның керегі жоқ еді» деп едім, өзі болмады, қайтем» деп ақталғандай болады. Зекеңнің, шынында да, Кемкеңнен 4 жас кішілігі бар. Бірақ мұны жас айырмашылығының кішілігі емес, Зекемнің біліктілік, білімділік тұрғысындағы кішілігі деп ұғу керек.
Құдайдың құдіреті дейміз бе, әлде басқа бір себебі болды ма, Чқаңның 1980 жылдарда жарық көрген томдарында жарияланған «Қызыл алмадан» (Чингиз
Айтматов. Собрание сочинений в трех томах. Трети том. Рассказы, очерки, публицистика. Издательство «Молодая гвардия», 1984. 33-стр) Зейнолла Қабдоловқа арнаған сол бірауыз сөзді көре алмадым. «Қызыл алма» әңгімесі бірден басталып жүре берген.
Осыған қарап, Кемкеңді «Астапыралла, не деген көріпкел еді?!», «О, тоба, не деген әулие еді?!» деп таңғалмай-ақ қояйын, бірақ інісіне сонау 1967 жылы айт­қан ағалық базынасының Чқаң мен Зекең тарапынан дұрыс қабылданып, оң бағаланғанына «ойпырмай» демеске әддім жоқ.

«Хрущев пен шошқалар»

Негізі Кемкең сияқты ақиқаты жаны қалап тұратын адамдар, әзіл-әжуаны да шеккі көрмейді. Әзіл болғанда да оның «халам-баламдары» емес, «генсектер» туралы кіл уыт­ты, улы әжуалары. Бұларды да Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шаңырағы мен «сұр кардиналдардың» ортасында қызмет істеп жүр екем-ау деместен, қағазына түсіре беріпті. Арасында өзінің басынан өткен оқиғалары да бар.
«Бұл – анекдот емес, шындық. Ол кез­де мен республикалық «Социалистік Қазақ­стан» газетінде жауапты секретарь болып істеп жүр едім.
Хрущевтің Ақмолаға барғаны жайында шұғыл материал беру керек болды. Оның Ақмола қаласының атын өзгерту жөніндегі сөзі бізге ұнамады. «Ақмола – мола деген сөзден шыққан екен, оның атын жою керек» деп соқты. Бірақ оған «Могилевск» деген облыс, қала бар, оны неге өзгертпейсің?» деп ешкім айта алмады. «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» деген заман ғой…
Хрущев жайында тілші де жарытып материал бере қоймады. Фототілшінің бірі Хрущевтің ферманы аралап жүрген суретін жіберіпті. Хрущевтің басында ши қалпақ, үстіндегісі омырауы кестелі ақ көйлек. Өңшең шошқаның арасында жалғыз өзі аузы ыржиып тұр.
«Осыған тексті қалай жазу керек?» деген сұрақ туды.
Мен:
– Хрущев пен шошқалар, – деген текст бердім.
Бірақ бұл сурет жарық көрмеді».
Бұған күлсеңіз де, жыласаңыз да – шындық. Сталиннің қатыгездігін әшкерелеп, репрессияға ұшыраған арыстарымызды ақтауға себі тигенімен, Хрущевтің қазақ еліне көрсетпегені жоқ. «Орыс тілін неғұрлым тезірек үйренсек, коммунизмге солғұрлым тез жетеміз» деген ұранымен Қазақ­станды орыстандыру саясатын үдете түсті. Жеріміздің ту-талақайын шығарды. Осының бәрін ішіне үйіп жүрген Кемең осылай жазбағанда, қалай жазады?!
Хрущевке деген ызасы Кемкеңнің мына жазбасынан да білінеді.
«22 апрель күні астана жұртшылығы үшін қаралы күн болды. Дарынды, алып жазушы Сәбит Мұқановпен жұрт қоштасып, ақырғы сапарға шығарып салды. Халық көп жиналды.
Сәбит­тің денесі Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрына қойылған еді. Сағат 11-ден басталған қоштасуды сағат 13-те бюро мүшелері қоршауға тұрды.
Театрдан қабірін көтеріп шыққанда менің қасымда тұрған Қыдырбекұлы:
– Қабірін машинаға салғанша үлкендердің бірі көтерсе қайтеді? – дегенде мен:
– Ең болмағанда министрлер, көрнекті жазушылар қабірді көтерсе қайтер еді, – деп өкініш білдірдім.
Көшеде халық көп. Төлеубай Ыдырысов, Балғабек Қыдырбекұлы үшеуміз әңгімелесіп тұрғанда бізге Қарағанды университетінің ректоры Евней Букетов қосылған еді. Көшедегі құжынаған көп халықты көріп:
– Ойпыр-ай, Сәбит­ті соңғы сапарға шығарып салғандардың ішінде бірде-бір орыс жоқ қой, Сәбит­тің шығармасы орыс тіліне көп басылған еді ғой, – деді.
Бәріміз үндемедік. Бұл – партия жауы, қазақ халқының жауы Хрущевтің ел бірлігін ыдыратып кеткенінің салдары екенін бәріміз іштей ұғып тұрмыз. Бірақ оны ешқайсымыз сыртқа шығарып айта алмадық».

«Подполковник пен генерал қарапайым нәрсені шеше алмайды, бұл қалай, бауырым?»

1967 жылы Кемел Тоқаевтың «Арнау­лы тапсырма» ат­ты повесі орыс тіліне аударылып, баспаға дайын болады. Бірақ ҚЖО бірінші хатшысы Әди Шәріпов тарапынын кедергіге ұшырап, жоспардан сызылып қала береді. Кемкең осы үшін қаншама басшыларға кіреді.
Сондай күндердің бірінде «Түнде атылған оқ» ат­ты киноповесінің бірінші тарауын «Социалисік Қазақ­стан» газетіне ұсынады. Олар жазушының жаңа детективіне қуанып, енді жариялағалы отырғанда ЛИТО деген мекеме басшысы «мемлекет­тік қауіпсіздік комитетінің рұқсатынсыз жариялауға болмайды» дейді. Ал МҚК (КГБ) рұқсат бермей, Кемкеңді әбден әуреге салады. Мына нала мен өкініш сол кез­дерде айтылыпты.
«Бүгін түстен кейін Кертаев Мұхамеджан­мен сөйлесіп, оған:
– Баяғы біздің заманымызда мен 19 жасымда Сталинград түбіндегі шайқасқа қатыстым ғой, майор, подполковник дегендер полкты, дивизияны басқарушы еді, тірі генералды соғыстың аяқ кезінде көрдім. Ал сендердегі подполковник пен генерал қарапайым нәрсені шеше алмайды, бұл қалай бауырым, – дедім».

«… Адамдар әп-сәт­те өзгеріп, құбылып кет­ті…»

Кемкеңнің мінезді адам болғаны мына жазбасынан да байқалады. 1973 жылы шілдеде Алматыда болған сел қаупін жұрт жақсы біледі. Оны алматылықтар әртүрлі жағдайда естіді: біреулер үйінде, біреулер түнгі жұмысында, біреулер демалыста жүргенде дегендей.
Кемкең болса тасқын туралы хабарды отбасымен таудағы демалыс үйінде жатып естіпті. Қас қарайып қалған шақта жеткен суыт хабардан жұрт дүрлігіп, қалаға апыл-ғұпыл жинала бастайды.
Кемкең осыны былай сурет­тепті. Оқып отырып, небір қиындықты бала кезінен басынан кешкен, одан қала берді қанқұйлы соғысты да көрген Кемел аға «сел кеп қалды» деген үрейлі хабарға былқ етпепті.
«Өткен кеште тамақтан соң демалушылар аяқ астынан дүрлікті. Біз телевизор көріп отырғанбыз. Швейцар әйел келіп, көрушілерге ләм демей, телевизорды өшірді. Біз наразы болдық. Өйткені «Он екі орындық» фильмінің қызығына түскен едік.
– Ау, бұл қалай?
– Сел жүріп келе жатыр.
Жұрт үрейленіп кет­ті. Ымырт жабылып, қараңғы түскен кез. Бәрі бала-шағаларын іздеп, бөлме-бөлмелеріне жүгірді. Айқайлаған дауыстар естіледі. Коридормен келе жатқанда телефонмен сөйлесіп отырған Ахметовті көрдім. Қасында қатыны жүр. Ахметов – іс басқарушы ғой.
– Мына хабар рас па? – дегендей бетіне қарап едім:
– Ие, солай де, – деп әлдекімге жауап қат­ты.
Сөйлескісі келмеді. Меңі бар қатынына:
– Қазір машина келеді, шапшаң жинал, – деді.
Естіген жұрт одан әрмен үрейлене түсті.
– Әу, біз қайт­тік? Машина жоқ, не істейміз?
– Лай су астында қаламыз ба?
– Машинасыздың күні құрысын! – деген күңкіл сөздер естілді.
Ахметов машинасын шақыртып, үйіне кеткен соң тынығушылар онан әрмен әбігерленді. Зәре жоқ. Кейбіреулер көшеге жүгірді. Такси ұстап, бала-шағаларын салып, қалаға кетіп жатыр. Үш қабат үйдің алдына жиналған жұрт жалғыз телефонға қадалды. Телефон соғуды күтеді. Телефонның шылдыры апат­тан құтқаратын секілді. Оның үстіне әлдебір бастықсымақтар есік-терезені жауып, жасырын сөйлеп, КГБ-ға телефон соққан болады. Жұрт онан әрмен үрейленеді.
– Тасқынның беті қалай? – деген сұраққа:
– Қала қауіпті жағдайда! – дейді.
Осындай үрейлі кез­де қасыма Хамит Құтқожин келді. Ол – Совминде бөлім бастығы.
– Кемел, тасқын айдап кеткенше шар қуайық.
Екеуміз бильярд ойнадық. Төртінші партияны бастағанымызда «машина келді» деген хабар жет­ті.
Қазақ ССР Министрлер Советінің Іс басқарушысы Ахметов машина жіберсе керек. Түнгі сағат 11-де демалыс үйін тастадық.
Демалған кез­де сыпайы амандасып, жылы сөйлеп жүрген адамдар әп-сәт­те ниеті бұзылып, өзгеріп, құбылып кет­ті. «Басқа жұрт топан астында қалса да мейлі, өзім аман қалайын» деген ниет жасап, алды-артына қарамай кетіп жат­ты.
– Ойпыр-ай, адам әп-сәт­те қалай өзгереді? – дегенімде Хамит:
– Осы күні адамдар уақталып кет­ті ғой. Біз соғыста жүргенде осылай ма еді? Өлімге досымыз ұшырамасын деп өзімізді құрбан етуге дайын тұрушы едік. Ендігі жастар осылай істейді. Жұрт алдында батырсынып, қоқиланып жүреді де, осындай қиын кез­де елден бұрын қашады, – деді. Оның «Машина шақыртпайсың ба?» деген сөзіне:
– Жұртпен бірге көрермін, – дедім.
Хамит менің бұл сөзімді мақұл көрді. Екеуміз айызымыз қанып, бильярд ойнадық. Хамит екеуміздің сабырлығымызды кейбіреулер ұнатпады. «Қорқаққа біздің сөзіміз жоқ» деп мән бермедік.

«Арызымды алдым да, жыртып тастадым»

Жазушылардың бір базынасы қаламақыға да келіп тіреледі. Кеңес өкіметі кезіндегі ақын, жазушылар қаламақыға қарық болды десек те, кейбір баспа директорлары оларды сол кездің өзінде табан ақы, маңдай тері – қаламақыларының көлемін қысқартып тастап, қарадай қия­нат жасап отырған. Бұл жағдай Кемеңнің басынан да өтіпті.
«Кеше уәде бойынша Мұқанға жолықтым. Ол – «Қазақ­стан» баспасының директоры. Менің повестер жинағымды осы баспа шығарған еді. Қаламақысын көпшілік әдебиетке салыстырып төлеген. «Жазушының шығармасы қай баспада шықса да көркем шығарма ретінде төленсін» деген СССР Министрлер Советінің қаулысы бар екен. Сонда баспа маған 2-3 мың сомға кем төлеген сияқты. Осы жайында Сапармен ақылдасқанымда, ол:
– Баспаның директоры Мұқан ғой. Бәрімізге ортақ жолдас. Егер ол төлегісі келсе, ақшаны алып алғаның жөн. Екі-үш мың сом деген әжептәуір сома ғой. Бірақ көп дабыраламағаны дұрыс. Жоғарғы Совет­тің қызметкері ақша қуып дауласып жүр десе, ұят болуы мүмкін, – деді.
Мен Мұқанмен сөйлесейін.
– Арызыңды бер, дұрыс шешіп, көмектесейін, – деді.
Арыз үш айдан аса уақыт жат­ты. Сонан соң кеше телефон соғып, «осы істі бітірсеңші» дедім.
Ол кабинетіне бухгалтері мен тағы біреуді шақырды. Солардың көзінше баспаның жағдайы қиын екенін, шығынға батып отырғанын айтып сарнай бастады. Сөзінің соңында:
– Менен ақшаны сот арқылы алсаң қайтеді? – деді.
Мен алдымда жатқан арызымды алдым да жыртып тастадым.
Әңгіме жайын Сапарға айт­тым. Ол қазір үлкейіп, бөлім бастығының орын­басары болған.
– Ақшадан қысылсаң, Әбілмәжінмен сөйлесіп, 1975 жылы шығатын романыңның 25 процентін ала тұрсаң қайтеді? – деді. Ақша қай кез­де болса да керек. Әңгіме, менің тап осы сәт­те ақшаға мұқтаж болғанымда емес, тиесілі ақшамды алуымда еді.
Басқара білмеген адамға биліктің тигені қиын екен. Дауың түсініксіз, сөзің өтпейді. Әйтеуір, мені қас та, дос та өз әлдерінше төпеп жатыр. «Жазушы» баспасынан «Түнде атылған оқ» шыққанда Есенберлин жоспарда маған белгіленген қаламақыны кесіп, азайтып еді. Дос санаған Мұқан да соның керін келтірді».

«Қайсысының сөзіне сенем? қиын…»

Кемкеңнің ең алғашқы әңгімелер жинағы «Жұлдызды жорық» Қазақ мемлекет­тік көркем әдебиет баспасынан 1954 жылы жарық көрді. Одан кейін «Қыс қарлығашы» шықты. Сосын «Болашақ туралы ойлары» дүниеге келді. Ал 1958 жылғы «Тасқыны» қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының алғашқы тасқынындай болып, оқырмандарын таңғалдырды.
Бұл кез­де Кемкеңнің жасы қырық төрт­те. Шығармашылық адамы үшін нағыз жас. Бірақ беделді газет­терде басшылығы бар, қосшылығы бар үлкенді-кішілі қызмет етіп, бірнеше кітаптар шығарып, белгілі жазушы атанса да ҚЖО мүшелікке қабылдамапты. «Талабы таудай екен, мүшелікке қабылдайық, тауын шақпайық» деп бауырына тартатын аға да жоқ, ақсақал да жоқ.
«Бүгін Нығымет, Сәуірбекпен сөйлестім. Одаққа мүшелік жайлы сөз қылдық. «Сірә, Әлжаппардың өзі комиссияға салмады» деген пікір айтады. Ал ол «біреулер қарсы боп жатыр» дейді. Қайсысының сөзіне сенем. Қиын.
Бүгінгі күн ауыр өт­ті. Осы күнделікті жазар алдында тысқа шығып келгенде, Сақит жүр. Оның мұнда, елсіз коридорда жүруі таңғаларлық. Сірә, өзі арам кісі арамдықтан басқа дәнеме ойламайды ғой деймін. Жоғары органда осындай тіміскі адамның жүруі өкінішті-ақ».
Кемкеңнің жазбасынан елдегі оқырмандармен кез­десуге барған ҚЖО мүшелерінің шәлкем-шалыс мінездерін көрсетіп, астамшылыққа ұрынатындарына деген реніші де білінеді. Өзінің ҚЖО мүшелігіне өтуін Нығымет, Сәуірбек сияқты ағалары қолдағанымен, «біреу­лер қарсы боп жатыр» деп қаламы ысылған дап-дайын жазушының жолына кесе-көлденең тұрып алып, болмашы мәселені қолдан қиындатып отырған Әлжаппар ағасына деген өкпе-назының сызы да сезіледі.
Кемкеңнің «Осы күнделікті жазар алдында тысқа шығып келгенде, Сахит жүр» деп шошына айт­қан «тіміскі адамы» миыңды дал қылады. «Өзі арам кісі арамдықтан басқа дәнеме ойламайды» дейді.
Кім болды екен? Жұмбақтың жауабы не болса да Кемеңнің ішінде кет­ті.

«…Повесімнен
«алаш орда» деген сөздерді өшіртіп тастады…»

Кеңестер одағы 1977 жылы Октябрьдің 60 жылдық мерекесін тойлады. Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Мемлекет­тік қауіпсіздік комитеті осы мерекеге орай Кемкеңнен чекистердің өмірінен повесть жазып беруді өтінеді. Детектив жанрына қаламы жүрдек, ойы ұшқыр жазушы Кемел Тоқаев комитет материалдар ұсынып отырған соң «Таңбалы алтын» ат­ты повесті жазып шығады.
Жазып шығады да «Социалистік Қазақ­стан» газетіне сол жаңа повесінен үзінді жариялайды. Бар бәле де осыдан соң басталады. Оны жазушы былай деп жазады.
«Бұл күндері көңіл күпті. Іштен тынып, әділет-шындықтың жоғына күйінем.
Кеше Сабыр Біләлұлы Ниязбеков шақырып алып:
– Жұмыс қалай жүріп жатыр? – деді.
Бұрынғыдай жарқылдамай, салқындау сұрады. Творчестволық жұмыс жөнінде сөз қозғады. Ақырында:
– Кемел, өзіңмен 12 жыл бірге жұмыс істедік. Менің өзің жөнінде көңілім қалай екенін білесің. Әрдайым қолдап келдім. Бірге жақсы жұмыс істедік. Бірақ соңғы үш күн бойы менің құлағымның етін жеп бітірді. «Білмей жазған шығар» деп едім, онымды елейтін емес. Бір сөзбен айт­қанда, творчестволық жұмысқа ауыссаң қайтеді? – деді.
– Онда 16 июльден бастап кетейін, – дегенімде:
– Сессияны өткізіп кеткенің жөн болар. – Бұл әңгімені 4-5 кісі біледі. Оны дабырайту өзіңе де, өзгеге де пайдалы емес. Әрине, маған бұл сөздерді айту қиын. Бірақ амал жоқ, – деді.
– Жатып ішер ас болса, оған не жетсін. Бірақ менің қазір ондай мүмкіндігім жоқ. Сондықтан бір жерге орналасқаным жөн болар, – дедім.
Сабыр сессиядан кейін (21 июльде) Сат­тармен сөйлесетін болды.
Мен партия қатарында 33 жыл болып, соған адал қызмет еткен едім. Адалдықтан айнымаған едім. Бірақ партия айнып кет­ті…
Менің «Таңбалы алтынымнан» «Алаш орда» деген сөздерді де өшіртіп тастады. Ойпыр-ау, бұл қалай?».
Кемкеңнің Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің үні «Жаршыдағы» бас редактор қызметінен кетуге зияны тиген осы «Таңбалы алтын» повесі 1977 жылы Қазақ ССР-і чекистерінің өмірінен жазылған «Не жалея жизни» деген жинаққа да еніпті. Кітапханалардан оны да тауып алып, қарап шықтым. Жазушының тағдырына балта шапқан тараулардың бәрін соқыр ішектей сылып алып тастапты. Айтса айт­қандай, «Алаш орда» деген сөз де, «Алаш орданы» жақтаушы кейіпкерлер де атымен жоқ. Аямай қысқартыпты. Онымен қоймай, аталған повеске жинақтың ең аяқ жағынан орын беріпті.
Кемең, сөйтіп, 12 жыл бойы қызмет етіп, талай көркем шығармалары мен күнделіктері жазылған қызмет орнын 1977 жылы 21 июль күні тастап шықты. Арада екі жыл өткенде, яғни 1980 жылы Қазақ­стан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болды. Сөйтіп, ол жерде 1984 жылға дейін абыроймен қызмет істеді.

«Атаман дутовты атқан Махмут қожамияров!»

Кемел Тоқаев – айтарын ашық айта білген ақиқатшыл қаламгер. Әйтпесе, «Қазақфильм» киностудиясынан «Атаманның ақыры» ат­ты фильм шығып, жұрт­тың аузында Қасымхан Шадияров (өмірдегі аты Қасымхан Чанышев, ұйғыр ұлтының азаматы) деген чекистің ерлігі аңыз боп жүргенде, «Жоқ, атаман Дутовты атқан ол емес, оның сенімді серігінің бірі Махмут Қожамияров» деп шындықты айтып, үлкен роман жазар ма еді. Биліктен именсе, партия жазасынан сескенсе, әрине, жазбас еді. «Бәлесінен аулақ» деп қолын бір-ақ сілтер еді.
Кемкеңнің осы романды жазар алдындағы ізденісінің өзі ұшан-теңіз еңбек. МҚК және ІІМ сияқты органдардың архивтерінде жатқан, сол кез­дегі мықтылардың өздерінің қолдары жете бермейтін құпия құжат­тардан алынған материалдар бірнеше қойын дәптер болып толып тұр. Оның бәрін мысалға келтіру мүмкін емес. Бір ғана мысал. Қаламгердің қазынасынан машинкаға басылған «Халық қаһарманы Қожамиярұлы Махмут» ат­ты мақала табылды. Өзі жазды ма, әлде ескі газет­терден алды ма, біле алмадым. Өйткені мақаланың авторы көрсетілмепті. Сол мақалада Махмұт Қожамияров өзі туралы:
«Хат­ты Дутовқа беріп, үйдің дәл ортасында түрегеп тұрдым. Дутов хат­ты алып оқи бастады. Бір жол оқиды да маған бір қарайды, екінші жолын оқиды да тағы қарап қояды. Сол екі ортада мылтығымды қойнымнан суырып алуым өте қиын болды. Қолымды омырауыма апарсам, сезіп қалады-ау деп қипақтадым. Тамағымды қырнаған болып қолымды кеудеме апара беріп, бастан атсам тие ме, жоқ па деп, Дутов маған үшінші рет қарап қағазға үңіле бергенде көзді ашып-жұмғанша дәл бүйірден тура атып, дереу адьютантқа бұрылдым. Дутовтың дәл бүйірінен тиген екен, қолынан қағазы түсіп кет­ті. Мылтық тарс еткенде лампаның оты көтеріліп барып сөнді. Сол минут­та адьютант менің екі қолыма жармаса бергенде қақ маңдайынан атып жібердім. Ол да құлай кет­ті. Қараңғы үйде Дутовқа тағы жүгіріп барып тірі ме екен деп аяғыммен тептім де тағы бір атып жібердім. Басын кесіп алайын деп сақтап жүрген пышақ қонышымда болмай қалды, пәтерімде ұмытып кетіппін. Дутовты өлтіріп азырақ басым сырқырап кеткен екен, сүйретіліп сыртқа шықтым.
Түні бойы қашып отырып Қызыл Армияның штабына келіп, Дутовты өлтіргенімізді мәлім ет­тік. Ертеңіне ақтардың газетінде «Дутовты большевиктер өлтіріпті» деген хабар шықты деп естідік. Халықтың, төңкерістің дұшпаны Дутовты өлтірген бұл ерлік қаһармандығым үшін Кеңес үкіметі маған алтын сағат сыйлық ет­ті» деп айтыпты.
Зерт­теп, байыптап қараған адамға мақала 1935 жылы жазылған. Кемкең соны сол тұстағы төте жазудан ба, орыс­ша шығатын газет­тен бе, қазақшаға аударып, машинкаға бастырып, романына керек құжат ретінде папкаларының арасына салып, мұқият сақтап қойыпты.
Кемкең архивінде атаман Анненковты тергеу барысындағы құжат­тар да жетерлік. Міне, осы құнды құжат­тарды зерт­теп, зерделеп отырып, Кемел Тоқаев «Соңғы соққы» деген романымен сол кез­дегі кеңестік-коммунистік қасаң идеологияға қарсы соңғы соққысын жасады деуге болады.

Көсемәлі СӘТ­ТІБАЙҰЛЫ,
Қазақ­станның еңбек сіңірген
қайраткері, жазушы,
тоқаевтанушы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір