Қорғаны бол қазақтың!
19.10.2024
274
0

Батық Мәжитұлы

Ататолғау

Алдаспаның қайраулы,
Ер-тұрманың сайлаулы.
Алпамыстың атындай,
Байшұбарың байлаулы.
Жетемін де жеңіске,
Белдескенде беріспе.
Ақылдымен келіс те,
Ақымақпен керіспе.
Аярлыққа алданба,
Күнімдікті малданба.
Қараулықты қолданба,
Жау іздеме жалғанда.
Иілгенге – иілгін,
Шүйілгенге – шүйілгін.
Жұдырықтай түйілгін,
Адалдыққа сүйінгін.
Қорғаны бол қазақтың!

Көсемдігің – көзіңде,
Шешендігің – сөзіңде.
Қалыптасқын төзімге,
Қасиет­тен безінбе.
Құлақ түрме сыбырға,
Сүрінсең де, жығылма.
Қоқырайған кеппенің,
Қолтығына тығылма.
Арзандатпа арыңды,
Бағалай біл барыңды.
Аялағын аруды,
Құрмет­тегін дарынды.
Күштілерден ығыспа,
Күншілдерге жұғыспа.
Тазалықпен тыныста,
Тізгініңді нық ұста.
Қорғаны бол қазақтың!

Тәңіріңді танығын,
Жігеріңді жанығын.
Қара қылды қақ жарып,
Ажыратқын анығын.
Атақ қуып аптықпа,
Шатақ қуып шаптықпа.
Майыспағын жоқтыққа,
Масаймағын тоқтыққа.
Таптатпағын гүліңді,
Жоқтатпағын тіліңді.
Ластамағын үйіңді,
Тастамағын күйіңді.
Ұмытпағын иманды,
Ұрпақ үшін жи малды.
Намысыңның жолында,
Қажет болса, қи жанды!
Қорғаны бол, қазақтың!
Аумин!

Азат­тық . Алаш . Астана

1
Ұрпаққа мұра болар ұлы Астана!
Жүрекке ұя салар жыр – Астана,
Алаштың алтын тәжін жарқыратып,
Төрінде Сарыарқаның тұр Астана.

Желпиді самалымен саябағың,
Киелі алақандай аяладың.
Саздары Әнұранның
шалқығанда,
Бетімді күнге тосып
оянамын.
Ақорда,
ақ сарайлар,
алаң қандай!
Жақұт­тан керегесі қаланғандай.
Сарайшық, Алтын Орда, Отырарым,
Аңыздан ақиқатқа оралғандай.

Көрем де көркемдіктің мың өрнегін,
Жоғалған асылдарды түгендедім.
Қарайды ғасыр бізге еміреніп,
Қазақтың біліп отыр ұлы еңбегін.

Астана – азат­тықтың тірегіндей!
Халықтың қабыл болған тілегіндей.
Қайтадан тамырына қан жүгіріп,
Бабамның соғып тұрған жүрегіндей!
2.
Ұқсас қой қорыққан да,
қуанған да,
Жеткізді аман-есен бұған да Алла!
«Мың өліп, мың тірілген» ұлыс едік,
Отымыз өшпейді енді, күмәнданба!

Қазаққа миығынан күлгендер мың,
Мен бірақ үлесіме үлгергенмін.
Жасампаз, жаны жомарт елім барда,
Жарыста озбайтындай кімнен кеммін?!

Ақ пейіл адамдардың көңілі шын,
Ар-намыс оңалтады өмір ісін.
Ұрпағын шынықтырды ұлы дала,
Керемет келешекті көру үшін.

Сөйлейді,
сөйлейді әлі ұлы күндер,
Еркіндік, егемендік – ұлы мінбер.
Тектінің тұқымдары секілденіп,
Көк Туды көтергенде бірігіңдер!
3
Ескерткіш Елордаға сән береді,
Хас шебер бейнелепті Хан Кенені.
Батырдың тұлғасына қарағандар,
От шашқан жанарына мән береді.

Құлаққа ұрандаған ән келеді,
Өмірге қазақ болып қал дегені.
Тұрса да тұғырында тасқа айналып,
Ерекше ескертеді әлденені.

Кім келіп бұл далаға есірмеді?!
Өшікті өрнектерді өшіргелі.
Салтанат құрғаныңа іші күйді,
Қанына тартқандарды кешірмеді.

Қанша рет қапияда сөнді жалын?!
Қанша рет қабылдадық сорды қалың?!
Зорлыққа көнбейді екен мұзбалақтар,
Шаңқ ет­ті шың басында сол қыраның!

Шіркіндер, санасса ғой еліңді елеп!
(Санасқан көршілерге көңіл бөлек.)
Сау тұрып қол-аяғың қор болғанша,
Айқаста ат­тан салып өлу керек!

Тағдыры ұсынғанда тағы сынын,
Сүйенді қуатына ақ ісінің.
Хан Кене жауларына басын имей,
Отына жанып кет­ті намысының!
4
Ежелгі еркіндігін ел сағынды,
Қара орман, қасиет­ті жер сағынды!
Жарқ етіп, алдымыздан шыға ма деп,
Шиырлап алты қырды ер сабылды.

Махамбет жалындат­ты қанша жырды,
Қалдырды Исатайлар қаншама үлгі?!
Тәт­тімбет, Құрманғазы зарықты ғой,
Көре алмай дидарыңды сонша нұрлы.

Жүректе алапат бір сезім қайнап,
Толғанды хакім Абай өзіңді ойлап.
Шоқандар, Ыбырайлар сені іздеді,
Періштем, қайда жүрдің көзің жайнап?!

Біржан Сал, Ақандарға ән салдырдың,
Ұйқысыз талай таңды қарсы алдырдың.
Езгенде сары уайым екі иықты,
Еңсені көтере алмай шаршап жүрдім.

Жібіген күн түспесе тоңдар қашан?
Жеткізер із түспесе жолдар қашан?
Қазақты кім жарылқап, кім елейді,
Азат­тық,
қасыңда оның сен болмасаң!?
5
Сертінен айнымады зиялылар,
Ұлтының рухына ұя бұлар.
Ойласаң, Алашорда арыстарын,
Жас парлап жанарыңнан, күй ағылар.

Уақыт­тың анық білді жол ашарын,
Сондықтан әуелет­ті Алаш әнін.
Арлы ұрпақ шақырады, азат ұрпақ,
Осылай елестет­ті болашағын.

Өмірдің мағынасын жаңаша ұқты,
Мәңгілік сөресіне бәрі асықты.
Әлихан, Ахмет­, Жүсіпбектер,
Ғазауат майданында дара шықты…

«Тәт­тімен» алдапты ғой таңдайларды,
Тасқа ұрды кереқарыс маңдайларды!..
Үзілді өрмелеген жібек арқан,
Үміт­тің терезесі торға айналды.

Дүние көме­йінен зар ақтарды,
Ит жеді бауыры алтын шабақтарды.
Бақ тайып әулетінен ақсүйектің,
Қолына батырақтың қарап қалды.

Қорлады тұқымы асыл тұяқтарды,
Қоқыста умаждалып ұят қалды.
Жақсының жамандарға теңескені,
Заманның қасіреті сияқтанды.

Жоғалт­ты не мықтылар жолда жүгін,
Байқашы салыстырып,
сорлады кім?!
Қазақты – қазақ ат­ты өз жерінде,
Сүйекке таңба болды ол да бүгін!
6
Күшінен айырылды тілім, дінім,
Ойларын тұтқындады білімдінің.
Ұлт­тың тамырына у жайылып,
Қурат­ты ашылатын гүліңді кім?

Мен осы қазақпын ба, басқамын ба?!
Неге іштім «тентек суды» аш қарынға?!
Қалғыды тойып алған тоғышарлар,
Не сұмдық жат­ты мұның астарында?!

Тізгіннің неге бердік жатқа бәрін?!
Сұраусыз төгілді ме текке қаның?!
Отырдым күлімсіреп съездерде,
Бояуын айыра алмай ақ-қараның.

Көкезу көсемдерім бөсіп еді,
Орнаған «коммунизм» осы ма еді?!
Ұмытсақ құл болғанның қитұрқысын,
Болашақ қайтіп бізді кешіреді?!

Қағынан жерігенде өз қазағың,
Қалмады сөйлемде мән, сөзде жалын.
Күндер-ай, елес қуған!..
Өт­ті ол да…
Қайтеміз әңгіме етіп өзге жағын?!

Табады арналарын бұлақ күшті,
Тарих та өзіне сай ұнат­ты істі.
Қызыл ту, қызыл патша отырған тақ,
Шындыққа шыдай алмай құлап түсті.

Әр сәті еркіндіктің қымбат қандай?!
Балаңа жырын оның тыңдат талмай!
Көзінде бостандықтың қуаныш бар,
Көзінде бостандықтың мұң жатқандай!

Салмағы жүктерінің ауыр қандай?!
Жон арқа шынықпайды жауыр болмай!
Атаның аманатын орындағын,
Атасын сүйіп өскен бауырлардай!

Нағыз ер белін буды аянбауға,
Болмайды асықпауға, аялдауға.
Есінеп жүргендердің есін кіргіз,
Хақы жоқ енді олардың оянбауға.

Өткендер еліміздің күнін көрмей,
Қайтадан түрегелді тірілгендей.
Түсінді қателігін сұм дүние,
Қасарған әкеміздің құнын бермей.

Не деген кереметсің азат күнім!
Қарайды биіктерден қазақ бүгін.
Қақ жарып қабірлерді өсіп тұрған,
Көктемнің иіскеймін ғажап гүлін!

Азат­тық –
мәртебелі мақтанымсың!
Шат­тығың шашу болып ақтарылсын!
Шабыт­ты қамшылайтын кезең келді,
Ақындар арқаланып атқа мінсін!

Қыранға өріс болар аспанымсың,
Төбесі көк тіреген асқарымсың.
Қариясың мың жасаған ойы дана,
Жанары жарқылдаған жас дарынсың.

Күнімсің күлімдеген, көктегі айсың,
Теңіздің толқынындай тоқтамайсың.
Анамның көздеріндей көздерің бар,
Елжіреп сәбиіңе көп қарайсың.

Жолыңды ұзартады жалғап әр күн,
Жер беті табысыңа таңданар мың.
Өзіңнің уысыңда жаным, арым,
Сен болсаң Қазақ­стан, мен де бармын!

Сауалдар салмағы

Қаймағы бүтін бірлігің бар ма,
Өнеге тұтар тірлігің бар ма?
Нартәуекелмен ырғыдың ба алға,
Жаныңа жағар жыр күнің бар ма?

Тоғышарлықтан жирену бар ма,
Аталы сөзден үйрену бар ма?
Ата сақалдан имену бар ма,
Алаламастан үйге ену бар ма?

Уәдені жұтпай орындау бар ма,
Арқасы қозып арындау бар ма?
Жанартауға ұқсап жалындау бар ма,
Далаға тартып тарылмау бар ма?

Көкбөрілердей тайынбау бар ма,
Көріпкелдердей пайымдау бар ма?
Ертерек бәрін дайындау бар ма,
Кемшілік кетсе мойындау бар ма?

Келістіретін кесімің бар ма,
Кілт­темейтін есігің бар ма?
Өркенін жаяр өсімің бар ма,
Алаштан қалған бесігің бар ма?
Сауалдарға айтар шешімің бар ма?!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір