Жеңісті әнмен жақындатқан Қасым мен Константин жырлары туралы
Бір қызығы, осы екі өлеңді мен бала кезден білемін. Біреуін жаттап өстік, біреуін баптап өстік. Бұл өлеңдер кешегі ел басына күн туған кезде өмірге келген. Опатты кездегі окопта туған поэзия. Өмір мен өлім, күн мен түн, ақ пен қара айқасқан шақта ақындардың махаббат жайлы толғауы түсінікті. Себебі жас жауынгердің алаңдауы – заңдылық. Сарбаз буырқанып-бусанып, мұздай темір құрсанып келе жатқан дұшпанға емес, артта қалған аруына мұңаяды.
Жди меня и я вернусь,
Только очень жди.
Жди когда наводять грусть.
Желтые дожди,
Жди когда снега метуть жди
когда жара.
Жди когда других не ждуть
позабыв вчера
Отан – туып-өскен елің, жерің. Дей тұрғанмен артыңда ару қалғаны – қандай ғанибет, сонымен қатар неткен азап. Сондықтан да Константин Симонов «Жди меня» дейді. Ақынның бұл – шын сөзі. Өйткені автор орыс қызының психологиясын жақсы біледі. Сондықтан да сұрап отыр. Симонов бұл шайырды Валентина Сероваға арнаған. Өлең 1941 жылы жазда шыққанмен араға уақыт салып, 1942 жылы бұрқ ете қалды. Иә, бұл өлең сол сұрапыл кездегі шөліркеп келген шақта кәусар бұлақтай ең керек, ең қажет болмаса, таң алдындағы терезеден түскен сәуледей әр жауынгердің жанына жақын бойтұмары болды. Осындай шақта қазақ сарбазы Қасым былай дейді:
Өңімде ме еді, түсімде ме еді,
Көріп ем ғой
бір армандай қызды.
Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс соқты да бұзды.
Сапырды дауыл тебіренді теңіз,
Тулады толқын,
шайқалды шың құз.
Қып-қызыл өрттің
ішінде жүрміз,
Қайда екен қайда,
Дариға сол қыз?
Қазақ сарбазы ауылда қалған аруға алаңдауға уақыты жоқ. Себебі теңіз тебіреніп, дауыл сапырып жатыр. Ең бастысы, елді, жерді аман сақтап қалу керек… Оның үстіне Отан үшін от кешкен кезде қиғаш қасқа қарайлайтын заман емес. Ал біле білген адамға алаштың аруы азаматын жорықтан күтетіні бесенеден белгілі. Қазақ әйелдері жарының төсегін ешқашан былғамаған, жаман атқа қалдырмаған. Көзі ашық оқырман оны жақсы біледі. Басқасын қойғанда Әбіш ағамыз бен Асқар Сүлейменовтің үйіндегі апаларымыз осы ерлік пен өрліктің өкілдері емес пе?
Тағы да Константин Симоновты тыңдайық.
Жди когда из дальних мест,
Писем не придет.
Жди, когда уж надоест,
Всем, кто вместе ждет.
Жди меня и я вернусь,
Не жалей добра.
Всем, кто знает наизусть,
Что забыть пора.
Ақын өзінің хабар-ошарсыз кетсе де, тіпті тұтқынға түскен күнде де бәрібір келетінін айтады. Тек сен күтсең болды. Басқасының бәрі де екеумізге бөгет болмас. Тек күте біл! Бір өтініш, бір тілек. Көкейдегі айтылмаған жалғыз ауыз ақырғы сөз – сен ешкімге қарамашы. Тірі жанға бұрылмасаң болғаны. Басқасының бәрі – бос дүние. Тек мені күт, күтші мені! – деп жалынғандай. Өлең өте жақсы. Сай сүйегіңді сырқыратады. Алайда бұл қазаққа тән философия емес. Біздің батырларымыз жорыққа аттанғанда, «Уа, аруақ! Уа, ақсарбас! Жолымызды оңғара көр! Жауды жеңіп туған елге аман-есен қайтуға Алла нәсіп етсін!» деп тілек тілеген. Мүмкін, сондықтан да болар «бала белде, қатын жолда» дегені, әйтпесе Махамбет «Қоғалы көлдер, қом сулар кімдерге пана болмаған, басына жібек байлаған арулар кімнен қалмаған» деп айтпас еді ау…
Қайтадан осы Қасымға оралайық:
Оқ тиді келіп, қайратым кеміп,
Барамын сөніп келмейді өлгім.
Тұрғандай сол қыз жаныма келіп,
Талпына берді қайран жас көңіл.
Барамын сөніп, барамын сөніп,
Жұтар ма мені мына сұм соғыс.
Арманым бар ма, өлсем бір көріп,
Қайда екен қайда, Дариға, сол қыз!
Өң мен түстей адамның есі кіресілі-шығасылы шақта осындай суреттің келуіне сенесің, иланасың. Тұрғандай сол қыз жаныма келіп. Құдды кино кадрлар және автор арудың киімін айтпайды. Оқырманның өзі шешсін дегендей. Иә, мынау қою қара түтін басқан жер, дүние қопарылған әлемде адам аяғы өлікпен қираған техникадан жүре алмай тұрған кезде, үстінде ұзын көйлек, қызғылт камзол киген ару қыз оқ пен өртке қарамай саған қолын созады. Әлде, сені көріп бақыттан басы айналып күлгендей ме, болмаса мына мүшкіл халіңе қарап, көкірегіне өксік келіп жылағандай ма? Бұл Әуезовтің Қарагөзі ақылынан адасқан шағындай. Болмаса, Король Лирдің қыздарынан пана таппай шыққандағы дүлей дауыл өміріндей өксік кезең «арманым бар ма өлсем бір көріп, қайда екен қайда, Дариға, сол қыз» дейді. Бұл жастыққа тән романтика ғана емес, бұл – ер жігіттің арманы. Өмірін кім үшін қиғанын сұлу қыздың көргені абзал. Қазақша айтқанда, бұл – арман, өлім – ақ өлім. Отан үшін, елі үшін шейіт болған батырдың соңғы сәтінде елес болған ерке қыздың келуі, оған қол созуы – эпостық көрініс. Қыз Жібек фильміндегі Төлеген өлгенде, ақ боз аттың ер тоқымсыз елес болып бара жатқанындай. Қарапайым өлеңнің эпикалық күші, романтикасы. Қасымның өлеңі – осымен ерек, осымен құнды.
Константин Симоновқа қайта оралсақ:
Жди меня и я вернусь,
Всем смертям назло.
Кто не ждал меня тот пусть,
Скажет – повезло.
Не понять не ждавшим им,
Как среди огня.
Ожиданием своим ты спасла
меня,
Как я выжил будем знать.
Только мы с тобой,
Просто ты умела ждать.
Как никто другой.
Өлеңдегі қайталана беретін «жди меня и я вернусь» деген жолдар бұл тек поэтикалық әдіс емес, бұл психологиялық тұрғыдан нысанаға дөп тиген сол шақтағы миллиондаған солдаттың бірге соққан жүрегінің дүрсіліндей.
Біздің Қасым да дәл солай:
Жеңдік қой жауды арман не
құрбым,
Күркіреп күндей өтті ғой соғыс.
Келемін қайтып,
өлеңімді айтып,
Қайда екен қайда,
Дариға, сол қыз?!
Соңғы жол тағы да қайтаналанып тұр. Бірақ Қасымның өлеңінде еркелік бар, ерлік бар, өрлік бар оптимизм тұнып тұр. Өйткені ақынды тосқан, күтіп жүрген, қара ормандай қиындыққа қарамай қара жолға алаңдаған ару бар. Ол – қазақ қызы. Өйткені қара қыздың атасы қашанда «Жаным – арымның садағасы» дейтін-ді. Иә, осындай тәрбиені көрген қыздың басқаша болуы елес боп келгенмен, «ер-азамат егеулі найза қолға алып, екпін-екпін жер шалғанда» күтпеуі мүмкін емес. Иә, солай. Біздің қыз Қасымның ғана Дариғасы емес, қазақтың Дариғасы. Әр қазақтың іштей іздейтін, тосатын, күтетін ару қызы.
Талғат ТЕМЕНОВ