Еркінбай Әкімқұловқа арналған ескерткіш тақта ашылды
26.11.2024
105
0

14 қарашада Алматыда белгілі қазақ жазушысы, журналист және қоғам қайраткері Еркінбай Әкімқұловқа арналған ескерткіш тақтаның салтанат­ты ашылу рәсімі өт­ті.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов ашып, жүргізген шараға еліміздің белгілі тұлғалары, қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер жиналып, Әкімқұловтың шығармашылығы мен әдебиетке қосқан үлесін еске алды. Алғашқы болып сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов: «Біз бүгін қазақтың ұлы жазушысы Еркінбай Әкімқұлов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатудамыз. Әлемде «Жазушылар ауылда туып, Парижде қайтыс болады» деген сөз бар. Біздің қазақ жазушылары да ауылдан шыққан, бірақ бәрі Алматыға келді. Болашақ жазушылар бір пәтерден екіншісіне көшіп жүріп, осында өмір сүріп, шығармаларын жазды. Мұның бәрі бекер емес. Төле би, Абай және Шевченко көшелері – біздің жазушылардың көпшілігі тұрған ерекше қасиет­ті орындар. Сондықтан бұл көшелер біз үшін ерекше және қасиет­ті», – деп, қаламгердің Алматы қаласында өмір сүріп, әдебиетке қосқан үлесі туралы тебірене айт­ты. Сондай-ақ салтанат­ты жиында Еркінбай Әкімқұловтың ұлы Құрман Әкімқұлов әкесі туралы естеліктерімен бөлісіп, оның қайырымды әрі қарапайым адам болғанын ерекше әсермен жеткізді.
Сөз кезегінде Алматы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, «Өнер» баспасының директоры Әшірбек Көпішевтер өз естеліктерімен бөлісіп, Еркінбай Әкімқұловтың жарқын бейнесін еске алды.
Бұл ескерткіш тақта – Еркінбай Әкімқұловтың шығармашылығына, өмірлік ұстанымына және мәдениетке қосқан елеулі еңбегіне деген құрмет белгісі. Қазақ руханиятына айтарлықтай үлес қосқан тұлғаның есімі ел жадында мәңгі сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағының
баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір