Тірлігімнің тұғырысың, туған тіл!
Мұхтархан ҚАЛИҰЛЫ
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Баяғыда… Бір өлкеде,бір елде,
Өне бойы тұнған қуат,жігерге.
Бір ғұлама адам өмір сүріпті,
«Тіл» құрметін өркендеткен шын өрге.
Еңбектері бопты мықты,ойлы,отты,
Тіл үшін көп тартқан екен бейнетті.
Өйткені оның еліндегі адамдар,
Өз тілі емес өзге тілде сөйлепті.
Өмір сүрді тіл мен қоғам қамын жеп,
Жандыра алмай сөнген қоламтаны үрлеп.
Ана тілін кеткен жұртқа ұмытып,
Өз тіліне қайтіп оралтамын деп.
Жастыққа бір тимей жарғақ құлағы,
Ұмытылған тілі жаман жанын жеп.
«Тілім өлсе жоғалады барым!» – деп,
«Тілімде тұр намысым мен арым!» – деп.
Ғұламаның өтті осылай ғұмыры,
Тірілте алмай «өлген тілді» сағым боп.
Тілдің биік болса екен деп шоқтығы,
Өтті солай ғұламаның көп күні.
Бірақ АНА тілінде сөз ұқпайтын,
Басқа тілде сөйлейтұғын бопты ұлы!?
Елге өзгерген сездіре алмай сезімін,
Уайымын ұқтыра алмай өзінің.
Ең болмаса өз тілінде соңында,
Сөйлесе екен деп ойлапты өз ұлын!
Ойлап-ойлап күніменен,түнімен,
Айырылып қалмас үшін тілінен.
Көңіліне бір ой келіп ғұлама,
Шақырып ап сөйлесіпті ұлымен.
Ұлым, – депті, – мен өзіңе сенемін,
Бір күндері құшаққа алар мені өлім.
«Жазмыштан озмыш» жоқ қарағым,
Мына жайды біліп жүрсең деп едім.
Тілім үшін отын кештім майданның,
Мен кетермін ажал құшақ жайған күн.
Қазынамды жасырып ем бір жерге,
Кітабыма соны жазып қойғанмын.
Мен қартайдым, қарттық деген бір қайғы,
Сана менен ақыл есті ұрлайды.
Есте сақтай алмас едім жазбасам,
Қартайғанда есте ештеңе тұрмайды.
Жігітсің ғой жалын,жігер,оты бар,
Айтқанымды көңіліңе тоқып ал.
Кітапты оқып қазынамды тауып ал,
Табу үшін,зерде қойып оқып ал.
Деп, осылай аманаттап сыбаға,
Бұл өмірден өткен екен ғұлама.
Сөрелерде жатқан шаң боп қатталып,
Кітаптарды оқыпты ұлы ақтарып.
Қайта-қайта оқыпты алып қолына,
– Қайда жатыр – деп, – қазына
сақталып?
Қайта-қайта оқығаннан жәдігер,
Қалып жатты көкіректе жатталып.
Таба алмапты қазынаның тұрағын,
Содан ұлы «Біледі-ау деп нақты анық»
Әкесінің досы болған данышпан,
Қарияға көрсетіпті ап барып.
Жанарында жарқылдап бір айқын от.
Көңіліне Күн қонақтап,Ай түнеп.
– Әкем – деді, – жасырынған кітапта,
Қазынаның кілті бар деп айтып ед!?
– Ата,сырдың ашып берші қақпағын,
Мен кітапты оқыдым да жаттадым.
Үтірін де, нүктесін де қалдырмай,
Сыр-сымбатын жүрегіме сақтадым.
Қанша мәрте оқысам да тереңдеп,
Қазынаның кілтін бірақ таппадым.
Содан кейін ойлап-ойлап отырып,
Сізге келдім сырды ашуға бекініп.
Қазынаның кілті қайда, айтшы, Ата!
Әлде әкем айтқаныма өтірік?
Құштарлықтың толқыны ойнап үнінде.
Білсем деген талабы бар түрінде.
Данышпанға уәж айтқан бозбала,
Сөйлеп тұрды туған АНА тілінде!
Тағдыр сыйы кейде жұмсақ,кейде өткір,
Қанша қиын болсадағы бейнет бұл.
Бұрын басқа тілде сөйлеп жүрген ұл,
Бүгін, міне, өз тілінде сөйлеп тұр.
Бойы сергіп кеселді ойдан жанышқан,
Ләззәттанып жанға жаққан дауыстан.
Өз тілінде сөйлеп тұрған ұланды,
Құшағына ап еміренді данышпан.
–Балам, сенің тілің неткен тәтті! – деп,
Көкейіме үмітпенен жақтың от.
Орындалсын бар мақсатың сәтті боп,
Қалқам,сені құттықтайын бақ тілеп!
О, Жаратқан! Құдіретіңе тәнтімін!
Қайта оралды балдырған үн,бал тілім.
Қазынаны іздеп әуре болма, ұлым,
Оны өзің тауып апсың жарқыным.
Байлықтан да артық қазына бар қымбат,
Өсер ұрпақ өлең жаттап, ән тыңдап.
Әкең саған қалдырған сол аманат,
Балам, сенің тіліңде тұр жарқылдап!
Елденбіз ғой аямайтын барды ұлдан,
Әкең неткен данышпан ед,Балдырған!
Өз тіліңде сөйлеп тұрсың сен балам,
Үлкен өмір ашылыпты алдыңнан.
Әкең сенің неткен мықты адам ед,
Мұралыққа Туған тілін қалдырған.
Мұндай Ұлы қазына үшін, қарағым,
Болады ғой өмір пида,жан құрбан.
Дей алмайды саған ешкім мұның не,
Байлық, балам, ғылым менен білімде.
Қазынаны тауып апсың жасырған,
Сөйлеп тұрсың Туған ана тіліңде.
Тілі бар жан неменеден тарықсын,
Тіліменен табар жоғын тауып шын.
Әкең саған Ұлы аманат жүктепті,
Қазынасын сен қабылдап алыпсың.
Елге қамқор ер боласың сен ертең.
Ана тілмен алыптанар кең өлкең.
Ана тілін білмеу деген қасірет,
Анасына қастық қылғанменен тең.
Ата жолын,әке үмітін жалға сен.
Орта жолда оязданып қалма сен.
Өміріңді Ана тілге арна сен.
Азаматсың Ана тілің бар да сен.
Ана тілмен беделің де көп мұнда,
Өзге тілді біл де үйрен.Шет қылма!
Сонда елге бола аласың от-тұлға!
– Зерделі қарт, осылайша, депті ұлға.
Өткен күндер тартты осындай сырды алға.
Қазынаң бар қайғыланба, мұңданба!
Біз мықтымыз туған ана тіл барда!
Шуақ төгер, қуат берер бұл жанға.
Бақыттымыз АНА тілі тұрғанда!
Ана тілмен қуанышқа бөлендім!
Жырлар жаздым.Ел мен Жұртқа елендім.
Тілім үшін жанымды да берермін,
Іліме кеп тіл тигізсе егер кім!
Өлең оқып,жыр толғатам шалқып кеп,
Жанарымда жатар еріп балқып көк.
Күллі әлемге күмістен нұр шашамын,
Менің тілім барлық тілден артық деп!
БИІКТІК ТУРАЛЫ ЖЫР
Көресіз Хан Тәңірге барсаңыздар!
Тауды басқан қанша қар,
қанша мұз бар!?
Етегінің өзінде елпілдеген,
Самалданда сезілер сәл-пәл ызғар.
Қырқалары,беткейі шұбарланып,
Суларынан бу ұшар мұнарланып.
Толқыр шөбі торқадай сылаң қағып,
Таңдай қағып қарайсың құмарланып.
Шыңға өрмелеп шыршасы шынарланып,
Сай жырасы жатады тұманданып.
Етегінде шашылып қой тастары,
Әр-әр жерде дүңкиер жұмарланып.
Сағым ойнар сайында қылаңданып,
Түлкі жортқан төсінде бұлаң қағып.
Түу биіктен қүлайды тау бұлағы,
Төмпештеп толқындары жар-жыраны.
Ақжалданып толықсып ағады-ай кеп,
Жағасында жайқалып тал-құрағы.
Өкіріп,тасып аққан өзендердің,
Күркірі тау ішінде жаңғырады.
Шашыратып тамшысын тастан-тасқа,
Көбіктеніп кемері жарды ұрады.
Тәуешкі,елік ойнап жартасында,
Тұяғынан із қалар әр тасында.
Қалың ну,орман-тоғай,жалпы осында,
Тал-шыбық жарыса өскен тау-тасында.
Хан Тәңірі көк пенен тұр таласып,
Керілген керім таулар ортасында.
Мәңгілік Биіктіктің тұлғасындай,
Дараланған Әлемнің картасында.
Хан Тәңірі,Хан Тәңірі!
Тастары да келеді жалпақ ірі.
Биіктігі арқылы оқшауланған,
Оның ғажап қасиет бар қадірі.
Қоныс тепкен ел мына етегінде,
Елдіктің күйін ғажап тартады ірі.
Баласының тілінен бал табылып,
Сезілетін кеңдігі шалқар ұлы.
Мен де осы елдің айдынды арқалы ұлы,
Аспантауым! Асқағым! ХанТәңірі!
Сүйемін мен таулардың еңселісін,
Хан Тәңірім, не істейін мен сен үшін!?
«Биіктік» жырын жазып қалдырайын,
Жазуға жетсе шамам,келсе күшім.
Оқшауланған айбыны,атағымен,
Қарыменен,мұзыменен, қаһарымен.
Биіктіктің ғажайып мұнарасы,
Қалған таулар жете алмай жатады кем.
Көк аспанмен тілдескен көгілдір шың,
Әйгіленген Аспантау атауымен.
Қайбіреулер секілді жайдақта өскен,
Тауларға жатқызбаймын жотаны мен.
Аспантау «Хан Тәңірім» Отаным ең,
Ордалым ең ! Ақсақал – Баталым ең!
Балапан, балғын сәби кезімде мен,
«ТАУДАЙ БОЛ!» – деп талайдан
бата алып ем.
Биік шыңым қалғансың арайым боп,
Көркіңе таңдай қақты ағайын көп.
Басың мұз,баурайың құз,маңайың көк,
Келдім мен жырдан алау жағайын деп.
Биіктіктің төрінен биіктік боп,
Ғажайыпқа шаттанып қарайын деп.
Жырларыммен төгіліп құйып құт боп,
Ғаламға шуақ болып тарайын деп.
Бармақтай түйір сенің тасыңды алып,
Тұмар қылып мойныма тағайын деп.
Ақшашты, Ақсақалды, Абыз тауым,
Алдыңа келдім батаңды алайын деп.
Хан Тәңір! Мұзға оранған Мәңгілігім!
Биіктігім өзіңсің Мәңгі бүгін!
Ескерткіш боп өзіңе қалсын жырым,
Ұлы Тауым,Тұмарла,Таудың ұлын!
Бастан бағы таймасын,аунамасын,
Сүйген ұлдың бірі едім тау даласын.
Өзенің боп толқиын арнада шын,
Самғайын биікке бір самғағасын.
Қайта-қайта оралам баурайыңа,
Қарай-қарай құмарым қанбағасын.
Менің жазған Биіктік жайлы өлеңім,
Оқығанның жүрегін баурап алсын.
Сезімдерін сел қылып жаулап алсын.
Батаңды бер бағымды қима менің,
Қолтықтап демеп ұшыр тау баласын!
Сендей менің биігім, сәнім барда,
Сендей менің қазынам,бағым барда,
Саған келем салып ап барымды алға.
Оязданып ойпаңнан тарынғанда.
Қасиеттім,қадірлім,шынар көгім,
Келер жерім өзіңсің сағынғанда.
Саған келем бауырың гүл жамылғанда,
Басыңа мұздан жақұт тағынғанда,
Биіктік сенен өзге табылған ба!?
Тауларда сенен биік Тәңір бар ма!?
Тулатып жыр өзенін жаным барда,
Ұлықтайын атыңды бабым барда!
Кеудемді төсеп жауын,дауылдарға,
Ұшырайын жырым мен әнімді алға!
Өлшемі заңғарлықтың сен ғанасың,
Биіктіксің жаралған жалындауға!
Мен сен жайлы жалықпай жазам өлең,
Бойда қуат күшім мен халім барда.
Жүрек барда тулаған қаным барда.
Хан Тәңірім! Айбарлым, сесі мығым,
Кетейін жүрегімнің қосып үнін.
Мәңгілік ескерткішім болсын саған,
«БИІКТІК» жайлы жазған осы жырым!