ҚАЗАҚТЫҢ ХАС БАТЫРЫ
16.07.2025
329
0

Студент­тік өмірдің бес жылында талай марқасқа ұстаздар білім нәрімен сусындат­ты. Әрқайсысы бітімі мен болмысы, қасиеті мен қабілеті бөлек, өне бойы білім мен ілімге тұнып тұрған дара тұлғалар болатын. Солардың ішінде, әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыста батырлығымен мәшһүр болған, ғалымдығы мен қаламгерлігін тең ұстап, заңғар білімпаздығымен парасат биігіне көтерілген Мәлік Ғабдуллин ағамызды ерекше атар едім. Батырға тән ерек тұлғасына қызығып, сұлу да сырлы әңгімесіне тамсанып, маржандай асыл сөздерін есту – біз үшін бақыт, үлкен мәртебе еді. Білімге құмартып, білмекке талпынған, университет табалдырығын енді ат­таған елу қыз-жігіт­тің аңсары осынау айбынды абзал ағаның ауызынан шыққан әрбір сөзіне ауғаны айдан анық. Жүзі нұрлы, қабағы ашық, маңдайы жарқыраған, көркем мінезді, кескін-келбеті келіскен керемет тұлғаның сабағынан қалмай, лекциясын тыңдаудан жалықпай өткізген студент­тік күндерімді бүгінде құрметпен еске аламын.


Мәлік ағамыз бізге «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» пәнінен дәріс оқыды. Он жеті жас шамасында осы тақырыпты таңдаған ұстаздың ғылым жолындағы ізденістері мен жеткен жетістіктеріне тәнті болдық. Қазақ фольклорына ерте бастан қызығушылық танытып, талай тартысты кезеңдерден тайсалмай өткен ержүрек батыр ағамыздың ғылым жолындағы еңбектеріне барынша ынтыға түстік. Ғалым ағамыз халық ауыз әдебиетінің кең қатпарлы иірімдеріне тартып қана қоймай, осы саладағы сан алуан мәселелер төңірегінде де сындарлы ойларымен бөлісіп тұрды. Әр сөзін санаға сіңіріп, терең пайымдауға тырысып жүрдік.
Бірінші курсты аяқтап, жазғы демалысқа шығып, ауылшаруашылық жұмыстарына қатыстық. Күз айында екінші курстың сабақтары басталып кет­ті. Қазақ ауыз әдебиетінің білгірі, ғылымның бірегей ірі өкілімен сағынышпен табысып, даналық дәрістерін тыңдау дәстүрі жалғасын тапты. Күндердің күнінде Мәлік ағамыздың сабағы өтпей қалды. Ұстазымызды күтіп отырған едік, аудиторияға басқа оқытушы кіріп келді. Сұлтанғали Садырбаев ағамыз бізге суық хабарды жеткізді. Ұстазымыз дүниеден қайтыпты. Бір минут үнсіздікпен батыр ағамызды еске алдық. Бұл 1973 жылдың қоңыр күзі болатын.
Мәлік Ғабдуллин 1931 жылы Көкшетау қаласындағы жеті жылдық қазақ мектебін, 1935 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетін бітірген. Оны Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті «Пионер» газеті жауапты редакторының орынбасары қызметіне бекіт­ті. 1938 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалында кіші ғылыми қызметкер болып еңбек ет­ті. Осы уақыт­тан бастап қазақ әдебиеті тарихы мен фольклор ғылымының мәселелерімен түбегейлі шұғылданып, ғылымға ден қойды. Үш жылға жуық ҚазПИ-дің аспирантурасында білімін жалғастырады. 1941 жылы әскер қатарына алынып, И.В.Панфилов басқарған даңқты 8-гвардиялық дивизия құрамында Мәскеу іргесінде болған қанды шайқаста қаһармандықтың асқан үлгісін көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Соғысқа барысымен 45-батареяның саяси жетекшісі болып бекітіледі. Содан ке­йін 2-атқыштар батальонының комиссары, полк үгітшісі болып жауынгерлерді ұрысқа жігерлендіріп, рухы биік ұйымдастырушы, саяси жетекші ретінде көрінеді. Мәлік аға сарбаздардың ақылшы, тәрбиешісі болумен бірге тікелей қолғабыс беретін жәрдемшісі еді. Сонымен бірге әр ұлт өкілдерінің ырым-нанымдары мен жөн-жосықтарын, жауынгерлердің мінез-құлық ерекшеліктерін жіті бақылайтын, батылдық пен батырлыққа бастайтын өршіл үнімен олардың ой-санасын дереу билеп алатын, тонның ішкі бауындай еркін сөйлесетін әрі тілтабысып, сырласатын жан серігіне айналғаны айдай ақиқат.
Мәлік Ғабдуллин майдан жылдарында жазған хат­тарының бірінде: «Мен майданда немістермен қолма-қол соғысқан адаммын. Көптеген немісті атып өлтірдім. Біразын қантөбелесте бауыздап салдым. Жаудың он шақты танкісін гранаталармен қират­тым», – деп жазады (1944 жыл, 12 қыркүйек). «Иә, ол сұрапыл жылдарда қазақ халқының батырлық-ерлік дәстүрлерін терең ақыл, жоғары саналылықпен дамытып байытқан, неміс жендет­теріне қыранша шүйліккен, асқақ даусымен майдандастарын ерлікке үндеген, жауына қаһар боп түйілген еңіреген ер еді», – деп жазады батырдың шәкірті, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов өзінің «Мәлік Ғабдуллин» ат­ты кітабында.
Борис Полевой «Елдің ері» шығармасында Мәлік батырдың от кешуде небір өткелдерден сүрінбей өткенін, соғыстың бұлжымас шарты бойынша «асуы жоқ асқар, есігі жоқ қорған» болмайтынын терең сезінгенін, ересен батырлық-ерлік қимылдарын, шапшаңдық пен айлакерлік әдістерін шынайылықпен әңгімелейді. «Өзінің ержүректігімен, жауынгерлік ұсталығымен атағы шыққан атақты батыр командир, адамның жаны мен жүрегін жақсы білетін, ішкі сырын айтқызбай ұғатын саяси қызметкер. Орысша, қазақша, қырғызша, өзбекше, қалмақша, қарақалпақша, татарша еркін білетін тіл ғалымы – Мәліктің бойынан армиялық үгітшіге керекті ең жақсы қасиет­тердің бәрі табылады», – деп жазады орыс жазушысы. Тағы бір еңбектердегі «Беті пілдің сүйегінен ойып жасағандай сұлу жігітсің», «отша жайнаған көздері», «әрі ыңғайлы, әрі тез қозғалысы», «өзіне қанша қатал болса, қарауындағы адамдарын да сонша жинақы, әр әмірді бұлжытпай орындайтын халде ұстайтыны» туралы сипат­таулар да да хас батырға берілген әділ баға.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы­ның 1943 жылғы 30 қаңтардағы Жарлығымен Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қазақ елінің мерейі үстем болып, қазақ даласында қуаныш лебі есті. Қобыланды мен Едігенің, Қарасай мен Исатайдың, Махамбет пен Аманкелдінің жадымызда жат­талған ұлы бейнелері, асыл рухы тірілді. Бұл хабарды естіген жыр алыбы Жамбыл:
«Батырым – Мәлік беренім,
Жүйрігім – озған өренім.
Халқы сүйген қалауым,
Жырымды саған төгемін», –
деп өз толғауын төгілте жырлайды.
Жамбыл бастаған халық ақындары қазақ халқының ерлік-батырлық дәстүрлерін жақсы жалғастырған Мәліктің нағыз қаһармандығы мен патриот­тығын туындыларына қосып, бар дауысымен дәріптеді.
«Мәлігім – елдің ерісің,
Ерліктің зеңгір көгісің.
Қобыланды, Тарғын теңісің.
Сендер тыныс, өрісім,
Менің жырым сен үшін», –
деп Нұрпейіс Байғанин тасқын ойдың үлгісін паш етсе, елге аты шығып, талай жыр бәйгесінде топ жарған Шашубай ақын:
«Амансың ба, қарағым, балам,
Мәлік?..
Дұшпанның ордасына ойран салып.
Ақтаған ана сүтін, адал ұлым,
Бері келші, бір сүйе­йін алдыма алып», – деп іңкәр көңілмен ыстық сәлемін жеткізді.
Қолбасшы Бауыржан Момышұлының батыр інісімен майдан даласында да тығыз рухани қарым-қатынаста болғанын айта кеткен орынды. «Мәлік Ғабдуллин кешуі қиын жерден қол ұстасып, асуы биік жерден жіп ұстасып өткен жауынгер інім еді, қысылғанда ақылдасқан серігім еді», – деп толғанған Ер Баукең. айнымас серігі батыр атағын алғанда:
«Ел күйзелген кезінде
ерлік еткен бауырым,
Жау жағадан алғанда
батырлық еткен бауырым.
Ел намысын құрмет­теп,
ер намысын ардақтап,
Құт­ты болсын айтамын
шын жүректен, Мәлігім!» –
деп ақжарма ақ тілегін білдіреді.
Мәлік ағамыз соғыс жылдарында қаһармандығымен қатар қалам қайратымен де халқына, еліне жан-тәнімен қызмет ет­ті. Майдан өмірінің нағыз куәгері ретінде жаужүрек ерлердің аласапыран күндерде арыстанша алысып, қан кешкен батырлық қимылдарын шынайы бейнелейтін көптеген деректі әңгімелерін, көсемсөздерін, мақалалары мен очерктерін, елге жазған хат­тарын қазақ және орыс тілдерінде республикалық, майдандық газет­терде жариялап тұрды. Бұл шығармалар жауынгерлердің рухын, жігерін көтеріп, жаңа ерліктерге бастап отырды.


Батыр Бауыржан атамыз да көсемсөздерімен ел жүрегіне ұя салған Мәліктің ересен ерлігіне сүйсінумен қатар, әрдайым ақ қағаз бетінде сырласып отырды.
«Мәлік! Біз тарих алдында, халық алдында да жауаптымыз» деген сөзім саған да, маған да, біз сияқты басқа қазақ жігіт­теріне де қалам ұстатқан емес пе еді.
Найзадан қол босаса қалам алдым,
Толғанып оқиғаны көп ойландым.
Тырмысып әл келгенше көргенімді,
Жалтақтамай, именбей ашық жаздым.
Отырсам көп ойланып күнім жақын,
Әр адам біле бермес сөздің парқын.
Ұрпаққа арнап істелген адал еңбек,
Ұсындым ақ ниетпен саған, халқым.
Жазушы болмаған соң менің затым,
Көркем де жұмыр емес жазған хатым.
Салмақтайтын саналы ер табылса,
Атаусыз неге қалсын менің атым, – демеп пе едік. Әрине, бізде кемістіктер мол-ақ болуы мүмкін. Себеп – жазу біздің кәсібіміз емес. «Ақын боп туған адам сырын айтар қаламына» дегенде­йін, кейбір жазуымыз қаламға халық үшін айтылған сыр болды. «Жаман шынын айтамын деп сырын айтар» дегенде­йін, сол жамандардың біреуі болармыз. Бірақ та онымыз халыққа арналғандықтан, опық жемейміз. Әйтсе де «Арсыздың қолына бергенше, сыпайының жолына тастағын, жаманға берсең, олжа көреді, жақсы қадіріңді біледі» дегендей, қай уақыт­та болса да ескеруіміз керек екен ғой деймін.
Екінші ескеретін мәселе: «Қия жерге су төкпегін – тайғақ болар, жаманға сырыңды айтпағын – айғақ болар». Жаман туысқандар туралы ескеру керек, неге десең, мазмұнына түсінбестен олар бас қамын ойлап жалтақтап, сеніп қалған жасқаншақ қоянжүректер екеніне тәжірибемен көзіміз жеткен емес пе еді.
Аспаннан тұйғын құйылса,
Үйрек шөкпей тұрар ма.
Көктен бүркіт түнерсе,
Түлкі саспай тұрар ма.
Азынаса арыстан,
Қоян қорықпай тұра ма, – демеп пе едім саған бір жолы. Ниет ақ болса – жолдағылардың қара шұбарлығы күрделі ойды өзгертпеуі керек. Біздің өміріміз дүниеден көшкен соң ғасыр үшін, тарих үшін документ боп қалады.
Сәлеммен Бауыржан.
1942 жыл. Майдан»

От пен оқтың ортасында шарболат­тай шыңдалған адамның бай тәжірибесі, қанат бітірер қанат­ты да ғибрат­ты сөздері – кім-кімге де берері мол үлкен қазына. Қалың елі мен жалпақ жұртына пайдалы іс тындырып, адал еңбек етіп тер төгуге, ақиқат пен әдептіліктен ат­тамауға үндейді. «Біздің өміріміз дүниеден көшкен соң ғасыр үшін, тарих үшін документ боп қалады» деп айтудың өзі, даналық емей немене?!
Мәлік інісі де ағасының ағынан жарылған сөзіне бей-жай қарамайды. 1944 жылғы 26 сәуірде жазған хатында былайша тереңнен қалам тербейді:
«Қадірлі Бауке! Сіз Алматыға барғанда көп еңбек істегеніңізді естіп қуандық, өте жақсы іс жасағансыз. Ол еңбектер халқыңыз үшін өте бағалы, аса асыл қазына деп білемін. Мұндай еңбек қазақ халқының атағын шығарып, абыройын көтеру, адамдарын таныту жолында көп қызмет атқаратыны сөзсіз. Шындығында, халыққа қызмет етуден артық не бар? Бірақ осы қызмет ету дегенді теріс ұғынатын дорақтар да жоқ емес. Олар көп. Ондайлардың ойынша, қара қарның қамписа, қара басыңның бабы келіссе, үсті-басың дұрыс болса – бұл халыққа қызмет еткендігі болады деп қарайды. Нағыз мещандық осы ғой. Құдай сақтасын, мұндайлар ел басқармасын. Елді де, ерді де сондайлар езеді. Езбесе, езуге тырысады. Мұндай адамдар ұлт дегенді теріс ұғады. Одан қашады, тіпті қорқады. Национальная гордость дегенге теріс қарайды».
Батыр ағамыздың осы айтқандарынан қандай ой түюге болады? Өз ұлтына деген ұлы махаббат­тың белгісін айқын аңғарасың, ұлтым деген ұлы жүректің лүпілін сезінесің. Қанмайданда жауымен алысып жүрсе де, өзінің туған халқына, ана сүтімен дарыған ана тіліне деген ерекше құрметін түйсінесің. Бұл сөзімізге Мәлік ағаның мына жазғандары дәлел: «Мен қазақпын десем, оным қазақты асыра мақтап, «басқалардан ерекше артық жаратылған ұлт» дегендік емес. Менің қазақпын дейтінім – менің сол ұлт­тың ұлы екеніме дәлел. Өз ұлтымның, оның намысын аса қадірлеп бағалайтыныма және оған жан-тәніммен қызмет істеу­ге тырысатындығыма, ұлтымды шын сүйетініме, ұлтымның ілгері өніп-өсіп, өрлеуіне жаным ашитынына – куә. Сөздің шыны мынау ғой: егер мен ұлтымды сүймесем, онда мен сол ұлтыма, демек, халқыма қызмет ете алмас едім».
Майдангер ағамыз соғыстың қаһарлы күндерін бастан өткеріп жүрсе де, Қазақстан өмірінен, ондағы әдеби процестерден қол үзбей зер салып отырады. Майдандағы қазақтар арасында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының алғашқы томы жөнінде әңгімелейді. Өз ойын ортаға салады. Оған ұстазына жазған мына хаты айғақ:
«Абайды өзім оқып шыққаннан ке­йін солдат­тарға беріп оқытып жатырмын. Жұрт­тың бәрі де романды зор табыс деп қуанышпен қарсы алды. Роман жайында «Социалистік Қазақстан» үшін бір мақала ұйымдастырып жіберсек қайтеді деген ойым да бар. Редакция баса ма, жоқ па деп бөгелудемін. Шамасы, солдат­тардың пікірін жаздырып, өзіңізге жіберемін-ау деймін. Солай ету дұрыс та болар.
28.09. 1942. Мәлік»

Соғыстан ке­йін батыр ағамыз Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтына қызметке орналасады. Мұхтар Әуезов те осы институт­та қызмет ететін. Мәліктің келгеніне қуанып, оның диссертациялық еңбегіне ғылыми жетекші екенін мәлім етеді. Айтып қана қоймай, қорғалатын тақырыбы – «Қобыланды батыр» жырын зерделеуіне көп көмегін көрсетіп, еңбектің жазылған бөлімдерін оқып, өзінің ақыл-кеңесін ерекше ықыласпен жеткізіп отырды. Бір жылдан ке­йін диссертация дайын болады. Оған М.Әуезов ғылыми қорытынды жазып, еңбекті қорғауға ұсынады. 1947 жылдың 27 шілдесінде Қазақ университетінің ғылыми кеңесінде диссертацияны сәт­ті қорғап шығады. Одан институт директоры болып, ғылыми ізденістерін жалғастырады. 1958 жылы «Қазақ халқының дәстүрлі ауыз әдебиеті» ат­ты еңбегі үшін филология ғылымдарының докторы атағын алады. Осы институт қабырғасында өткізген он жыл Мұхтар Әуезов пен Мәлік Ғабдуллин арасын әрі жақындат­ты, әрі берік қарым-қатынастарына сызат түсірді.
1947 жылғы 21 қаңтарда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателер туралы» және 1951 жылғы 10 сәуірдегі «Қазақстан тарихын маркстік-лениндік тұрғыда зерт­теу туралы» «Правда» газетіндегі мақала туралы» қаулылары қазақтың рухани әлеміне кесел болып тиді. Қ.Сәтбаев, Е.Бекмаханов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысма­йылов, І.Кеңесбаев, Қ.Мұхамедханов, Б.Сүлейменов сынды қазақ интеллигенциясының өкілдері алашордашыл, ұлт­тық-буржуазиялық өкілдері ретінде сынға алынып, қудаланды. Осы кезең талай қазақ зиялыларының арасын ашты. Компартия оларды бір-біріне айдап салды («Қазақ үні» газеті, №38, 25 қыркүйек, 2023 жыл).
«Казахстанская правда» газетінде 1951 жылғы 11 қазанда жарияланған «Против извращений в освещений казахского героического эпоса» деген көлемді мақалада жөнсіз айыптауларға жол берілді. Соның қатарында М.Ғабдуллиннің Қобыланды батыр жайындағы кандидат­тық диссертациясындағы өрескел қателер көрсетілді. Небір сорақылықтарға мұрындық болған сол бір идеологияның қамшысын ер Мәліктің өзі сілтеуге мәжбүр болды (С.Негимов, «Мәлік Ғабдуллин» ат­ты кітабы, 211-бет).
Партияның Орталық Комитеті Мәлік ағаны шақырып, «Правда» газетінде көрсетілген мәселелерге орай үлкен жиын өтетінін айтып, сол жиында «Қазақтың батырлар жыры туралы»
баяндама жасауды тапсырады. Қиын істі мойнына алған ғалым ағамыз ұлы ұстазы М.Әуезовпен кеңеседі.
– Дәлелсіз дау айтпа. Сын айтам деп сыңаржақ кетпе, сының өткір де дәлелді болсын. Батырлар жырын зерт­теуде көбіміздің жіберген қате-кемшілігіміз бар. Оларды әділ сына, ұрда-жыққа барма. Біз өзіміз байқамаған қатемізді түсініп, түзейтін болайық. Құр айғаймен ғылым жасалмайды, – дейді М. Әуезов.
М.Ғабдуллиннің 120 бет­тен тұратын баяндамасы шұғыл түрде жазылады. Бір қолдан шыққан баяндамаға қожа да, қожаңдаушылар да, «сыны өткір емес, жылымшылау», «Әуезовтің шалыс басқан тұстарын күшейтіп айту» деушілер де, мінеушілер де мейлінше көп болды.
1953 жылдың 12 сәуірінде Үкімет үйінің кең залында өткен жиында М.Ғабдуллин баяндама жасады. Өз баяндамасында ұстазы туралы ойын да ортаға салады. «Профессор М.Әуезовтің қазақ эпосы тарихының мәселелерін зерт­теп келе жатқанына ширек ғасырдан асты. Қыруар еңбектер жазды. М.Әуезов өз еңбектерінде орысқа қарсы реакциялық-пантюркистік және буржуазияшылдық-ұлтшылдық көзқарасты ашық насихат­тады. Мысалы, «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деген мақаласында феодалдық-хандық кезеңді мадақтады және «Қазақ батырларының негізгі мақсаты – ұлтшыл болу, сонан соң діни адамдар қатарында тұру», – деп жазды. Сөйтіп, М.Әуезов тұп-тура қазақ жастарын эпикалық батырлардан үлгі алуға әрі ұлтшыл болуға шақырды», – деген сарында сөз сөйлеуге мәжбүр болады.
Неше түрлі ойтолғақта жүрген Мәлік ағамыз ұлы ұстазына батырып, бадырайтып айтқан сындарын айып санап, хат жазуға бекінеді. Оны үйіне емес, мекемеге емес, «Қазақ әдебиеті» газетіне жазғанды жөн санайды.1955 жылғы 28 қазандағы санында «Мұхтар Әуезовке хаты» жарияланды. Бұл хатында қазақ әдебиетінің шешілмей келе жатқан мәселелері жайлы қозғап, оларды бірлесе, ынтымақпен, бір-бірінің қате-кемшіліктерін жолдастық ниетпен сынаса отырып шешуге тиіс екендерін айта келіп: «Бір кезде сын деп, сынасу деп сыңаржақ кеткен, асыра сөйлеген жеріміз болды. Ондайымыз үшін кешірім етуіңізді сұраймын», – деп сөзін аяқтайды.
Өз кезегінде ұстазы да үнсіз қалмайды. «Разы болғаным – сенің газет арқылы хат жазып, кешірім сұрағаның. Сен кешірімді маған келіп, менен ғана сұраған жоқсың, оны пәленбай мың оқушы жұртшылықтың алдында газет арқылы сұрадың ғой. Міне, мұның нағыз жігіт­тік. Осыныңды асыра жоғары бағалаймын. Біреуден біреудің кешірім сұрауы – бір басқа, ал сол кешірімді көпшіліктің алдында сұрау – бір басқа. Сені кешірім сұрады деп кішірейтпеймін, қайта оныңды білгендік деп түсінем», – деп телефон арқылы ризалығын білдіреді.
Ұлылардың ұғысуы қандай жақсы! Мүмкін, «ұлық болсаң, кішік бол» деген осындайдан шыққан болар. Мұхаң «Қазақ әдебиеті» газетінде Мәлік інісіне жауап жазады және «Абай жолының» жаңа шыққан кітабын ұсынып, оның ішкі бетіне: «Кірбіңі кеткен көңілден…» – деп өз қолтаңбасын қалдырады («Қазақ үні» газеті, №38, 25 қыркүйек, 2023 жыл).
Алдымызда асқар таудай айбынданып, даналық дәрістерін берген батыр ағамыздың туғанына биыл 110 жыл толып отыр. Тұла бойы тектілік пен ізгіліктен тұратын абзал ағамыздың сабағына деген іңкәрлікті тілмен айтып жеткізу қиынның қиыны десек те болады. Ақыл-ойға кемел, мейірім мен биязылыққа толы жарқын жүзі, жібектей таза көркем жаны, от­ты жүрегі, қасиет­ті рухы мен бекзат бейнесі ел санасынан өшпейді.

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір