«Жазушылар күні» мерекесі енгізілсе…
22.07.2025
579
1

Қазір елімізде не көп, кәсіби мереке көп. Атап айтсақ, «Медицина күні», «Құрылысшылар күні», «Полиция күні», «Шекарашылар күні», «Мәдениет және өнер қызметкерлері күні», «Кітапханашылар күні», «БАҚ күні», «Отан қоғаушылар күні», «Ұлттық басылым күні», «Ғылым қызметкерлері күні»… қойшы, не керек, еліміздегі барлық кәсіп иелерінің атаулы күні бар. Сондайда бұл кәсіп иелерінің өз қатарынан озып шыққан майталман мамандары мемлекет тарапынан да, жекелеген меценаттар тарапынан да небір марапаттарға ие болып, мәре-сәре күй кешеді.

Әсіресе жыл сайын 28 маусым күні өтетін БАҚ қызметкерлері мерекесінің тойлануы тым ерекше. Бұл мерекені түрлі телеарна бір ай бұрын жарнамалап, жарыстар мен конкурстар өткізе бастайды. Ал жергілікті жерлердегі әкімдіктердің қолдауымен журналистер арасында түрлі деңгейдегі спорттық шаралар ұйымдастырылады. Соңында жеңімпаздарға арнайы жүлделер табысталады. Ақырғы күні ел Президенті үздіктерді мемлекеттік наградалармен марапаттайды, облыс, қала әкімдері де журналистер жиындарына арнайы қатысып, шүлен таратқандай өз сыйлықтарын таратады.
Әлбетте, еліміздегі барлық саладағы үздік мамандарға жылына бір рет лайықты марапат жасалғаны өте дұрыс. Бірақ осынау марапаттардан көбіне шет қалатын әрі арнайы мерекелік күні жоқ бір кәсіп иелері бар. Олар – ақын-жазушылар! Бір өкініштісі, бүгінгі БАҚ мерекесі күндері ілуде-біреуі болмаса, барлық жерде аты шыққан ақын-жазушылардың түгелі шетте қалады. Ақиқатында, ақын-жазушылардың еңбегі ересен. Қазақты әлемге танытқан қаламгерлер қаншама… Баяғыда бір жерге жазушы келді десе, ел елең ете қалатын, жұрт жапырылып қарсы алатын, өзін көріп, сөзін тыңдауға ынтық болатын. Бірақ қазіргі уақытта түрлі себептерге байланысты ақын-жазушылардың мәртебесі төмендеген сияқты ма, қалай?..
Әйтсе де, Құдай берген талантының арқасында өз еңбектерімен жұртқа танылған, сонысымен қазақ халқының құрметіне бөленген қаламгерлер бүгінде бір қауым ел. Екі мыңға жуық мүшені қатарына тартып, бауырына басқан «Қазақстан Жазушылар одағы» деп аталатын үлкен ұйым бар. Бір әттең-айы, осындай аты мен даңқы зор ұйым мүшелерінің, яғни ақын-жазушылардың атаулы күні, анықтап айтқанда, «Жазушылар күні» деген кәсіби мерекесі жоқ. Осыған байланысты біз, бір топ шымкенттік қаламгерлер, Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасына және күллі ақын-жазушыларға елімізде жылына бір рет аталып өтілетін «Жазушылар күні» деген кәсіби мереке енгізілсе деген бастама көтеріп, осыны сіздерге үндеу ретінде жолдап отырмыз. Оның қай айда және қай күні болатынын барлықтарыңызбен кеңесіп, шешіп алған соң ұсынысымызды Үкіметке жолдасақ деген тағы ойымыз бар. Бұл ұсынысымыз «ҚР мерекелер туралы» заңындағы «кәсіби және өзге мерекелер – ұлттық және мемлекеттік мәртебесі берілмеген, азаматтардың жекелеген санаттары атап өтетін мерекелер» деп жазылған бабына да қайшы келмейді.
«Жазушылар күні» мерекесінде жер-жердегі ақын-жазушылардың еңбектері жұртқа таныстырылып, бағалы шығармалар мен көркем туындылар иелері – үкімет, әкімдіктер мен жекелеген демеуші-меценаттар тарапынан марапатталса, онымен қоса, басқа да ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып жатса, расында, қаламгерлер үшін үлкен мәртебе болар еді. Осы бастамаға барлығыңыз үн қосып, қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз!

Бір топ шымкенттік қаламгерлер атынан
Қазақстан Жазушылар одағының
Шымкент қаласындағы өкілі
Момбек ӘБДІӘКІМҰЛЫ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 23.07.2025 | 03:15

нан-ман, бірдеңе жеп шапан-шекпен киюге керек болып қалды ма

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір