ӨТКЕН ШАҚ пен ОСЫ ШАҚ ЖЫРЛАРЫ
22.04.2025
199
1

Әкелері қан майданға ат­танғанда, бесікте қалған балалар қазір немереден шөбере сүйіп, баба атанып отыр. Олар соғыстан кейінгі жылдардағы қабырғаны қайыстырып, омыртқаны майыстырған тұрмыс тауқыметін молынан көріп өсті. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Айтқали Нәріков 20 маусымда мерейлі 85 жасқа толмақ. Ол еңбек жолын кітапхана меңгерушілігінен бастап, біршама жыл әскер қатарында болды. Пединститут­ты тәмамдап, ұзақ уақыт бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті еңбек ет­ті. Қазақстан Жазушылар одағына қызметке шақырылып, Көркем әдебиет­ті насихат­тау бюросының Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары бойынша уәкілі қызметін атқарды. Айтқали ақынның өлеңдегі тұсауын қазақ жырының классигі Қадыр Мырза Әлі кесіп, 1970 жылы тұңғыш өлеңдер жинағына жол ашқан еді. Содан бері өткен жылдар бедерінде жиырмаға жуық поэзия, проза, публицистикалық кітабы оқырманға жол тарт­ты. Ақын Айтқали Нәріков еліміз үшін өте күрделі кезең болған 1990-1993 жылдарда Қазақстан Жазушылар одағы облыстық ұйымына («Аққұс») жетекшілік ет­ті. Кексе қаламгер қазірде де облыстың мәдени өміріне атсалысып келеді. Өмірдің тәт­тісінен гөрі ащысының дәмін көбірек татқан, қатары сиреп бара жатқан ұрпақ өмірінен хабардар ететін өлеңдерді оқырман қауым жатсынбас деп ойлаймыз.

Бауыржан Халиолла, ақын,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының хатшысы

Айтқали НӘРІКОВ

Халықаралық «АЛАШ» әдеби сыйлығының лауреаты

Әке
Алға қарай басып келем нық қадам,
Дауылдарға арқа тосып, ықтаман.
Әке, өзің от кешуге кеткенде,
Сәби екем қырқынан да шықпаған.

Ол жылдардың біліп өстім мән-жайын,
(Жүректе жыр, көмейімде ән дайын).
Бір сипар деп сенің алақаныңды,
Аңсап келе жатыр әлі маңдайым.

Берілгем жоқ буына арзан желіктің,
Алға қойған мақсатыма берікпін.
Сұрапылға ат­танған сол жылдағы,
Әке, сенің жасыңа да келіппін.

Келемін мен еңбек етіп, тер төгіп,
Осылайша жақындайды ертеңім.
Тіледің де ұлым аман болсын деп,
Қызыл отқа кет­тің өзің өртеніп.

Жасыра алман көңілімде мұң барын,
Бір өзің деп үздігумен жүр жаным.
Алып барам соғыс жайлы киноға,
«Атам қайда?» – деп сұраса ұлдарым.

Шайқалмайды енді менің тұнығым,
(Сескенгенге сенім деген – тың ұғым).
Мәуесі мол шынар болды бұл күнде,
Әке, өзің еккен бір тал шыбығың.

Мен де бағбан, жүре алмаймын найқалып,
(Әке, өзіңе ұқсастығым байқалып).
Күні ертең-ақ ну орман боп кететін,
Шыбықтарым келеді өсіп, жайқалып.

Тұлабойға қуат тасып от жүрек,
Шынарларым шыға келер көк тіреп.
… Төңіректі жіті шолып тұрмын мен,
Орманыма өрт түспесін деп тілеп!

Түсіме еніп…
Депті әкем ат­танарда: «Тыңда, балам,
Сұрапыл соғыс ат­ты сынға барам.
Қош-сау бол, көріскенше қайта айналып,
Тел қозым, талбесікте іңгәлаған…»

Бұл жайды қариялар айтады көп,
От жылдар тұнығымды шайқады кеп.
Күт­тім мен мың тоғыз жүз қырық бесте,
Әкешім үйге қашан қайтады деп.

Күт­тім мен қара жолдан көзімді алмай,
Май тасыған жүрді арба сезімді алдай.
Кеш болса, жолын бағып тұратынмын,
Үстінде сол арбаның өзің бардай.

Тұрмыс шат, өмір бұл күн – арайлы айдын,
Келмейді артқа тіпті қарайлағың.
Қан толып қос көзіне соғыс та өт­ті,
Тағдырын талқан етіп талайлардың.

Тұрған соң жазымыштың күші келіп,
Сан ардақ сандалды ғой мысы кеміп.
Жан әкем, қазір де сен жүрсің ылғи,
Ақ шашты азамат боп түсіме еніп!

Қара сиыр
Соғыс сұмдық түтеп тұрған кез еді,
Шат­тық семіп, қайғы деген тез өніп…
Біздің де әкей кет­ті қанды майданға,
Зұлым жауға кек қаруын кезеніп.

Әке сері – көмейінде әні бар,
Дейді екен: «Малды қойшы, табылар».
Мал дегенде, қара сиыр болды бір,
Ауламыздан өрген жалғыз жануар.

Жазда өрістен маң-маң басып келетін,
Қыста ықта шөп-шаламды теретін.
Сол жылдары қоңы болмай жүрсе де,
Бір сауғанда, бір шелек сүт беретін.

Қуырды ғой, қуырды ғой апшыны,
Соғыспенен қатар келген тапшылық.
Бір кесе сүт бір күнге өмір ұзарт­ты,
Жалғаны жоқ, мұның бәрі – нақ шыным.

Жұмыста ана тесік өкпе, күстабан,
Тағдыр сыны жан-жағынан қыстаған.
Ұзақты күн үйде оңаша қаламыз,
Үйемелі-сүйемелі үш бала.

Күрп-күрп еткен сүт­тің қандай ағысы!
Кіп-кішкентай саусақтары қарысып,
Отыратын он бір жасар әпкеміз,
Қара сиыр бауырына жабысып.

Жүрді әкенің жоқтығы өте білініп,
(Келеді деп күбірлейді бір үміт…)
… Біздің өмір бейбіт күнге жет­ті ғой,
Қара сиыр желініне ілініп.

Досыма хат
Қызықты ойындардан қалыс қалып,
Бағынан балалықтың алыстадық.
Білдіртпей есейтетін өзіңе де,
Байқасаң, уақыт­та бар ұсталық.

Көп пе, аз ба біршама жол жүріліпті,
Батып күн, талай таңдар түріліпті.
Ырзамын тірлікке бұл десем-дағы,
Көңілдің бірі – хош та, бірі – күпті.

Деме сен уайымшыл боп кеткенің не?
(Түспейді қайғы бұлты бетке мүлде).
Күйбеңмен күнделікті жүріп біздер,
Сезбеппіз егделіктің жеткенін де!..

Сәт сайын аман-саулық сұрап тұрған
Жерде емес, жүрсің ғой сен жырақ қырда.
Арманшыл жүрегіме жыр ұйытып,
Мен болсам, қаланы осы тұрақ қылғам.

Соңымнан жүресің сен іздеп келіп,
Шын достар бір-бірі үшін үзбек демін.
Бір шығып құмарымнан қалам мен де,
Балғын шақ көз алдымда тізбектеліп.

Несіне тоқталайын айтпай бәрін,
Жетімдік маңдайға бұл жастай «дарып».
Екі үйдің төрінде де екі орын бос,
Әкеміз қан майданнан қайтпай қалып.
Арылып бұлт­тарынан тұнжыр аспан,
Өт­ті күн, дауыл жұлқып түндік ашқан.
Үстіне жұмыр жердің тік бастық қой,
Өткеріп қиын-қыстау күнді бастан.

Суалмай тұрса бойда тамыр – ағын,
Тек достық менің әркез табынарым,
Тік ұстап ар туындай жүрейікші,
Еңкейтпей осы екі үйдің шаңырағын!

Турабилер

Екі ұлым – екі құрыш қанатым,
Қос шырағым маңдайымда жанатын.
Топшым талып, құлап түссем солар ғой,
Мен жетпеген жерлерге ұшып баратын.

Бірақ, бірақ шаршау маған ерте әлі,
Кезім ғой бұл «желіп жүріп», жер таныр.
Ойға алғаным орындалып жатса да,
Арман-түлкі жеткізбей бір, жортады.

Жан емеспін өз ойына тұншығар,
Сырымды ашсам, бұлт­ты түріп, Күн шығар.
Біздің үйде келеді өсіп екі өрім,
Келеді өсіп Турабидей сыншылар.

Олар ешбір маймөңкеңді білмейді,
Тапқыр әзіл айтсам да, әсте күлмейді.
Олар менен күтеді ылғи ірілік,
Әрқашан да жұрт алдында жүр дейді.

Ой айтады бипаздамай, кесімді,
(Айт­ты, болды! Бар мәселе шешілді).
Кей уақыт­та мен оларға әке емес,
Менің әкем осы екеуі секілді.

Суретші Сәкен Ғұмаровтың үйінде

Қабырғада қанша сурет ілінген!
Дал боламын түсіне алмай бірін мен.
Шарасыздық шырмап алған санамды,
Сезіледі демімдегі дірілден.

«Адам деген алты аяқты бола ма?
Үшбұрыш бас – үйлеспейді жобаға».
Осы ойлармен ұзақ қарап тұрамын,
Тығырыққа тіреліп сан жорамал.

Тажал түсіп келе жатыр ғарыштан,
Құбыжықтар бір-бірімен алысқан.
Бұраңдайды айдаһардың құйрығы,
Кеуде жағы – жалы құлаш арыстан!

Анау аспан, осы мына жер үсті,
Неге сонша бір-бірімен керісті.
Алауыздық адамдарды аздырып,
Ібілістер тойлап жатыр жеңісті…

Бір сурет­те – шыңырау мен қия-шың,
Шыңырауға салған … Қыран ұясын?!.
Қия шыңға өрмелеген жыланға,
Биіктікті қалай ғана қиясың.

Адам неге ойға бәрін жыяды?
Бір басына солар қалай сыяды?
Түсінбесем, түсінбей-ақ қояйын,
Ғажап бірақ Ғұмаровтың қиялы!

Мойын бұрмай қылығына тасырдың,
Сәкен аға, сен өнерге бас ұрдың.
Сурет­терің бет-бейнесі сияқты,
Қан құстырған жиырмасыншы ғасырдың!

Адамдар аз заманамен бір үні,
Көп нәрселер ойлантпайды тіріні.
Ғұмыры ұзақ іс тындырам деп жүріп,
Қысқа болды Ғұмаровтың ғұмыры.

Тірлік кештім қасқыр да тоқ,
қой да аман,
(Немкет­тілік, бойкүйездік,
сол жаман).
… Сәкен салған сурет­терді көргенде,
Осы күні кәдімгідей ойланам!

Дауа

Жалқының жалмап жалғызын,
Таптаған гүлді ал қызыл.
Атылған тура оқ екен,
Ажалға дауа жоқ екен.

Атағы асқан дарынды,
Ақылы кеміс, жарымды,
Дейтұғын бәрін тең етем,
Көрге де дауа жоқ екен,

Сызылып қойған бұрыннан
Бағыт­тан кім бар бұрылған?
О бастан дайын тор екен,
Тағдырға дауа жоқ екен.

Отырып тақта «ысқырған»,
Төрт құбылаға күш қылған.
Өлген соң патша, қор екен,
Мансапқа дауа жоқ екен.

Көбелектерде кәрі жоқ,
Қарт­тық шіркінге дәрі жоқ.
Бәрі де жалған, б…қ екен,
Жылдарға дауа жоқ екен.

Мәңгілік өмір сүрердей,
Бір өзі бәрін білердей,
«Ішкен мас, жеген тоқ екен»,
Пендеге дауа жоқ екен.

Бос орындар

Өткен жылдар өзінше ырыс бөліп,
Бірте-бірте келеді тыныс кеңіп.
Жастық шақтың ауылы алыстады,
Көмір қара шашыма күміс қонып.

Бұрынғыдай тәт­тіге тамсанбаймын,
Лауламайды жалыным, жансам қай күн.
Шақырмайды жасыл бақ бұрынғыдай,
Бұрынғыдай бұлбұлдар ән салмайды.

Жүрек жинап қам көңіл қара дағын,
(Өн бойымды күйдіріп барады ағын).
Дүниеден дүбірлі кетіп жатыр,
Сүрінгенде, сүйенген ағаларым!
Кемелденген кезім ғой, өмір көріп,
Оңға-солға жүретін көңіл бөліп.
Азайған соң «әй, бала» дейтін жандар,
Шыға келді әп-сәт­те төрім кеңіп…

Жөн сұрағам, олардан жол сұрағам,
(Ұрпақтары кейінгі болсын аман).
Үңірейіп бос тұрған орындарын,
Енді қайтіп, апыр-ай, толтыра алам?..

Жалдылар
Әнші Сағадат Рахметжановқа

Бұл өңірде болған талай арғымақ,
Қия құздан өте шыққан қарғып-ақ.
Құлаш жалы түседі екен тізеге,
Бір арнаға құйылғандай сан бұлақ.
Батыр мініп, жауға шапса – алапат,
Бәйге болса, дүбіріне – дала шат.
Қысқа күнде түскен қанша додаға,
Қайда да сол бас жүлдені ала сап.

Құрманғазы бабамызда жал болған,
Жан болмаған қара күште әлді одан.
Күй тартқанда, інген иіп, құс ұшпай,
Тербеліпті қараша үй мен сәнді ордаң.

Жас кезіңде не көп десең, желік көп,
Егделендік соның бәрін көріп кеп.
Қадыр аға қатарынан ерек-ті,
Жал өсірдік сол ақынға еліктеп.

Бұл өмірден өт­ті қанша дүлдүлдер,
Іздеріне өсті қанша тың гүлдер.
Мыңнан бірдің аты қалар артында,
Алдын-ала кімдер мұны білдім дер…

Сен келесің сахнаның сәні боп,
Теңесер жан Ақ Жайықта әлі жоқ.
Мен де келем өлең толғап өзімше,
«Осы ғана – өмірімнің мәні» деп.

Ерте, кеш пе жүрегіміз тоқтайды,
Қимасымыз арқалайды көп қайғы.
Қалың елдің қабырғасы қайыспас,
Жоқтайтындар бізді, әйтеуір, жоқтайды.

Өз қызығын күннен-күнге еселер,
Түк сезінбес біздер жүрген көшелер.
Бір жүзтаныс жан-жағына қарап ап,
«Бұл жалдылар қайда кеткен?» десе, дер.

Күн де шығар, шығып жүрген орнынан,
Ай да туар, туып жүрген оңынан.
Іздейтіңдер іздер сенің дауысыңды,
Құлағынан кетпей қойып сол бір ән.
Мен де өзіңдей күдері жал ағаңмын,
Қандайлығын білмен елді бағамның.
Өлеңдерім тез ұмыт боп кете ме?
Осыны ойлап, інім, саған шағам мұң.

Жыр болмаса құр әуеннің «тілі» жоқ,
Үндескенде әуелейді құдірет.
Сенің әнің, менің жырым
жоғалмай,
Ел есінде жүрсе екен тірі боп!

Сел сезім

Дүрілдеп тұрған дүние
Дірілдеп кетсе, кім ие?..
Іргеде жүрген ібіліс
Іркілмей кірер үйіңе.
Белгілі қарсы тұрарың,
Қолыңда қандай құралың?
Пәленің бетін қайтарар,
Төріңде бар ма Құраның?..

«Мұсылманшылық кімде жоқ,
Тілде бар да, дінде жоқ».
Арқырап жүрген ағаның
Сөзі мен ісі тұр бөлек.

«Доллар да доллар, доллар» деп,
Табынып жүрген қорлар көп.
Яго менен Жантықтар,
Жарытпас елге қорған боп.

Жүрістен тура жаңылып,
Айырылып естен, аңырып…
Құдайға қарсы шыққан бар,
Құдайдың атын жамылып.

Иегінде қаба сақалы,
Сөзі жоқ айтар аталы…
Ортамнан шықты дінбұзар,
Жаныма осы батады.

Төңірек таппай жарасым,
Ұлғайт­ты жүрек жарасын.
Айырмай жүрміз біз неге,
Ақ пенен қара арасын?

«Не десең, о де бұ халық
Үйренген бәрін құп алып.
Тынысын тар қып кет­ті ғой,
Жетпіс жыл қысқан бұғалық».

Деймін де, қайта ойланам:
Тереңге кім бар бойлаған?..
Бойкүйездік пе кінәлі,
«Қасқыр тоқ және қой да аман».
….Зулайды күндер, асып ай,
Тағат тап, көңілім, жасымай.
Заманға қожа жандай бір,
Зілмандай болған басым-ай!

Алыста…
(Нәсіпқали Қайырқомұлына)

Бастауым менің ауыл-ды,
Ауыл деп жаным ауырды.
Есімде сақтап келемін,
Бірге өскен құрбы, бауырды.

Жер басып тұрса табаным,
Антейдей қуат аламын.
Қалалық болып жүрсем де,
Далалық болып қаламын.

Таптадым қанша көшені,
Таппадым кеткен есені.
Тұрады алда көлбеңдеп,
Бастан кешкенім кешегі.

Аядай ауыл Мешейдің,
Мұңдасы болып, есейдім.
Түтінін жалғап келемін
Ошағы өшкен неше үйдің…

Таң ат­ты, қанша күн бат­ты,
Тіршілік жырын тыңдат­ты.
Жылдармен жылжып кеткендей,
Шақтарым сонша қымбат­ты.

Бірде олай, бірде бұлаймын,
Тағдыр тезіне шыдаймын.
Шырылдап тұрған шыбын жан,
Аманаты ғой Құдайдың.

Түстік қой қанша жарысқа,
Шаптық қой қанша намысқа,
Қалың тұманды бүркеніп,
Қалыпты-ау бәрі алыста!..

Тірлікте

Зулайды күндер жебедей,
Ешкімнің жайын елемей…
«Бағытым дұрыс, бұрыс па?»
Адамға кейде келеді ой.

Заманмен мына дүрлікпе
Болу да қиын бірлікте…
Бақыт­тан бәрі үміткер
Бескүндік жалған тірлікте.

Жолыңды ашса ақ қылып,
Түңілу деген жат қылық.
Арманшыл алға қарайды,
Қиялға қанат қақтырып.

Өзді-өзді қонақ білгенге,
Жер басып осы жүргендер.
Асығыс кетіп жатады,
Асығып өмір сүргендер…

Ынжық па пенде, алғыр ма,
Аяқтан қанша шалдырған…
Басыңды иіп тұрасың,
Өкпе-наз жүрмес тағдырға.

Айтқанда сөздің төтесін:
Сүзгіден қанша өтесің.
Аңқау боп бастап өмірді,
Ақылман болып кетесің!

Сабақ…

Біртіндеп жылжып жатыр ай,
Зулаған күнге шағым аз.
«Өлмеген құлға апыр-ай,
Болып қапты тағы жаз».

Жеткізбес арман алдымда,
Жүйіткиді әрең шаң беріп.
Шау тартып әлде қалдым ба?
Барады бойда әл кеміп.

Замана жылдам өзгеріп,
Түсінбей келем бұл жайт­ты.
Біреуге бақыт тез қонып,
Біреуге қайғы ұлғайт­ты.

Мұңайсам, мұның несі мін,
Жүрегім жиі соғады.
Ісім бар күткен шешімін,
Сапарым біткен жоқ әлі.

Жақсылы-жаман көргенім,
Өмірде сабақ болыпты.
Демеймін қазір төрдемін,
Ортадан орын жолықты.

Ас ішіп, ауа жұтамын,
Құштармын осы тірлікке.
Ұрпағым – менің бұтағым,
Болса екен деймін бірлікте.

Соңымда қанша белестер…
(Алдымда азын білемін).
Өткен шақ көзге елестер,
Есте ұстап бәрін жүремін.

Таусылмай тұрса несібем,
Әлі де ғұмыр кешермін.
Қаймығам оның несіне,
Өшетін кезде, өшермін!..

Айта алар

Үміт етіп балдырғаннан, өндірден,
Адам өзін өмір бойы сендірген.
Болар бала байқалады үйінде,
Кейін, сосын, оны бүкіл ел білген.

Пенделікпен мастанбайтын
табысқа,
Қанат­тының тұғыры да алыста.
Адамдарды бөлген емес өсер ұл:
«Мынау жақын, иә мынау алысқа».

Ортақ оған жақсы-жаман елдегі,
Не болады сыртқа тепсе пендені.
Бірақ, бірақ. Отырады безбендеп,
Ортақ іске сіңді кімнің еңбегі!

Мұның өзі өте-мөте маңызды,
Кімдер қалай түсінеді парызды?
Сын сағат­та қасиетің білінер,
Жайшылықта бәріміз де жан ізгі…

Заңғарлардың жаны қалай жай табар?
Таршылықта татымдылар байқалар.
Азаймасын азамат­тар арада,
Ақ-қараны дәл айырып айта алар!..

Құрдастар

Болдық біз де бір кездерде қыз-жігіт,
Сүйдік-күйдік керемет­тей үздігіп.
Енді, міне, көктем өт­ті, жаз кет­ті,
Төрге шықты, егделіктей күз кіріп.

Ұлдар өсіп, қонып жатыр ұяға,
Қыздар өсіп, ұшып жатыр қияға.
Сонда-дағы адам жастық шақтарын
Ұмыта ма, кәрілікке қия ма?..

Қолпашы боп қартаймайтын көңілдің,
Қызығына тоя алмайсың өмірдің.
Айлар ағып, жылдар жылжып жатады,
Зая кеткен еңбегіңдей негрдің.

Дос-жараның сын көзімен қарайды,
Артық басқан адымыңды санайды.
Шалыс бассаң, табасына қаласың,
Алыс бассаң, ақылдыға балайды.

Өмір – өзен бір батасың, бір шығып,
Кең тыныс ап, сосын, тағы тұншығып.
Алма бет­ті әжім шіркін, шимайлар,
Өз дегенін істеп тынар тіршілік.

Біраз шаптың, ілестің де арынға,
Келіп-келмей ойға алғаның қарымға.
Мінезіңнен сәт сайын бір мін тауып,
Суық тартар жаныңдағы жарың да.

Ұмытасың «алмас қылыш» жарқылын,
Мойындайсың табиғат­тың тәртібін.
Немерең кеп, «ата-әже» деп тұрғанда,
Жым боласың, шығара алмай артық үн.

Түсініңдер жырдан соққан мүсінге,
Бұл жазғаным болар әркез күшінде.
Құрдастардың тағдырлары ұқсас қой,
Барлығы да осы өлеңнің ішінде!

Орал қаласы

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 23.04.2025 | 09:09

осы Алаш сыйлығының қадірі бар ма екен, неше адам алды екен білетінгдер бар ма

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір