ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

Белгілі қаламгер, этнограф, аудармашы әрі баспагер Зейнолла Мүбәракұлы Сәніктің өмірінің соңғы жылдары тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет басқармасының қызметкерлері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов сөз сөйлеп, Зейнолла Сәніктің қазақ руханиятына қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті. Ол көрнекті қаламгерді ұлтымыздың бай мұрасын тереңінен зерттеп, ұлттық құндылықтарды тың пайыммен зерделеген дара тұлға ретінде сипаттады. «Зейнолла Сәніктің еңбектері әр қазақтың төрінен орын алуға тиіс. Бұл шығармалар жай ғана ғылыми мұра емес, ұлт санасын қалыптастыратын, ел жадында сақталатын асыл қазына», – деді ол.
Төраға ескерткіш тақтаның орнатылуына мұрындық болып, руханиятқа көрсеткен қолдауы үшін Алматы қаласы әкімдігіне ризашылығын білдіріп, бұл игілікті істің өскелең ұрпақ үшін тағылымы мол екенін айта келіп, «Жуырда бастау алған Зейнолла Сәніктің 90 жылдығына арналған республикалық экспедицияның Батыс өңіріндегі тағылымды сапары өз жалғасын тауып, Оңтүстік өңірге бет алмақ. Бұл – Зейнолла Сәнік қоры мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлесіп жүзеге асырып отырған ауқымды рухани жобасы. Ұлттық мұраны дәріптеп, тарихи тұлғаның ізін жаңғыртуды мақсат еткен бұл бастама – ел руханиятына қосылған шынайы серпін», – деді төраға.
Шараға Алматы қалалық Мәдениет басқармасының орынбасары Арман Қалыбекұлы ескерткіш тақтаның маңыздылығын тілге тиек етіп, әрдайым Жазушылар одағымен бірлікте әдебиет пен мәдениетке қызмет ете беретіндерін жеткізді. Қоғам қайраткері, қаламгер Зейнеп Ахметова Зейнолла Сәніктің тіршілігінде ғылым мен білімге, адамгершілік пен жауапкершілікке сүйенген биік болмысына тоқталды. Белгілі айтыскер ақын Бақыт Жағыппарұлы жазушы рухына арнап арнау айтты.
Жиын соңында Зейнолла Сәніктің жары, ақын Шәмшәбану Қамзақызы жиналған қауымға, Алматы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағына жүрекжарды алғысын білдірді. Салтанатты шараны Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы жүргізді.
Қазақстан Жазушылар одағының
Баспасөз қызметі