Ұлыс күнін ұлықтаудың он күндік мерекесі
20.03.2024
1752
0

Студент кезімізде еліміздің батыс аймағынан келіп оқыған достарымыз 14 наурыз күні: «Бүгін амал күні», «көрісу күні», – деп, Алматыдағы туған-туыстарын шарқ ұрып іздеп кететін. Алматыны аралап «көрісуге» шыққан «амалшылардың» жолына қарап біз отырамыз, өйткені олар үнемі олжалы оралады: дорба толы жапырақтап туралған ет, қазы-қарта болмаса да, ішке «ел қондыратын» жылы-жұмсақ. Шыны ыдыстарға аузы-мұрнынан шығарып көже-қатық құйып әкелетіндері де бар.

«Студент­тің бір тойғаны – шала байығаны». Шала байып отырып: «Осы 14 наурыз біз жақта да аталатын еді, шал-кемпірлер үй-үйді аралап, қауышатын», – дейміз біз. «Жоқ, көрісу бізде ғана бар», – деп өндіршектейді батыстықтар. Ке­йін анықтап білдік, амал күнін беріге де­йін шығыстың, шығыс оңтүстіктің де жұрты құрмет тұтқан көрінеді. Бұл күн батыс пен шығысқа ғана емес, жалпы қазаққа ортақ рәсім күні екен.
«Қазақтар Наурызда «жыл басы» деп бір-бірімен көріседі, ғұрыптарынша күніне бір сәлем, жылына бір көрісу керек, мұнан артығын айып көреді», – деп жазады 1910 жылы Қазан қаласынан жарық көрген «Тауарих хамса шархи» кітабының авторы Құрбанғали Халид. Құрбанғали – Шығыс Қазақстанда, оның ішінде Аягөз маңында, одан әрі Шәуешекте ғұмырын өткерген адам, ғұлама ғалым. Шәкәрім Құдайбердіұлы да ескіше жыл санау бойынша наурыздың 1-і күні қазақтардың көрісіп, қауышатынын жазады. Қысқасы, көрісу, қауышу, амал күні қазаққа ортақ мереке болып шықты.
Биыл Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өтіп жатырмыз. Мәдениет және ақпарат министрлігі Наурыздың бірегей логотипін бекітіп, еліміздің барлық аймағына жіберді. Наурыздың символы ретінде дала қызғалдағы таңдалды. Енді Наурызнаманың онкүндігі жыл сайын 14-23 наурыз аралығында байтақ қазақ даласында тойланатын болады.
Сонымен, 14 наурыз – Көрісу күні. Амал мерекесі;
15 наурыз – Қайырымдылық күні. Қайырсызданып бара жатқан заманда қайырымдылықты еске түсіру, қайырлы іс қылу – қандай ғанибет!
16 наурыз – Мәдениет және ұлт­тық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлт­тық құндылықтарымызды насихат­тауға арналып, республика бойынша түрлі іс-шаралар өт­ті.
17 наурыз – «Шаңырақ күні». Ағайын-туыстың арасы салқындап, дәстүрлі әулет иниститутының іргетасы босай бастаған заманда наурыз мейрамына орай «Шаңырақ күнінің» аталып өтуі құптарлық-ақ жайт.
18 наурыз – Ұлт­тық киімдер күні. «Өзбекті ала шапанынан, қырғызды айыр қалпағынан танисың» деп тамсанатын қазаққа да өзінің сәнді, салтанат­ты ұлт­тық киімін киіп жүрудің орайлы сәті туған сияқты. Дәл осы күні қалаларда көркі көз тартатын қыз-жігіт­тердің шеруі өтіп жатқандай болды. Қазақтың оюлы камзол мен оқалы бешпетіне өзге жұрт қызыға қарады. Бәрекелді!
Осындай мазмұн иеленген Ұлыстың ұлы күндері елімізде:
19 наурыз – Жаңару күні, 20 наурыз – Ұлт­тық спорт күні, 21 наурыз – Ынтымақ күні, 22 наурыз – Жыл басы, 23 наурыз – Тазару күні болып жалғасын тапты.
Тазару күнінің мән-мағынасына тоқтала кетсек, бұл күн жаңа жылды тұтас ел болып, жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жарияланады. Бұл күні Қазақстанның барлық аймағында жалпыұлт­тық экологиялық акция өтеді.
Дәстүрлі ұлт­тық мейрамдарын апталап, керек десеңіз айлап атап өтетін елдер бар. Мысалы, христиандар Рождествоны он күн тойлайды. Қытайлардың Шаған мерекесі айға созылады. Демек, Ұлыстың ұлы күнін он күндік мерекеге ұластыру бізге де артық етпесі анық.

Д.Қасенұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір