Жаһандану заманының батыры қандай болады?
13.05.2024
270
0

Бойында отансүйгіштік қасиеті жоғары адам — мемлекеттіктің іргетасы. Әркім қолынан келгенше Отанға адал қызмет етсе, батырлық рух та биік болады.

«Батыр» деген сөзді естігенде өрімтал жастың басым көпшілігі ертегі әлеміне мойын бұрады. «Қазіргінің батыры кім?» – деген сұраққа бірден жауап бере алатын жас та санаулы. Бұл – қазіргі шындық.
«Елде жоқ рух ақын сөзінде қайдан болсын», – деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, елдің ішінде батырлық түсінік кең қолданыста болмағандықтан, батырлық мінезді шаммен іздегендей күй кешеміз. Төл тарихымыз батырлық келбетке тұнып тұр. Қай ғасырды алсақ та, жеке мүддеге қарағанда ел мүддесін жоғары қойған дара тұлғалар шоғырына тап боламыз. Адам бойында ұлт­тық мүдде биік болса, батырлық рух та тамырын тереңге жібереді. Алаш зиялысы М.Шоқай жазғандай: «Біз, қаншама ipi тұлға болса да, үмітімізді жеке адамдардың атына тәуелді етіп қоя алмаймыз. Біз жеке тұлғалардан жоғары тұрған ұлт­тық мұрат­тарға сүйенеміз»
Батырлық рух – азат­тықтың мызғымас іргетасы. Бұл айтқанымызды төл тарихымыз дәлелдейді. Анасы баланы арын қорғауға үйретіп, әкесі ұрпағын жүректі етіп өсірген уақыт­та екінің бірінде батырлық рух болатыны сөзсіз. Осы тұста батырлық рух ер баланың бойында жетіліп қана қоймай, қыз баланың да батырлық мінезге ие бола алатынын да айта кеткіміз келеді. «Алып анадан туады» деген даналық тектен-текке айтылмаса керек-ті. Ел мен жерді қорғау жолындағы соғыста ер азамат­тармен бірге талай жауға шапқан батыр қыздарымыз болған еді. Өкінішке қарай, біз оларды да түгелдей алмай жатырмыз…

Ахмет ұстазша айтқанда: «Балам» деген жұрт болған заманда, «жұртым» дейтін бала да көп болады. Тұлға халықтың ішінен өсіп-жетіліп, жұртына адал қызмет етіп, елін өрге сүйрейді. Қазақ даналығында ер және ершік деген түсініктер де бар…» Нағыз ерлерді, батырлық келбет­ті қалыптастыру ұлт­тық болмысымыздың бір ерекшелігі еді. Осы бір өмірлік мәні зор мәселе сонау ер түрік заманынан ата-бабамыздың қанына сіңген еді. Мағжан ақынның: «Түркістан – ер түріктің бесігі ғой…», «Тұранда ер түрігім туып-өскен…», «көп түрік енші алып тарасқанда, қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?» – деп жырлағаны бекер емес. Ол ер түрік (батырлық рух) түсінігін отарлық саясат­тан жасып қалған елінің бойына қайтадан сіңіруге ұмтылды. Осы тұста айта кетуіміз керек, Мағжанның заманында ер түріктің қаны бар, от екпінді ерлер көп болды. Солар Алашорда мемлекетін құрды. Қазақтардың батырлығы туралы Ресей жазбаларында деректер мол, тіпті еліміздің ержүректігі хақында 1916 жылғы ұлт-азат­тық көтеріліс кезінде патша офицерлері де жазған.
Қазіргі кезеңде ер түрік дегенде, кейбір жастар Түркиядағы түріктерді немесе Осман империясын елестетуі әбден мүмкін. Себебі тарихымыздағы батырлық рухтың сабақтастық байланысы қазіргі жастардың контентінде көп таралмаған. Жастар – мемлекет­тің болашағы. Олардың арасынан дара тұлғалардың көптеп жетілуі – мемлекет­тің іргетасы. Ұлт­тың рухын бойына жинақтай білген адам ел-жұртынан ажырамайды. Жүсіпбекше айтқанда: «Мен ұлтқа кіндігіммен байланып қалғанмын. Үзе алмаймын, үзу де қолымнан келмейді». Осы бір ұлт­ты сүюдің концепциясын қазіргі күні өрімтал жастың бәрі бірдей түсіне ме екен? Тәрбие ала-құла болғандықтан, түсінбейтіндердің көп болуы да ықтимал.
Баланың рухты болып жетілуі бесікте жатқаннан басталады. Тыңдаған ертегі, жыр, даналық пен тарих желісімен айтылатын әңгіме сәбидің рухын шыңдап, еліне, жеріне қызмет ету психологиясы бүлдіршін санасына сіңіп, жүректі ұл мен қыз өсіп шығады. Қазіргі жаһандану заманында ертегі, әсіресе жыр айтатын адам тым сирек шығар, сондықтан балалар көретін мульфильм мен киноларға үміт артамыз. Осы тұста тағы да үлкен мәселенің шеті қылтияды. Тарихи тұлғаларды сомдайтын мультфильмдер мен балаларға арналған кинолар да бізде көп емес.
Қазіргі 4-5 жастағы сәбилер тарихи батырларымызға қарағанда басқа мәдениет­тің кейіпкерлерін жатқа біледі. Кейбір қазақша мультфильмдерде қазақтың байын қарнын қампитып сурет­тейді. Бұл – «Бай, үстем тап өкілі семіз болады», – деген кеңестік түсінік. Бізде әлі күнге дейін кеңестік түсініктер қаптап жүр. Елге пана бола білген қазақ байларының (тек қана байлар емес, хан, би, батыр, діни тұлғалар, ер азамат, қыз бала, ата, әже, әке, ана образдары) бейнесі сомдалып, сәби жастан баланың санасына жету керек. Мәселен, 1921 жылғы ашаршылықта елді жаппай қырылудан аман алып қалған – қазақтың байлары. Бұл туралы облыстардың архивінде деректер тұнып тұр. Ал 1929-1932 жж. ашаршылық тұсында кеңестік билік қазақтың байларын жойғандықтан, ұрпақтарын тоз-тоз қылып қудалағандықтан халық аштан қырылып қалды. Араша түсетін, жәрдем беретін адам қалмады… Ашынған халық: «Аштан өлгенше соғысып өлейік», – деп ата-бабасынан қалған сандықта сақталған бар қаруын алып жауыз билікпен соғысты. Олардың қатарында жастары 70-тен асқан ишандар да көп болды. Айта берсек, кино жүзіне түспеген тарихи шындық көп. Ең басты мәселе – батырлық келбет­тің дұрыс сомдалуы. Көп сериялы фильмдер түсіргенде батырлардың жан-жақты болғанын толық ашып көрсету керек. Бір ғана мысал, Түркияның Ертоғырыл, Осман сынды тарихи тұлғаларына арналған көп сериялы фильмдерін қайта-қайта қарасаң да жалықпайсың. Өйткені батырлық рух өз деңгейінде сурет­телген. Әрине, Түркия дәл біз сияқты отарлық тепкіні көрген жоқ.
Халқымыздың басынан кешпеген қасіреті жоқ… Негізі, Алаш зиялылары отаршылық салдарынан қазақ мінезіне енген жат өзгерістерді, түйіндеп айтқанда, өздеріне дейінгі және өздерінің заманын аналитикалық тұрғыдан талдап, бізге қалдырып кет­ті. Мәселен, Сұлтанмахмұт: «Бұқар тұсы – қазақтың бүлінгені… Абай тұсы – халықтың бұзылғаны… «Маса» тұсы – елдігін қазақ жойған», – деп жүйелеп берген-ді. Сонда да қазақтық сақталған заманда батырлық рухпен қаруланғандар көп болды. Ал кеңестік билік батырлық рухты тамырынан қиюды мақсат ет­ті (репрессия және т.б.). Алайда қазақтықтан айырылмай, ала-құла кейпімізбен тәуелсіздікке жетіп жығылдық. Ғалым Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың ауызша тарихында»:  «Әрбір этножаралым жадының біртұтастығы қожырай бастағанда, оның этнотөлтумалығы да дүбәралана бастайды. Ал этнос мүлде өлімге бойсұнғанда, сол этнос аясында бірін-бірі түсінбейтін, бірін-бірі түсінгілері де келмейтін бірнеше әлеумет­тік топтар пайда болады… Нағыз ұлтжандылық пен мемлекетшілдіктің сыналар жері де осы болса керек», – деп жазған. Бірақ біздің кеңестік санадан арылатын уақытымыз асып кет­ті. Кеңестік кезеңде қазақтықты сақтаған ауыл еді. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың дала мен қала ақынының айтысын көрсеткен керемет туындысы оқырманның есінде болар. Ауыл мәселесінің (бұрынғылардың айтуынша, дала қазағы) қазіргі күні зерт­телетін тұстары көп. Кейбір фильмдерде «ауылдың қазағы» деп күлкіге (мазақ ету) айналдыратын оқиға желілері бар. Осындай мазмұндағы мультфильм, кинолардың барлығы ғылыми тұрғыдан зерт­телуі қажет. Ұлт­тық мүддеге қызмет ете ме, жоқ па, зерделеуге тиіспіз.
Мінезімізге енген жат өзгерістерден арылу уақыт күт­тірмейді. Той, ас сынды жоралғыларымыздың барлығы қазақы қалыптан ажырамауы тиіс. Тойларда дарақыланып билеу, адамды мазақ ететін ойындар ойнау, байсынып мақтану – болмысымызға жат. Қазіргі күні үлкендер тарапынан ерсі қылықтардың тым көп екенін әлеумет­тік желілерден көріп жатамыз. Мысалы, үлкен ер адамды бесікке бөлеген жайт туралы 2 мамырда ақпарат жарияланды. Соны көрген жастар не болады? Үлкен – үлкендігімен үлгі болса, жастар да кішіпейілдігін танытады. Сонда батырлық рух та тамырын тереңге жібереді.
Өткен ғасырлардағы қазақ мінезіне енген өзгерістер туралы қысқа айтсақ, мәселен, М.Бабажановтың еңбектерінде парақорлық, өтірік айту, ғайбат (донос) айту қазақ даласына ХІХ ғ. ортасына таман келе бастағаны жазылса, ал Сұлтанмахмұт Торайғыров ханнан күш, қарындастан қайырым кеткен заманда ар мен ұят­тың кеткенін, ұлтшылдық пен намыстың қарасы ұшқанын, есіл-дерті шен мен шекпен болғандардың заманы, пара бергендердің күні туғанын, бақ пен күндестіктің күн сайын күшейгенін, не даланың (қазақтық қалпы), не қаланың қалпында жоқ орталыққа сандалбай болып қалғандардың көбейгенін, бір-бірін мұқату үшін жатқа шапқандардың, өсек айтып тамақ тапқандардың саны артқанын жырмен өрнектеген-ді. Ал Мұстафа Шоқай: «…Біздің бастан кешірген қасірет­теріміздің себептері, бipiншіден – қарғыс атқан патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты. Екіншіден – тағы сол патшалық Ресейдің зұлымдығы кесірінен туындайтын өзіміздің әлсіздіктеріміз. Eнді, міне, пашалық Ресей келмес­ке кет­ті. Алайда ол қалдырған мирастар – біздің әлсіздігіміз, бiлім, ғылымнан арт­та қалғанымыз тез арада жойыла қоймайды. Осы аралықта өткен жылдар текке кеткен жоқ…» – деп тұжырымдаса, Жүсіпбек Аймауытов: «…Халықтың өзіне айтып, мінезін түзеу қолымыздан келмейді. Жалғыз-ақ үмітіміз, қаруымыз – оқығандарда. Оқы­­­ғандар ендігі жас ба­ла­ларға өздері үлгі болып, на­дандықтан шығарып, адам­шы­лықтың жарық жа­ғына сүйреуге міндет­ті. Со­ларға қа­­­зақтың мінездерін тастатып, айнымай, қажымай, таза жү­рекпен кемшіліктерге қар­сы тұрып, бірлік жібіне жармасуларынан басқа не тілей аламыз», – деген еді.
Кеңестік кезеңде елшіл емес – жершіл, ұлтшыл емес – рушыл, жұртшыл емес – жекешіл мансап қуғандар саны арта бастады. Алайда осы тұста отбасындағы тәрбиеге сызат түспеген ортадан өскендердің ұлт­тық санасы биік болып жетілгенін де ескеру шарт. Сол заманда да КСРО құлағанға дейін-ақ, кейбір елін сүйген жазушыларымыз өз шығармасында тарихи шындықты жазып кет­ті. Менің пікірімше, бұл – асқан батырлық. Қызыл империяның сойылын соғып, ақ дегенін – ақ, қара дегенін – қара деп, «ләпбай тақсыр» болып қалғандардың арасынан дара тұлғалар да шықты. Бұл мәселені де тереңнен зерт­теуіміз керек. Кезінде қолына қару ұстап жауға тура шапқан батырлық қасиет, қаламмен түйрейтін формаға ауысты (заманға сай). Мәселен, жат билік кезінде ақырындап ұлт­тық мүддеге сай шәкірт­терін тәрбиелеген Б.Кенжебаев, шығармалары арқылы тарихи шындықты айтып кеткен Ө.Қанахин және өзге де дара тұлғаларымыздың бойында батырлық рух биік болды.
Өткен заманның кемшіліктерін сол заманның ғалымдары да дәлелдеп, дәйек­теп өт­ті. Ал одан кейінгі кемшіліктеріміз, жат қылықтарымыз қандай? Осы мәселені ғылыми тұрғыдан зерделеу керек. Жат қылықтар қоғамда батырлық келбет­тің өрістеуіне жол бермейді. Сондықтан тексіз қылықтарды зерт­теп алып, олармен күресудің нақты тетіктерін іске қосу керек.
Қазіргі таңдағы өмірден ара-тұра көрініс беріп қалатын жүзшілдік, жаудың ортасында жүргендей өз руын мақтап, өз руын тартқан рушылдық, жершілдік, жемқорлық, парақорлық, «қазақтың қазақты жек көруі», «қазақ болғанына ұялу», өз ұлтын, тарихи тұлғаларын орынды-орынсыз «сынап-мінеу», бабасымен, атасымен «мақтану», «қала мен ауылдың қазағы» болып өзін-өзі сыртқа тебу, «шала қазақ» синдромы, жағымпаздық, билікте отырса «өзгеру» сынды, айта берсек, тізіліп жалғаса беретін тексіз қылықтар – қазақы болмыстағы өзгерістер айғағы. Осындай жат қылықтарға бір күнде тап болған жоқпыз, әрине. Бұл – жылдар, ғасырлар бойы қордаланған қиыншылықтар. Оған қарсы тұратын иммунитет­ті жат билік жойды.
Қазіргі таңда БАҚ бет­терінде сипат­тап, баяндайтын емес, 1913-1918 жж. «Қазақ» газетінде жазылған мақалалардай мазмұнды, аналитикалық мақалалар көптеп жазылуы керек. Жақында «жастар тарихи тұлғаларды танымайды» деген мазмұнда мәселе көтерілді. Бұл мәселенің себебін анықтау қажет.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Отанды қорғайды деген түсінік, батыр деген мағынаны білдіреді. Отанды қорғау түсінігінің мағынасы өте кең. Жеке басының мүддесінен ұлт­тық мүддені биік қоятын тұлғалар – қазіргінің батыры. Алаш зиялылары айтып кеткендей, жұрт ісіне ақ жүрек адал болу – батырлықтың басты нышаны. Сонымен қатар әскери оқу орындарында тарихи тұлғалардың батырлық келбетін сомдайтын (батыр образы) еңбектердің көп оқытылуына ерекше мән берген дұрыс.
Әлихан Бөкейханұлы айтқандай: «Ұлтына, жұртына қызмет қылу – білімнен емес, мінезден». Өрімтал жасты елін, жерін қорғауға қабілет­ті әрі адам баласының барлығын бауырым деп ұғынатын мінезбен тәрбиелеу қажет­тігі – замана артқан жүк. Ал мінездің түзу болуы ұлт­тық идеяға көгендеулі.

Құралай СӘРСЕМБИНА,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Мемлекет тарихы институты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір