Соңғы трамвай (Утопиялық әңгіме)
20.12.2023
2134
1

2015 жыл.
30 қазан. Ақжар ықшам ауданы.
– Валя, киімдерімді дайындап қойшы.
– Дайын тұр емес пе? – деп етжеңді әйел галстугін тағып жатқан мұның жанына ентігіп келіп қалды.
– Ескісін дайында. Ескі болғанда да Горбачев бергенін… Шифонерде тұр, – деп ері айнадағы сұлбасына сыздана көз тастады. Ұнамайды. Өзіне-өзі ұнаған емес. Валя кемпірдің шифонерді ашып: «Өртеп жіберу керек еді», – деп күңк еткеніне, бұл мырс ет­ті. Кемпірінің, әйел тектінің сатқындығы бейамал.
Күн салқындап қалса да, қыстың сызы біліне қоймаған. Есіктің алдына шығып, таңғы ауамен тыныстап тұр. Қалтасынан шылым шығарып, таң ауасын қимай іркіліп қалды. Темекі тартуға оқталғанын сезіп қойғандай кәрі өкпесі күркілге басқан. Таңғы шылымның алдында осылай жөтеліп, қап-қара қақырық тастайтын. Қызыл өкімет құлағанда «әдет­тен» алып қалғаны – осы екеуі. Үшіншісі де бар. Бірақ оны өзі әдетке санамайды. Мүліктен қалғаны – осы үй мен қаладағы пәтері. Сосын, сары Москвич.
Үйренген жөтелі болса да, бүгінгісі тым қат­ты соқты. Жөтелген сайын лоқсып, көзі жасаурап кеткен. Сыртқы есіктен басын шығарып, тыжырынған Валя:
– Құдай-ай, өкпең түсіп қалмаса болар еді, – деп жекіп алды.
Естімей жүрген сөз емес. Жекілмей жүргені де шамалы… Тек бүгін көкжелкесі құрысып тұр. Егер кілтін салып, жартылай бұрғаннан 412-ші Москвич «гүр» етпегенде Валяның анасы көрінде үш-төрт аунап тұрар еді. Екінші рет шағуға сылтау тап­паған кемпір де есіктен қылтиған басын тартып алды. Бүгін оталмай қалса деп еді… Қайбір жылдан бері іштей дайындап, аузын бос байлаған біраз сөз бар. Қайбір жыл деген ұлының иномарка мінгізген жылы. Қырсық шал қырық сылтау айтып, мінбеді. Бұл қырық сылтау тауып көндіргісі келді. Көнбеді. Темірді қойып, тірінің арасы суып үлгеретін уақыт­та, мұның Москвичіне деген адалдығының ояна қалғанын. Салдабасы шыққыр сары темір… Сол күнге дейін көңілі түссе оталып, көңілі түспесе көк түтінін бір бұрқ еткізіп, жым болатын қырсық шалғыр сары темірдің оталмай қалған күні болмады. «Жиған сөзімді жайғызбай, тілімді байлап қойған құдай-ау, бұ қырсықтың саған қай қылығы жақты», – деп Валя шалымен іштей ұрысып, Құдайдың да құлағын шулатқанын аңғармай қалды.
Москвичтің иесі кемпірінің кәрін шашар жан тап­пай, өз-өзін шағып жатқанын анық білді. Темекісін тұтатуға енді бір оқталып, бүгінгі арбасуда жеткен жеңісінің тәт­ті сәтін таңдайына басып, тағы біраз тұрды.
Үлкен жолдың бойындағы үйінің тұсында автобус күтіп тұрған адам қарасы көп екен. Сигналымен аластап, алдын тазартып алып, автобус паркіне қарай сары москвич кетіп бара жат­ты.
– Иә, Владимир Андреевич, қош келдіңіз! – деп автобус паркінің директоры мұны жылы қарсы алған-ды. Ірі денелі, қолы қарулы жігіт ағасының сөзін бұл түсінсе де, түсінбеген сыңай танытып, еңкейіңкіреп құлағын тосты. Директор айт­қан сөзін жалма-жан орысша қайталады.
– Қош делік…
– Не боп қалды? – деп бұл жолы директор түсінсе де, түсінбеген сыңай танытып, оң жақ құлағын тосты. Оның сол жақ құлағының ауыр екенін Владимир Андреевич жақсы білетін. Тіпті мұны директор құлағының жыртығынан да, сол жақ бетіндегі тыртықтан да аңғару қиын емес.
– Парктеріңізге осымен бесінші рет келіп отырмын. Қала әкімдігі менің үйімнен алысырақ жерден аялдама салып бергеніне 3 айдан асты. Ал жолаушылар әлі менің қақпамның алдында тұр.
– Сабыр етіңіз! Әсте-әсте үйреніп кетер.
– Сабырым жетпейді. Жаңадан салынған аялдама мен «жабайы» аялдаманың арасы жүз-ақ қадам. Сол жерге дейін жаяу келе салу қиын ба?
– Сізге ше? Үйіңізден шығып, қақпаңыздың алдынан автобусқа отыра салмай, жүз қадам басып, аялдамадан отырған сізге оңай ма?
– Оңай емес. Бірақ бүйте берсек, ат­тап бассаң аялдама болмай ма? – деп Владимир Андреевич ойын жалғастырмақ болып еді, директор бөліп жіберді:
– Жақсы! Жүргізушілерге ескертемін!
– Иә, олар жолаушыларға түсіндірсін, – деп Владимир Андреевич орнынан тұрып бара жат­ты да: – Жоқ, болмайды. Осынша уақыт бойы ауызша ескертіп келдім. Арыз жазамын!
– Мінекейіңіз! – деп директор алдында жатқан көп қағаздың бірін «арызданушының» алдына тастады. Владимир Андреевич қағазға үңілді де, директордың өзіне қайтарып беріп:
– Маған орысшасын беріңіз! – деп нығырлады.
– Владимир Андреевич, бізде қазір өтініш, арыздың барлығы қазақ тілінде жазылады.
– Онда үлгісіз таза қағаз беріңіз, – деді сұрланып.
А4 қағаздың беті ала жазуға төгіліп толып, арызданушының аты-жөні әзер сыйды. Директор арыздан оның толық аты-жөнін бірінші рет көрді. «Владимир Андреевич Сююдюков».
Есіктен шығып бара жатқан арызданушы да директордың есігіндегі жазудан оның толық есімін тұңғыш оқыды. «Сүйіндіков Айдар Елдарұлы».
Осы автобус паркіне бес рет келіп, бесінші рет бір ғана оймен шығып келе жатыр. «Қайдан көрді?». Анық есінде. Бұрын, қанша жыл бұрын екені белгісіз, оны бір жерден көргені рас. Есіне түсіре алар емес. Өзін тағы трамвай жүргізушісі ретінде жұбат­ты. Күніне мұның вагонына қанша адам мініп түседі емес пе? Солардың біреуі шығар деп жаба салды. Бесінші рет…
Бесінші рет… тағы жеңіліп шығып келе жатыр. Баяғыда орысша сөйлеп, арыз айтып келген адамның бүкіл өтініші орындалатын еді. Қазір мұның тілін түсінетін адам да азайып кеткендей…
Үйінің қапасынан кіріп келе жатып, далада жайылып тұрған ескі формасын көріп, алабөтен күй кешті. Көмейіне лимон қышқылы тамып кеткендей көзі жасаурап барып, қайта жиып алған. Трамвай тұтқасын ұстағалы бері мұндай әдемі форма кимеген… Иә, киген жоқ. Жауынгердің парадтық формасы дерсің.
Владимир Андреевич үйіне кіріп, теледидарды қосты да диванға қисайды. Ертелі-кеш тек қазақша сарнайтын отандық телеарналардан ат­тап, жиырмасыншыға көтеріліп келеді. Сол тұстан жоғары шетелдік арналар басталатын. Он үшіншіге келгенде, кенет тоқтап қалды.
Экранда үйір-үйір жылқы шаңдатып барады екен. Олардың үстінен бір қыран ұшып өт­ті. Міне, қыранның өзі емес, жерге түскен көлеңкесі ғана келеді. Сол көлеңке алып аюдың үстіне төніп келіп, найзағайдай жарқ етіп, аюды ала құлады. Алғашында өз көзіне өзі сенбеген. Қыран, бүркіт туралы біршама білетіні бар еді. Бірақ оның аю алғанын тұңғыш көрді. Одан ары қазақы тазының аң алғанын көріп, тұрқы келіскен ат­тардың дүбірін тыңдап, ұзақ жат­ты. Тұлпардың дүбірі оның жүрек соғысымен үндесетіндей. Дүк-дүк, дүк-дүк. Бұл дыбысты ол бұрыннан білетіндей… Бұл дыбыс оның құлағына сіңіп өскендей… Бұл ритм оның жүрегімен бірге соғатын секілді… Иә, иә… Трамвайдың жүрісі ғой бұл. Дүк-дүк. Дүк-дүк. Ат­тың кісінегеніндей трамвайдың да қоңырауын соғасың. Қайта-қайта. Дүк-дүк. Дүк-дүк… Шылдыр-шылдыр… Шылдыр-шылдыр…
Тұлпардың шабысы мен трамвайының жүрісін үндестіріп қанша уақыт жатқаны есінде жоқ, тек Валя кемпір:
– Асқа кел, Вова, – дегенде шошып оянды. Теледидар жаңалыққа ауысқан екен. Алғашында диктордың оқу мәнерінен орыс тілінде жаңалық тыңдап отырғандай болған. Сәлден кейін қазақша хабар екенін аңдады. Әңгіме трамвайлар жөнінде. Соңғы екі айда болған екі бірдей үлкен апат­тың себеп-салдарын анықтап жатыр. Бірі жол кінәлі деді, бірі трамвай жүргізушісін кінәлады…
Бірден өшіріп тастады. Осы жаңалықтан кейін-ақ көңілі бұзыла беріп, жегені желім болды.

2015 жыл. 31 қазан. Трамвай депосы.
Владимир Андреевич таңертең ерте тұрып, Валяның қуырған жұмыртқасынан ауыз тиді. Ескі формасын киіп ап, жеңіс күніндегі ардагердей аялдамада тұр. Ол жұмысына көлігін мінбеуші еді. Тек релспен жүріп үйренген трамвай жүргізушісіне қалада көлік айдау ыңғайсыз. Оның үстіне 1979 жылдан бері айдаған трамвайларының бірінің де педалі болмады. Қолмен басқаратын. Көлік айдағанда үш педаль арасында екі аяғы адасып қала беретін.
Жұмысқа баратын автобусы баяғыша әуелі мұның қақпасының алдына жиналған адамдарды мінгізіп, содан кейін ғана аялдамаға тоқтаған. Ол жерден бұл жалғыз отырды. Көңіл күйін бұзғысы келмей, үнсіз орындықтардың біріне жайғасты. Автобус жүргізушілерімен күнде керілдесетін. Бірақ бүгін емес. Онсыз да езіліп отыр.
Депоға кіре берісте мұны Сұлтан Әбдірахманұлы күтіп алды. Бір кез­дегі кондуктор, кейіннен жүргізуші әріптес, қазір депо директоры. Жұрт­тың барлығы оны тек фамилиясымен атайтын.
Зейінов.
Владимир Андреевич Зейіновтің өзіне неге сонша жалпақтайтынын түсінбейтін. Осының ғана трамвайына жаңа бөлшектер алып береді. Осыған ғана айлық сыйақы тағайындауға құмар. Алғашында қысылып, кейін бойы үйреніп кет­ті. Тіпті үйреніскені сонша, біреу қырын қарай қалса ашуланып шыға келетін. Бәлкім, ол жұмысын да сол үшін жақсы көретін шығар. Бұл қалада өзін жайлы, өзгелерден асқақ сезінетін басқа ешбір жер қалған жоқ-ты.
Зейінов бұған күлімсірей амандасты да:
– Ғадетіңізден жаңылмайсыз-ау.
– Бәлкім, соңғы рет шығар, – деп Владимир Андреевич көңілдегі шын күдігін білдірді.
– Олай демеңіз. Трамвайды уақытша ғана тоқтатады. Релстерге жөндеу жүргіземіз.
– Сенейік… 1937 жылдан бері тоқтамаған трамвай еді.
– Иә, 37 жылдан бері… – деп Зейінов біршама ойланып тұрды да: – Өзі бұл далаға, бұл қалаға 37 жылы екі бірдей зауал келді ғой, – деп барып тоқтады.
Владимир Андреевич бұл сөзді естімегенсіп, сары түсті трамвайына қарай бет­теді. Көліктің асты-үстін қараған болып, бригадир әйелді күт­ті. Қазір келіп, кімнен кейін кімнің жүретінін анықтап беруі керек. Мәселенің шешімі оңай болды. Бүгін линияға екі-ақ трамвай шығады. №4-ші және №6-шы. Екеуі де екі айналым жасап, түске таман депоға оралу керек.
Бірақ Владимир Андреевич тағы екі айналым қосып жаздырды. Бүгін тоқтатылатын трамвайдың енді қашан жолға шығары белгісіз еді. Алғашқы үш айналымын күндіз жүріп өт­ті де, төртінші айналымды кешкілікке қалдырған. Депоға қайтып оралып, трамвайын айналшықтап біраз жүрді. Өзінің ескі орындығын тауып алып, трамвайына қарсы қарап отырып алған. Бұл орындық сонау 80-жылдардан бері бар. Өйткені ескі трамвайларда жүргізушілерге арналған орындық болмайтын. Тікесінен тік тұрып жүргізуі керек-ті. Ескі «Татралар» еді ғой. Владимир Андреевичке Валя кемпір, ол кез­де келіншек, үйдегі бір орындықты қаптап, ыңғайлы етіп жасап берген.
Міне, сол орындығында сары трамвайына қарсы отырған Владимир Андреевич сокваяжынан бір жартылық пен туралған шұжық шығарып, трамвай екеуінің ортасына кішігірім дастархан жайды. Екі стақанға ақтан толтыра құйып, бірін өзі ұстады, екіншісін трамвайға сүйеді.
– Ал, Аннушка! Екеуміздің соңғы сапарымыз үшін алып қоялық, – деп 200 грамдық қырлы стақанды бірақ көтерді. Жұдырығымен мұрнын басып біршама отырды да, «уфф» деп демін қайта шығарып: – Иә, неге соңғы сапар деп сұрауың мүмкін. Менің солай боларына күмәнім жоқ. Өйткені бұл қалада қазір трамвайларды ешкім керек қылмайды. Расын айт­қанда қаланың ескі аудандарында тұратын өзім қатарлы шал-кемпірлердің ғана мінер көлігіне айналған. Өзі аз, жүру арасы ұзақ. Бір трамвайға үлгермесең, екіншісін күтудің өзі ақымақтық. Жо-жоқ, Анна! Оған сен кінәлі емессің. Оған… Оған… Жә, қойшы. Екеуміз саясатқа барыспайық. Кел, одан да тағы алып қоялық, – деп шөлмекті қолына ала бере трамвайына қарады: Сен қазір жолға шығады екенсің ғой… Ішпей-ақ қой, – деп оған тірелген стақанды өзі ұстады. – Сен ренжіме! Мен бүгін өмірімде бірінші рет трамвайға масаң отырамын, – деп көтеріп салды.
– Анна? Сені не үшін осылай атайтынымды білесің бе? Білмейсің, әрине. Мені ескі трамвайымнан ауыстырып, саған отырғызған кез­де, ұнатпаған едім. Түсінесің ғой, сен немістің, біздің санамызға менің отаным сіңіргендей, фашист­ің қолында жасалған көліксің. Сол үшін ұнатпадым. Бірақ кейіннен ойландым. Отанымның жауының сұлу қызын өзіме ғашық етіп, тізгінін ұстағаным жеңісім болмай ма? Міне, сондықтан мен саған алғашқы махаббатымның есімін бердім. Алғашқы махаббатым дегенім, қыз емес. Ол да трамвай еді. Ескілікте осы қалада ең алғаш ашылған трамвай линиясын «А» линиясы деп атаған. Ол жолмен жүретін трамвай да «А» деп аталды. Сол кез­дегі тұңғыш трамвай жүргізушісі романтиктеу болса керек, «А» нөмірлі трамвайын «Анна» деп атап кеткен. Оның шәкірті де трамвайын осылай атады. Ол шәкірт менің ұстазым болды. Осылай үш ұрпақ бойы біздің қалада «Анна» ат­ты трамвай жер тепкілеп жүрген еді. Бірақ ол туралы ешкім білмейді. Барлығы трамвайдың нөміріне ғана қарайды ғой. …Анна, түсінесің бе? Бұл қала екеумізді жатсынып жатыр. Қала орнында, халық көшіп кеткен жоқ. Бірақ бұлар біздің өзегімізден теп­пекші. Түсінесің бе, мына халық өздері сонша жақсы көретін жануарының шабысын еске түсіретін көлікті құртқысы келеді… Дүк-дүк… Дүк-дүк…
Владимир Андреевич бүкіл эмоциясын жиып, тұмандана бастаған санасын оятып алды да, кешкі сегіз жарымдардың кезінде жолға шықты. Қала көшелері күңгірт тарта бастаған екен. Жарығын қосып алды.
Байтұрсынов көшесімен баяу көтеріліп келеді. Ол осы жолмен енді ешқашан жүрмейтінін жаңа ғана ұғынғандай… өксігін әзер тежеді. Барлығы таныс. Көзіне сіңісті, мына жолдың әрбір қиылысында, әрбір аялдамасында естелігі бар.
…Әне анау жерде Валямен тұңғыш кез­дескен. Кез­дескенде екеуі әйнектің екі жағында тұрып көрген еді бір-бірін. Ол кез­де бұл ескі «татраның» рөлінде. Ол трамвайдың айналасы тұтас «табалдырық» еді. Адамдар жұмыстан қайтып, вагон ішіне сыймай кеткенде көбі осы табалдырықтарға мініп, сыртқы ұстағыштардан ұстап тұрып алатын. Валя да қыздар университетіндегі сабағынан жүгіре шығып, дәл жүргізушінің қапталындағы табалдырыққа тұра қалды. Владимир Андреевич оны көрген кез­де трамвай терезесінің ағаш жақтауларын картинаның жақтауы, ал Валяны кенепке салынған картина деп елестеткен.
Трамвай Байтұрсынов көшесінен Шевченко көшесіне бұрылар тұста бағдаршамның қызыл түсіне тоқтады. Студент қыздар жүгіріп өтіп барады. Жатақханадан желең шыққан ба, күз суығы тоңдырып бара жатқан сияқты. Жүргізуші жасыл жанғанын байқамай, іркіліп қалды да, ту сыртынан басылған сигналдардан шошына қайта жылжыды. Рөлдегі Владимир Андреевич жүргізу рычагінің сабын қысыңқырап ұстады да:
– Ех, Анна, Анна, – деп рычакты алға итеріп, біреу қуып келе жатқандай жүрісін үдете түскен еді. Иә, оны шынында біреу қуып келе жат­ты…

1986 жыл. 17 желтоқсан. Космонавтов-Шевченко көшелерінің қиылысы.
Владимир Андреевич соңғы айналымға шығардан бұрын қала жастарының алаңға жиналып жатқандығы жайында әңгіме болған еді. Басы жас жігіт бұл соңғы айналымды жұмыс үшін емес, қызық үшін жүріп өткісі келген. Және басшылықтан арнайы тапсырма түсті. Жолда жүрген студент­терді көлікке отырғызуға болмайды.
Владимир Андреевич пен оның кондукторы Сұлтан Зейінов осылай жолға шыққан. Алғашында кондукторды ауыстыру туралы әңгіме болып, кейіннен бәрін өз қалпында қалдырды. Космонавтов көшесімен Шевченко көшесіне жеткенше жолаушы жоқ екен. Бүгін бәрі ерте қайтып кеткен секілді. Олар аялдаманың бәріне тоқтап, заңымен жүріп келе жатқан болатын. Кенет көшенің сол жақ, Масаншы көшесі жағынан жалғыз жігіт 5-6 қызды ерте жүгіріп шығып, трамвайдың алдын орай есікке жармасты. Бұл есікті ашып еді, палтосы мен шашына тұтас мұз қатқан бойжеткен қыз:
– Ағатай, ала кетіңізші, – деп аяғын табалдырыққа сала берген сәт­те бұл есікті жаба қалды. Қыздарды ертіп жүрген жігіт қарулы екен, ауа қысымымен жұмыс істейтін есіктерді екі жаққа кере ашып, ішке кіре бергенінде трамвай дөңгелегін бұрайтын кілтпен бұл да бірақ ұрған еді. Қайта кілт қырымен емес, жалпағынан тиген. Жігіт­тің сол жақ беті мен құлағынан қан сау ете қалғанынан өзге бұл ештеңе көрмеді.
Алғашында үрпиіп, не істеп қойғанын өзі білмей, Зейіновке бұрылған.
– Өзіне де сол керек! Несі бар алаңда? – деп оның екіленіп тұрғаны мұны таңғалдырды. Негізінде Владимир Андреевич адам ұрғанына емес, Зейіновтің ұлтының адамын ұрғанына тосылып қалған еді. Ал оның түрі мынау. Бойы жеңілдегенімен, іштей арпалысқа түсіп, қаланың түнгі көшелерін тепкілеп келеді.
Ертесі күні депоға бірнеше адам суыт келіп, Зейінов екеуін директорға алдырды. Сауалдары қысқа. Әскерилер екені көрініп тұрған. Бұл екеуінің ұққаны бойынша кешегі бұларға жолыққан жігіт-қыздар ұсталмапты. Ішіндегі біреуі: «Қайда барады? Ұстаймыз әлі», – деп түйіліп отыр. Сонымен Зейінов екеуіне тапсырма берілді.
Бүгін түнгі айналым кезінде әр аялдамадан бұлардың вагонына қарапайым киінген бірнеше адам отырады. Қарапайым адамдарша билет алады. Сонымен Орбита ықшам ауданына дейін барып, сол жердегі пәтерлерден өздеріне керекті адамдарды іздейді. Әрине, ол қарапайым киінгендер әскерилер болатыны бесенеден белгілі.

1986 жыл. 18 желтоқсан. Орбита ықшам ауданы.
Түнгі айналым кезінде трамвайға көп адам отырмаушы еді. Бірақ бүгін олардың қарасы көп. «Олардың» кім екенін Зейінов екеуі де жақсы біледі, әрине. Сыр берместен Орбита ықшам ауданына жет­ті де, кезекті үш аялдамадан «қарапайым киінгендерді» үш бөліп тастап, соңғы аялдамада тұрып қалды. Трамвай бұзылғандай, оны-мұнысын шұқыланып жүрді де қойды.
Қыс ауасы тып-тынық. Тіпті оншақты көше төменде жүріп бара жатқан трамвайдың тақылдаған үні келеді құлаққа. Осы тыныштық Зейінов екеуінің де арасына орнап алған секілді. Не айтады? Ол не ойлап жүр? Не дегенмен өзінің бауырлары емес пе?
Бүкіл қаланың, екеуінің де арасындағы тыныштықты шыңғырған, айқайлаған адамдардың үні бұзып кет­ті. Аялдама жанындағы үйлердің терезесінен жігіт­тер секіріп, қыздарды жеңіл жамылғыларды арқан етіп түсіріп жат­ты. Бұл екеуі не істерін білмей аңтарылып тұрған сәт­те, тапал бойлы мұрт­ты жігіт жүгіріп келді де:
– Олар тағы қай үйлерге кірді? Қай жаққа қарай қашамыз? – деп жалынышты үн қатып еді, бұл міз бақпастан:
– Мен сіздің тіліңізді түсінбеймін, – дей салды. Мұрт­ты жігіт көздері жарқ етіп, ұрып жіберуге оқталғанда артынан бір қыз:
– Қали, қаш жылдам. Қуып келеді, – деп айқай салған. Артына бұрылып еді «қарапайым киінген» біреу жүгіріп келеді екен. Әлгі жігіт оған қарсы жүгірді. Екеуі жол жиегінде түйіскен сәт­те «қарапайым киімдіге» мұрт­ты жігіт жұдырық сілтеп үлгерткен жоқ. Бірінші ұрды және қайтып тұрмастай етіп құлатқан еді. Ол кері бұрылып өз тобына қарай жүгіре жөнелгенде, Владимир Андреевичтің де делебесі қозып кеткен еді. Ол да біреуді ұрғысы келді. Біреумен жауласқысы келді. Бірақ табыла қалар жау қайда?

2015 жыл. 31 қазан. Орбита ықшам ауданы.
Владимир сол баяғы аялдамада тұр. Осыдан 29 жыл бұрын «қарапайым киімдіні» мұрт­ты жігіт сұлатып салған аялдамада. Ол осы сәт­те Зейіновті шын жек көретінін сезді. Бұл бұрыннан қалған сезім бе, жоқ жаңа пайда болды ма, белгісіз. Мүмкін баяғы төбелеске араласпағанына жыны келді ме? Қорғауы керек еді ғой…
Өзін ойлады.
– Анна, мен осы кіммін? Иә, трамвай жүргізушісі екенімді, екі баланың әкесі, бір пәтер, бір дачаның иесі екенімді өзім де білемін. Бірақ мен өз әкемнің кім екенінен хабарым жоқ адаммын ғой. Анамды да көргем жоқ. Детдомдағылар анамның төлқұжатын ғана ұстат­ты қолыма. Өзге ештеңе қалмаған. Тәрбиешілердің айтуынша анам әкемнің тегін алған екен. Сююдюков. Бірақ бұл фамилияның да шын қалай жазылатынын білмеймін. Анамның құжатындағы тегінің үшінші әрпі белгісіз. Не «ю» секілді емес, не «н»-ға ұқсамайды. Бірақ бала жасымда бұл мені аса ойландыра қойған жоқ. Әкем ретінде анамның әкесінің атын, тегіме сол кісінің тегін жаздырып ала салдым. Әкем де, шешем де болған Отаным деп жұмыс істедім. Ал қайда қазір сол Отан? Не айт­қың келіп тұр, Анна? Шет елге кет деймісің? Сен айтып тұрған шет ел мені қойып, баламды да қабылдамады ғой. Кәсібі мен жұмысын тастап қашып келді емес пе?

2015 жыл. 31 қазан. Ақжар ықшам ауданы.
Ол жұмыстан мұнша ауырлап қайт­қан кезі болмаған. Соңғы автобустардың біріне отырып, үйінің қарсы бетіндегі аялдамадан түсіп қалды. Сол баяғы қақпасының алдында адамдар топырлап тұр екен. Шеткері тұрған жігіт­ті түртіп:
– Балам, анау аялдамаға барсаңшы, – деп еді ол құлағындағы құлаққабын шешіп:
– Не дейсіз? – деп бажырая қарады. Бұл сөзін қайталап еді:
– Кешіріңіз, сіздің тіліңізді түсінбеймін, – деп кері бұрылып кет­ті.
Үйіне немересін ертіп ұлының отбасы келген екен. Кішкентай бала атасын жүгіріп келіп құшақтай алған.
– Ата, біз бүгін Абай деген ақынның өлеңін жат­тадық, – деп бала шүлдірлеп ала жөнелді. Атасы не айтарын білмей, немересінің арқасынан қаға салған. Кешкі асқа қарамай, бөлмесіне кіріп кет­ті. Сонда да болса немересі тыныштық берер емес. Бір келгенінде қолына глобус ұстап кіріпті.
– Ата, біз бүгін глобус туралы оқыдық. Сізге түсіндіріп берейінші. Мынау Еуразия материгі, мынау Азия бөлігі. Осы Азия бөлігіндегі мына жер біздің Отанымыз. Дұрыс қой, ата?
– Иә, балам. Бұл – сенің Отаның, – деп атасы қысқа қайыра салған.
– Сіздің де Отаныңыз ғой.
– Менің отанымды глобустан іздеп таба алмайсың, балам, – деп немересінің басынан сипады да: – Апаңа, бара ғой, – деп шығарып салды.
Жүрегінің соғысы жиілеп барады. Дүк-дүк… Дүк-дүк… Ненің үніне ұқсайды? Ат­тың шабысына ма? Жоқ, трамвайдың жүрісіне ме? Дүк-дүк… Дүк-дүк…
Жатар алдында шоқынар еді. Әлі кеткен қолдарын маңдайына әзер апарып: «Во имя отца…» – деп құдайды ойлады да, оның ұлы мен қасиет­ті нұрына жете алмай, қолы сылқ құлаған.
Тұманданған ойлары мен үзік-үзік кадрлар арасынан баяғы өзі ұрған жігіт көлбеңдей бергенде, үйінің жанындағы «жабайы» аялдамаға автобустың тормозы шиқылдап келіп тоқтағанын естіді. «Ертең автобус паркіне тағы барамын» деп бекіген. Кондуктор айқайлап жатыр.
Ол осы сәт көзі ілініп бара жатып бір ғана нәрсені ойлап дал болды:
«Кондуктор аялдамаларды қай тілде хабарлап жатыр?..»

2015 жыл. 1 қараша. Қала.
Осы күннен бастап қала көшелерінен ешкім трамвай көрген жоқ. Бұл қаланың көшелерінде енді ешқашан ат дүбіріндей дүрсілдетіп трамвайлар жүрмейді. Олар енді ешқашан бұл қаланың көшелерінде кісінемек емес…
Владимир Андреевич те өзінің Аннасын деподан енді айдап шықпайды. Тіпті ол бұл күні үйінен де шыққан жоқ. Төсегінен де тұрмады. Оны сол жатқан қалпында соңғы сапарға шығарып салады енді…

2015 жыл. 2 қараша. Райымбек көшесінің бойы. Құлпытас жасайтын цех.
– Ей, Берік! Сен өзі әріп танисың ба? «Сюндюков» дегенің не?
– Баласы дұрыстап жазып бермей ме? «Ю» ма, «н» ма түсініксіз. «Сююдюков» деген адамның тегін ешқашан естіген емеспін. Ал Сүйіндіков дегенді білемін, – деп құлпытас оюшы бастығына қарап еді ол:
– Білгенің бар болсын, кісінің аты мен әкесінің атын оқысаңшы, – деп кейіп кет­ті. – Жә, қойшы. Жаңасын жаса жылдамдатып.
– Мына бүлінгенді не істейміз?
– Құрылыс компаниясына өткізу керек. Анау күні еденге төсеуге керек деп сұрап келіп еді ғой…
– Суретін қайт­тік?
– Олар да ақымақ емес шығар. Теріс қаратып төсейді. Бол-бол жұмысқа кіріс. Тапсырыс көп, – деп бастық асыға басып жүріп кет­ті.

* * *

Алматы трамвайларының барлығын Өскемен қаласы сатып алған. Владимир Андреевичтің «Аннасы» да сонда қазір. Өзге қаланың көшелерінде «кісінейді».
Владимир Андреевичтің бүлінген құлпытасы да Аннаның артынан Өскеменге кеткен. Сәйкестік пе? Әлде темір мен адамның бір-біріне шын ғашықтығы ма екен? Жалпы осындай ғашықтық бола ма?
Бізге белгісіз.
Ал Владимир Андреевичтің бүлінген құлпытасын Өскемен қаласындағы «Әсем» сауда үйінің еденінен көруге болады…

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 21.12.2023 | 04:52

👍👍👍

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір