ТҮРКІСТАНДА ТУҒАН ТҰҒЫРЛЫ СӨЗ
28.07.2023
213
0

Халқымыздың көпғасырлық ұлы тарихында басынан өткен сан сапалақ кезеңдер мен дәуірлердің куәсі болған қасиетті Түркістанда Ұлт Құрылтайының  Екінші басқосуы Алаш жұртының ауызынан түспей, миллион санды Қазақстан аудиториясының жүрегін сөйлетіп, ойына қозғау салғалы да бір айдан асып барады.
Қазақстан Президентінің биік мінбеден айтқан кең тынысты, келелі сөзі, жасырары жоқ, қазақстандықтардың ғана емес, қазіргідей шиеленіске толы тұста аса күрделі геосаяси ахуал­ға алаңдап отырған әлемнің біраз елдерінің назарын өзіне бұрды… Батыс та, Шығыс та Ұлы Дала төсінде пайда болғанына бір жыл жаңа толған осынау қоғам мен мемлекет арасына көпір орнатудың далалық үлгісі саналар жаңа құрылым нендей мәселе көтеріп, берісі Қазақстан жұртшылығының, әрісі шақшадай басы шарадай болып, әрі-сәрі күй үстінде тұрған әлем жұртшылығының көкейінде Қазақ елінің Президенті елін елең еткізер қандай жаңа сөз айтар екен деген сұрақтардың болғаны анық…
Өйткені… 
Түркістан Құрылтайы дүние аласапыран күй кешіп, алты құрлық соғыс пен табиғи апаттардың өртіне көміліп жатқан тұста, Ел Президентінің сөзімен айтқанда, «арқаны кеңге салып», сән-салтанатпен той өткізгендей «ырғалып-жырғалып жататындай кезде емес, еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін… Абай облысындағы алапат өрттен біраз азаматтарымыз қаза тап­қан» қайғылы кезеңде өтті.
Елдің іші де, сырты да тынышы кеткен кезеңде бас қосқан бұл алқалы жиынның әр сөзі, дәлірек айтқанда, Құрылтайдың екінші күні жалпақ әлемге тараған Қазақстан басшысының Әділетті Қазақстан хақындағы сөзі әлем назарында болды. Аспанын Алаш жұртының рухы кезген киелі мекенде атқарылған істер сараланып, қоғамдағы өзекті мәселелер, маңызды ой-пікір, ұсыныстар талқыланды.
Өткеннің өрті мен серті жады төрінде жаңғырып, әйгілі Күлтөбенің басы қайыра сілкінгендей, мына қабағы бір ашылмай, қарс жабылып тұрған қара жердің тағдыры сынға түскен тұста, іргесі сандаған дауды шешіп, сандаған жаудың бетін қайтаруға мұрындық болған, екі құрлықтың есін түзеп, Ұлы Даланың қалпы мен салтын сақтап қалған кешегі Ұлы Бабалар рухы қозғалғандай болды…
Бүгінгі саясатқа «жүйрік» болғанымен, сабыры «шау тарта» бастаған жер үстін жайлаған жұмырбас пенделердің әлем тыныштығын алар бассыз әрекеттерге жиі баруы адамды қойып, Алламен алысуға бет алуы бізді алаңдатады. Бұл жағдай екі құрлықты тең жайлап, екі дүние арасына көпір болу міндетін атқарып келген, атқарып келе жатқан Ұлы Даланың да өмір сүруін қиындатып бағуда. Президент өз сөзінде қалыптасып отырған осынау аса күрделі геосаяси ахуалдар тайталасынан елімізді аман алып шығудың бірден-бір жолы – үздіксіз жүргізілер сауатты сыртқы саясатпен қатар еліміздің ішкі бірлігі, рухани тұтастығы екеніне де баса назар аударды. Мемлекет басшысының есту қабілеті сергек билік туралы айтылып келе жатқан іргелі ойларының дәйегі бекіп, тамыры тереңдей түскені – соның айғағы. Құқықтық мемлекет хақындағы құбылалы пікірлер Түркістан Құрылтайының көркі десе де болады.
Сондықтан айтулы басқосуды таратып талдап, беделді сарапшылардың додасына салу ауадай қажет. Адал сөз – әділ қоғамның қанаты. Менің ойым­ша, Түркістан тұсауын кескен ойлы сөз, орамды пікірлердің бәр-барын ел-елге, жер-жерге жеткізу – ұлттық идеологияның пайдалы парызы, орайлы міндеті.

Әлемдік саяси кеңістікке есімі Қаңтар қырғынынан бері кең танылған, сырт көзге жайлы, жұмсақ көрінгенімен, ішкі ұстанымы темірдей берік, айтқанын кез келген үлкенді-кішілі мінбеден сабырын сарқымай, парасат-пайымының тереңдігімен, халықшыл қалыбының кеңдігімен ұлт, ұрпақ, мемлекет мүддесін қорғай білер Тоқаевтың Түркістан Құрылтайын­дағы Сөзі сырт­тағы жұрттың да, іштегі қараорман халықтың да ойынан шықты.
Ұлы Мағжанның сөзімен айтсақ, «…Екі дүниенің есігі, Ер түріктің бесігі» болған, Алаш  жұртының айбынын асырып, айдынын кеңейткен киелі мекенде, халқымыздың жүрегінен мәңгілікке орын тепкен он сан аяулы, ардақты ұлы перзенттеріміз жатқан  топырақта өзге сөздің айтылуы да мүмкін емес еді… Ұлт мүддесі мен Ел ертеңін әріден толғап, Қазақстан есімді ежелгі жұрттың ертеңін болжауға жетелер қазықбауы мықты, тағылымы терең тарихи сөзді оқып отырып, төмендегі ойларды қойын дәптеріме асығыс түсіріппін. Үлкен мінбеден ұлтты сақтау мен қорғаудың үлкен сөзі айтылыпты.
Иә…
Біздің ұрпақ аса қиын, аса күрделі дәуірде өмір сүріп, ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отыр. Дүние тізгіні перілер мен пенделердің, ібіліс пен сайтандардың еркіне көшіңкіреп тұрған, қазіргідей адамзат тағдыры ұстара жүзіне іліккен, әлем сағат санап құбылған заманда Ел басқару мен Ел тұтастығын қамтамасыз ету қандай қиын, қандай мәртебелі, жауапкершілігі ауыр іс еді?! Ел Президентінің «Әділетті Қазақстанды адал адамдар құрады» деген сабырлы пікір, салмақты сөзін оқып отырып, ойға қалдым. Сан мәрте естіп, басымызды тауға да, тасқа да сан ұрғызған, пенделіктің тар қорығынан алып шығып, қиналғанда қолға қалам ұстатқан ойлар… Менің ақындық қиял қанатына қонып отырып, қағазға түсіруге ұмтылған ойларымды Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің қарымы кең қайраткерлік болмысымен ұлт болашағына барар жолды тәжірибелі басшы, әрі осы елдің үлкен жүректі перзенті ретінде ой-санасымен, жан-жүрегімен қорытып отырып, елді сақтау мен қорғау­дың өрісті үлгісін миллионсанды қалың отандастарына ұсынады. Ойын  бүкпей, жасырмай, тура әрі ашық айтады. Көрер көз, оқыр ой, тоқыр көңіл керек!.. Ұзын-ырғасы сегіз бағыттан тұратын тұғырлы сөздің әр бабы мен әр тарауы арнайы талдап, саралауды, бүгінгі уақыт қалыптастырып отырған саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік, кісілік-тұрмыстық кеңістігіміздегі күнгейлі-көлеңкелі тұстарымыздың бәрін таразыға қоя отырып, уақыт көлденең тартар қиындықтардан шығудың ұлттық жолын ұсынады.
Маған Президенттің сөзі айрықша әсер етті. Ұнады.
Жасыратыны жоқ, біз – ата жасындағы адамдармыз. Әлемді сақтау – Отанды сақтау! Отанды сақтау – Отбасын сақтау! Біртұтас ұғым екенін жақсы білеміз! Осы  қағиданың ұрпақ бойынан орын тапқанын Ұлы Жаратушыдан күні-түні тілейміз! Әділетті Қазақстанның иелері адал, әділ, күрескер, еңбекқор, ақылды, қайсар, білімді, парасатты болғанын қалаймыз! Президент сөзінің алтын өзегі – осы ойлар!
Көңілге қонымды ойлар мен ұсыныстар күреп-күреп мол айтылған осынау күретамыр құжаттың ішінен ұлт руханиятына қатысты әріптес-інілерім Мереке Құлкенов пен Азамат Сатыбалдының Халық Жазушысы атағын қалпына келтіру әрі әдебиетке деген көзқарасты түзеу мен Ұлттық кино өндірісін күшейту ұлт рухын тәрбие­леуде теңдессіз құрал екені жайлы айтқан ұсыныс-ойларының Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқаны қуантты.
Әдебиет дегеннен шығады…
Сөз өнерінің тағдыры – ұлт тағдырын анықтайтын басты белгі! Ұлттық құндылықтарды сақтау мен қорғау туралы біраз құнды пікірлер Құрылтайда анық, ашық айтылды. Президенттің балалар әдебиеті хақындағы ойларын оқып отырып, ұлт тілінің ел болашағын анықтайтын басты фактор екені еске түсті. Бұл процестің ойдағыдай жүруінде балалар әдебиетінің маңызды рөл ойнары күмәнсіз!
сайып келгенде, әдебиет пен кино, театр мен музыка дейтін өнердің іргелі түрлері – ұлтты сақтау дейтін идеологияның негізі! Күретамыры!  Бұларсыз ұлттың жүрегін, жанын сақтау мүмкін емес! Сондай-ақ осы Құрылтайда Президенттің қазақ топырағы кіндігін кес­кен ұлы жерлесіміз Қожа Ахмет Ясауи мұрасын әспеттеу хақындағы айтқан ұсыныстарын тарихи әділеттіліктің айқын көрінісі дер едім. Өйткені Ясауи мұрасы киелі жұртымыздың өрісін кеңейтіп, өркенін өсірер бай қазынамыз! Президент айтқан ұрпақ бойына әлемдік ойлау қабілетін сіңіру қалай керек болса, ұлтты еңбекке тәрбиелеу, кәсіби сергектікке баулу да солай «сақтану» мен «қорғанудың» жаңа дәуір ұсынар ұлы құралы екендігі туралы ойлары да солай керек! Қажет, өміршең мәселелер! Түптеп келгенде, осының бәрі ұлт мәңгілігін қамтамасыз етер мемлекеттік деңгейде атқарылуға тиіс қажеттіліктер!
Президент Тоқаевтың Ұлт­тық Құрылтай мінберінен сөйлеген тұғырлы сөзін оқып оты­рып, ме­нің қойын дәптеріме асы­ғыс түскен ойлар сорабы осы!
Түркістан топырағы дүниеге алып кел­ген көл-көсір ойлардың, ұсыныстардың, тапсырмалардың өмірлік шешім тауып, әділетті Қазақстанның болашағына қызмет еткенін көрейік!

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын-драматург,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік сыйлығының
лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір