БАТУ ХАННЫҢ БАС БАТЫРЫ – БОРАЛДАЙ
02.03.2024
845
0

Тараздың оңтүстігі мен Түркістан облысының шығысына сілем құрып жатқан Боралдай тауы елге әйгілі. Алматының батысында Боралдай қалашығы, Түркістан облысында да Боралдай қалашығы бар. Қырғызстанның Шүй аймағының Кемен ауданында Боралдай ауылы бар.

Осыншама жерге аты жайылған әрі осы тауға шанышқылыларды орналастырып кеткен Боралдай кім?
Боралдай – Алтын Орда империясының билеушісі Бату ханның бас қолбасшысы. 1176-1262 жылдары өмір сүрген. Ол – түмен атағын алған, қолында тұрақты 10 мың әскер ұстаған адам.
Боралдайдың тегі Шыңғыс хан шыққан Қият руынан. Оның ержүрек ұлының аты Алмыс (Арылмыс). Алтай халқының фольклорында Боралдай мергеннің жаужүрек ұлы Арылмыс былай суреттеледі:
«Арылмыстың жыландай ұзын қара мұрты иығына, салбыраған сақалы тізесіне жеткен. Қан толған көзі қып-қызыл. Аузында бөрінікіндей азулы тістері бар. Денесінің түгі – мол, тырнақтары – өткір».
Ал әкесі Боралдай мерген туралы:
«Оның барлық тау мен ормандарға аяғы тиді. Ол ақылды, әрі күшті, әрі батыр еді. Оның ойы – нұрлы, көзі – өткір, қолдары – қарымды болғандықтан ешқандай қиыншылыққа ұшырамаған. Жануа­рлардың өзі оған өздігінен көнгендей еді. Боралдай мерген аңға шықса олжасыз оралмаған. Түлкі, бұлғын, қарақұйрық, тиінді үйіп тастады».
Алтайлықтар айтса айтқандай, ол бір тауға, бір өзенге өз атын қалдырып қана қоймай, көптеген ну орманға жер қайысқан қолымен тіле кірді.
Оның ұлын алтайлықтар Алмыс (Арылмыс) десе, шын мәніндегі, тарихта Ер-Алмыс оның әкесі еді. Оның үстіне Айырылмас деген атпен арыда Қатағанның ұраны болса, беріде Шанышқылы қауымына ұран болып отырған бұл батырдың аты тарихта Арыл-Барыс – (Арылбайыс) деген атпен нақты таңбаланған. Қатаған – Қият пен Қаңлының бірігуінен пайда болған рулық одақ. Арыл-Байыс (Арыл-Барыс) Шыңғыс ханның түмен атағын алған адамы. Боралдай түмен – оның туған ұлы. Арыл-Байыс (Арыл-Барыс) Жалайыр Мұқар қатарлылармен бірге Шыңғыс ханның төрт тірегінің бірі болған. Қазақ шежіре аңызы «Айырылмасты соғыста қаза тауып, құрсақта қалған ұрпағы Шанышқылы ішінде көктеген» деп есептейді. Оның ұлы Боралдай 1238 жылы Сить өзеніндегі шайқаста біріккен Орыс армиясын жеңіп, ұлы герцогті өлтіріп, басын кесіп Батуға сыйға тартты. 1240 жылы Киевті алды. 1240-1250 жылдарда Қорамса, Боралдайлар Алтын Орданың төрт тірегі болды.
1251 жылы Боралдай Отырарға келіп Шағатай ұлысына қарсы тұрып, Мөңкенің қаған болып сайлануына ықпал етті. Осы кезде оның ұрпақтары мен аталастары Шанышқылы-Қияттар осы күнгі Түркістан облысы жеріндегі қоныстарына орнықты. 1258 жылы Боралдай Литваны талқандады. 1259 жылы Боралдай Польшаны жайпап өтті. Боралдай әулеті өз шежіресін Бек нояннан бастаса, Шанышқылы өз шежіресін Бектау (Бек дәу) деген адамнан таратады.
Боралдай ердің тіке ұрпағы деуге болатын Шанышқылының Қиятынан шыққан Лесбек Бәйімбетұлы 1945 жылы Боралдай шапқан Киевтің даласында қол бастап, Венгрияда көрсеткен ерекше ерлігінің арқасында Кеңес Оағының батыры болды. Оны орыстар «қазақ қыраны» деп атаған.

Пайдаланған әдебиеттер:
Ракушин А.И. «Жошы ұлысындағы моңғол тайпалары»,
И.С. Калашнико.в «Сұм заман».
С.Суразаков. «Алтай фольклор».
Оңтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір