Туған жерге туыңды тік
21.05.2024
360
0

Адам баласының кіндік қаны тамған мекені – туған жері. Адамның түп қазығы – туған жер, өскен орта әркімге ыстық. Туған жерден нәр алып, сол арқылы болашаққа бағыт алып, бет түзейсің. Дүниежүзінің қай шартарабында жүрсең де, қандай биікке көтеріліп, белестерді бағындырсаң да балалық шағыңның куәсі болған ауылыңның ақеділ адамдары жаңғырып тұрады.

Шер-ағамыз бір сұхбатында: Парижде болдым, Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым, Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркта болдым, олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым, оны да түсімде көрмедім. Түсімде ылғи балалық шағымды көремін», – демекші біздің мақаламызға арқау боп отырған азамат Мұрагер Амангелдіұлы – ауылда дүниеге келіп, қалада жоғары білім алып, Францияда білімін жоғарлатса да туған ауылынан қол үзбеуді әдетке айналдырған жан.
Сондай мақсатпен ата-бабасының мекені болған Жамбыл облысы Меркі ауданы Тәтті ауылына атбасын бұрып, атасының қызмет жасаған қара шаңырағы №13 М.Мәметова атындағы мектепке арнайы келіп, ұстаздармен, оқушылармен дидарласып, атасы – ҰОС ардагері Абайдулла Сауранбаевтың туғанына 110 жыл толуына орай «Атадан мұра» атты концертімен шашу шаша келген екен.
Мұрагер Тәтті ауылындағы мектептің алғашқы директоры болған математик Абайдулла Сауранбаевты еске алып, ата туралы есте қалған еміс естеліктерін айтып, А.Сауранбаеты көз көрген, шәкірті болған ауыл тұрғындарымен кездесіп, әңгімелесті.
Парижден келген танымал әнші Д.Дассен әсерлі кешке әдемі көрік кіргізді. Мұрагер Сауранбаевпен Д. Дассен бірге домбыраның сүйемелдеуімен француз әндерін көпшілікке тарту етті.
Кеште Ерлан Әбдірұлының таныс­тырылымы, Жамбыл облыстық филармонияның әншісі Азамат Әлмеректің, ауылдың «Ақ кербез» әжелер ансамблінің, мектеп мұғалімдерінің орындауындағы халық әндері, оқушылардан құралған «Домбыра дастан» ұлт-аспаптар ансамблінің күмбірлетіп тартқан күйлері – бәрі-бәрі тыңдарманға тамаша көңіл күй сыйлады. Тағылымы мол кеште ауыл ақсақалы Б.Айнақұлов Мұрагер Сауранбаевқа батасын берді.
Кеш соңында Сауранбаевтар әулетінің атынан үздік математик оқушыға 200 000 теңге көлемінде А.Сауранбаев атындағы стипендия тағайындап, мектеп оқушыларына домбыра, мектеп кітапханасына бағалы кітаптар тарту етті. Абайдулла Сауранбаев сабақ берген математика кабинетін жаңа үлгіде безендіріп берді.
 Тәттінің тарлан ұлының туған жеріне деген рухани тартуы ауылдастарын бір қуантып тастады.

Әлия Бейсенқұлова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір