Нағыз әдебиет корольдар немесе хандар туралы емес, халық туралы болуы керек
Өткен ғасырдың бас кезінде қазақтың ауқатты, дәулетті кісілері романға бәйге жариялап, ұлт руханияты үшін бір жұттық дүниесін аямағаны әмбеге аян. Mecenat.kz жоба авторы Ерлан Асқарбеков мырзаның қолға алған шаруасы сол дәстүрді жалғастырғандай көңілді тоғайтады. Жоба авторымен сұхбаттасқан едік.
– Mecenat.kz жобасы калай жүзеге асты?
– Мен бұл жобаны 2003 жылдардан бастап ойластыра бастадым. Сол жылдары бірнеше танымал қазақ олигархтарына ұсыныс жасадым және жыл сайын олармен кездесіп, сөйлесіп қолдау білдіруін күттім. Сол жылдар ішінде бас-аяғы оннан аса өте қалталы азаматтарға ұсыныс айтумен болдым.
2021 жылы дәм тартып Тимур Русланұлымен таныстым. Екеуара жақын әңгімелесіп жүрдік. Бесінші рет кездескен әңгіме үстінде оған осы жоба туралы ойымды ашып айттым. Т.Турлов өзінің Facebook және Instagram парақшаларында 2022 жылдың 14 ақпанында: «Мен балалық кезімнен кітап оқығанды өте жақсы көремін. Бұл мен үшін рахат алу, табиғи қызығушылығымды қанағаттандыратын ең қол жетімді тәсілі болды. Осы уақытқа дейін мен теледидарды немесе YouTube-ті көруге кететін уақытты «аяймын». Күніне орташа есеппен екі сағатқа жуық уақытты кітап оқуға арнаймын. Ерлан Аскарбеков Қазақстан туралы үздік, заманауи роман үшін сыйлық тағайындау арманы бар екенін айтқанда, мен қуана құптадым. Біз өмірді сақтандыру компаниямызбен өнімді жасауға және байқау жеңімпазына ай сайын 500 АҚШ доллары баламасымен төленетін мөлшерде өмір бойғы зейнетақы аннуитетін сыйға тартуға шешім қабылдадық» – деп жазды.
– Жобаға қатысып, шығармасы лайық саналған қаламгерге ай сайын, өмір бойы айлық бересіздер. Қаржылық мүмкіндік қалай қарастырылған сіздерде?
Жеңімпаз атанған қаламгер үшін «Freedom Finance Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ «Freedom Support USA» бағдарламасы бойынша жедел ерікті аннуитеттік сақтандандыру шарты шығарылады. Қазақстандағы өмірді сақтандыру компаниялары ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қатаң қадағалауында. Бұл жүйе 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Сонымен қатар сақтандыру компаниясы Мемлекеттік сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының мүшесі. Қорыта айтқанда, ай сайынғы өтем ақы қол койылған шарт арқылы беріледі. Шарт өмір бойына жасалған. Сақтандыру компаниясы, онымен қоса мемлекет кепілдік береді десе де болады.
Мен сұхбаттарда, жазушылармен кездесулерде «Воскресенье» романының алғашқы 2 бетін 180 рет қайта жазған Л.Толстой мен «Қош бол, майдан!» романының соңғы тарауын 47 рет қайта жазған Э.Хемингуэйді үнемі мысалға келтіремін. Біздің қатысушыларға айтарым, жобаның қаржы жағынан қамтамасыз етілген, әділ болатынына сеніңіздер. Бар күш жігерлеріңізді әлемдік әдебиеттен орын алатын туынды шығаруға жұмсаңыздыр.
– Жобаға қатысқан шығармалар қалай сараланады? Қаншалықты әділетті?
– Жобаға жіберілген шығармалар бірінші кәсіби әдебиет сыншылары – ридерлердің елегінен өтіп, сосын сайтқа түседі. Сайтта халықтың дауыс беруі арқылы жеңімпаз анықталады. Халықтық дауыс беруге іріктеу қағидалары орындалған барлық жазбалар қатысады. Сондықтан оны еске сала кетсек:
байқауға ұсынылатын шығармалардың жазылатын тілдері – қазақ және орыс тілдері;
жанры – тек роман;
естеліктер қабылданбайды;
шығарма бұрын еш жерде, соның ішінде ғаламторда жарияланбаған болуы керек;
плагиат болмауға тиіс;
көлемі – кемінде 80 мәтін парағы;
тіркеу кезінде ұйымдастырушыларға байланыс үшін өзінің және қосымша (жақын туыстарының) телефондары және email ұсынылады;
бүркеншік атпен жазылған жұмыстар қабылданбайды;
композиция, стилистика мейлінше әдеби кәсіпқойлықпен зерделеніп, көркем бөліктері шынайылықпен пысықталуға тиіс;
оқырмандарға үміт беруге тиіс;
бейәдеп сөздерден тұратын лексиканы, адамды суицидке бейімділікке немесе зиянды заттар тұтынуға шақыратын нақты жарнама қолданбауы, бұл ретте сонымен бірге қандай болмасын идеологияны немесе экстремистік насихат жүргізбеуі, ұйымдар мен коммерциялық брендтерді жарнамаламауға тиіс. Сондай-ақ Қазақстан президенттерін артық дәріптемегені жөн – елге президенттер туралы емес, халық туралы романдар қажет. Қолжазбаларды бастапқы сұрыптауды арнайы жалданған ридерлер жүргізеді;
жаңа көркемдік үлгілерді іздеу және дәстүрлі нысандарды толықтыру;
терең философияны жалпы оқырман үшін тартымды және танымал мазмұнмен ұштастыру;
Қазақстанда тұратын түрлі ұлт мәдениеттерінің өзара ықпалдастығының шығармашылық әлеуетін ашып көрсету;
сюжет 1900 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезеңді, осы кезеңдегі кез келген мерзімге созылған кез келген уақытты қамтуға тиіс;
шығармада оқиғаның өрбитін орны Қазақстан болуы керек;
байқауға қатысуға қазақ тіліндегі қолжазбалар кез келген ел азаматтарынан, орыс тіліндегі қолжазбалар тек Қазақстан азаматтарынан қабылданады;
Әділдікке келетін болсақ, мен бұл жерде қазыларға емес, әділ және таза процедураға сенемін. Ең әділ сыншылардан құралған комиссия бірінші немесе екінші жылы-ақ таныс адамдарын қолдап, жең ұшымен жалғасқан жемқорлықпен айналыспауына кім кепілдік бере алады? Өйткені жиырма жастағы автор үшін өмірінің соңына дейін 400 000 доллар алу мүмкіндігі бар екенін ұмытпау керек. Бірінші маусымда біз оқырмандар берген дауыстың дұрыс саналмауының үш түрлі себебін анықтадық. Сонымен шұғыл ұйымдасып, сол қателіктердің барлығын жөндедік. Бұл менің жемқорлықты қаншалықты жек көретінімді жақсы білетін, ескі достарымнан басқалары үшін күтпеген жағдай болды. Мен үшін марапаттың беделді болуы, жеңімпаздардың көп дауысты адалдықпен жинауы өте маңызды. Ол үшін біз бірінші және екінші орынға дауыс берген оқырмандардың барлығына телефон соғып, бірінші маусымдағыдай видеоға түсіреміз. Әлеуметтану ғылымында айтылатындай, біз нәтиже бере алатын тұжырымды жауаптарды жинадық. Соның негізінде нақты, әділ берілген дауыстар қабылданып отырды. Біздің пайымымызша қазылардың ешбірі шынайы, сапалы оқырмандардай заңды күшке ие бола алмайды.
– Жобаға қатысқан шығармалар тақырыптық жақтан қаншалықты еркін бола алады? Бүгінгі саяси, әлеуметтік мәселелер туралы романдарға шектеу бар ма?
– Хронологиялық шектеулер бар. Оқиғаның кем дегенде жартысы қазіргі Қазақстан ішінде болуға тиіс (1900 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін).
Ал саясатқа келетін болсақ, үлкен әдебиетпен публицистика әртүрлі нәрселер деп ойлаймыз. Саясат туралы, оның ішінде елбасы, президент туралы жазғыңыз келсе, оны публицистика деп атап, басқа сайыстарға қатысыңыздар. Біз нағыз әдебиет корольдар немесе хандар туралы емес, халық туралы болу керек деп есептейміз. Саяси мәселелер эпизодтарда кездесуі мүмкін, бірақ негізі болмауы керек.
Біздің тағы бір сүйінші жаңалығымыз бар. Бірінші кезеңнің жепімпазы Шархан Қазығұлдың «Күлпет» атты романы 5 000 дана болып шыкты, жақында дүкен сөрелеріне жеткізіледі. Сонымен қатар демеушілік көмек көрсеткен «Arna-B» баспасы келесі жылы орыс тілінде басып шығарады. Қазір Шархан ағамыз аудармашылармен тығыз байланыста және өзі аударманы қадағалайды.
Сұхбаттасқан
Ырысбек ДӘБЕЙ
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.