Жеңісті күндерде жолыққанша!
29.07.2024
77
0

«Шахмат ойыны сарай ішінде көзге көрінбей жүріп жататын саяси тартыстарға жаңа дем бергенімен, әлемдегі сұмдық қантөгістердің жолын кескен екен» деген әлмисақтан келе жатқан сөз бар. Ал антикалық әдебиет Олимп тауын мекендеген мифтік құдайлар мен олимпиадалық ойындарды берді. Атлеттер сайысы күні кеше пайда болған сайыс емес, оның қайнар бастауы қадым замандарда жатыр. Міне, биылғы XXXIII Олимпиада ойындары Францияның астанасы Парижде өтеді. Жаһан жұртына ортақ жазғы Олимпиаданың ашылуы бүгін болады (26.07.2024 ж).

Олимпиада ойындарын өткізуге мүмкіндік алған ел төрткүл дүниеге өзінің байырғы мәдениетін, дәстүр-салтын, баба тарихын, халқының ерекшелігін стадиондағы сахналық қойылым арқылы әйгілеп бағады. Нақтырақ айтсақ, Олимпиадалардың ашылу салтанаты стадиондарда болатын. Сахналық қойылым аяқталған соң стадионға атлеттер туған елінің туын көтеріп, шеру тартып шығатын. Париж Олимпиадасы бұл салтты «бұзды». Бүгін отандық телеарналардан тамашалаймыз: спортшылар әдеттегідей стадионда шерулетпей қайыққа мініп, Сена өзенінің арнасымен жүзіп отырып, Трокадероның (метростанса) алдына тоқтайды (тікелей трансляция Астана уақытымен 22:15-те басталады).
Көрермендер спортшылардың бет-жүзін жақыннан көруі үшін әр қайық камералармен жабдықталған. 10 500 атлет шығыстан батысқа қарай қайықпен жүзіп, Париждің орталығын кесіп өтетін көрінеді.
Қазақстандық жанкүйерлердің есіне сала кетейік, Париждегі байрақты бәсекеде ел намысын 80 спортшы қорғайды. Олар – 25 спорт түрінен 92 лицензияны жеңіп алған спортшылар.
Жоғарыда «Сахналық қойылым аяқталған соң стадионға атлеттер туған елінің туын көтеріп, шеру тартып шығатын» деп жаздық. Басқа елдерде шаруамыз кем, Қазақстан спортшылары көтерген көк тудың астында… XXXIII жазғы Олимпиа­да ойындарында Қазақстанда тумаған 15 спортшы бар. Олар: дзюдо, бокс, жеңіл атлетика, байдаркада ескек есу, каноэде ескек есу, еркін күрес, триатлон сияқты спорт түрлерінен бағы мен бабын сынап көрмек. Жеңіл атлетика бойынша желден жүйрік екі қара қыз (Кения) Қазақстанның атынан жарысқа шығады.
Париждегі байрақты бәсекені биыл алғаш рет еліміздің бес бірдей телеарнасынан – «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар», «Ел арна» және «Jibek Joly» арналарынан тікелей эфирде тамашалайтын боламыз.
Айтпақшы, спорт комментаторлардың арасында белгілі спорт журналисті, марқұм Амангелді Сейтханның ұлы – Бекасыл Сейітхан да бар. Спорт жаңалықтарына тұрақты түрде шолу жасап тұратын әріптесіміз сөзінің соңын: «Жеңісті күндерде жолыққанша!» – деп аяқтаушы еді. Бекасылдың алғашқы комментаторлық қызметіне және спортшыларымызға сәттілік тілей отырып, біз де Амангелді Сейтханның құлағымызда қалған рухты сөзін қайталағымыз келеді: «Жеңісті күндерде жолыққанша!» 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір