Бауыржанның буырқанған жырлары
22.12.2023
296
0
Қытай қазақтарына танылмал ақын Бауыржан Шормақтың атамекенге оралғаннан бері шабыт кенін қазып, өндітіп жазып, өлең өлкесінің көрігін қыздырып келе жатқанын өлеңсүйер қауым жақсы біледі. Оның өлеңдері «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» ерекшелігімен қатар, оқырманға ой салатын тереңдігімен де ерекшеленеді. Ақынның:
Ашқанда елуіме аспан құшақ…
Тағы да бір сұрапыл басталды шақ.
Жүрегім жарқ‑жұрқ етіп от шашады,
Тағалы аттар басқан тастар құсап, – деген өлең жолдарын оқып отырып, елуді еңсере түскен шабытты сезімнің образды ізін аңғарумен бірге ондағы сүбелі суреткерлікке тәнті болмау мүмкін емес. Елу деген сұрмергендей сұрапыл шақта да ақын жүрегіндегі оты басылмаған сезім күйі болары анық. Оны автордың өзі тағалы аттар басқан тастардан ұшқындаған от-шашуға ұқсатады. Ұқсағанда қандай! 
Зәу биікте мүлгиді аспан алып…
Алып аспан жанарын жасқа малып…
Шипасы жоқ тас текті масқаралық –
Тас қаладан барады бастау алып. 
Бұл өлең шумағында да аспан әлемін қалғытып-мүлгітіп, оның жанарын жасқа малып қойған ақынның ой-қиялы меңіреу тас қаланың мейірімсіздіктің ұясына айналып бара жатқанын дәл кейіптейді. Оқырманын шалқыған шапағат пен мейіз дәмді мейір іздеуге аттанатындай абың-күбің күйге түсіреді. 
Айналам – айхай-дүрбелең…
Сумаңдайды өсек іргеден.
Кірпігі күйіп жұлдыздың,
Аспанның көзі кірлеген.
Адалдық ексем аулама,
Бұтағы арам бүрлеген.
Өмір деген сарайға,
Қай күні, қалай кірген ем? – 
деп келетін мына бір шумақ өлеңнің арқалаған жүгі тіпті де ауыр. Өйткені айналасындағы сыпсыңдаған өсек пен дүниеқоңыз дүрбелеңнен көз аша алмаған лирикалық кейіпкердің қиялында бүкіл әлем күңгірт тартып бара жатқандай көрініс көз алдыға келеді. Адалдық пен арамдықтың, жан тазалығы мен қараулықтың, өзге де адам баласына тән кереғарлықтар өлеңнің өн бойында жымдаса өрілген. 
Сығалайды шығарда шындықтың 
көзі іріңдеп,
Төрде отыр бас мұжып 
жалғанның көзі күлімдеп.
Ғасырдан‑ғасыр армандап 
әкелген қайран әдебиет,
Сиырға жұққан аусылдай саған да 
келді‑ау бір індет… 
Әдебиетімізге ғана емес, жалпы руханиятымызға төнген қауіпті астарлай жырлаған шайыр үлкен мәселені көтеріп отыр. Қоғамдық болмыстың күнгейіне емес, теріскей жағына баса үңіліп, ондағы әлеуметтік дерт-дербездердің атын да, затын да айшықтап берген туындыдан Бауыржанның жалаң баяндаудан аулақ екенін аңғарамыз. 
Көшкен бұлттай 
құздан‑құзға тасынып,
Көкжалдардай жорытқан 
жалғыз ашығып…
Сағынышым – 
сары құсым мерт болды,
Сенің сиқыр ай сырғаңа асылып.
Сені ойласам, сел сезімім буырқанған,
Айдын көлім – көксауыт мұз құрсанған.
Сол құрсауды бірсін‑бірсін жібіткен –
Сенің сүңгі кірпіктерің нұр тамған.
Сені ойласам, 
аспаным – нұр, іргем – жыр,
Бар қуаныш маған мәнсүп бірден бұл.
Өзің жоқсың мынау бейбақ өлкеде,
Бірақ мұнда менің мұздай мүрдем жүр.
Меңіреу түн – 
сайтан ойнап жын күлген…
Таң құсындай 
таңды күтіп тұрмын мен.
Саған іңкәр жүрегімді қалғытпай,
Тірі сақтап жүрмін мен…
 Ақынның осынау «Өзің жоқсың» атты өлеңінде сағыныштан мең-зең күйге түскен лирикалық кейіпкердің болмысы өте шынайы ашылған. Сезімнің сергелдеңіне салынған іңкәр жүрек иесі дәл осындай халді бастан өткеретінін қалам иесі дөп басқан. 
Бұдан бөлек, Бауыржан Шормақұлы­ның пәлсапалық толғамдарға толы туындылары да оқырман жүрегінен орын алып үлгерген. 
Үміті өлген кісіде –
Өмір бар да, мұрат жоқ.
Нәпсі құмар кісіде –
Екі бет бар, ұят жоқ, – 
деген пайымдауынан үмітсіз пенде мен нәпсіқұмар адамның келбет-кескінін айқын аңғарсақ, ал: 
Жастықта ісінерсің,
Айғырдай кісінерсің.
Әкеңдей болған кезде
Әкеңді түсінерсің…
немесе:
Жастық деген – төбеңнен күн, 
табаныңнан сыз өту,
Қарттық деген – 
айналаны сұр мергенше күзету.
Ал кәрілік – жастықтағы қиянатты, 
қылмысты
Жатып алып көзге шұқып түзету,– деген өлең шумақтарынан әке мен баланың, жастық пен кәріліктің арасындағы қисынды байланыстың бұлжымас ақиқатын аңғарғандай боламыз. Одан ары:
Кері тартып кежегеңнен қырсығың,
Сыртылдайды буының мен ұршығың.
Құралайды көзге ататын дариға-ай,
Оңайлықпен оталмайды мылтығың!
Оңғандықтан жастығы мен жасауы,
Бойында жоқ қызығының масағы.
Оқта‑текте алдап‑сулап тұрмасаң,
Кемпірің де бойын алып қашады, – 
деп келетін шумақтарды оқып, ойға шомған оқырманның езу тартып, миығына күлкі үйіріліп, өткен өмірге әттеген-ай айтып, толғанбауға шарасы қалмайды. 
Жалпы, Бауыржанның шығарма­шылық қоржыны өте бай. Ол лирика­лық сарындағы туындыларымен де, философиялық толғамдарымен де, әзілдей отырып ақиқатын ашар сықақтарымен де әдебиет кеңістігінен ойып тұрып орын алды. Кең тынысты қаламгердің термеге айналған жырлары да көпшіліктің көңіл көкжиегін кеңейтті.
Ғасыры батқан сырқатқа,
Таулары шөккен бұрқаққа,
Ағымы басқан бұлтаққа,
Алаңдап қайтқан атамның
Арманы өлген құрсақта…
Кез емес кезде тусақ та,
Сөз емес сөзді қусақ та,
Адаспай аман келеміз.
Жалындап тұрған нұр шақта,
Қаратпай жастық мұрсатқа,
Малшынып нөсер, бұршаққа,
Өртеніп барып өше алмай,
Ит жеген іштен тынсақ та,
Намысты белге байланып,
Найза ұшында тұрсақ та,
Тумайтын жерде тусақ та,
Қумайтын жолды қусақ та,
Адаспай аман келеміз.
Қылшылдап түрған сын шақта,
Сынбайтын жерден сынсақ та,
Ит жүгіртіп, құмай сап,
Қырдан түлкі қусақ та,
Жете алмай оған тынсақ та,
Атбасын кері бұрсақ та,
Өмірден әйтеу сыр сақтап,
Адаспай аман келеміз.
Бұл жыр жолдарында да қалам иесі ойлы түйіндерді түйдектете келіп, өзінің ғана емес, өзі іспетті талай қазақтың тағдыр-талайынан сыр аңдатып тұр. 
Өмірде де, өнерде де, өлең өлкесінде де адалдығынан айнымай келе жатқан ақынның ҚХР-да жарық көрген «Қорамсаққа қол салдым…», «Қоламта», «Қандауыр» жыр жинақтарымен қатар «Тағдыр» атты прозалық кітабы жарық көрген. Әдебиеттанушы Қыдырқан Мұқатаев «Қоламта» жыр жинағы жайлы: «Бауыржанның бұл жинағына 99 өлең енгізілген. Бәрі де толықсып, толқып, құлпырып тұр. Бәрі қиыннан қиыстырылған. Олай болса, «өлеңдік тіл патшасын» алтын таққа отырғызған Бауыржанды да ер данасы дегім келеді. …Кітаптың кез келген бетін ашып, оқи жөнелсең болды, бәйгеге мінген шабандоз баладай жүйтки жөнелесің. Бәрі – жағымды, бәрі – жатық. Оқып отырып, рахаттанасың. Шалқып та, шарықтап та аласың. Мұқағали – мұқағалиша айтады ғой, ал Бауыржан – бауыржанша айтады. Бауыржан бауыржанша саңқылдайды. Бәрі-бәрі – Бауыржанша», – деп тебірене келіп, ақын шығармашылығына жоғары баға береді. Расында да, Бауыржан өлеңдерінің не сиқыры бар?! Бұған толыққанды жауап беру өте қиын. Оның жауабын шайыр жырларын оқып шыққан адам өзі-ақ табады деген ойдамыз. Арынды ақынның ой-қиял шүңетіне сүңгіп, өз дертімен өзі болып отыратын оңаша сәттерінен ойлы оқырман қауымы әлі де зор үміт күтетіні сөзсіз. 
Бекқожа ЖЫЛҚЫБЕКҰЛЫ,
ф.ғ.д., әдебиеттанушы, ақын,
аудармашы
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір