ЕРЛІГІ ЕЛЕНБЕГЕН ҚАЗАҚ БАТЫРЫ немесе Ратушаға ту тіккен батыр Кенжебай Мәденов туралы

«Биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алады. Қазақстандықтар нацизмді талқандауға елеулі үлес қосты. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз барлық майданда жанқиярлықпен соғысты». Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі. Ұлы мереке қарсаңында ерліктің ерен үлгісін кеудесін оққа тосқан ержүрек майдангерлердің бірі көзі тірісінде батыр атағын алмаса да Кенжебай Мәденов туралы сөз қозғамақпыз. Биыл 100 жыл толатын батыр кім, оның ерлігін дәлелдейтін қандай құжаттар бар? Саралап көрдік.
Кенжебай Мәденов (1925 жыл 19 ақпанда Батыс Қазақстан облысы, Ақтайсай ауылында туған – 1974 жылы 26 желтоқсанда Атырау қаласында қайтыс болған) – екінші дүниежүзілік соғысы барысында «Берлин» операциясына қатысып, неміс фашистерінің Рейхстагтан кейінгі ордасы Ратушаға бірінші болып өз взводын бастап кіріп, оны жаудан тазартқан және ту тіккен, ерен ерлік жасаған батыр. Ол – есімі күллі қазаққа әйгілі, дауылпаз ақын, батыр Махамбет Өтемісұлының ұрпағы.
1943 жылы 8 қаңтарда 18 жасқа толмай тұрып, Қызыл армия қатарына өз еркімен аттанды. 1943 жылы қарашада Краснохолмск жоғары жаяу-әскерлер училищесінің командирлерді дайындау бойынша курсын аяқтаған соң 3-Украина майданының 8-гвардиялық армиясының 57-атқыштар дивизиясының 170-гвардиялық атқыштар полкінің пулемет бөлімшесінің командирі болып Кривой Рог түбіндегі шайқасына қатысты. 1944 жылы қарашадан бастап, 1-Белоруссиялық майданда 5-екпінді армия, 266-атқыштар дивизиясының, 1008-атқыштар полкі, 2-батальон ротасының 5-атқыштар взводына басшылық етті. Украинаны (Днепр өзені), Молдавия аумағын (Ясса-Кишиневтік операция), Польшаны, оның астанасы Варшаваны, Германияны (Висла-Одерлік операция) азат ету бойынша әскери шабуылдардың және Берлин шабуылының (Берлиндік операция) қатысушысы.
Кенжебай Мәденовтің ерлігі туралы бірнеше кітаптарда, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған: Маршал Г.К. Жуковтың «Воспоминания и размышления». В 3-х т. (Москва, «Агентство печати Новости», 1986 ж.); Клаус Похе, Ганс Олива. «Соғыс аяқталған түн» (Берлин, Неміс әскери баспасы, 1962 ж.); Ф.Е. Боковтың «Весна победы» (Москва, Воениздат, 1979 ж., Москва, «Мысль», 1985 ж.); М.И. Мержановтың «Бұл осылай болған» (Алматы, «Қазақстан», 1977 ж.); П.С. Беланың «Участие казахстанцев в завершающих сражениях Великой Отечественной войны» (Алма-Ата, «Наука», 1979 ж.); Жазушы Ғ. Слановтың «Тайсойған түлектері» (Алматы, «Жазушы», 1981 ж.); М. Қозыбаевтың «Қазақстан тарихы» (қазақ мектептерінің 10 сынып оқушыларына арналған оқу құралы) (Алматы, «Атамұра-Қазақстан», 1993 ж.); Жалынды ақын Қ.Р. Аманжолов «Шайқаста шыңдалған достық» еңбектерінде батыр туралы мәліметтер бар.
Маршал Г.К. Жуковтың «Естеліктер мен ойлар» (Мәскеу, 1986, Т.3, 248 бет) кітабында мынадай деректер келтірілген: «…29 сәуірде Берлин қаласының орталығында шайқастар басталды. Ратушаға 1008-ші атқыштар полкі (командирі полковник В.Н. Борисов) және 266-шы атқыштар дивизиясының 1010-шы полкі (командирі полковник М.Ф. Загородский) басып кірді. Танктердің, өздігінен жүретін артиллерияның қолдауымен келе жатқан біздің жауынгерлеріміз жаудың қатты шабуылына тап болды, сондықтан көшеде алға жылжу мүмкін болмады. Жаудың тегеурінді қарсылығынан Ратушаға тіке шабуыл қиын болды. Артиллерия мен реактивті қару арқылы атқылауға бұйрық бердім. Бүкіл ғимарат қалың түтінге оранды. Осы кезде бірінші болып аға лейтенант К. Маденовтың взводы кірді. Олар Ратушаның вестибюлі мен дәліздерде қоян-қолтық ұрыс жүргізіп, әр бөлмені ұрыспен қабылдауға тура келді».
Генерал Ф.Е. Боковтың «Жеңіс көктемі» (Мәскеу, «Воениздат», 1979, 244 бет) кітабында: «Бірнеше рет артиллерияның дәл соққыларымен Ратушаның қақпаларын қиратты. Солтүстік жағында екі ауыр танк Ратушаның терезелерінен оқ жаудырды және көп ұзамай қалың қара түтінге оранды. Ратушаға бірінші шабуылды аға лейтенант К. Маденов басқарған взвод жауынгерлері бастап кірді. Аға лейтенант К. Маденов қоян-қолтық күрес жүргізіп, Ратушаға ту тікті…» — деген болатын.
Әскери жазушы М.И. Мержановтың «Бұл осылай болған» кітабында (Алматы, «Қазақстан», 1977 жылы): «…Берлин Ратушасына үдере шабуыл жасағанда да шамасы осындай жағдай болды. Оған осы ұрыста қаза тапқан кіші лейтенант Бондаренконың бірнеше танктері және Ратуша ғимаратына бірінші болып кіріп қана қоймай, сонымен бірге қолма-қол ұрыс салған лейтенант К. Мәденовтің взводы батыл шабуыл жасады, ұрыс екі сағаттан астам уақытқа созылды», деген мәліметтерден Ратуша үшін шайқастың тарихи мәні зор болғанын түсінеміз.
Жазушы Ғ. Слановтың «Тайсойған түлектері» шығармасында: «Апрельдің жиырма тоғызы деген күні. Жас болса да, бұғанасы талай жорықта шыныққан лейтенантына бір жауынгер:
— Сізді батальон командирі шақырады, жолдас лейтенант! – деп жетіп кеп тұр.
Қимылына көз ілеспес, көз оты жарқ-жұрқ еткен талдырмаш Кенжебай батальон командирінің алдына кеп тартыла қалды, оң қолы шекесінде:
— Әміріңіздемін, жолдас…
— Саған әрі қиын, әрі абыройлы бір тапсырма жүктеймін, лейтенант Мәденов.
— Орындауға дайынмын!
— Маңдай алдымызда көкпен таласқан зәулім үйді көріп тұрсың ба? «Империя кеңсесі» деп аталатын фашистердің Рейхстагтан соңғы бір ордасы – осы. Ратуша дейтін еді ғой. Іші, тысы табан астына дейін жаудың мықты бір бекінісі. Осыған шабуылды бастап жеңіс туын тігу сенің взводыңа жүктеледі. Шабуылды ілкі бастайтын да сенің взводың. Сенің қимылыңды біздің батальон да, майор Алексеевтің батальоны да қолдайды. Совет Одағының батыры Алексеевті білуші едің ғой?
— Иә, білем.
— Білсең сол. Тапсырманы орындау да, орындалған соң абыройы да бәрімізге ортақ. Ратушаға жеңіс туын тігуге өзге жұрт қанша таласып еді. Бұл үлес бізге бұйырды ақыры. Қимылда шапшаң, Мәденов. Бар, орында!
Ең жоғарғы қатарларға осындай кескілескен ұрыспен өтті. Әйтеуір Ратушадай зәулім қорғанның ішіндегі қолма-қол шайқас талай сағатқа созылып еді. Ақырында «Империя кеңесі» жаудан түгел тазартылды да, лейтенант Мәденов Ратушаның төбесіне өз қолынан совет халқының жеңіс туын қадады.
Қызыл ту! Жеңіс туы. Түсі қандай қан күрең болып көрінді сол күні. Қан майданда қаһарман қимыл етіп, шаһит болған сансыз ердің қанына суарылғандай, бірақ ол қанның тегін төгілмегенін паш етіп, күреңіте көлеңдеп Берлин төбесінде Тайсойғандық баланың қадаған туы жалын атып тұрған-ды. «Алдағы жеңіске тарта бер, совет қаһарманы! Әлі де талай шайқас бар!» дегенді көлеңдеп те, желбіреп, жан біткендей қимылдап айтып тұрғандай. Осыдан соң лейтенант Кенжебай Мәденов батальон командирінің алдына келіп әскерше тартылып тұра қалды:
— Әміріңіз орындалды, жолдас…
Батальон командирі бұл жолы да лауазымын Кенжебайға айтқызбай, батыр лейтенанттың жауырынынан қағып-қағып қалып, құшағына орап алды да, бетінен балаша сүйе берді. Келесі сәтте батальон парторгы Рахметолла Қараманов дейтұғын және бір батыр да жүгіріп келіп, Кенжебайдың қолын қысып, сілкіп жатты. Бәрінің де бетінде нұр, көздерінде от. Айдаһардың бір ордасына жеңіс туын тіккенге бәрі дағы риза болып тұр еді» деп келтіреді.
Академик М. Қозыбаев «Қазақстан тарихы» 10-сынып оқулығы. – Алматы, «Мектеп», 2004, 222 бет) мынадай деректер бар: «Берлин операциясы барысында кеңес жауынгерлері ер жүректік, ерлік және жоғары шеберлік көрсетті. Олар бір ниетке – фашистік Германияны талқандауды мүмкіндігінше тезірек аяқтап, Еуропа халықтарына аңсап күткен бейбітшілік пен тыныштық әкелуге ұмтылды. Берлинге кіре берісте шайқас жүргізіп, Берлинге шабуыл жасаған кеңес жауынгерлерінің ерлігі екінші дүниежүзілік соғыс тарихының шежіресінде қалады.
Сағадат Нұрмағамбетов Берлин үшін ұрыстарға өз жауынгерлерін бастап кірді. Берлинге шабуыл жасауға жерлестеріміз Есжанов, И.Я. Сьянов, X. Қайдауылов, З. Тұрарбеков, X.Көбеков, Т.Бигелдинов, А.Еремеев, Н.Шелихов және баска да көптеген адамдар қатысты. Жас офицер Р. Қошқарбаев өзінің досы Г. Булатовпен бірге рейхстаг терезелерінің біріне алғашқылардың бірі болып алқызыл Жеңіс туын желбіретті, ал Орал өңірінің жас офицері К.Мәденов 1008-атқыштар полкінің туын Берлин ратушасының төбесіне тікті…» дейді. Демек аға лейтенант Кенжебай Мәденовтің Ратушаға алғаш шабуыл жасап оны бағындырып, ту тіккені туралы деректер мен айғақтар оның ерлігін растайды.
Сонымен Ратуша деген ғимаратқа түсінік берсек: «Қызыл Ратуша (нем. Rotes Rathaus) – Берлиннің орталығындағы қызыл кірпіштен жасалған тарихи ғимарат. 1861-1869 жылдары сәулетші Г.Ф.Веземанның жобасы бойынша салынған. Лана соборы мұнараларының бейнесі мен ұқсастығы бойынша салынған төртбұрышты қалалық зал мұнарасының биіктігі 74 метрді құрайды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ғимаратта басқарушы үкімет орналасты, кейін қирады. 1951-1958 жылдары интерьердегі өзгерістермен қалпына келтірілді. Қалпына келтірілгеннен кейін Қызыл ратушада Берлин қаласы басқару органы болды. 1991 жылдың 1 қазанынан бастап ғимаратта Берлин Біріккен жерінің үкімет (Сенат) резиденциясы қызмет етті. Мұнда қаланың басқарушы Бургомистрінің жұмыс кабинеті орналасқан» ғимарат қазірде маңызды роль атқарады.
Кенжебай Мәденов Фашистік Германия тізе бүккеннен кейін Солтүстік Кавказдық әскери округте рота командирінің лауазымында қызмет атқарды. Соғыстан кейінгі жылдары шаруашылықты қалпына келтіру мен бейбіт өмірді сақтау үшін әскери өмірін Батыс Қазақстан облысы бойынша Қазақ КСР мемлекеттік қауіпсіздік органдарында 1956 жылдан бастап Гурьев облысы бойынша жұмыс жасады.
Әскери қызметтің барлық кезеңінде подполковник К.Мәденов азаматтық борышты адал атқарудың үлгісін көрсетті. Қарапайым, кішіпейіл және қайырымды болатын. Ол жолдастарының зор құрметіне бөленген жан. Өскелең ұрпақ арасында үлкен әскери-патриоттық жұмыстар жүргізді.
Жауынгерлік ерлігі үшін Кенжебай Мәденов екі «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Қаратөбеден Берлинге жетіп, «Империя кеңсесі» деп аталатын Рейхстагтан кейінгі ордасы Ратушаға бірінші болып өз взводымен кіруі, оны жаудан тазартудағы белсенді ерлік істері үшін арнайы таңдалып, ЖЕҢІС ТУЫН ТІГУІ – ЕРЕН ТҰЛҒАНЫҢ ДАҢҚТЫ ЕРЛІГІ болатын. Махамбетше айтқанда:
«Дулығалы бас кескен,
Ту түбінен ту алған,
Мен – Өтеміс баласы
Махамбет атты батырмын!» – деп жырлағандай, тұла бойын аталарының рухы билеген, батыл да қайсар 20 жасар Кенжебайды «Отаным, елім, туған жерім, болашақ ұрпағым үшін» — деп лүпіл қағып соққан жүрегі өнегелі ерліктің бастауы болатын.
Жастарды отансүйгіштікке, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуде Кенжебай Мәденовтің ерлік дәстүрі өнеге болатыны сөзсіз. Біз ата-бабаларымыздың өнегелі ерлігін үнемі жадымызда ұстап, кейінгі ұрпақтарға үлгі еткен жағдайда ғана өз Отанын шексіз сүйіп, қорғау үшін жанын салатын азаматтарды тәрбиелейміз.
Абай Қабақбайұлы ДҮЙСЕНБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университеті, п.ғ.к., доцент