БАКУДЕ ТУҒАН ЖЫРЛАР
25.02.2025
49
0

Ақын Сырбай Мәуленовтің естелігінен

Қостанайдың облыстық газетінде істейтін кезім. Ертеңгілік редакцияда отыр едім, телефон шыр ете түсті. Тұтқасын көтеріп, құлақ тостым:
– Мен Қасыммын ғой. Мұхтар Әуезов екеуіміз Низами тойына ұшып барамыз.
– Мен қазір аэропортқа жете­йін.
– Жоқ, әуре болма, үлгермейсің, қайтарда телеграмма беремін.
Екеуміздің телефон арқылы сөйлескен сөзіміз осымен аяқталды.
Арада алты күн өткеннен ке­йін, Қасымнан телеграмма келді. Ұшақтың рейс нөмірі көрсетілмеген, Қостанай үстінен Алматыға бірнеше ұшақ ұшады. Қасымның қай самолетпен келетінін біле алмай дағдарып, кешкілік сол кез­де редакцияда істейтін ақын Ғаббас Жұмабаев екеуіміз аэропорт басына келіп түнедік. Самолет­тердің бірі қонып, бірі ұшып жатыр. Қасым жоқ. Түс кезінде Мәскеуден бір «Ил-14» самолеті келіп тоқтады. Соның ішінен Қасым шықты. Көңілді екен, амандық-саулықтан ке­йін тойда көрген-білгенін айта бастады.
«Жыр сұлтаны Низами – әлем ақындарының жарық жұлдыздарының бірі. Оның «Құпия қазына», «Хұсрау мен Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн», «Жеті ару» «Ескендірдастан» аталатын бес кітабы – бес саусақтың саласындай бес тармақты үлкен асқар. Низами қыпшақтың құралай көзді, қолаң шаш Аппақ ат­ты ару қызына үйленген. Ақын құдіреті сегіз ғасыр бойына толастамай тойланған. Оның сегіз жүз жылдық тойы 1941 жылы тойланбақшы екен. Сұрапыл соғыс соғып тұрса да, Низами мерекесі Ленинградта аталып өткен. Сол жылдың 19 қазанында бұршақтай бораған жау бомбасының толастаған бір сәтінде академик Александр Сергеевич Никольский аштыққа, суыққа, өртке қарамастан, Ленинградтың бір мектебінде Низамидің сегіз жүз жылдығына арнап салтанат­ты мәжіліс өткізген.
Міне, қалай, «соғыстың күркілін музаның зіркілі тұншықтырды» деген осы емес пе?!
Сонымен, саған телефон соққаннан ке­йін, аспанға көтерілдім. Төменде көгілдір тұнық сәуле жаңа атып келе жатқан таң түсіндей. Үнсіз өзен, ойлы орман. Көлеңкедей көлдер. Ұшақ биіктеген са­йын, осы сурет­тер өзгеріп сала береді. Түтілген түбіт­тей жеңіл бұлт­тар. Ала қанат жер. Не керек, осындай әдемі әсерлермен Мәскеуге барып аз аялдап, одан Бакуге тарт­тық.
Енді менің ойымда – тек қана Низами. Гүрілдеген самолет даусы да Низами өлеңдерін айтып келе жатқандай. Мен де Низамиден аударған өз өлеңімнің отында балқимын».
– Қасым, өлең буып келе ме? Ақындардың бір шабыт­ты шақтары болады. Сол кез­дерде өлеңді төгіп-төгіп, құйып-құ­йып жіберіп, апталар, айлар бойы сайран салып, серілік құрып жүре береді. Ақынға қарағанда, мына біздің, жазушылардың күні қиын. Прозаик күндіз-түні тапжылмай, орындыққа шегеленуі керек. Уақыт оны желіге құлындай байлап қояды, – дейді Мұхаң.
– Сіз тыңдасаңыз, мен Низамидің әр жерінен үзінді оқып бере­йін.
Мұхаң қарсылық білдірмей, бас изейді.
– Үшбу хатқа салдым өрнек,
Тіктім кесте шым жібектен.
Салдым өрнек – оқып көр деп,
Шым жібектен, шын
жүректен.
Уа, серігім, ізгі досым,
Уа, сақтаушым, жанның сырын,
Жұбанышым, көңіл хошым,
Махаббатым, асыл нұрым!

Қара таста – қызыл қына…
Тамған сенің қаның ба екен?
Құба шөлде бар қызыра,
Жасың ба екен, зарың ба екен?..
Мұхаңа осы шумақтар қат­ты ұнап қалды да, «пәлі» деп, мол денесін бір қозғап қойды.
– Бұл дүниенің жетімегі,
Тағы аңдардың дос-сырласы.
Оқтай кескен көкірегін,
Өткір қайғы нысанасы.
Бұл шумаққа да Мұхаңның сүйсініп отырғанын жүзінен байқаймын.
Осы жолдарды аударып отырғанда, халықтың қанымен қайнап, жанын жарып шыққан қашанғы қайғысын арқалап, қуанышын құстай ұшырып келе жатқан қазақ өлеңдерінің өлшеміне өзім де риза болған едім.
Бұдан ке­йін де біраз жолды шабыт­тана жатқа айтып, асқар шыңдай мұнарланып ойға шомған Мұхаңның келбетіне көз жүгірт­тім де:
– Сіз мені мақтанды деп ойламаңыз. Бірақ мақтансам да артығы жоқ. Ақыннан басқа адамдар да мақтанады ғой, – дедім. Мұхаң:
– Пәлі, ақын деген осылай «непосредственно» болуы керек. Ақынның кеудесі – еркіндіктің ұясы, – деп мені қоштап қойды.
Төменнен теңіз көрінеді. Биіктен момақан, жайбарақат жатқан тәрізді. Бірақ тек сырт­тан қарағанда солай ол. Әйтпесе іші – көк ала толқын, үсті – дүлей дауыл. Кең дүниені құшақтап жатқан телегей-теңіз еркіндік. Ақын да солай емес пе? Ақын іші – бірде ағыл-тегіл жойқын сел, бірде ойнаған от­тар, бірде жалыны сөнген жым-жырт жанартау. Қайтадан тұтану, қайтадан жарылу. Мәңгілік қозғалыс. «Талант – жүректің тұтанып от алысы мен мидың қопарылысының қорытындысы» депті ғой Бабель.
Ұшақ таулар үстінде қалықтап барып, Баку аэродромына қонды. Теңіз желі аймалап қарсы алды бізді. Аэропорт­тан қала құшағына кірдік. Бакуге барарымда Низамиден бастап, Самед Вургунге де­йінгі әзербайжан ақындарының шығармаларын бір шолып шыққанмын. «Баку от­тары» деген кітап оқығанмын.
Сондықтан бұл қаланы бұрын көрмесем де, көңіл көзімен танып келдім. Міне, біз Жапар Жабыралының «Қыз мұнарасы» ат­ты дастанында сурет­телген Қыз қаласының қасынан өтіп барамыз. Ескі қала, керуен сарайы қатал шахтардың қатал жүздеріндей, өткен күндердің көмескі елесіндей.
Бакудың «Интурист» мейманханасына орналастық. Алда Атырау – айдын шалқар. Быжынап, құж-құж қайнаған аш көбік. Теңізге бойлап, тереңнен биікке шырқаған мұнай мұнаралары, аспанда төңкеріліп аунақшыған ақ шағалалар.
Бізді түстен ке­йін теңіз еңбеккерлеріне алып барды. Уақыт шимайлаған мүйіз алақан, әжімді бет­тер, мұнай жалынындай от­ты көздер. Соның бәрі жер мен аспанның бетке түскен бедері сияқты. Олар жердің дауылын, аспанның нөсер жауынын көп көрген. Жер, аспан олардың жүзіне қарап, өздерінің өткен күндерін көз алдыңа келтіретіндей.
Алыстан таулар мұнарланады. Олар біресе бұлтпен бұлдырап, біресе жоталары болар-болмас көзге шалынып, ындынды үзілдіріп, ынта-құмарлығыңды тауысып барып табысатын ғашықтарға ұқсайды. Әзербайжандықтар тауды әулие тұтады. Өйткені жаугершілік кез­дерде, шап­қыншылық тұстарында осы таулардың жықпыл-жықпылына жасырынып жан сақтаған.
Түнге қарай мейманханаға келдік. Терезенің ашық әйнегінен аңқылдап теңіздің ащы желі соғады. Түнгі Баку тіпті тамаша. Бакудың миллион жұлдызды айдынына шомылғанда, Апшерон түбегі от аралына айналып, аңыздағы самұрық құстың сан сәулелі қанатындай жарқылдайды. Теңізді жел толқытқанында, миллион жұлдыздар көк ала көбікпен бірге жыпырлап меруерт шашып, кемерге көтеріліп барып, қайтадан лықсып кері шегініп, бірте-бірте сиқыршының отындай жылыстай береді. Жел соққанында, тағы да толқын жалында ойнап, жағаға жапырласып құлайды. Менің ойым да теңіз бетіндегі сол толқындардай тынымсыз. Сол жұлдыздардай өлең жолдары тізіліп келе жатқандай. Енді маған Низами сонау бір алыс аспан, бұйра бұлт, асқар тау, адамның алуан сезімінен шырақ жаққан жұлдыздардай көрінеді. Низамиге арнаған алғашқы жолдарым көкірегімде туып, қайта-қайта көмейіме келеді. Низами осы дүниені алдына алып отырып жыр жазған. Сондықтан да ойыма:
Қауырсынын қалам етіп
ақ қаздың,
Дүниені алдыңа алып
хат жаздың, –
деген жолдар түседі. Арғы жағына батылым бармайды. Осы биіктен төмен сылқ түсіп кетемін бе деп жүрегім толқиды.
Мен адамды, алдымен, көзіне қарап танимын. Кейбіреудің көзінде жауыздық отын үрлеп сайтан отырады. Мен әзербайжан жерінде көзінен мөлдіреп жаны көрініп тұратын, сөздері таңғы шықтай тап-таза болып ақындық жанынан жау­дырап түсетін, мейірім шуа­ғы мол Самед Вургун секілді жақсы кісілермен таныстым. Оны Николай Тихонов, әлде аңшылығына, әлде шашының ақтығына байланысты ма, әйтеуір, поэзияның «көк шулан қыраны» деп атайды екен.
Келесі күні теңіз қаланы араладық. Қыз мұнарасы теңізге тіреліп тұр. Қазір тағдырға табынған тәкаппар қыз сонау биік мұнараның ұшар басынан көк теңізге құлап, тұнып жатқан толқынды тулатып барып, түпсіз тұңғиықтан мәңгілік ұйқы табатындай. Қыз қаласындағы керуен сарайының ішіндегі майханадан Шығыстың сүйікті сусыны – шербет­тің де дәмін татып көрдім. Хандар ішетін шербет ақындар ішетін шараптан әлдеқайда әлсіз екен.
Міне, енді 800 жылдық салтанатының шымылдығы ашылды. Мен залдың ыңғайы­на қарап, өткен түнде жазған өлеңіме түзетулер енгізе бастадым. Менің қазақша өлеңімді көп жұрт түсінбейді. Сондықтан әсері шамалы болмақ. Мен Низамиді түсінеді ғой деп, «Низами» деген сөздерді көбейтіп, жаңа жолдар жалғадым. Ішкі ұйқастар өлеңді оқығанда отын өршітіп, делебемді қоздырып жіберетіндей көрінді. Әр жолдың аяғындағы Низами атының қайталануы жұрт­ты жалт қаратар деп ойладым.
Ширван шахқа мұңың шақпа,
Низами,
Біздің шақта гүл құшақта,
Низами…
Менің бұл әдісім сәт­ті шықты. Жұрт Низами аты аталған сайын орындарынан қозғалақтап, ду қол шапалақтайды. Мұхаң Самед Вургунге өлеңімді жолма-жол аударып отырды. Мұхаң мейманханаға оралған соң маған сүйсінген көңілін білдіріп, құдірет­ті құшағының қызуымен жанымды елжіретіп, маңдайымнан сүйді.
– Сен Низамидің ұлылығын, ешкімге бас имейтін өр табиғатын ақындық ойдың, терең сезімнің теңіздей тебіренісімен жеткіздің, – деді.
Ертесіне Мұхаң мені бөлмесіне шақырып алды.
– Қасым, саған кешке қарай Сана деген радиокомитет­те істейтін жас қыз барады. Сен оны бөтен мінез көрсетпей, өзіңнің ақындық мәдениетіңмен сыпайы қабыл ал. Ол да бір гүл секілді ғой, көңілі сынып қалмасын, – деді.
– Сіз айт­қан соң сұлу қызды ренжітпеймін ғой, – деп күлдім.
Айт­қанындай, кешке қарай Сана келді. Түсі таныс секілді.
Кеше Низами салтанатында өлең окығанымда, осы бір қызыл шырайлы, таң арайлы дүниені аясына сыйғызғандай үлкен көзді, сымбат­ты қызға қызыға қараған едім. Өлең оқып болғаннан ке­йін де сол көзден көзімді айырмағанмын. Кейде ол төмен қарап кеткенінде, көп көздердің ішінен жоғалтып алып, қайтадан сол жанарға ұшырасқанша тағат таппағанмын. Енді сол қыз менің алдымда отыр. Мұхаңның айт­қан сөздері де еркін желдей мінезімді тұсап тастағандай. Сана әдебиет­ті де жақсы білетін саналы қыз екен. Ол Бакуде Горькийдің, Есениннің, Маяковскийдің болғанын айтып, олардың Баку жөнінде айт­қан пікірлерін жатқа соқты. Менің Низамиге арнаған өлеңімді жазып алды:
О, Низами, ұстазымның бірісің,
Сен атқардың ұлы дүние бір ісін.
Сегіз ғасыр, ұлан-ғасыр ғаламда
Өзге өлсе де, сен өлмедің, тірісің.

Қауырсынын қалам етіп ақ қаздың,
Дүниені алдыңа алып хат жаздың.
Келер күндер керуені көрсін деп,
Күнге­йінде күмбез соқтың
Кавказдың.

Сен тірісің, жырлайсың сен бұл күнде,
Туған елің – әзербайжан тілінде.
О, сұлтаны ақындардың
Низами,
Сәлем саған, сәлем
Самед Вургунге!..
Сана бұл жолдарға еркін түсінбесе де, өлеңнің рухын ұққандай басын изеп, жылы ишарат білдіреді. Енді мен Сананың өзіне арнап өлең жазып бере­йін деп, іштей тебірене бастадым. Атырау деген атауды алсам, Сана түсінбес деп, ой елегінен өткіземін. Әзербайжанның өз ауа райын бергім келіп, «гөзал» деген сөзге бүйрегім бұрады. Бірақ оның екінші жолдағы ұйқаспенен бірігіп, кірігіп, жымдасып кетпейтінін де сеземін. Бір кез­де Блоктың кейбір өлеңдерінің ұйқасын сынаған символистердің теріс лаққан пікірлерін жадыма аламын. Үлкен ойды болар-болмас жеңіл ұйқас үшін құрбандыққа шалу қате.
Сана кетуге дайындалып отыр. Хабар жүргізетін уақыты жақындап қалған сияқты.
– Қарындасым, ақындық ғұрпымыз бойынша сізге бір өлең жазып қалдырайын. Альбомыңызды беріңіз, – дедім.
Қыз маған блокнотын ұсынды. Мен көңілімде тоқылған өлеңнің өрмегін блокнот бетіне тарқата бердім.
Атың Сана, көзің қара, гөзал қыз,
Жыр жаздырдың жүрегімнен амалсыз,
Мен кетермін, альбом ашып қарарсыз,
Ақын қазақ ағаңды еске аларсыз.

Тавриз – Баку аспанында күн Сана,
Күміс Каспий жағасында гүл Сана,
Жүрегіңмен жүрегімді бір сана,
Айтарым көп,
айт­қызбай-ақ біл, Сана.
Санаға өлең жолдарын жолма-жол аударып, өзімше түсіндірген болдым. Бұл өлеңім әзербайжан поэзиясының рухында туып еді…»
Қасым осылай деп тебіреніп барып тоқтады. Біздің жүрегіміз жаңағы өлеңдердің желімен толқып тұр.
Атың Сана, көзің қара, гөзал қыз…
Қандай қарапайым, қандай көркем! Қарапайымдылық жайында қарапайым тілмен айтып жеткізе алмайсың. Бұл, бір жағы, Қасымның аз күнде қимасындай болған Бакумен бақұлдасқан өлеңі сияқты еді. Ауруы жаңа басталған ақын сырқат сызын ауырлап жүрген де шығар. Бірақ өлеңнен өкініш білінбейді, өршіл рухтың лебі еседі.
Самолет, Қарағанды қабылдамайды деп, Қостанайда тағы екі сағат­тай тоқтап тұрды. Қасым:
– Алматыда Тахауимен, Тәкенмен дойбы ойнайтынымды білуші едің ғой. Жүр, дойбы ойнайық. Дойбыны Адам Мицкевич жақсы көрген, ол туралы жазған классикалық поэмасы да бар. Дойбы – менің музыкадан ке­йінгі хоббиім, – деді.
Аэропорт­тың аласа үйінің шағын бөлмесінде дойбы ойыны басталды. Қасым ойыннан бірде ұтып, бірде ұтылып отырды. Ұтылған кезінде:
– Саудагерлердей қайт­ты өмір
Құмардан ойнап ұтылған, – деп Дулат өлеңін есіне алып қояды.
Қасымдар мінген самолет көкке көтерілді. Ақын енді ақсұңқардай ақ бұлт­тардың арасына сүңгіді. Біз Қасымның Бакуде туған өлеңдерінің шумақтарымен балқып тұрдық.
Ке­йіннен Бакуге бірнеше рет барғанымда, Каспий жағасында жүріп, Қасымның Сана туралы өлеңін, Низами туралы жырын еске алғанмын. Ол жырларды Қасымның талант­ты шәкірт­тері Төлеген, Мұқағалилар дастарқан басында талай-талай жарыса қайталап отырушы еді.
Бакуде туған өлеңдер ел ішіне тез тарап, мәңгілік өмірге паспорт алған еді.

Дайындаған
Құлтөлеу МҰҚАШ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір