ОЛЖАС МЕРЕКЕСІ БАСТАЛДЫ
06.05.2016
1133
0

445 мамыр күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті қазақ ақыны, жазушысы, публицисі, лингвисі, қоғам және мемлекет қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменовтің 80 жасқа толуына орай «Олжас Сүлейменовтің шығармашылығы  және  ұлттық сана мәселелері» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияны университет ректоры,  академик Ғалымқайыр Мұтанов арнайы құттықтау сөзімен ашып, ата дәстүрі бойынша сексеннің сеңгіріне шыққан  ақынға шапан жапты Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, Сенатор Нұрлан Оразалин:  «1961 жылы Космос пен Жер­­дің арасын  байланыстыру ғана емес, бүкіл адамзат рухының  асқақ­ты­­ғын және адам баласының бойында жатқан ашылмаған рухани көздердің қаншалықты  терең екендігін, оны тарихпен, тарихи үлкен-үлкен экскурстарда адами жүрекпен, адами санамен кестелеген  поэма  өмірге келген болатын. Міне, содан бері біз Олжас Омарұлы Сүлей­мен­ов­тің ең әуелі ақ қағаздың алдындағы адалдығынан жаңылмаға­нын, қаламы көр-жөрге ар­налмағанын және қазақ деген халықтың рухына, қа­зір мемлекеттік категорияға енген қазақтың Ұлы даласы деген ұғымға,  оның иесіне деген адалдығының куәсі болып келеміз», – деп сөз бастап, Олжас ақынның азамат­тық тұлғасына және қоғам, адамзат алдында тындырған планетарлық  кеңдік өлшемімен өл­ше­нетін іргелі істеріне тоқталды.  Бел­гілі қоғам және мемлекет қайрат­ке­рі Мұрат Әуезов тарихи таным тереңінен нәр алған тағылымдарға негізделген баяндамасында  Олжас Сүлейменов бол­мысының бастауларына, азамат ақын болып қалыптасуына және әлем­дік кеңістіктен орын алуына игі ықпал еткен рухани құндылықтар мен тарихи тағдырлар туралы кеңінен тоқтала келіп, ұлттық құндылықтардың сабақ­­тастығы мен жасампаздығын нақты мысалдар арқылы жан-жақты талдап берді. Тәжік­станнан келген, Рудаки атын­дағы Тіл және әдебиет институ­ты­ның Әдебиет бөлімінің меңгерушісі, профессор, филология ғылымдарының докторы  Сатторзода Абдунаби Олжас Омарұлы шығарма­шы­лығының түрк халықтары әдебиетіне тигізген игі ық­пал­дары туралы кеңінен толғап айтты.

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Уәли­хан Қали­жан­ұлы  Олжас Сүлей­менов­тің ұлт әдебиетін әлемдік кеңіс­тікке көтер­ген дара болмысы мен азамат­тық-патр­иот­тық тұғырына ғылыми көзқарас тұрғы­сынан талдау жасады. Қайраткер сөз­гер­лер «Прос­тор» жур­налының Бас редак­торы В.Ф.Михайлов, «Мысль» журналының Бас редакторы Сейдахмет Құтты қадам, «Central Asia Monitor» га­зе­тінің Бас редакторы Бигелді Ғаб­дул­линдер азамат ақынды мерейтойымен құт­тық­тады. Ал осы мерейтойға ар­нал­ған көркемсурет көрмесі ұйым­дас­ты­рыл­ған  суретші А.Ақанаев мерейтой иесіне «Шамхат» картинасын сыйға тартты.

Конференция соңында мерейтой иесі мінбеге шығып жиналған көп­ші­лік­ке рақметін айта келе,  жинал­ған­дар­дың сұрауы бойынша өзінің бірнеше өлеңін жатқа оқыды. Кеш соңында бүгіннің абыз ақсақалы ретінде университет жас­тарына  ақ батасын берді.

 

С. МЕДЕУБЕКҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір