Олжас ҚАСЫМ. Жаңа медиа дәуіріндегі сатира: форма мен мазмұн өзгерісі

Әлемдік және қазақ қаламгерлерінің ортақ ойын, үйлесімді пікірін ескерсек, сатираның үш негізгі сипаты бар: күлдіру, әшкерелеу және тәрбиелеу. Әдебиеттің осы бір саласы жөнінде асырып та айтпаймыз, іштегі өтініш-датымызды жасырып та қалатын жөніміз жоқ. Бұрынғыдай емес, уақыт өткен сайын әдеби жыл қорытындысында оқырман қолына тиетін кітаптардың азайып келе жатқанын байқаймыз. Осыған қарап-ақ сатираның алаңдатарлық ахуалына көз жеткізуге болатындай.
Былтырғы әдеби жыл қорытындысында жазушы-сатирик Доқтырхан Тұрлыбек Жүсіпбек Алтайбаев, Садықбек Адамбеков, Оспанхан Әубәкіров сынды қазақ сатирасының майталмандары мен Мұхтар Шерім, Ермахан Шайхыұлы, Нұрмахан Елтай сынды қаламгерлердің шығармаларымен жалғасқан Қазақ сатирасының антологиялары жарық көргенін айтып, сүйіншілі жаңалықты жариялаған болатын. Толымды еңбекті белгілі сатирик Қазыхан Әше құрастырып, оқырманға ұсынғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар Мұхтар Шерімнің сатира-юмор жанрындағы романы аталған бағыттағы олқылықтың орнын толтырғандай болған. Осы жылы семейлік сатирик Айтмұханбет Бейсембектің бір ғана кітабын сүйініш етумен тоқтап отырмыз. «Жазбаймын сатираны еріккенннен» атты кітапта сатирик қазақтың жетістіктерін туындыларына арқау етіп қана қоймай, жер тағдыры мен қазақ тілінің бүгінгі жай-күйін де ащы мысқылмен, әзіл-сықақпен астарлап сықақтаған. Қоғамдағы керенаулық, түрлі жағымсыз ғадеттер, жемқорлық та сатираның біздей тілімен тура суреттелген.
Жауынгер жанр жайында сөз еткенде алғы буынның ірі өкілдері Мыңбай Рәш, Үмбетбай Уайдин, Сейіт Кенжеахметов, Көпен Әмірбек, Еркін Жаппас, Алпысбай Боранбайұлы секілді сөз зергерлері еңбектерімен құлазыған сатираның бір бүйірін толтырған еді. Ал қазіргі орта буын, жастар жағы сиреп қалған тоғайдай. Заман ыңғайын бермей тұрса да өмірін сатираға арнап келе жатқан қаламгерлеріміз аз да болса бар. Бүгінде олардың өзі орта буынның алғадайларына айналып қалды. Сатиралық әңгімелер мен сықақ өлеңдер, тұрмыстық пародиялар, мағынасы майысқан мақалдар мен жағымсыз жаңылтпаштары арқылы есімі көпке таныс Үміт Зұлхарова, қоғамда кездесетін келеңсіз әрекеттер мен жағымсыз мінез-құлықтарды әшкерелейтін сатиралық әңгімелердің авторы – Қанат Ескендір, саяси сатираның сайыпқыраны Қанағат Әбілқайыр, әр жазбасы қытықтап тұратын Бейбіт Сарыбай, бүгінгі өмірмен біте қайнасқан пародияларымен, мөлтек те шымыр әңгімелерімен дараланатын Еркеғали Бейсен, уытты әзілдерімен, усойқы өлеңдерімен, қарасөзбен жазылған шымшымаларымен әрі-сәрі ететін Абылай Мауданов, Баянауылда жатқан жас сатирик Алпысбай Әбділдің шығармаларын ара-тұра оқып қаламыз. Алпысбайдың «Әріпті соттау» атты сатиралық кітабының шыққанына да екі жыл өтіпті.
Қолдау, ынталандыру болса сатира жазуға бейім жастар қаулап шығатыны анық. Мәселен, «Би-ағаңның биігі» байқауында осы жанрға қалам тартқан авторлардың біршамасын байқадық. Айбек Оралхан, Абай Ораз, Аршын Нұрбақыт сияқты азулы ақындар әзілге жақын екенін осындай конкурс кезінде аңғартып қалды. Сондықтан, жас сатириктер шоғырын қалыптастырамыз десек «Айбоз», «Президенттің арнаулы сыйлығы», «Ұлы дала», «Меценат кз» сынды ірі конкурстарға «сатира» аталымын қосу қажет. Мемлекет тарапынан Балалар әдебиетіне қолдау қалай жасалды, кішкентай бүлдіршіндерге арнап жазатын авторлардың легі бірден назарымызға түскені баршаңызға мәлім. Сол секілді мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың қатарына да сатириктер енуі қажет деп есептейміз.
Қазақ сатирасындағы жоғалған һәм жоғалуға шақ тұрған жанрлар жайында жиі айтамыз. Памфлет, фельетон келмеске кетті. Қазір әзіл әңгімелер мен өлеңдерді ғана ұшыратамыз. Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіровтер дамытқан мысал жанры да таң алдындағы жұлдыздардай сиреп тұр. Осыдан бес-алты жыл бұрын Ретбек Мағаздың мысал өлеңдерін оқысам, одан кейін басқа замандастарым көзіме түсе қойған жоқ. Скетч жанры да жазылмайды. Пародияны бұрындары Асқат Қылышбек келістіре жазатын. Қазір Абылай Маудан мен Еркеғали Бейсеновтер қаламына арқау етіп, сатираға адалдығынан айнымай келеді.
Баспасөз беттерінде «Эпиграмма жоқ», Жарасқан Әбдірашпен бірге кетті деп байбалам салушылар жоқ емес. Дегенмен аталмыш жанрда қаламын қайрап жүргендерді айтпай кетуге болмас. Ғалым Қалибек, Төреғали Тәшен, Ермахан Шайхыұлы, кейінгі буыннан Асылан Тілеген, Дәулет Жадырасындар хал-қадірінше жазуға ынта-ықыласпен қарайды.
Осыдан 15-20 жыл бұрын жазушы-сықақшы Мұхтар Шерім айтпақшы, «газет-журнал біткеннің бәрінде сатиралық мүйістер мүйіздерін көрсетіп тұратын». Қазіргі таңда басылымдарда сатира беттері сирек ұйымдастырылатынын көріп жүрміз. «Егемен Қазақстан» газетінде Берік Садыр жүргізетін «Сөз сойыл» беті шығуын тоқтатқан сыңайлы, «Айқын» газетінде «Ара.кz», «Ана тілі» газетінде «Оспанхана» атты сатиралық беттер әредік оқырманға жолданып жүр. Тек «Қазақ әдебиеті» газетінде «Күлеміз бе, қайтеміз» беті ұдайы ұйымдастырылатынын атап айтуға тиіспіз.
Қазақ сатирасында бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша авторлар кейіпкерлердің аттарын да мінез-құлқына сәйкестендіріп қоюға тырысатын. Оспанханның Мимырт, Әусек, Кәуікбайы, Домбаевтың Аққисым, Жәутіктері, Уайдиннің Тәлібі, Рәшевтің Тырнайбергені, Адыраңбайы, Шона Смаханұлының Елпекбайы,
«Сентябрьде ВУЗ-ға түсті,
Октябрьде қызға түстi.
Ноябрьде сәлем айтты,
Декабрьде үйге қайтты» дейтін шымшымалары сол кездегі оқырманды күлкіге көміп, езуін еркіне жіберетін. Бұл — өз дәуірінде сатираның тиімді тәсілдерінің бірі еді.
Қазір де сол аға буынның үлгісімен Шындықгүл, Жүгінгүл, Жалқаубек, Ырбибай, Жапырақгүл, Мөрбасар, Әтира, Қапиза, Бұлғынбай Үргінбайұлы, Тезекбай Кезекбаев, Тантық Жантықовтарды басты рөлге қойып, шығармасын «өткізуге» талпынатындар аз емес. Алайда бүгінгі оқырманның көзқарасы, қабылдауы өзгергенін сезбей жүрміз. Қазіргі қоғамда мұндай шартты, символдық есімдер бұрынғыдай күлкі тудырмайды. Себебі бүгінгі аудитория формадан гөрі мазмұнға, жасандылықтан гөрі шынайылыққа жақын. Сондықтан кейіпкердің аты емес, оның әрекеті, сөзі, мінезі, өмірлік жағдайы маңыздырақ бола түскенін ұғынатын кез жетті.
Төңірегіңізге зер салсаңыз, Саммита, Бекс, Руся, Шер, Аяу, Ясмина, Сайлаубектер жүр емес пе?! Ең бастысы — кейіпкердің аты емес, оның көтеріп тұрған мәселесі мен көркем бейнесі.
Шын мәнінде, сатираның күші кейіпкер атауында емес, туындының өзегінде жатыр. Яғни, оқиға күлдіре отырып күрсіндіруі керек, күлкі астарында ащы шындық жатуға тиіс, оқырман шығармадан кейін ойлануы қажет.
Егер шығармада осы қасиеттер болмаса, кейіпкердің аты қанша жерден “күлкілі” болғанымен, оның әсері әлсіз. Ал керісінше, қарапайым есімді кейіпкер арқылы да терең, өткір сатира жасауға болады.
Бұл мәселе жалпы қазақ сатирасының бір кезеңдегі стилімен де байланысты. Кеңестік дәуірде қалыптасқан сатира көбіне шартты образдарға, әсірелеуге, типтік кейіпкерлерге сүйенді. Сол кезең үшін бұл тиімді әдіс болды. Бірақ бүгінгі күні ескі стильді сол күйінде қайталау сатираны жасанды етіп көрсетеді.
Сондықтан қазіргі қазақ сатирасы «советтік стильден» арылып, жаңа көркемдік тәсілдерге, шынайы өмірге, қазіргі тіл мен ойлау жүйесіне бейімделуге тиіс. Бұл өз кезегінде кейіпкерлерді өмірге жақын ету, диалогтарды табиғи жазу, формадан гөрі мазмұнға мән беру сияқты бағыттарды талап етеді.
Қазіргі кезеңде сатираны дамыту тек мазмұндық жағынан емес, оны тарату формасы тұрғысынан да жаңартуды талап етеді. Осыған байланысты қазақ сатирасын жүйелеп, кең аудиторияға ұсынатын арнайы онлайн платформа ашу — уақыт талабы.
Бұл платформа қазақ сатирасының тарихи дамуын толық қамтуға тиіс. Яғни, Темірбек Қожакеев жүйелеп, ғылыми негіздеген Махамбет, Абайлардан бастап, кейінгі буындағы Алпысбай Әбділдерге дейінгі авторлардың шығармалары бір порталға жинақталуы қажет. Бұл — ұлттық сатираның сабақтастығын сақтап, оны жаңа буынға тұтас күйінде жеткізудің тиімді жолы. Бұл — әлемдік әдеби-мәдени кеңістікте қалыптасқан үрдіс. Жаһанның бірнеше елі өздерінің сатиралық және әдеби мұрасын цифрлық форматқа көшіріп, арнайы платформалар арқылы насихаттап келеді.

Әлемге әйгілі BBC порталы сатиралық бағдарламалар мен архивтік материалдарды онлайн форматта ұсынса, The Onion толықтай цифрлық сатира платформасы ретінде жұмыс істейді. Saturday Night Live — сатиралық контентті телевизиямен қатар интернетте кеңінен таратады. «Крокодил» журналына зер салыңыз. Архивтері цифрландырылған, зерттеушілерге қолжетімді. Charlie Hebdo цифрлық кеңістікте де белсенді жұмыс істейді.
Бұл мысалдардан байқайтынымыз — сатира қазіргі таңда тек кітап не газет-журналмен шектеліп қалмай, цифрлық медианың бір бөлігіне айналған. Мәселен, блогер Ерлан Оспанның фейсбуктегі парақшасына назар аударсаңыз, қысқа да нұсқа жазбалары күннің өзекті тақырыптарын сынап, әжуалауда таптырмас тәсіл. Сондықтан, жаңа заманның ағымына ілесу жайын естен шығармауға тиіспіз.
Қазіргі уақытта қоғамда юмордың жаңа формасы ретінде қазақша стендаптар кеңінен дамып келеді. Әсіресе жастар арасында бұл жанр ерекше танымал. Сахнаға шығып, күнделікті өмір, әлеуметтік мәселелер, қоғамдық құбылыстар туралы еркін, ашық әзіл айту бүгінгі аудиторияға жақын форматқа айналды.
Осы тұрғыдан алғанда, дәстүрлі сатира мен заманауи стендаптың арасында үлкен ұқсастық бар. Екеуінің де мақсаты — күлкі арқылы қоғамдағы кемшіліктерді көрсету, ой салу, сын айту. Алайда айырмашылығы — формада. Дәстүрлі сатира көбіне жазбаша (пародия, эпиграмма, әңгіме) түрде дамыса, стендап ауызша, тікелей аудиториямен байланыс орнататын жанр. Сондықтан, сатириктердің шығармаларын стендапқа шығару жайын ойласуға тиіспіз. Дегенмен, мұнда бір маңызды мәселе бар. Стендаптағы әзіл әрдайым сатира жүгін көтере бермейді. Кей жағдайда ол тек тұрмыстық немесе жеңіл күлкі деңгейінде қалып қояды. Сондықтан сатириктердің міндеті — стендапқа еніп қана қоймай, оған мазмұндық тереңдік, әлеуметтік салмақ, көркемдік деңгей алып келу.
Бұл ретте алғашқы талпыныстар да жасалып жатқанын жасырмай айта кетейік. 2024 жылы ӨzgeEpic кеңістігі мен Qalamger Portaly бірлесіп ұйымдастырған ӨzgeAdebiet stand up сериясының алғашқы кездесуі өтті.
Қорыта айтқанда, қазіргі кезеңде сатираның дамуы үшін оның формасы да жаңаруы тиіс. Стендап — сол жаңарудың бір көрінісі. Егер дәстүрлі сатира мен заманауи стендап тоғысса, онда қазақ сатирасы жаңа деңгейге көтеріліп, қоғамға ықпалы арта түсер еді. Креативті ойлауға көшсек, алдағы уақытта сатираны инстаграм форматтарына бейімдеуге болады. Сторис форматында сатиралық туынды қысқа әрі сериялы ойлар арқылы жеткізілсе, рилсте ол динамикалық видео, рөлдер мен контраст арқылы әсерлі көрінеді.
Карусельде сатира құрылымды түрде бірнеше слайд арқылы ашылады.