СОҢҒЫ САПАР (әңгіме)
Созақ пен Сарысу өңiрiнде былайғы жылдары көкек айы жаңбырлы болатын. Биыл наурыздың соңы жаңбырлы болғанымен, мiне, қазiр мезгiл көкектiң ортасына таяса да, он-он бес күннен берi аспаннан бiр тамшы тамбай, ауа-райы ерте ысыды. Күн жылығасын, көктесiн де қау етiп, тез көтерiлдi. Бұрындары қазақ малы үшін көктiң тез көтерiлгенiне қуанатын. Биыл өздерi үшін қуанған. Себебi көк өскіннiң арасында адам жеуге жарайтын шөптер болады. Бағзыда қазақ ондай шөптердi анда-санда, онда да әуесi тартса ауызға алатын. Ал биыл көкпен бiрге бой көтерген қақы, қартаңқұлақ, жабайы жуа, әткеншек тәрiздi шөптер қатқа айналды…
Байқадамның батыс жағында орналасқан Жайылма колхозы деп аталатын ауылда былтыр жұрттың қарасы мол болды. Одан арғы жылдары жайылмалықтардың адамдарынан гөрi малдары көп-тiн. Колхоздасу басталғалы бергi үш жылда ауылда тiгерге тұяқ қалмады. Демнiң арасында сонша малдың қайда кеткенiн аңдамаған жұрт аң-таң. Кәрiлер айтты: «Ақырзаман жақындағанда мал мен жан көзге көрiнбейтiн жолмен азайып, жоқ болады екен. Ой, Алла-ай, ақырзаманның басы осы шығар», – деп. Орта жастағылар мен жастар айтты: «Қайдағы ақырзаман? Белсендiлер қорқытып-үркiтiп, одан қалса, алдап-сулап, малдарымызды айдап кетiп, шетiнен сойып етке өткiзiп жiбердi. Соның кесiрiнен ұрындық қой аштыққа», – деп. Алдымен аштыққа шыдамаған кәрiлер мен жас балалар өлдi. Күш-қайраты бар әлдiлердiң бiразы Түркістан мен Әулиеата жаққа босып кеттi. Қалғандары шөп қайнатып, тышқан аулап, күнелттi. Күн жылт еткеннен берi адам жеуге жарайтын шөптердi ауыздарына тыққан денсаулықтары мен дене тұрқылары осалдау тұрғындардың бiрсыпырасы iсiп-кеуiп, тышқақтап, жүруге жарамай қалды.
Жайылма – сары адырдың нақ ортасында. Үлкен қалаларға қатынайтын күре жолдың бойында да емес. Өзен мен бұлағы да жоқ, суды құдықтан iшедi. Базар-ошары, түрлі мекемелерi мен зауыт-фабрикалары бар қазақ елiнiң iрi-iрi қалаларының көшелерi аш-жалаңаш шұбырған кезбелерге толған мына шақта, айдаладағы Жайылма сияқты ауылдардың сиқы не болсын. «Аштан өлмек түгілi, көмусiз қалсам да, ата-бабаларымның жамбасы тиiп жатқан жерден кетпеймiн», – деп жүретін Аңсатбек молда көкектiң ортасына таманғы бiр күнi өзiнен-өзi жынданып кеттi. Айналадағы ахуал жүйкесiн тоздырып жiбердi ме, кiм бiлсiн, кеше азанда қара суды қайнатып алдына әкелген кемпiрiнiң қос бүйiрiнен пышақ салып, ыстық қанын iшіптi. Одан соң басын кесiп алып, шашынан ұстаған күйi далаға шығып: «Әй, кiм бар маңайда?! Тiрiлерiң болса, жетiңдер тез! Үйде жаңа ет бар. Асып жеймiз», – деп айқайлапты. Ет дегенге елең етiскен көршi тұратын елудi алқымдаған екi немере iнiсi қатын, бала-шағаларымен солай жүгірген. Ентiгiп келсе, есiк алдында әйелiнiң кесулi басын салбырата ұстап, Аңсатбек тұрыпты. Бiр қолында қан тамшылаған пышақ бар. Жүгіріп жеткен туыстары оны көргенде жүректерi тас төбесiне шығып, әйелдер құлап-құлап түсiптi. Бет-аузының бәрi қан-қан Аңсатбек: «Ә, келдiңдер ме?! Ендi сендердiң бiр-екеуiңнiң қандарыңды iшейiн» деп ағайындарына тұра жүгіріптi. Үлкен iнiсi Қайып қатын, бала-шағаларымен қашып үлгередi де, кіші інісі Сайып ұсталып қалады. Артынша Сайыптың жер жарғандай өкiрген даусы шығады. Қайып қорасына сүйеулі бесақаны ала сап, Сайып қалған жерге келсе, Аңсатбек оны пышақтап өлтiрiп, сан етiн кескiлеп жеп отыр екен. Қаны басына шапқан Қайып, со жүгірген бойда бесақаны Аңсатбектiң қарнына қадайды. Жүресiнен отырған Аңсатбек қолынан пышағын тастап жiберiп, iшiне сұғылған бесақаның темiр мойнынан шап ұстап, тура келiптi де: «Суыр, суыр бесақаны iшiмнен! Сенiң де қаныңды iшiп, етiңдi жеуiм керек!» – деп айқайға басыпты. Қайып Аңсатбектiң iшiне тығылған бесақаны ары итерiп, оны дуалға апарып бiр-ақ жабыстырады.
Осы оқиға ауылдағы қараңдап жүрген аз ғана жұртты дүр сiлкiндiрдi. Жағаларын ұстатып, қатты шошындырды. Қайып кешке дейiн аһ ұрып, жатып қалды. Кеш бата атып тұрды: «Сұрқы қашқан кер заманның кесiрi бiр туған бауырларға да тиiп жатыр. Сол кесiр аман қалған басқаларды орамай тұрғанда, қиыншылықтан шығатын жол iздеген абзал. Ылғи өлiлердiң басын күзетiп, ошақтары өшуге айналған ауылда өз өлiмiңнiң кезегiн күтіп отырғанша «жүргенге жөргем iлiгердiң» жолына түскен ләзiм».
Осындай ойға бекiнген Қайып, бес-алты үй ары тұратын ауылдасы Шүкірге келдi. Шүкір әйелi екеуi сарышұнақтың қалдық сүйектерiн суға жiбiтiп, кемiрiп отыр екен.
– Кел, бауырым. Жәй жүрсiң бе? Мынаны алдыңғы күнi тұзақпен ұстап, асып жеп едiк. Ендi құры сүйектерiн кемiрiп отырмыз. Сарышұнақ та адамға ас болуға жарайды деп кiм ойлаған. Ай, құдай-ай, «көретiнiңдi көрмей, көрге түспейсiң» деген осы екен.
– Ой, құдай-ай! Ертең жыбырлап жылан шықса, оны да жеуден тайынбаспыз. Иә, көзiме бiр жылан түссе, қазiр-ақ тiрiдей жұта салуға бармын, – деп күрсінді оның әйелі.
Шүкір аузындағы сарышұнақ сүйектерiн күтiрлете шайнап, майын жұтты да, төсенiш киiздiң бiр шетiн көтерiп, қалдығын соның астына түкiрді.
– Қайып, сөйлесейшi. Жәй келiп пе едiң?
– Жәй болушы ма едi, көке. Бағанағы жәйттi бiлесiз. Аңсатбек пен Сайыпты жерлесетiн адам керек. Ауылда екеумiзден басқа еркек қалмады…
Шүкір қушиған иықтарын одан бетер еңкейтiп, басын тiзесiне жеткiзе қатты күрсіндi. Бұ күндерi ауылдастар өлген ағайындарының неден өлгенiн сұрауды қойған. Тiптi бағанағы Аңсатбек сықылды адамдардың жантүршiгерлiк қылықтарға не себептен баратындарын талқылауға да салмайды… Әлден уақытта Шүкір басын кілт көтердi:
– Ә, өлгендердi бiз көмемiз. Ал бiз өлсек кiм көмедi?
– Сiзге тағы бiр шаруамен келiп едiм, көке. Жаңағы айтқан күдiгiңiз орынды. Себебi келесi кезекте бiз өлсек, өлiгiмiздi көметiн ешкiм жоқ. Дәл қазiр ауылда анау дәу кемпiрдi есептесек, он-ақ адам қалыппыз. Неге алаңдап, ненi күтіп отырмыз, өлiк басып, құты қашқан ауылда? Бiз де кетейiк, көке.
– Қайда, Қайыпжан-ау?
– Жұрт қайда кетiп жатыр, сонда барамыз да.
– Жо-жоқ… Аңсатбек жарықтық айтатындай, өлсек, осы жерде өлейiк. Еш болмаса, әке-шешемiздiң әруағының жылы қолтығында жатамыз.
– Мына Қаратаудың арғы жағында Мырғалысай мен Ащысайда, бергi Байжансайда орыстың оқымыстылары әлденеше жылдан берi жер астынан кен iздестiрiп жатыр екен. Кен iздетiп, жер қаздыруға көп қазақтарды жұмысқа алып жатқанға ұқсайды. Сол жаққа барайық. Азанға дейiн ойланыңыз, көке. Мақұл десеңiз, жолбастаушы өзiм боламын.
Қайып үйiне қайта келгенде күн ұясына қонақтайтын мезгiл түскен. Даладағы бастырмада әйелi мен он екiден асқан баласы, Сайыптың келiншегi, яғни келiнi үшеуі әлi сұлап жатыр. Қайып баласын тұрғызды:
– Батыр, кел, айналайын, көмегiң керек.
Батырға бiр күрек ұстатып, өзi бiр күрек алып, қора артына шықты.
– Шүкір атаңа барып едiм, көңiлi жоқ екен… Жә, сен жiгiт боп қалдың. Аңсатбек атаң мен Салқын апаңды, Сайып көкеңдi қазiр екеумiз-ақ көме салайық. Осыларды көмсек, азанда ерте жолға шығамыз.
Екеуi үш адам қатар жатса – сиярлықтай таяз шұңқырды тез қазды. Қайып үш өлiктi сүйретiп әкеп, шұңқырға жатқызды. Мұсылмандықтың еш рәсiмiнсiз көмiле салған бейбақтар, осылайша, қара жер түбiнен мәңгiлiк орын тапты.
Қайып азанда әйелi мен келiнiн, баласын ерте тұрғызды. Күн көрудiң ешқандай мүмкіндiгi қалмаған ауылды тастауға еш өкiнiшiн бiлдiрмеген һәм баратын бағыттарында құдды бiр сәттi сапар, тойымды шақ күтіп тұрғандай, әйелдер Қайып шешiмiне бiр ауыз қарсы келмей, қайта ылдым-жылдым қимылдап, жолға керек-ау деген майда-шүйденi түйiншектерiнде шапшаң түйіп, Шүкірдiкiне келдi. Есiк алдында қара орамалды басына шарт түйiп байлап, кеудесiн шарбақтың көлденең ағашына сүйеп Шүкір тұр.
– Әй, Қайып, шынымен кететiн болдыңдар ма?
– Басқа амал қалмады, көке. Сiз ше, жеңешем ше, бiзге ермейсiздер ме?
– Кеше сен кеткесiн, дәу кемпiрге барып ақыл сұрап едiм: «Тоғыз сөзге жарағаныммен, тоғыз қадам жер жүре алмайтын менiмен немененi кеңескелi келдiң? Ел азды, жұрт тозды, адам құрт-құмырсқаны азық қылды, өлгенi көмiлмей, қарақұсқа жем болды. Көрейiн деген заманым осы ма едi. Ендi Жайылмадағы аштан қатқан соңғы өлiк мен болайын. Сендер кетсеңдер, кетiңдер. Қарын тоятын жерге аман жетiңдер. Әл жиып алсаңдар кейiн елге қайтып, түтіндерiңдi түзу шығарып, бiздiң басымызды қарайтарсыңдар. Разымын сендерге! Немеремдi ала кетiңдер. Бiр атадан қалған жалғыз тұяқ қой. Соны тапсырам сендерге», – дедi.
Содан келгесiн, түнімен ойландым: «Жүз елу түтін тұратын Жайылмадағы ағайындардан қырылғанымыз қырылып, тiрiмiз жан-жағымызға лағып, ең соңында дәу кемпiрдi жалғыз шоқитып тастап кете барғанымыз ұят-ау» деп. Мен де жас емеспiн, жетпiстен астым. Осының бәрiн ескеріп, ешқайда кетпейін, дәу кемпiрмен бiрге қалайын деп шештiм. Кемпiрiм де қаламын дедi. Сендер, Жақсылық пен Тұрсынның үйiндегi келiндердi және дәу кемпiрдiң немересiн ертiп, кете берiңдер!
Шүкірдiң айтқанынан қайтпайтын қайсар екенiн ауылдың бұрынғы тұрғындарының бәрi бiлетiн. Сондықтан да, Қайып тобы оған басқа ләм демей, керi бұрылды. Жолай жаңа Шүкір айтқан әйелдердi топтарына қосып, дәу кемпiрдiкiне беттедi.
– Жарықтық, апам-ай, бiзбен қалай қоштасар екен. Жүре алса ғой, ертiп кетер едiк, – дедi Қайыптың әйелi жыламсырап.
Дәу кемпiр – жасы тоқсан беске келген кейуана. Егер тоқшылық заман тұрып, жағдайын жасаса, әлi жиырма-отыз жыл өмiр сүрерлiктей қауқарға ие. Шалы кезiнде күллі Сарысу мен төменгi Шу, Созақ пен арғы жақтағы кұмды төскейдiң елiн аузына қаратқан би, дүние емес, үлгі сөз бен өнегелі қасиет жинаған аса абыройлы кiсi едi. Дәу кемпiрдiң өзi де, тектi жерден, көргендiгi мол әрi адуынды. Соңғы он-он бес жылда ауылда жастары егде қанша қария болғанымен, алыс-жақын мекендердегi ағайын арасындағы дау-дамай осы кемпiрсiз шешiлген емес. Жиындарға бiрiншi соған сөз берiлiп, тартылған бас соның алдынан қайтатын. Өзi еркек тұрпатты денелi әрi тiп-тiк жүредi. Оған қоса жасы үлкен. Осыған орай оған жайылмалықтар «дәу кемпiр» деп ат берген. Бұрыннан ел қамын ойлап, керек десең, өзiн шешен, батыр санайтын талай өркөкiрек кiсiлердi әдiлдiгiмен тұқыртып тастайтын дәу кемпiрге қазiргi жұрт ахуалы үлкен күйзелiс әкелдi ме, кейiнгi күндерi қатты шөгiп, қаусай түскен. Қайыптар үйiне кiргенде дәу кемпiр бiр көне кебеженi ақтарып, немересiне әлдене айтып отыр екен. Бұларды көргенде ауыл әжесiне лайық iлтипатпен жылы шырай танытты:
– Аман ба, Қайып, шырағым. Келiстерiңнiң мәнiн ұғып отырмын. Мына кебеже баяғыда қыз жасауыммен бiрге келiп едi. Е-е, қайран, салтанатты заман-ай десеңшi… Ә, осы кебежеде аталарыңның бiр көйлегi мен бешбетiн сақтап жүр едiм. Сендермен бiрге кететiн мынау немереме ырым қылып, соларды кигiзiп жiбермекшiмiн. Жолы болсын, атасы сияқты ұзақ жасасын. Әруақты кiсi болатын, жарықтық. Киесi сендердi де қорғап жүрсiн.
Молаға айналған, ажал шiркiн тiрiге сәт сайын тап-тап берген, тiрлiк тынысы таусылып, қызығы өшкен, болашағы үмітсiз ауылда қарайып жалғыз қалудың қаупiн елемей, алдындағыларды қалың ел арасында отырып, әлдебiр тойға шығарып салғандай кейiпте сөйлеген дәу кемпiрдiң баяу да орнықты сөзi әйелдердiң көңiлдерiн босатып жiбердi. Қайыптың да жаны жасып, көзiне жас үйiрiлдi:
– Апа, бiз сiздi де бiрге алып кетуге келдiк.
– Қайыпжан-ау, ұзақ сапарда менi масыл қып қайтпексiң?
– Масыл болмайсыз, апа. Керек болса, мен, жiгiт болған мына балалар, анау келiндер, бәрiмiз сiздi кезек-кезек көтерiп жүремiз.
– Адамды адам өлгенде ғана көтеру керек. Сөзiңдi қор қылма! Асарымды асадым, жасарымды жасадым, құдай ендiгi өмiрдi сендерге берсiн. Әлбетте, қай қария болса да, өлер алдында жайлы ғұмырды аңсайды. Бүгінгі күннiң мендей қарияларына мамыражай кезде абыроймен өлу де пешенеге жазылмаса, құдайға да өкпе артудың орны жоқ. Жайылмаға келiн боп түскелi берi небiр игi жақсылардың алдын көрiп, ғибратын тыңдадым. Қаншама алтындай қимас абысын-ажындарыммен бiр табақтан ас жедiм. Әне, олардың бәрi жатыр анау сырттағы молада. Тысқа еңбектеп шығып, iшке таяқпен кiретiн, төрiмнен көрiм жақын жасымда сендерге жүк болып, ет жақындарымның моласын тастай қашқаным, атыма лайық па. Арттарыңа қарайламаңдар, маған алаңдамаңдар!
– Мен ешқайда кетпеймiн, апа. Сiзбен қаламын. Мен кетсем, сiз даладан сарышұнақ та, кiрпiшешен де ұстай алмайсыз ғой, – деп немересi оны құшақтап еңкiлдедi.
Дәу кемпiр немересiнiң басы мен арқасын сипалап, мойнынан қайта-қайта иiскеледi. Мұндай кезде кәрi жүрек жасымай тұра ала ма. Қатты күрсінiп, екi көзiнен парлап жас ақты. Немересi оның бетiн шөлпiлдете сүйiп, кеудесiне басын тықты.
Қос мұңлықтың бұлайша құшақтасып, көз жастарын төккенiне жандары езiлген төрт әйел де үнсiз сыңсуға көштi. Сол сәт дәу кемпiр бетi мен көзiн сүртіп-сүртіп тастап, қатулы кейiпке ендi де, немересiн итерiп жiбердi.
– Тоқтатыңдар еңкiлдеудi!
Даусының өктем шыққаны сондай, немересi де, әйелдер де заматта жым болды. Өмiрдiң қилы тәшпiшiнен өткен қарт кейуана осалдыққа салынған жаннан батылдық шықпайтынын ғұмыр тәжiрибесiнен бiледi. Жасында қаталдық көрмеген жанның өмiрде жейтiн таяғы да көп болатынын өзi екi күннiң бiрiнде айтатын. Басқа түскен салмақты көтере алмай жылап-сықтау, боркемiктiкке салыну – кiмдi болса да тағдыр шырғалаңынан алып өте алмайтынын да жаcы кiшiлердiң құлағына үнемi құйып отыратын. Осындай сөздердi аузынан тастамайтын дәу кемпiр дәл мынадай жағдайда уайымға, сiрә, ұзақ салынсын ба. Талаптының ылғи тiлекшiсi боп, болатынның әркез белiн буып жүрген ол, өз пешенесiндегi ауыртпалыққа мойып, кесiр мен қырсық шалған жерден кетемiз дегендердiң жолын еш бөгемек емес. Қайта олардың бойларына күш пен қайрат отын құюға құмбыл.
– Қайыпжан, келiндер! Сендерге айтатын қарттық кеңесiм һәм қоятын шартым – осы үйден жыламай аттаныңдар. – Cосын немересiне бұрылды: – Ботам, кеше түнде де, бағана да саған айттым ғой. Сендер кеткесiн, анау молада жатқан әруақ-атаң жер бетiне шығады. Сөйтiп маған азық-ауқат әкеп, қарнымды тойдырады. Үйде сен тәрiздi бала отырса, әруақ-ата келмей қояды. Сондықтан да ештеңенi ойламай, Қайып көкең мен мына апаларыңа iлесiп кете бер. Қайып көкең бiр қалаға барып жұмыс iстеп, қарындарыңды тойдырады. Содан дәу жiгiт боп, бiр-екi жылдан кейiн ауылға ораласыңдар. Мен сендердi ешқайда кетпей, күтіп отырамын. Сен одан да ел, жер, қала көрiп қайт. Бiр атадан қазiрше тiрi жүрген жалғыз тұяқ өзiңсiң…
Немересi қайтып жыламады. Келiндерi дәу кемпiрдiң бетiн бiр-бiр сүйiп, барлығы Қайыпқа ерiп, тысқа беттедi. Су тола екi местi Қайып мойнына салды. Қисықбас атанған қатын мен Сайыптың келiншегiнiң қолдарында бесақа. Үшіншi әйел керек болар деп, қысқа сапты күрек пен кiшкене қазанды қолтығына қысып алған. Қайыптың ішінде бес-алты айлық баласы бар екіқабат әйелi жолда әжетке жарар деген оймен ұзын арқанды белiне орапты. Екi балада жуандығы бiлектей сойыл iспеттес таяқ. Әйелдердiң әрқайсысының түйiншектерiнде бiр-бiр пышақ бар. Жетi адамдық топтың бар жарағы осылар ғана.
Жүргiншiлер ауыл шетiндегi түстiкке қарай созылған ескi сүрлеуге түстi. Қайыптың пайымынша, бұл Баба Атаға, одан әрі Байжансайға апаратын жол. Ескi қариялар Жайылма мен Баба Атаның арасы атты адамға бес күндiк жол деушi едi. Ал бұлар – жаяу. Әйтсе де, аштан қырылғандардың, сондай-ақ iшкi мұңдарын сыртқа бiлдiрмесе де, жандүниелерiн тек өздерiнен басқа ешкiм түсiне алмайтын азапты ойлармен ездiрген, қажытқан, арттағы күнәсiз өлiктер рухы жайлаған үмітсiз мекенде тiрiдей қалып бара жатқан қариялардың обал-сауаптарын өкiмет пен жаналғыш белсендiлерге артқан Қайып тобы туған елден бiрте-бiрте алыстай түстi.
Айнала ұшы-қиырсыз тегiс дала. Бұл маңның даласы шағыл топырақты. Мұндай жерде сазды және таулы аймақтағыдай шөп қалың да киiздей боп тұтас өспейдi. Көк шөп сиректеу, әр-әр жерде жыланжиде, жусан, адыраспан сияқты жеке-жеке шығатын тал iспеттi өсiмдiктер қылтияды. Жүргіншілер осындай елсіз далада екі күн сапарлады. Үшінші күні жетеуi түс қайта қияқ басқан кiшкене дөңес үстiне аялдады. Қайып бет алған бағыттарына көз салды. Тегiс даланың шегi жоқ па, әйтеуiр көз түсер бiр бұлдыр көрiнбейдi. Күн ашық кезде көрiнедi дейтiн Қаратаудың cұлбаcы да назардан тыc. Әйелдер аулақтау кетiп, жеңiл жамылғыларын жамылып, дәрет ұcатқан. Қиcықбаc қатын тұра берiп шынғырып жiбердi:
– Ойбай, жылан!
Баcқа әйелдер де шошынып дамбал бауларын байлап та үлгермеcтен Қайыптар отырған тұсқа жүгірicтi. Қайып жылан жорғалаған жерге жүгіріп барды. Шөп қатарын аяқтарымен ары-берi жайпап жүрiп, тышқан үйген кiшкене топырақ үйiндi үстінде жатқан cары жыланды көрдi. Қыcқы ұйқыдан шыққаннан берi бiрнеше күн көк шөптердiң cөлiн жалап әбден тойынған жылан cемiз екен. Қайып оның желкеciнен бүріп, отырған жерлерiне cалбырата ұcтап әкелдi.
– Бұл – адамды шақпайтын уы жоқ жылан. Бiзге ауқат болады. Бiрақ мұны қазiр емеc, ертең азанда пiciрiп жеймiз.
Қайып оны тiрiдей дорбаcына cалып, орнынан тұрды. Cодан кеш батқанша жүрiп отырып, айдалада томпайған шағындау төмпешiкке жетiп тiзе бүкті. Үш күн бойғы жүрicтен ciлелерi қатcа да, ешқайcыcы шаршадым демедi. Дегенде де, амал не. Бұл жүрicке бәрi өз-өздерiн iштей дайындап шыққан ғой.
Сол түні әлгі төмпешік үстіне түнеп шықты. Таң қылаң бере, Қайып тұрып, айналадан андыздың паяcын жиып келдi. Төмпешiк шетiнен ошақ қазды да, бiр меcтегi cуды қазанға құйды. Оның аcтына от жағып, дорбаcындағы кешегi жыланның баcын кеciп, қазанға cалды. Күн көтерілгенше cу қайнап, жылан етi пicтi. Әйелдер балаларды оятты. Қайып қазанды ортаға қойды да, тұтаc пicкен жыланды шығарып, бәрiне теңдей етiп кеciп бердi. Отырғандардың әрбiрi бiраздан берi пicкен еттi «мынау ненiң етi» деп cұраудан, одан жиiркенуден қалған. Аштықтың зардабынан қарайған нәрcенi өлтiрмеcе болды деп ауыздарына тыға беруге дағдыланған олар, ыбылжып пicкен жылан етiн әп-cәтте қылғыта cалды. Қиcықбаc қатынның түйiншегiндегi ағаш тоcтақпен кезектеciп, cорпаcын iштi.
– Жылан етi туа cалып cойылған қозының етiне ұқcайды екен6 ә. Ой, бүгін жылан кездеccе, өзiм-ақ ұcтаймын, – дедi дәу кемпiрдiң немереci ернiн жалап-жалап қойып.
– Екеумiз екi жылан ұcтайық, – дедi Батыр.
Cодан жетеуi тағы үш күн жүрдi. Жолда не бiр құдық, не өзен, не ел кездеcпедi. Қаc қылғанда, жыландар да көзге түспедi. Cулары тауcылған әрi cоңғы екi тәулiкте нәр татпаған жетеу өлермен xалге жеттi. Алдарынан кездеcкен құмдауыт қияда түнеп шыққандарында cапарларының жетiншi таңы атқан.
Сол күнi бұлар үш-ақ сағаттық жүрiске жарады. Екi бала бiрдей аяқтарын баса алмай, тiптен әлсiредi. Неше күннен берi ың-шыңсыз келе жатқан әйелдер тағдырларына, өкiметке мың лағнет айтып, арттағы елдi, шейiт кеткен ағайын-тумаларын сөз етiсiп, қайғырып, дауыс сала жылай бастады.
– Ой-бо-ой, шөп-шалам жеп, құрт-құмырсқа шайнасам да, нем бар едi ауылдан кетiп. Айдалада өлу үшін бе… – деп зарланды қисықбас қатын.
– Басым айналып, бойымнан дәрмен кеттi. Ендi сүйреп жүргiзбесеңдер, аяқ басар халiм жоқ. Дұрыс айтасың-ай, қисықбас. Жолға өлу үшін шыққан шығармыз, – дедi екiншi әйел құмыға.
– Екi-үш күннен соң ел кездеседi дегенiңiз қайда, қайнаға-ау? Бұл не деген елсiз дала, – деп Сайыптың келiншегi күңкілдеді.
Балалар қыстыға жылады. Мына сөздерден алдағы күндерге деген үміттерi жоғалғандай, қобалжудан реңдерi бұрынғыдан да сұрланды, тiлiм-тiлiм ерiндерi сөйлеуге де ырық бермей, үнсiз күйде әркiмге бiр жәутең-жәутең етісті.
Тiзесiн құшақтап, шарасыз халге енген Қайып, әйелдерге не айтуды таппады. Бiрақ iшкi ойы – айдалада өлу емес. Қалайда тығырықтан құтылудың жолын қарастыруы ләзiм. Алайда қандай жолмен, қандай амалмен? Осы күнге дейiн айналадағы ахуалды тiлмен де, iштей де кiнәлап бiткен. Ендi бiреудi немесе әлдененi кiнәлаумен – тап болған қырсықтан, ауыр сапардағы мүшкiл жағдайдан құтыла алмайды. Сондықтан да не болса да, соңғы күдерлерi үзiлгенше, жылан сияқты жер бауырласа да, тышқан тәрiздi жорғаласа да тек алға жылжи берулерi шарт. Ол атып тұрды:
– Өлмейсiңдер! Өлмеймiз! Өлмеу үшін шыққанбыз жолға. Қане, зарлана бермей, тұрыңдар орындарыңнан!
Отырғандар мызғымады. Әйелдердiң көздерiнде өлi сезiм тұнған. Бiр-бiрiне арқаларын сүйеп, жерге құйрық басқан екi бала бастарын одан бетер салбыратып, дыбыссыз жылауға көштi. Қайып дауысын одан әрi көтердi:
– Жүрмейсiңдер ғой-ә?! Онда обалдарың өздерiңе. Мен мына екi баланы арқалап алып кете беремiн. Сендер қалыңдар, қарақұсқа жем болып. – Сөзге көнбеуге айналған әйелдердi қорқытып, әдейi осылай дедi. Сөйттi де, екi баланы екi қолымен көтерiп, тiк тұрғызды: – Қатындар өлсе өле берсiн, сендер өлмеңдер.
Батыр баж етiп, шешесiне жабысты. Дәу кемпiрдiң немересi қисықбас қатынның етегiне жармасты. Балғын балалар шешеден тiрi айырылушы ма едi. Оларға жабысқандары аздай, үруге жарамаған жас күшiктердей қыңсылап, көз жастарын тағы төктi. Осы сәт Қайыптың әйелi ақылдылық танытты:
– Бәрiмiз ауылдан аштықтан өлуден қашып, жолға шықпап па едiк. Тәуекелге бас тiккен сапарымыз әлi бiткен жоқ. Ерейiк, Қайыпқа.
Шығыстан екпiнi қаттылау жел соғып тұр. Аш адамдардың алға қарай жүрулерiне ол да әжептеуiр кедергi. Соған қарамастан Қайып тобы желмен бiрге теңселiп, мiне, мiне, ұшып кетердей халде жарты сағаттай алға жылжып, жазық дала төсiндегi көлбеу дөңес үстiне әупiрiмдеп көтерiлдi. Дөңестiң арғы бетiнде аралары бiр шақырымдай келетiн төрт-бес қараша үйден топтанған, шоғыр-шоғыр орналасқан екi ауыл көрiндi.
– О, құдай-ай, Ақыры бiр ел кездестi-ау, – деп қисықбас қатын еңiреп жiбердi.
– Е, Алла-ай! Мұныңа да шүкір,
– Е, бәсе, Жаратқан ием бiздей бейбақты бекерге өлтiрсiн бе, – дестi басқалары көрiнген үйлер құдды бiр өздерiн мол дастархан жасап, күтіп алатындай үмітпен.
Жетеудiң көңiлдерiне айдаладағы қарайған ауыл дем берiп, бәрi сүрiне-қабына алқынып, солай беттедi. Жақындай бергендерiнде киiз үйлер арасынан екi түлкi сумаң етiп шыға келдi де, бiраз жер ұзап барып, қалт тоқтап, бұларға бас бұрды. Аш қазақтардың өздерiне қылар айласы жоқтығын бiле ме, пәтшағар қос сұм түлкi үрiкпедi. Қайта «бiзге не iстей аласыңдар?» дегендей, адамдарға қарап, шоқиып отырды.
Қайып жаңағы түлкілер шыққан үйге бас сұққаны сол еді, бірден жаман иiс қолқасын атты. Мұрнын басып, iшке үңiлдi. Қып-қызыл еттерi шиқандай боп көрiнген оннан астам адам жатыр. Екеуi жас балалар сияқты. Денелерiнiң әр жерiнен жұлымдалған киiмдерiмен бiрге парша-парша болған еттерi сыртқа қарай салбырап кетiптi. Қайыптың мұндай жиiркенiштi әрi үрейлi көрiнiстен жүрегi тас төбесiне шықты. Жаңағы түлкiлердiң мұнда неғып жүргендiгiн әп-сәтте түсiндi де артқа бұрылды. Әйелдер мен балаларды итергiлеп, үйлердiң сыртына шықты. Мең-зең боп бiраз тұрды да, анау көршi ауылға көз салды. Мана дөңес үстiнде байқалған жоқ-ты, қазiр ондағы бес-алты үйдiң арасынан түтін будақтап тұр. Түтіндi көргенде, жүрегiн суылдатып, тәнiн тiтiркендiрген әлгi дал-дал кейiптегi өлiктердi демде ұмытқандай, көңiлiн қуаныштың аз-маз лебi кернеп өттi.
– Әне, түтіндi көрдiңдер ме? Сол ауылда бiрдеңе бар сияқты.
Жетеуi ендi солай қарай ентелестi. Түтіндi ауылға таяғанда киiз үйлер тасасынан шаштары қобыраған, бет-әлпеттерi iсiнiп, адам көргiсiздей кейiпке түскен, қолдарында таяқтары бар екi әйел шыға келдi. Түрлерi адамнан гөрi жын-перiге, жо-жоқ, албастыдай жалмауызға ұқсаған олардан әйел-балалар қатты тiксiнiп, бәрi Қайыптың артына тығылды. Арт жақтан ұсқыны мына екеуден қорқынышты тағы бiр әйел көрiндi. Оның қолында басы күйген ұзындау жiңiшке темiр. Үшеулеп айқайға басты:
– Аулақ кетiңдер бiзден! Жоламаңдар ошағымызға!
– Ары-берi өткен дуаналардан пәлеге қалдық қой…
– Пiсiрiп жатқан етiмiз өзiмiзге жетпейдi…
Кейiптерi жын-шайтанға ұқсаған үш әйел, естерi ауып, жындануға түсе бастағандай ма, қалай, әйтеуiр бiрiнiң сөзiн бiрi басып, таяқтарын сермеп-сермеп қояды. Тiптi бiреуi шүйлігіп келiп, Батырды ұрмаққа әрекеттендi. Қайып оның таяғының бiр ұшынан шап бердi де, тартып қалып едi, анау қиралаң етiп, етпетiнен түстi. Оны көрген екеуi түсiнiксiз бiрдеңелердi айтып, айдалаға қашты. Ал етпетiнен түскенi тыпырлап жартылай көтерiлдi де, әлi келмесе де жанкештiлікке салынып, Қайыпқа жармасты. Қайып оны бiр итерiп аунатып түсiрдi. Ол енді еңбектеп келiп, Қайыптың аяғына тағы оралды. Осы кезде алысқан екеуге назар аудармаған Қайып тобындағы көздерi аштықтан тұманданған әйелдер мен балалар анадай жердегi ошаққа жандәрмен жүгірiстi. Ошаққа бiрiншi болып жеткен қисықбас қатын қайнап тұрған қазанға қолын молынан салды. Шыдамы таусылғандықтан ба, жоқ, әлде, басқалардан бұрын еттi мол етiп алғысы келдi ме, қолын қазан түбiне дейiн қалай салып жiбергенiн өзі байқамады. Қайнап тұрған су саусақтары мен бiлегiн қарып түстi, «А-а-а» деп айқайлады да бiр сүйектi ұстаған күйi қолын қазаннан суырып алды. Қолына iлiккен сүйек – бiр кiшкене баланың басы екен. Селт етiп, бiр бақырды да, оны аулаққа лақтырып жiбердi. Шошынғанына қол күйiгiнiң ауруы қосылып, жандауысы шыға шыңғырды. Сосын дiрiлдеп тұрып, еттерi күйiктен үзiм-үзiм күйге түскен қолының терiсiн сасқанынан жалап-жалап алып, шалқасынан құлады.
Бұл уақытта жүгіріп келген Қайып қисықбас қатынның нелiктен құлап түскенiне мән де бермей, қайнап жатқан қазанды төңкерiп тастады. Қазан iшiнен жас баланың кесiлген бiлектерi, сандары мен балтыр сүйектерi жерге шашылып түстi. Әйелдер не айтарларын бiлмей, беттерiн басып, отыра-отыра кетiстi. Қайыптың бүкіл денесi мұздап, жүрегi тағы дiр еттi. Ендi түсiндi, жаңағы әйелдер бір баланы сойып, етін асып жатыр екен. Алайда Қайыптың осы еттердi жеуден басқа амалы жоқ-ты. Көзін жұма, жаратушы мен әруақтардан iштей бiрнеше мәрте кешiрiм сұрап, сан еттiң бiр үзiмiн жұлып, аузына салды. Сол-ақ екен, әйелі баж етті:
– Ойбай, Қайып! Қолыңдағы адамның еті ғой. Қалай жеп отырсың?
– О, қу шұнақ, құдай! Малдың орнына адамды сойып, етін асып жегенді кім көрген? Бұл не деген сұмдық. О, құдай не пәлеге тап қылдың? Жаңағы әйелдер адамдық кейіптен шыққан мыстандар екен-ау. Жас баланы бауыздауға, етін қазанға салып қайнатуға қалай дәттері барған? – деп күңіренген Сайыптың келіншегі бетін басып, бүк түсті.
Бір үзім етті жұтқан Қайып сасқалақтап, не уәж айтуды таппай дағдарды. Бірақ аштан өлуге айналған адам аш бөріден де жаман әрекетке барады. Ой-саналарында адам етін жеу күнәнің ең үлкені екенін білсе де, бұл топтың адамдары ақыры бала етін жеуге мәжбүр болды. Өйтпесе, өздері өлгелі тұр.
– Баланы біз сойғанымыз жоқ, етін қазанға асқан да біз емеспіз… Қайтеміз енді, аш құрсаққа сеп болар бұдан өзге ештеңе жоқ. Құдай бізді кешіре көрсін… – деп Қайып етке қайта қол салып еді, басқалары да жердегі еттерді таласа-тармаса ауыздарына тықты…
Әлден соң Қайыптың есiне қисықбас қатын түсiп, жан-жағына қарады. Ол ошақ iргесiнде демсiз сұлқ жатыр. Жаңағыдан кейiн байғұстың жүрегi жарылып кетсе керек…
Әйелдер жылап-сықтады. Қос бала еңiредi. Қайып егiлдi.
…Бұ күнгi қазақтар күнде ажалмен арпалысып, күнде өлiм көрiп, еттерi үйренген. Бiрақ та тiрiлерi аман қалудың жолында не көрсе де қайтпай, бәрi бiрдей күйреп, жоқ болып кетпеуге қарсы қайсарлықпен амал қарастырудан шаршамайды…
Болашақ күндерден күдерiн үзбеген Қайып тобы да, кешiрек қисықбас қатынның мәйiтiн аулақтау тұсқа көмiп, түнде киiз үйлердiң бiрiне түнедi де, азанда тағы жолға түстi. Беттерi – Байжансай.
Киiз үйлерден ұзай бергендерiнде қайдан шыққандары белгiсiз, кешегi алба-жұлба киiмдi үш әйел соңдарына түстi. Iлбiп, зорға жүрген байғұстар әлденелердi айтып, бiраз жерге дейiн ерiп отырды. Екi-үш сағаттан соң олар айдаладағы шөп арасында қалып қойды. Бейбақтардың ендiгi күнi не болмақ? Жер бетiн қаншама қатыгездiк жайласа да, ешкiмнен жылы шуағын аямайтын күн нұры екi-үш тәулiктен кейiн ашық далада олардың мәйiттерiн аймалап, жылытып жатар, бәлкiм. Заман-ай десеңшi, тап қазiр мәйiттер ашық жатса да, көмулi жатса да, қара жер қазақтың өлiмiне тоймауға көшкен. Байжансайды бетке алған Қайып тобы да онда жете алмаған. Мақсат тұтқан межелі жерге жетеміз деп, елсіз далада тынымсыз сапарлап, ажалға қанша қарсы тұрып бақса да, бәрібір, олар жол-жолда бірінен соң бірі аштықтан қатқан. Сөйтіп, Жайылманың аштықтан қашқан соңғы адамдары да жапанда көмусіз қалған. Осылайша, бір ауыл, онда тұратын екі-үш атадан тараған әулеттің тұқымдары түгел жойылған. Несін айтасың, бұл жылғы ашаршылықта бір ғана Жайылма ауылы ғана емес, нешеме ауылдар адамдарымен қоса, жер бетінен өшіп жатты…
…Иә, жауап берер біреу бар ма, сол кезгі кiнәсiз, мезгiлсiз шейiттердiң зауалын кiмнен сұрап, обалын кiмнен көредi, бұ қазақ?..
Момбек ӘБДІӘКІМҰЛЫ,
жазушы