Ауылда туған ән-жырлар
ақын-сазгер Болатбек аға туралы толғаныс
Мына жарық дүниеге келген әрбір жұмырбасты пенде өзінің пешенесіне жазылған өмірдің сандаған сын-сынағынан, қилы-қилы қия жол, қиғаш асуынан өтеді, небір биік бел-белесті бағындырып, талай табысқа жетеді, кейде еріксіз етекте де жүреді десем, жаңалық ашып отырмағаным. Бірақ сондай жағдайдың бәрінде де көтерілсе – аспай-таспай, төмендесе – қашпай-пыспай бірқалыпты болатын, адамдығын, адалдығын сақтайтын, айналасына ақ ниет, ақ көңілімен ойындағы, бойындағы барымен өнеге көрсететін жандар аз кездеспейді. Сол санатта ақын-сазгер Болатбек Әбішевтің де есімін ерекше атар едім.
Болатбек ағаны мен алғаш рет сонау 1969 жылы көрдім. Киров (қазіргі Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы) орта мектебін бітіргеннен кейін үлкен оқуға баруға шама келмей, ауылда қалғанмын. Екі-үш ай «Көктерек» совхозында қара жұмыс істеген соң №62 Бірлік селолық кәсіптік-техникалық училищесіндегі алтыайлық механизаторлар дайындайтын курсқа табан тірегенмін. Бөкең осында тәрбиеші көрінеді.
Өндір жас кезім ғой, сонда да анық аңғарғаным, ортадан жоғары бойы бар, ақсұр өңді ол өте өнерлі жігіт екен. Сызылтып сырнай (баян) тартады, әу деп ән айтады, өрт сезімді өлең оқиды, әрдайым қоғамдық жұмыстардың қақ ортасында жалықпай жүреді, сан алуан кеш-кездесулерді кезегімен ұйымдастырып, жалын жастардың жанынан жайымен табылады.
Әйтеуір, қандай істе де өте белсенді, жаңашыл, тапқыр, алғыр. Осындай оңды қасиеттерімен училище басшыларының көңіліне жағып, жұмыстарын жеңілдетті, көпшіліктің құрметіне бөленді десем де, артық кетпегенім.
Ол уақытта кәсіптік училищелерді ауылдағы қарапайым бір мамандық алсам, елден қалмай еңбек етсем деген жасөспірімдер, тіпті сақа жігіттер де жиі жағалайтын. Іштерінде, әрине, тұрмыстық жай-күйі төмен, нашар оқыған, бұзықтыққа бейім, тентек, теріс қылыққа иығын беріп тұратындары да бар. Болатбек тәрбиеші ретінде көбіне солармен жұмыс істейтін. Мұнда тамақ тегін, жатар орын бар, басқа да көп жағдай жасалған, тек оқы, жақсы тәлім-тәрбие ал! Сондықтан Бөкеңнің талай уақыты «осындай жігіттерді» жігерлендіруге, аяқ алысын дұрыстауға, ой-ниетін түзетуге кететін-ді. Өстіп жүріп өзі де әрбір оңды, тіпті оқыс оқиғадан сабақ алып үйренді, қиындыққа мойымай төселуге бейімделді. Жап-жақсы спортшы да болатын.
Болатбек Құрымбайұлы 1949 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік аулында дүниеге келген еді. Алматы ауылшаруашылығы институтын агроном-экономист мамандығы бойынша бітіріпті. 1966 жылы жоғарыда айтылған училищеде еңбек жолын бастаған.
Ал осы жұмысы да, жүріс-тұрысы да орнықты, қақ-соқпен ісі жоқ, мінезі байсалды, салмақты, сабырлы жігіттің әсем ән шығарып сазгер, өрнекті өлең жазып ақын атануының сыры неде?
Ең алдымен, бұған Бөкеңнің бала кезінен қиялшыл, арманшыл болып, көп қатарластары байқай бермейтін кейбір жай-жағдайдың себебін білмекке ұдайы ұмтылуының, әлдебір алыста жатқан, сағымдай бұлдыраған көкжиектен алқынбай асып, ар жағында не барын түгелімен түйсініп, түсінгісі келгенінің әрі әдемілікті, сұлулықты жақсы көргенінің әсер-ықпалы болса керек. Сонымен қатар мектептегі білімімен, жоғары оқу орнындағы ілімімен қатар, өз күшімен ой-санасына жинап-жинақтаған сезімге толы толқытар, толғандырар дүниелері… Осының барлығы ұзақ уақыт бұғып, бұйығып жатқан жанартаудың кезі келгенде жарқ етіп жарылғаны секілді кейінгі есейген шақтағы аяқастынан шығармашылық белсенділігінің айрықша артуына байыпты бастау болған секілді. Әйтпесе, алғашқы «Мектебім» әнін 8-сыныпта оқып жүргенде жазыпты.
Бүгінде Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық композиторлар одағының мүшесі Болатбек аға «Өмір – дария, өмір – өзен» (алғысөзін ұлтымыздың ұлы ақынының бірі Қадыр Мырза Әли жазған), «Қозғалтсаңшы кеудемнің бір жартасын», «Шөкім бұлт» (бұл кітабына кеңес өкіметі кезінде шыққан қайраткер қазақ әйелдерінің бірі, кезінде Мәскеу жоғары партия мектебінде оқыған, әйгілі Жұмабай Шаяхметовтің қамқорлығын көрген, Асанбай Асқаровпен, Екейбай Қашағановпен, Ізмұхамед Еділбаевпен қызметтес болған марқұм Тұрсынбала Абдараманова ақ тілегін арнапты, ол алғашқы бетінде жарияланған), «Ой керуен» деп аталатын оқырманын тапқан өлең жинақтарын шығарған шайыр. Ал сазгерлігіне келсек, жүзден аса әннің авторы.
«Бәйдібек баба, Домалақ ана», «Ақбақай» әндерін атақты, Қазақстанның халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов өз репертуарына енгізген. «Сағыныш» әнін қазақ эстрадасының жұлдызы Досымжан Таңатаров орындаса, «Ауылым» әнін «Астана» тобы, «Нұр өмір», «Дүние жалған» әндерін дәстүрлі әнші Жоламан Құжиманов орындайды.
Сол сияқты «Мойынқұм – алтын бесігімді» Зәуре Абзиева, қазақ жастарының арқырап теңдік сұраған Желтоқсан көтерілісіне белсене қатысушы, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың рухына арнаған «Батыр Қайратты» Ерлан Айтқабыл сияқты әншілер айтып жүр. Өткен жылы оның белгілі ақын, ұлт журналистикасына еңбегі сіңген Қорғанбек Аманжолдың сөзіне жазылған «Наурыз жыры» деген әдемі әні Фейсбук әлеуметтік желісін біраз уақыт «шарлағаны» да бар.
Қазіргі кезде көңілі «көкке көтерілген» көп адам ерінбей ермек қылатын дәмсіз, нәрсіз өлеңменен де, тынымсыз тыраштанып, күні-түні күшеніп «туғызатын» әсерсіз әнмен де ешкімді таңдандыра алмайсың… «Ой-бұ-уй, бүгінде сондай солақай таланттардың дәурені жүріп тұр ма?» дерсің… Иә, бәрі – ақын, бәрі – сазгер, бәрі – әнші, бәрі – кітап жазғыш… Дегенмен нағыз өлеңді, өнерді сүйетіндер, ойлы оқырман, талғампаз жұртшылық ондайлардың оңы мен солын, турасы мен терісін, биігі мен еңісін анық аңғарады!
Сондықтан да болар, жанашырларының, туындыларын құрметтеушілердің қолдауымен, қоштауымен Болатбек ағаның 2016 жылы облыс орталығы Таразда, 2017 жылы Алматыдағы «Алатау» мәдениет пен өнер орталығында, 2022 жылы бас қаламыз – Астанадағы Жастар сарайында «Мойынқұм жырлайды» атты шығармашылық кештері өтті. Мұндай басқосулар үш рет аудан көлемінде де ұйымдастырылған. Ал үстіміздегі жылдың аяғына таман Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткізу жоспарланып қойыпты.
Мен өнерге қатысты әңгіменің ауанымен біржақты кетіп қалған тәріздімін. Иә, бүгінде зейнеткер атанған Болатбек Құрымбайұлы осы уақытқа дейін тек өртеніп өлең жазып, теңіздей тербеліп ән шығарған ба сонда? Жоқ, ол да талабы таудай, білімді қатарластарынан қалмай бір адамдай жұмыс істеді, қызмет етті. Мәселен, 1971–1973 жылдары Мойынқұм аудандық комсомол комитетінде қызмет атқарса, 1973–1977 жылдары аудандық спорт комитетін басқарды. 1977–1982 жылдар аралығында Құмөзек селолық советі атқару комитетінің төрағасы болған. Дәл осы жерде ғой өнерлі ауыл жастарының басын қосып, олардың кейінірек «Құмөзек халық театры» атағын жеңіп алуына жағдай жасап, мұрындық болғаны. Тоғыз жылдай «Хантау» совхозында егіс бригадирі ретінде тер төккені тағы бар. Өйткені Бөкең ешқашан кісімсіп қызмет таңдамайтын, болмай жатып болатын, толмай жатып толатын жандардың қатарынан емес-ті. Ненің орайы оңынан келеді, қандай жай қолайына келеді, сонымен қатар кергімей, кесірленбей, кері жүрмей, отбасын, бала-шағаны алаңдатпай асырау үшін әр алуан жұмыспен шұғыл шұғылданып жүре беретін. Жеті жылға жуық аудандағы алтын өндіретін Ақбақай кен байыту комбинатында еңбек етуі де осы сөзіме дәлел.
Иә, орыс ұлтының «Талантты адам барлық істе де талантты» деген мағынадағы бір сөзі бар. Сол ойға орай, тағы қайталап айтқандай болсақ та Болатбек аға шынымен осы қағидаға сай келеді-ау. Жастар тәрбиесіне араласты, жайлы, салқын кеңседе отырып қызмет те істеді, шақырайған ыстық күн астында егіс даласында жүрді, тау қопарып, алты қат жер астынан алтын қазған кеніште де еңбек етті. Осының барлығы да түптің түбінде қатаң тәртіпті қалайтын қызметкерден, ен дала төсінде ерінбей еңбеккерден өлең өлкесіне майдақоңыр леппен жайымен кірген, ән әлемінің әлдиіне де теңіздей тербетілген замандасымыздың өзіндік жоралғылы жолының қалыптасуына алып келгендей. Қазір біраз қазаққа аты белгілі ақын-сазгер жайындағы жазғанымды осы жерден тізгіндесем деймін.
Бірақ бір нәрсе жетіспей тұрғандай, ол не? Ол, әрине, бірер шумақ өлеңінен мысал келтіру, өзіндік ақындық қуатынан аздап болса да хабардар ету. Мәселен, Бөкең «Ана тілім» деген өлеңінде бүй депті:
Мәңгілік ел – дәл бүгінгі ұраным,
Өсіп келеді болашағым, ұланым.
Тәуелсіздік мығым тұрса үнемі,
Жасай берер ана тілім, жыр-әнім!
Қарапайым, бірақ өзіндік ойы, айтары бар. Ал «Тіршілік» өлеңіндегі:
Уақыт деген қалмайды екен іркіліп,
Түн демалып, ертеңгілік сілкініп.
Ғұмырыңды күннен-күнге
қысқартып,
Жаңылмастан өтіп жатқан тіршілік…
– деген жолдар әркімді де ойландырып, толғандырары анық.
Болатбек ағаның көптен өрнектеп жүрген, «Түйінді ойлар» деп ат беріп, айдар таққан қысқа әрі нұсқа жазбалары да бар. Олары «Жақсы атану да, жаман атану да өзіңнен», «Жеңілгеніңді мойындасаң, жеңілдейсің», «Төріңді жөндеуден бұрын, есігіңді бүтінде»… деп жалғасып кете береді.
Міне, Мойынқұмның ел қорғаны болған Биназар батыр аулында тұратын ақын-сазгер ағамыз туралы азды-көпті айтпағым осы еді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
Қазақстанның Құрметті
журналисі
P.S. Күні кеше ғана Б.Әбішевтің «Мойынқұм – алтын бесігім» атты әндер жинағы (48 ән, нотасымен) Алматыдағы баспадан жарық көрді.