Ескерткіш тақта орнатылды

Алматы қаласында көрнекті қоғам қайраткері, жазушы, батыл редактор әрі баспагер Нұрмахан Оразбек тұрған үй мен ұзақ жыл қызмет еткен «Қазақстан» баспасы ғимаратына ескерткіш тақта орнатылды. Бұл – ұлт руханиятына сүбелі үлес
қосқан қайсар тұлғаның еңбегіне деген лайықты құрметтің белгісі.
Іс-шараға қазақ руханияты мен әдебиетінің белгілі өкілдері, журналистер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов, халық жазушысы Бексұлтан Нұржеке-ұлы, ҚР Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, белгілі журналист Мамадияр Жақып, жазушы Өскенбай Құлатайұлы, «Таңшолпан» журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы, Қызылордадан арнайы келген журналист, жазушы Нұрмахан Елтай, журналист Қараша Қараман қатысты.
Нұрмахан Оразбек – ел мүддесін бәрінен биік қойған, әділеттілік пен қарапайымдылықты ту еткен тұлға. Президенттермен тең тілдесіп, министрлермен есімін атап сөйлескен өр мінезі оның рухани биігін танытты. Қаламгер достары – Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырза Әлі, Мұхтар Мағауин, Оразбек Сәрсенбаев секілді ірі тұлғалар оны ерекше бағалаған. Ол білім мен парасаттың, тазалық пен адалдықтың символы болды.
Ескерткіш тақтаның ашылуы – Нұрмахан Оразбекұлының ұлт алдындағы еңбегінің ескерусіз қалмағанының айғағы. Рәсімнен кейін жазушының рухына арнап ас берілді.