Бір өлеңнен туған ой
Жақында жол түсіп Тарбағатайдың арғы бетіндегі Толы ауданына барып қайттым. Туған жерде отырып Жәркен Бөдеш ағамыздың төте жазудағы «Құбылыс» атты жыр кітабын оқыдым. Жәркен аға да Толының топырағынан. Жәркен жырлаған Жайыр тауы да – менің тауым. Жәркен ағаның «Туған жер» туралы өлеңдері бұрыннан таныс, көзге үйір. Дегенмен сол кітаптың 92-інші бетіндегі Қасымхан Бегмановқа арнаған «Ақ жаңбырлар әуені» деген өлеңі мені еріксіз елең еткізді. Құдды жаңбыр жаныма себезгілеп өте шыққандай күй кештім.

Елге келген соң Қасымхан ағаға әлгі өлеңді жіберіп, ары қарай шағын жүрек жарды лебізімді қосып, кириллица әрпіне өңін айналдырып, әлеуметтік желідегі парақшама салып қойдым. Мұны Қасымхан аға көріп: «Қайран Жәркен ағам-ай, жатқан жерің жәннаттан болсын! Әсілі бұл өлеңнің тақырыбы «Қасымханның жаңбыры» деп аталатын, Жәркен ағам маған оқып беріп еді», – дегенде, Қасымхан ағаның Жәркен ағаға деген бір ризашылық, сағынышты үні естілгендей сезілді.
Мен сонда барып жанымды мазалаған сұрақтың жауабын тапқандай болдым. Мұнда ініге деген ізеттіліктің, мұнда ақынның ақынға деген жүрек толқынысының үндестігі жатқандай көрінді. Осыдан кейін барып мен шағын жүрек жарды лебізімді, тіпті де тереңірек, көлемдірек жазу үшін қолыма еріксіз қалам алдым.
Иә, бұл үндестік, кешегі Абайдың Біржанның әнін тыңдап: «Әй Біржан, сендей енді қазақтан әнші ұл тумайды ғой», – дегенде, Біржанның: «Абай аға, мендей әнші ұл туса туар, бірақ сіздей тыңдаушы тумайды ғой», – деп бір-бірін бағалауы өз жарасымын тапқандай.
Алатаудың арғы беті мен бергі беті емес, бірі – Түркістанда туған Қасымхан аға мен бірі – Шығыс Түркістанда, сонау шекараның арғы бетінде туған Жәркен аға екеуінің де араларын сол үндестік жалғап тұр емес пе?!
Бірі – Қазақстанда, бірі – Қарақалпақстанда туса да, кешегі Мұқағали Мақатаев пен Төлеген Айбергеновтен де бұл ізгілікті көруге болады. Небәрі отызға жетер-жетпес жасында өмірден озған Төлеген ақынға Қазақстаннан сонау Қарақалпақстанға барып, Мұқағали өз қолымен топырақ салып тұрып:
«Өлгенін тұңғыш көрдім шын
ақынның,
Қызарып батты ертеңгі шығатын күн.
Торғай өлең шырылдап бара жатты,
Аузында ажал дейтін сұрапылдың…», – деп жаны шырылдап тұрып жырламап па еді?!
«…Толқын да толқын қазақтың,
Топырақ жүзін жасырды.
Өткізіп қилы ғасырды
Ырысым жатқа шашылды…» – деп келетін Мейрамбек Беспаевтың орындауында естіген, Қасымхан ағаның сөзіне жазылған «Қазағым» термесі туралы бірде ағадан сұрағанымда, аға терменің сөзін 1993 жылы ақпан айында Ілия Жақанов ағамыз бастаған делегацияның құрамында Қытайға барғанда, сол кездегі ел ағасы Жанәбіл Смағұлұлының қабылдауында болып, сол жақтағы ағайынның ықыласын көргеннен кейін соның әсерінен Үрімшіде жазғанын айтқан еді.
Иә, «Қазағым» деп тебіренген толғау жазған ақынның жүрегі қазақ деп соғары анық.
Атымен, шығармасымен жақсы таныс ағамен мен ғайыптан, осы көктемде Алматы әуежайында кездейсоқ кезігіп қалып танысқан едім. Таныстығымыз әрі қарай аға-бауырлыққа ұласты. Қасымхан ағамен танысып, әңгімелескенде жаны жайсаң, періште пейіл өзімнің Жәркен ағама кездескендей болып едім. Міне, рух сабақтастығы.
Ендеше, осы жазбаға себепкер болған, өзі «Қасымханның жаңбыры» деп атаған Жәркен ағамыздың сол өлеңімен сөзімді аяқтайын.
Дәурен БАҚЫТҚАЖЫҰЛЫ
Қасымханның жаңбыры
(Қасымхан Бегмановқа)
Шайырдың жылы жаңбыры,
Төгілгенде қыр түлеп.
Түркістанның бар гүлі,
Ашылар аңқып, дүркіреп.
Ақынның ақ нөсері,
Ағыл да тегіл жауғанда.
Тастарға қына өседі,
Қарағай көктеп тауларда.
Шабыттың сең тасқыны,
Лайды шайып өткенде.
Қаратаудың қасқыры,
Жортады шатқал, бөктерде.
Қасымхан, сенің тағдырың,
Жеңсіз берен сауыт бір.
Толастамай жан жырың,
Елу жыл бойы жауып тұр.
Жарқылы сөнбес абырой,
Қаламың отты жасындай.
Басыңа қонған қалың ой,
Өлеңнің дулығасындай.
Мұң кешіп қазақ жұрты үшін,
Бақытқа оны балайсың.
Сен де бір күздің бұлтысың,
Жаңбыры толастамайтын.
Жәркен Бөдеш
ПІКІРЛЕР1