Қазақтың Қайымы
31.05.2024
150
0

Қазақтың қайталанбас тарихи тұлғасы, ғалым Қайым Мұхамедханұлының өмірден озғанына биыл 20 жыл толды. Осы орайда Семей жерінде ұлы ғалымды еске алу мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соныфң бір айғағы 140 жылдан астам тарихы бар Абай атындағы кітапханада «Қайым Мұхамедханов – ұлтқа қызмет» тақырыбында еске алу кеші өткізілді.

Кешке қаламгердің замандастары, зиялы қауым өкілдері, ұл-қыздары қатысып, жазушының өнегелі өмірінен естеліктер айтылды.
Кеште алаштанушы, ғалымның шәкірті Құсмилия Жырғалыұлы ұстазы Қ.Мұхамедханұлына арнаған арнау өлеңін оқып, ұлтқа қызмет еткен, Абайды өз биігінде қазаққа танытқан оқытушысы туралы естеліктерімен бөлісіп, А.Манабаевтың сөзіне жазылған Т.Базарбаевтың Қайымға арнап жазған «Жан аға» әнін орындады.
Жазушының қызы, профессор, «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығының» директоры Дина Мұхамедхан «Қайым Мұхамедханов – ұлт­қа қызмет» тақырыбында ой қозғап, әкесінің жарқын бейнесін тыңдаушыларға жеткізсе, Шәкәрім атындағы университет­тің оқытушысы Сәуле Қайсақызы «Қайым өлеңдерін 1930-1940 жж. латын графикасынан аудару тәжірибемде» ат­ты дәрісін оқып, ғалым Қ.Мұхамедханұлының еңбегі жайында тың деректер жеткізді.
Ә.Бөкейхан атындағы университет­тің кітапхана қызметкері Р.Мусабалинова Қайым туралы арнайы дайындаған бейнепоэзиясын көпшілікке ұсынса, тарихи тұлғаның өмір жолы, шығармашылығынан сыр шертетін «Қайым Мұхамедханұлы – өзі музей, өзі архив, өзі тарих» тақырыбында кең көлемді кітап көрмесіне жазушының әр жылдарда жарыққа шыққан еңбектері, мерзімді басылым бет­терінде жарық көрген мақалалары қойылды.
Шара соңында ғалымның қызы Дина Мұхамедхан кітапхана ұжымына, ұйымдастырушыларға зор алғысын білдіріп, қатысушылар Қайым ескерткіші басына барып, гүл шоқтарын қойды.
Жаланың дауылынан ықтамай, өзі музей, өзі архив, өзі тарих бола білген, қазақ әдебиеті саласының дамуына теңдессіз үлес қосқан ғалым Қайым Мұхамедхановтың өнегелі өмір жолын насихат­тау, ғалымның артында қалған баға жетпес мол мұрасын бүгінгі ұрпаққа дәріптеу – барша қазақ парызы.

Рима ҚАНАПИЯҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір